Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.1. 4—7 бет.
  • Қасірет шеккендерге жұбаныш

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қасірет шеккендерге жұбаныш
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Қайғы-қасірет қалай басталды?
  • Сұрақтың шешілуі
  • Қайғы-қасіреттің ақыры
  • Қайғы-қасірет шегіп жатқандарға жұбаныш
  • Неге дүниеде жаманшылық пен қайғы-қасірет көп?
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Қиыншылыққа төзудің пайдасы бар
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?
    Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
  • Зұлымдықтың әлі де орын алуының себебі
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.1. 4—7 бет.

Қасірет шеккендерге жұбаныш

ҚҰДАЙ қайғы-қасіретке неге жол беруде деген сұрақ ғасырлар бойы пәлсапашылар мен теологтарды ойландырып келген. Кейбіреулер Құдай құдіретті болғандықтан, сайып келгенде қайғы-қасіреттің барлығына да сол жауапты деп пайымдайды. II ғасырға жататын “Климентиннің уағызы” делінген апокрафті еңбектің авторының айтуынша, Құдай әлемді екі қолымен басқарады. “Сол қолымен”, яғни Шайтан арқылы қиыншылықтар мен қайғы-қасірет тигізеді де, “оң қолымен” Иса Мәсіх арқылы құтқарып, батасын береді.

Ал өзгелері қайғы-қасірет Құдайдан емес болғанымен, Құдай оған жол берді дегенмен келісе алмайды. Сондықтан олар қайғы-қасіреттің бар екенін мүлдем жоққа шығарады. “Зұлымдық — ешбір негізсіз тек қияли нәрсе ғана,— деп жазады Мэри Бейкер Едди.— Егер күнә, ауру мен өлім жоқ нәрседей қарастырылса, онда олар ғайып болған болар еді” (“Ғылым және денсаулық. Киелі кітаптың кілті”).

Тарихта болған қайғылы оқиғалар, әсіресе Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін болған және болып жатқан қайғылы оқиғалар, көптеген адамдардың Құдай қайғы-қасіреттен қорғап қалуға дәрменсіз деген тұжырымға келулеріне түрткі болды. “Холокост, менің ойымша, Құдайдың құдіреттілігін оңай жоққа шығаратын сияқты,— деп жазады иудаист-ғалым Давид Вольф Сильверман.— Құдайдың қимыл амалын түсіну үшін, оның игілігін болып жатқан зұлымдықпен қиыстыру керек, бірақ бұл — тек ол құдіретсіз болған жағдайда ғана мүмкін”.

Алайда Құдайдың қайғы-қасіретке қандай да бір қатысы бар, сондай-ақ қиыншылықтардан қорғауға дәрменсіз немесе қайғы-қасірет тек біздің киялымыздан туған нәрсе деген сөздер қасірет шегіп жатқандарға жұбаныш бола алмайды. Ең маңыздысы, бұл ойлар Киелі кітапта әділ, іскер де қамқор деп көрсетілген Құдай туралы мәліметпен сәйкес келмейді (Әйүп 34:10, 12; Еремия 32:17; 1 Жохан 4:8). Құдайдың қайғы-қасіретке неге жол беріп жатқаны туралы Киелі кітап не айтады?

Қайғы-қасірет қалай басталды?

Құдай адамзатты қасірет шексін деп жаратқан жоқ. Керісінше, ол бірінші жұп Адам мен Хауаға кемелді дене мен ақылдылық сыйлады да, екеуін олардың үйі болатын әсем де тамаша баққа орналастырып, оларға рақат аларлық жұмыс тапсырды (Жаратылыс 1:27, 28, 31; 2:8). Алайда олар әрі қарай да бақытты болып қала бергісі келсе, Құдайдың басшылығын және Оның ненің жаман, ненің жақсы екенін шешу құқығын мойындаулары керек еді. Бұл — ерекше құқықтылықтың белгісі — “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш” еді (Жаратылыс 2:17). Бұл ағаштың жемісін жемеңдер деген өсиетті орындауларымен, Адам мен Хауа Құдайға мойынсұнғандарын көрсете алар едіa.

Өкінішке орай, Адам мен Хауа Құдайға мойынсұнбады. Құдайға қарсы шығып, кейіннен Шайтан Ібіліс деп аталған рухани жаратылыс Хауаны Құдайға қызмет етудің пайдасы жоқ деп сендірді. Құдай олардан керемет нәрсені жасырып отыр-мыс, ол нәрсе — жақсылық пен жамандықты өздері айыру құқығы, яғни тәуелсіздік. Шайтанның Хауаға айтқанына қарағанда, олар сол ағаштың жемісінен жесе, ‘көздері ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болады’ (Жаратылыс 3:1—6; Аян 12:9). Тәуелсіз болу мүмкіндігіне қызығып, Хауа жемісті алып жеді де, кейіннен Адам да осылай етті.

Адам мен Хауа сол күні-ақ Құдайға қарсы жасалған бүліктің неге әкеліп соққанын өз өмірлерінде сезіне бастады. Құдайдың басшылығынан бас тартқан олар, Құдайға мойынсұнудың әкелетін жарылқауы мен қолдауынан айырылды. Құдай оларды жұмақтан қуып, Адамға былай деді: “Сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмір-бақи бейнет шегіп, топырақтан өсіріп жейтін боласың. Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың” (Жаратылыс 3:17, 19). Адам мен Хауаның үлесіне ауру, қартаю мен өлім тиді. Қайғы-қасірет адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналды (Жаратылыс 5:29).

Сұрақтың шешілуі

Әлдекім, ‘Құдай Адам мен Хауаның күнәсін жай ғана кешіре салмады ма?’ — деп сұрар. Жоқ, өйткені бұл жаратылыстарының көз алдында оның дәрежесін төмендетіп, басқа бүліктерге жол ашар еді де, олардың нәтижесі бұдан да қайғылы болар еді (Екклесиаст 8:11). Оның үстіне, мойынсұнбаушылыққа көз жұма салса, Құдайдың да қылмысқа қатысы болар еді. Киелі кітап жазушысы Мұса есімізге мынадай сөздерді салады: “Ол — қорған; Оның істері кемелді және Оның жолдарының бәрі ақиқат. Құдай сенімді және Оның өтірігі жоқ; Ол әділ әрі шыншыл” (Заңды қайталау 32:4). Өзінің әділ принциптеріне адал болу үшін, Құдай Адам мен Хауаға мойынсұнбаушылықтың нәтижесін сезінулеріне жол беру керек еді.

Неліктен Құдай алғашқы адам жұбын және олардың бүлікті бастауына түрткі болған көрінбейтін Шайтанды бірден жойып жібермеді? Оның бұған құдіреті жететін еді. Бұндай болған жағдайда Адам мен Хауа дүниеге қасірет пен өлімді мұра еткен ұрпақты әкеле алмайтын еді. Алайда Құдайдың бұлай құдіретін көрсетуі, оның саналы жаратылыстарының үстінен жүргізген басшылығының әділетті екенін дәлелдемес еді. Оған қоса, Адам мен Хауа өмірден ұрпақ қалдырмай өтетін болса, Құдайдың жерді кемелді адамдармен толтырамын деген ойы іске аспас еді (Жаратылыс 1:28). “Жалған сөйлейтіндей Құдай адам емес... Ол айтқанын іске асырмай қояды ма, сөз беріп оны орындамай қояды ма?” (Ру санау 23:19).

Шексіз дана Ехоба Құдай бүліктің қандай да бір уақытқа дейін созылуына жол берді. Осылайша бүлікшілердің Құдайдан тәуелсіз өмірдің қандай екенін өз өмірлерінде сезініп көруге жеткілікті мүмкіндіктері болатын еді. Құдайдың басқаруы Шайтанның немесе адамның басқаруынан әлдеқайда жоғары екенін және адамдардың жоғарыдан жүргізілетін билікке мұқтаждығын тарих анық көрсете алар еді. Сол уақыттың өзінде Құдай жерге қатысты бастапқы ойының орындалуына қам жасады. Ол “шайтанның басын мыжып”, бүлігінің салдарының бәрін түп-тамырымен жоятын “ұрпақтың” келетінін уәде етті (Жаратылыс 3:15).

Иса Мәсіх сол уәде етілген Ұрпақ болды. 1 Жохан 3:8-ден біз: “Құдайдың Ұлы бұл дүниеге Шайтанның ісін талқандау үшін келді”,— деген сөздерді оқимыз. Ол Адамның ұрпақтары мұра еткен күнә мен өлімнің құлдығынан бізді құтқару үшін өзінің кемелді өмірін қиып, төлем ретінде құрбан етті (Жохан 1:29; 1 Тімоте 2: 5, 6). Исаның құрбандығына шын жүректен сеніп, онысын ісімен көрсеткендердің мәңгі-бақи қайғы-қасіреттерден азат етілетіні уәде етілген (Жохан 3:16; Аян 7:17). Бұл қашан болады?

Қайғы-қасіреттің ақыры

Құдайдың билігін мойындамаудың нәтижесінде адамзат айтып жеткізе алмайтын қасіретке ұшырады. Осы жайды ескерсек, Құдайдың адамзат қасіретін жою үшін өз күшін ерекше түрде көрсетуді шешкені түсінікті. Осылайша ол өзінің жерге қатысты алғашқы ниетін орындайды. Құдай өзінің осы ниетін қалай жүзеге асыратыны туралы Иса Мәсіх өзінің ізбасарларын қалай сиынуды үйреткенде айтқан: “Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін, Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” (Матай 6:9, 10).

Құдайдың адамзатқа өзін-өзі басқару үшін берілген уақыты жақында аяқталады. Киелі кітаптың пайғамбарлығына сәйкес, оның Патшалығы көкте Иса Мәсіхтің таққа отыруымен 1914 жылы орнатылдыb. Жақында бұл Патшалық адамзат патшалықтарын “қиратып, талқандайды” да, өзі мәңгі тұратын болады (Даниял 2:44).

Исаның аз уақыт жердегі қызметінен Құдай басшылығының адамзатқа әкелетін жарылқаулары туралы түсінік алуымызға болады. Ізгі хабарларда Исаның бет-жүзге қарамай, кедейлер мен қиянат көргендерге жанашырлық танытқаны көрсетіледі. Ол ауруларды емдеді, ашыққандарды тамақтандырып, өлілерді тірілтті. Тіпті табиғат күштері де оған бағынды (Матай 11:5; Марқа 4:37—39; Лұқа 9:11—16). Иса өзінің төлем ретінде берілген құрбандығының тазартушы күшін барлық тілалғыш адамзаттың игілігі үшін қолданғанда, қандай жетістіктерге жететіні туралы ойланып көріңдерші! Киелі кітап Исаның басшылығының арқасында Құдай “барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” деп уәде етеді. (Аян 21:4).

Қайғы-қасірет шегіп жатқандарға жұбаныш

Сүйіспеншілікке толы әрі құдіретті Ехоба Құдайдың қамқорлық көрсетіп, жақында бүкіл адамзатқа жеңілдік әкелетіні бізді қалайша жігерлендіреді! Әдетте қатты сырқаттанып жатқандар, жанына қатты бататын болса да, пайдалы емді бар ықыласпен қабыл алады. Сол сияқты Құдайдың біз үшін, біздің мәңгілік игілігіміз үшін, істейтін нәрселері туралы білгеніміз қандай қиыншылықтармен кездессек те, шыдамды болуымызға көмектеседі.

Өткен мақалада айтылған Рикардо — Киелі кітаптың уәделерінен жұбаныш табуды үйренгендердің бірі. “Әйелімнің өлімінен кейін, мен өзіммен-өзім жалғыз болуды қаладым,— деп есіне алады ол,— бірақ бұлай еткенім әйелімді қайтармайтынын және бұл тек менің эмоциялық жағдайымды нашарлатып жатқанын түсіндім”. Мұның орнына Рикардо әдеттегідей мәсіхшілер кездесулеріне қатысып, басқаларға ізгі хабар таратуды жалғастыра береді. “Ехобаның менің болмашы көрінетін тілектерімді естігенінен, оның сүйіспеншілігі мен қамқорлығын қатты сезіндім. Бұл мені оған жақындата түсті. Өмірімдегі ең ауыр сынақты көтере алуыма маған Құдайдың мені сүйетінін сезінгенім көмектесті”,— дейді Рикардо. Дегенмен, ол: “Мен әлі де әйелімді қатты сағынамын, бірақ Ехобаның бізге оңалмастай зиян тигізетін еш нәрсеге жол бермейтініне кәміл сенемін”,— деп мойындады.

Рикардо мен басқа да миллиондаған адамдар сияқты бүгінгі қайғы-қасірет ‘еске алынбайтын, көңілімізге келмейтін’ уақытты аңсайсыңдар ма? (Ишая 65:17). Егер Киелі кітаптың мына кеңесіне құлақ ассаңдар, Құдай Патшалығының баталарына ие бола аласыңдар: “Әлі кеш болмай тұрғанда Жаратқан Иеге бет бұрып, мойынсұныңдар! Иеміз құлақ салуға дайын тұрған осы кезде Оған сиынып жалбарыныңдар!” (Ишая 55:6).

Бұлай етуіңе Құдай сөзін оқып және оны мұқият зерттегеніңіз көмектеседі. Бұл өмірлеріңізде ең маңызды іске айналсын. Құдай туралы және ол жіберген Иса Мәсіхті біле беріңіздер. Әрі қарай да Құдайдың нормаларына сәйкес өмір сүруге талпына беріңіз, осылайша, оның билігіне мойынсұнуға дайын екеніңізді көрсетесіз. Бұл әлі де кездесетін қиыншылықтарға қарамастан, қазірдің өзінде сізді бақытты етеді. Ал бұлай істегеніңіз болашақта қайғы-қасіреттерден азат етілген өмірде рақат өмір кешу мүмкіндігін сыйлайды (Жохан 17:3).

[Сілтемелер]

a Жаңа Иерусалим Киелі кітабында (ағыл.) Жаратылыс 2:17-ші тармақтың сілтемесінде “жақсылық пен жамандықты тану” — “ненің жақсы, ненің жаман екенін өз бетінше шешіп, соған сәйкес жүру, толық өнегелік тәуелсіздікті талап етуімен, өзін жаратылыс деп санаудан бас тартуды білдіретіндігі” түсіндірілген. Әрі қарай: “Бірінші күнә Құдайдың жоғарғы билігіне қол сұғу болды,”— делінген.

b 1914 жылға қатысты пайғамбарлық туралы толық мәлімет Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабының 10, 11-тарауларында қарастырылады.

[6, 7-беттердегі қоршау]

ҚИЫНДЫҚТАРМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕ АЛАМЫЗ?

“Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар” (1 Петір 5:7). Басымыздан қиыншылықтар өтіп жатса немесе бізге қымбат адамдардың азап шегіп жатқанын көрсек, уайымдап, ашуланып және өзімізді әлсіз сезінетініміз таңқаларлық нәрсе емес. Алайда Ехобаның біздің мүшкіл халімізді түсінетініне күмәнданбаңдар (Мысырдан шығу 3:7; Ишая 63:9). Бұрынғы өткен уақыттағы Құдайға сенген адамдар сияқты біз де жүрегімізде жатқан терең ойларды, түсінбеушіліктерімізді және мазалайтын нәрселерді оған ашып айтуымызға болады (Мысырдан шығу 5:22; Әйүп 10:1—3; Еремия 14:19; Аббақұқ 1:13). Әрине Құдай біздің көріп жатқан қиыншылықтарымызды бірден жойып жібере салмайды, бірақ біздің шын жүректен айтқан тілектеріміздің жауабы ретінде қиыншылықтармен күресу үшін даналық пен күш береді (Жақып 1:5, 6).

“Ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар” (1 Петір 4:12). Петір бұл жерде қудалау туралы айтып жатқанымен, оның сөздері Құдай сөзіне сенуші адамның үлесіне түскен қиыншылықтарға да қатысты. Адамдар жетіспеушілік пен аурудың тауқыметін тартып, жақын адамдарынан айырылуда. Киелі кітап ешкімнің “уақыт пен кездейсоқтықтан” қашып құтыла алмайтынын айтады (Екклесиаст 9:11). Қазіргі уақытта да солай. Егер біз осыны түсінсек, онда басымызға түскен қиыншылықтар мен қайғы-қасіреттерге шыдау оңай болады (1 Петір 5:9). Әсіресе Ехобаның мына сөздерін есте ұстағанымыз бізді қатты жұбатады: “Тәңірдің көзі әділдерде және Оның құлағы олардың дұғаларында” (Забур 33:15; Нақыл сөздер 15:3; 1 Петір 3:12).

“Лайым үміттеніп қуаныңдар” (Римдіктерге 12:12). Бұрынғы жақсы күндер туралы үнемі ойлай бергенше, Құдайдың барлық қиыншылықтарды жоямын деген уәдесі туралы ойланған абзал (Екклесиаст 7:10). Бұл үміт толық негізделген, сондықтан ол басты қорғайтын дулығадай бізге үлкен қорған бола алады. Біздің болашаққа деген үмітіміз өмірде кездесетін соққылардың ауыртпалығын жеңілдетеді. Осының арқасында бұл соққылар біздің жан тыныштығымыз бен рухани денсаулығымызды жоя алмайды (1 Салониқалықтарға 5:8).

[5-беттегі сурет]

Адам мен Хауа Құдайдың басшылығынан бас тартты.

[7-беттегі сурет]

Құдай қайғы-қасіреттерден азат етілген өмірді уәде етеді

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу