Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.2. 8—13 бет.
  • “Шайтанға қарсы тұрыңдар”!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Шайтанға қарсы тұрыңдар”!
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Шайтанның ертедегі мәсіхшілерге қойған торлары
  • Шайтанның бүгіндегі торлары
  • Иса Шайтанға қарсы тұрған
  • Ібіліске қарсы тұру үшін толықтай жабдықталғанбыз
  • Исаға ұқсап, “Шайтанға қарсы тұрыңдар”
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол безіп кетеді
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жауыңызды жақсы біліңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Азғыруларға қарсы тұр
    Ұлы Ұстаздан үйренейік
Көбірек мәлімет
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.2. 8—13 бет.

“Шайтанға қарсы тұрыңдар”!

“Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді” (ЖАҚЫП 4:7).

1. Қазіргі дүние туралы не айтуға болады және неге майланғандар мен олардың серіктеріне қырағы болу қажет?

“ҚҰДАЙ жоғалып кетті, ал Ібіліс қалып қойды”. Өзіміз өмір сүріп жатқан дүниені француз авторы Андре Малроның осы сөздерімен суреттеуге әбден болады. Адамдардың іс-әрекеттерінен Құдайдың еркін орындаудан гөрі, Ібілістің қулық-сұмдығы көбірек байқалады. Шайтан ‘зор күш-қуат, әр түрлі алдамшы ғажайып істер мен кереметтер көрсетіп... құритындардың бәрін күллі жамандықтармен тура жолдан адастыруда’ (2 Салониқалықтарға 2:9, 10). Алайда қазіргі “соңғы дәуірде” ол бар күшін ‘Исаның шынайы хабарына адал болып жүрген’ Құдайға бағышталған майланған мәсіхшілерге қарсы шайқасуға салуда (2 Тімотеге 3:1; Аян 12:9, 17). Демек, майланған қызметшілер мен олардың жерде өмір сүруге үміттенетін серіктеріне қырағы болу қажет.

2. Шайтан Хауа ананы қалай жолдан тайдырған және елші Пауыл нені ойлап, уайымдады?

2 Шайтан — алдап-арбауға әбден машықтанып алған, залым өтірікші. Ол жылан арқылы Хауа ананың көңіліне Құдайдан тәуелсіз болсаң өзіңді анағұрлым бақытты сезінесің деген ойды ұялатты (Жаратылыс 3:1—6). Шамамен төрт жүз жыл өткен соң, Пауыл Қорынттағы майланған мәсіхшілердің Шайтанның олжасына айналуы мүмкін екенін ойлап, уайымдаған. Ол былай деп жазды: “Әзәзіл жыланның қулықпен Хауа ананы алдап, күнәға батырғанындай, кейбіреулер сендердің ой-саналарыңды Мәсіхке деген адалдық пен пәк берілгендіктеріңнен ауытқытып жүрмесін деп уайымдаймын” (2 Қорынттықтарға 11:3). Шайтан адамдардың миын улап, ой-санасын бүлдіреді. Хауа ананы жолдан тайдырғаны сияқты Шайтан мәсіхшілердің жаңсақ тұжырым жасап, Ехоба мен оның Ұлына ұнамайтын нәрсені істесек бақытты боламыз деген ой түзулеріне түрткі болуы мүмкін.

3. Ібілістен қорғау үшін, Ехоба бізді немен қамтамасыз етіп отыр?

3 Шайтанды қаннен-қаперсіз жүрген құстарды ұстау үшін тор құратын құс аулаушыға теңеуге болады. Шайтанның торларына түсіп қалмау үшін, біз ‘Алла Тағаланың панасында’, яғни бейнелеп айтқанда іс-әрекеттері арқылы Ехобаның бүкіләлемдік билігін мойындайтындықтарын көрсететіндерге арналған Оның панасында, болуымыз керек (Забур 90:1—3). ‘Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуымыз үшін’, Құдай бізге өзінің Сөзі, киелі рухы және ұйымы арқылы қамтамасыз етіп отырған қорғау тәсілдерінің барлығы қажет (Ефестіктерге 6:11). “Қастық іс-әрекет” деп аударылған грек сөзі “амал-айла” дегенді де білдіруі мүмкін. Ехобаның қызметшілерін торына түсіру үшін, Шайтанның неше түрлі амал-айла қолданатыны сөзсіз.

Шайтанның ертедегі мәсіхшілерге қойған торлары

4. Ертедегі мәсіхшілер қандай дүниеде өмір сүрген?

4 Бірінші және екінші ғасырдағы мәсіхшілер Рим империясының өркендеп тұрған кезінде өмір сүрген. Pax Romana, немесе Рим әлемі, сауда-саттықтың дамуына ықпал еткен еді. Осының арқасында басқарушы таптың бос уақыты көп болып, олар ереуілдердің алдын алу үшін қара бұқараның көңіл көтеретін жерлері көп болуының қамын жейтін. Қолдарында билігі барлар қоғамдық қорларды қолданып, халықтың қарны тоқ, уайым-қайғылары жоқ күйде болулары үшін, оларды нан мен ойын-сауыққа тойдыратын.

5, 6. а) Неге мәсіхшілердің театрлар мен амфитеатрларға баруды әдетке айналдырмағаны дұрыс болған еді? ә) Шайтан қандай торлар құратын және мәсіхшілер олардан қалай аулақ бола алатын?

5 Осы жағдайлар ертедегі мәсіхшілер үшін қауіп тудырды ма? Елшілердің өлімінен кейін, көп ұзамай жазылған еңбектердегі (мысалы, Тертуллианның еңбегіндегі) ескертулерге қарағанда, шынайы мәсіхшілер үшін бос уақытта көңіл көтеру түрлерінің көбісі рухани және құлықтылық жағынан қауіпті болған. Мысалы, мейрамдар мен ойындардың көбісі жалған тәңірлерді дәріптеуге арналатын (2 Қорынттықтарға 6:14—18). Ал театрларда болса, тіпті классикалық пьесалардың көбісі барып тұрған азғындыққа немесе қантөгіске толы болған. Уақыт өте келе классикаға деген қызығушылық анағұрлым бәсеңдеп, оның орнын өнегесіздік әрекеттер ашықтан-ашық жасала беретін қойылымдар — пантомималар — басты. Жером Каркопино “Ежелгі Римнің күнделікті өмірі” (Daily Life in Ancient Rome) деген кітабында: “Осы пьесаларда ойнайтын актрисалардың тырдай жалаңаш қалғанша шешінулеріне болатын... Қан судай ағатын... Астана тұрғындарының жүректерін жаулап алған [мимдердегі] жүгенсіздік шектен шығып кететін. Әйтсе де, мұның барлығы олардың бойында жеркеніш сезімін оятпайтын, өйткені амфитеатрда өтетін қантөгістер олардың сезімдерін мұқалтып, адами қасиеттерден жұрдай еткен”,— деп жазды (Матай 5:27, 28).

6 Амфитеатрларда гладиаторлар қасық қаны қалғанша бір-бірімен немесе жыртқыш аңдармен шайқасатын, олар не өздері өлетін, не өзгені өлтіріп тынатын. Жабайы аңдарға сотталған қылмыскерлерді тастайтын, ал кейінірек көптеген мәсіхшілерді солай етті. Сол ерте заманның өзінде Шайтанның торларының бірі адамдардың бойындағы азғындық пен зұлымдыққа деген жеркеніш сезімін мұқалтып, осы нәрселерді қалың бұқара үшін кәдуілгі, қалаулы нәрсеге айналдыру болатын. Осындай торларға түсіп қалмаудың жалғыз жолы театрлар мен амфитеатрларға мүлдем бармау еді (1 Қорынттықтарға 15:32, 33).

7, 8. а) Неге мәсіхшілердің ат арба жарыстарына барғандары ақылдылыққа жатпайтын? ә) Қалай Шайтан Рим моншаларын мәсіхшілер үшін тор ретінде қолдануына болар еді?

7 Цирк деп аталатын сопақша келген үлкен ареналарда өтетін ат арба жарыстарының өте қызықты ойын-сауық болғаны сөзсіз, бірақ ол шынайы мәсіхшілердің қызықтауына жарамайтын, өйткені онда жиі көрермендер бұлқан-талқан болып есі кететін. Үшінші ғасырда өмір сүрген бір автор жазғандай, мұның арты төбелеске айналатын, ал тарихшы Каркопиноның айтуынша, цирк аркадаларының асты “жұлдызнамашылар мен жезөкшелердің ақша табатын жерлері болған”. Рим цирктері мәсіхшілер баратын жер болмағаны айдан анық (1 Қорынттықтарға 6:9, 10).

8 Ал Римнің атақты моншалары жөнінде не деуге болады? Әрине, жуынып-шайынғанда тұрған еш оғаштық жоқ. Алайда Рим моншаларының көбісі массаж жасайтын, дене шынықтыратын, құмар ойындар ойнайтын бөлмелері мен дәмханалары бар аса үлкен ғимараттар болғанын ескере кеткен жөн. Сөз жүзінде еркектер мен әйелдер әр түрлі уақытта жуынулары керек болғанмен, жиі олардың бірге жуынуларына да жол берілетін. Александриялық Климент былай деп жазды: “Моншалардың есігі талғаусыз — әйелі болсын, еркегі болсын — бәріне ашық; олар онда тырдай жалаңаш азғындыққа салынады”. Осылайша, Шайтан кез келген мекемені Құдайдың қызметшілері үшін торға айналдырып жібере алатын. Есті мәсіхшілер ондай жерлерге бармайтын.

9. Ертедегі мәсіхшілер қандай торлардан аулақ болулары керек еді?

9 Рим империясы өркендеп тұрған заманда римдіктер бос уақыттарын құмар ойындарға арнағанды ұнататын. Ертедегі мәсіхшілер ат арба жарыстарында бәс тігуден аулақ болу үшін, циркке бармаулары керек еді. Асханалар мен дәмханаларда құмар ойындардың тыйым салынған түрлерін ойнайтын жасырын бөлмелер болатын. Ойыншылардың бірі бірнеше кішкене тасты немесе топайды қолында ұстап тұрып, ал қалғандары олардың саны жұп не тақ екенін табу үшін бәс тігетін. Құмар ойындар жеңіл олжа табуға үміттендіретін болғандықтан, өмірдің сәнін кіргізетін (Ефестіктерге 5:5). Сондай-ақ мұндай ішімдік ішетін орындардың иелері жиі жезөкшелер болатын. Сондықтан аталмыш жерлерде азғындық жасап қою қаупі де бар еді. Рим империясының қалаларында тұратын мәсіхшілер үшін Шайтан осындай торлар құрған. Қазіргі уақытта жағдай тіптен өзгеше деуге бола ма?

Шайтанның бүгіндегі торлары

10. Қай жағынан бүгіндегі ахуал Рим империясында орын алған ахуалға ұқсайды?

10 Ғасырлар өтсе де Шайтанның айла-амалдары аса өзгере қойған жоқ. Шайтан азғындыққа салынған Қорынт қаласында тұратын мәсіхшілерден “амалын асырмау үшін”, Пауыл оларға көңіл қоярлық кеңес берген. Ол: “[Біз] оның зымиян ниетін жақсы білеміз”,— деді (2 Қорынттықтарға 2:11). Бүгінде дамыған елдердің көбісінде Рим империясының дәурені жүріп тұрған кездегідей жағдай орын алған. Көп адамдардың бұрын-соңды бос уақыттары казіргідей көп болған емес. Кедейлердің өзіне мемлекеттік лотереялар, мейлі болмашы болсын, үміт береді. Ойын-сауықтың мың сан арзан түрлері адамдардың санасын жаулап алған. Стадиондар лық толып, адамдар құмар ойындар ойнайды, көрермендер, тіпті жиі ойыншылардың өздері де бұлқан-талқан болып, есі кетеді. Өнегесіздікке үйрететін музыка адамдардың құлағының етін жейді, театр мен кинотеатр сахналарынан да, теледидардан да азғындыққа толы көріністер толассыз көрсетіліп жатады. Кейбір елдерде жалаңаш күйінде күнге қыздырынатындарға арналған жағажайлар жөнінде айтпағанда, әйелдер мен еркектер бірге жуынатын сауналар мен ыстық су көздері кеңінен тараған. Шайтан мәсіхшіліктің алғашқы ғасырларындағыдай, бос уақытты өткізудің осы дүниеге ұнамды түрлері арқылы Құдайдың қызметшілерін азғыруға тырысуда.

11. Демалып, бой жазудың артында қандай тор құрылған болуы мүмкін?

11 Біз стресс дағдылы құбылысқа айналған заманда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бой жазуды, күнделікті күйбең тірліктен қашып кетуді қалау — кәдімгі нәрсе. Алайда ертедегі мәсіхшілер үшін қауіпті болған Рим моншалары іспетті кейбір демалыс орындары мен курорттар бүгіндегі мәсіхшілерді азғындық жасап қоюға не ішімдікті шектен тыс көп ішіп қоюға әкеліп соқтырған Шайтанның торы болып шықты. Қорынттағы мәсіхшілерге Пауыл былай деп жазды: “Мұндайларға алданып қалмаңдар! “Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады”. Дұрыстап ақылға келіңдер: күнә жасауды доғарыңдар! Кейбіреулерің Құдайды әлі де танымайсыңдар” (1 Қорынттықтарға 15:33, 34).

12. Ехобаның қызметшілерін торға түсіру үшін Шайтан бүгінде қандай айла-амал қолдануда?

12 Біз Шайтанның қулықпен Хауа ананың ой-санасына әсер еткенін білеміз (2 Қорынттықтарға 11:3). Бүгінгі таңда Ібілістің торларының бірі — Ехоба Куәгерлерінің өзгелерден ешқандай айырмашылығы жоқ екенін дәлелдеу мақсатымен, мәсіхшіні осы дүниеге мүмкіндігінше жақын жанассам біреуді шындық жолына әкелермін деген ой түзуге талпындыру. Кейде мұндай мәсіхшілер шектен шығып кетіп, қайта, керісінше болып шығады (Нағай 2:12—14). Шайтанның торларының тағы біреуі — өмірлерін Құдайға бағыштаған мәсіхшілерді, мейлі жас болсын, ересек болсын екі жақты өмір сүріп, ‘Құдайдың киелі рухын ренжітуге’ итермелеу (Ефестіктерге 4:30). Кейбіреулер Интернетті дұрыс қолданбағандықтан осындай торға түсіп қалған.

13. Қандай жасырын тор Ібілістің айла-амалдарының бірі болып табылады және осыған Нақыл сөздерде жазылған қандай өсиеттің қатысы бар?

13 Шайтан қолданатын торлардың тағы бірі — оккультизмнің жасырын түрлері. Шынайы мәсіхшілердің ешқайсысы әдейі Шайтанға бас имейтіні немесе спиритизммен айналыспайтыны белгілі. Алайда кейбіреулер өздері аңдамай кинофильмдерде, телесериалдар мен бейнеойындарда, тіпті балаларға арналған әзіл әңгімелердің өзінде қатыгездік пен сиқырлық орын алып отыратынын ескеріп, мұқият болу керектігін ұмытып кетеді. Оккультизмге меңзейтін нәрселердің бәрінен аулақ болған жөн. Бір нақыл сөзде: “Арамзаның жолында тікенектер мен тұзақтар бар; кім жанын аман сақтағысы келсе, олардан аулақ болсын!” — делінген (Нақыл сөздер 22:5). Шайтан “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” болғандықтан, осы дүниеде әйгілі болып есептелетін нәрселердің бәрінің артында қандай да бір тор құрылған болуы мүмкін (2 Қорынттықтарға 4:4; 1 Жохан 2:15, 16).

Иса Шайтанға қарсы тұрған

14. Қалай Шайтан алғашқы рет еліктіргенде Иса берілмеді?

14 Иса Ібіліске қарсы тұрып, оны қашып кетуге мәжбүр етуімен бізге керемет үлгі көрсеткен. Ол шомылдыру рәсімінен өтіп, қырық күн бойы ораза тұтқан кезінде, Шайтан келіп еліктірген (Матай 4:1—11). Шайтан алғашқы рет еліктіргенде, ораза тұтқаннан кейінгі Исаның ашығу сияқты табиғи сезімін қолданғысы келген. Ол Исаға бірінші кереметін жасап тәндік қажеттілігін қанағаттандыруды ұсынады. Бірақ Иса Заңды қайталау 8:3-ті келтіре отырып, өзіне берілген күшті жеке басының қажеттілігін қанағаттандырудан бас тартады да, рухани ас-судың тәндік ас-судан маңыздырақ екенін көрсетеді.

15. а) Исаны еліктіргенде Шайтан қандай табиғи сезімді қолданған? ә) Бүгінде Құдайдың қызметшілеріне қарсы қолданатын Ібілістің амал-айласының бастыларының бірі қандай, сөйтсе де қалай біз оған қарсы тұра аламыз?

15 Ескере кететін қызықты бір жайт, Ібіліс Исаны азғындық жасауға итермелемеген. Тап осы жағдайда ашығу, адамның тамақтануға деген табиғи қажеттілігі, Исаны еліктіргенде қолдануға болатын ең қолайлы нәрсе еді. Ал қазір ше, Құдайдың қызметшілерін торына түсіру үшін Ібіліс қандай еліктірулерді қолданып жүр? Олар көп, әрі әр түрлі, бірақ Ехобаның қызметшілерін адалдықтарынан айыру үшін, Шайтанның қолданатын басты айла-амалдарының бірі — азғындыққа итермелеу. Исаға еліктеп Ібіліске қарсы тұрып, оның еліктірулеріне берілмеуімізге болады. Исаның қажетті Жазба орындарын есіне түсіріп, Шайтанның келтірген дәлелдерін жоққа шығарғанындай, біз де еліктірілгенде Жаратылыс 39:9 және 1 Қорынттықтарға 6:18 сияқты тармақтарды есімізге түсіруімізге болады.

16. а) Исаны Шайтан екінші рет қалай еліктірген? ә) Қалай Шайтан Ехобаны сынауға түрткі болып, бізді еліктіруі мүмкін?

16 Бұдан кейін Ібіліс Исаға Құдай періштелері арқылы өзін құтқара алатын-алмайтынын тексеру үшін, ғибадатхананың қабырғасынан секіруді ұсынады. Иса Заңды қайталау 6:16-шы тармақты келтіре отырып, Әкесін сынаудан бас тартады. Бүгінгі таңда Шайтан бізге ғибадатхананың қабырғасынан секіруді ұсына қоймас, алайда ол Ехобаны басқаша сынауға еліктіруі мүмкін. Ешкіммен кеңеспестен сыртқы көрініс пен киім кию мәнерінде осы дүниенің үлгісіне қаншалықты жақындауға болатынын білуді қалаймыз ба? Ал күмәнді ойын-сауық түрлерімен көңіл көтеруді ше? Онда Ехобаны сынап жүрген болуымыз мүмкін. Көңілімізде осындай нәрселерді қалар болсақ, Шайтан бізден безіп кетудің орнына, қасымызда қалып, қайтпастан өз жағына шығаруға тырысып бағады.

17. а) Шайтан Исаны үшінші рет қалай азғырды? ә) Қалайша біздің жағдайымызда Жақып 4:7-де жазылған сөздер рас бола алады?

17 Шайтан өзіне бір-ақ рет құлшылық етіп, дүниенің бүкіл патшалықтарын иемденуді ұсынғанда, Иса тек Әкесіне ғана ғибадат етуге деген берік шешімін көрсетіп, тағы да Жазба орындарын келтіру арқылы Шайтанға қарсы тұрады (Заңды қайталау 5:9; 6:13; 10:20). Шайтан бізге дүниенің бүкіл патшалықтарын ұсына қоймас, десе де, ол бізді өзіміздің шағын патшалығымыздың елесін көрсеткендей, осы дүниенің материалдық игіліктерінің жалт-жұлт еткен сыртқы көрінісімен еліктіреді. Сондай кездерде Иса сияқты біз де Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытамыз ба? Солай етіп жүрген болсақ, біздің жағдайымызда да Исаның жағдайындағыдай болады. Матай жазған ізгі хабарда: “Мұнан соң шайтан Оның қасынан кетіп қалды”,— делінген (Матай 4:11). Егер біз қажетті Жазба орнын есімізге түсіріп, оны өмірімізде қолдану арқылы Шайтанға қайтпай қарсы тұратын болсақ, ол бізден безіп кетеді. Жақып былай деп жазды: “Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді” (Жақып 4:7). Бір бауырлас Франциядағы Ехоба Куәгерлерінің филиалына: “Расында да Шайтан сондай зымиян. Ниетімнің қаншалықты таза болғанына қарамастан, маған сезімім мен құмарлықтарымды жүгендеу өте қиын. Сөйтсе де батылдық пен шыдамдылықтың, ал ең бастысы — Ехобаның көмегінің арқасында барлығын жеңіп, шындық жолын берік ұстанып жүрмін”,— деп жазды.

Ібіліске қарсы тұру үшін толықтай жабдықталғанбыз

18. Қандай рухани қару-жарақ Ібіліске қарсы тұруымызға мүмкіндік береді?

18 Ехоба ‘Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуымыз’ үшін, бәрімізді де рухани қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр (Ефестіктерге 6:11—18). Шындыққа деген сүйіспеншілігімізбен белімізді бекем буамыз, басқаша айтқанда, ол бізді мәсіхшілердің ісінде белсенді болуға даярлайды. Ехоба орнатқан әділдік нормаларын ұстануға деген берік шешіміміз жүрегімізді аман сақтайтын сауыт іспетті болады. Аяқ киімімізді киіп, татуласу туралы ізгі хабарды таратуға даяр болып, уағыздау ісіне үзбей қатысқанымыз рухани берік етеді, әрі рухани апаттан қорғайды. Мызғымас сеніміміз Шайтанның ‘отты жебелерінен’, яғни оның амал-айлалары мен еліктірулерінен, сақтайтын қалқан сияқты болады. Ехобаның уәделерінің орындалатынына деген берік үмітіміз дулыға іспетті ой-санамызды таза сақтап, жүрек тыныштығын сыйлайды (Філіпіліктерге 4:7). Құдай Сөзін шебер қолданар болсақ, ол біз үшін адамдарды Шайтанның рухани бұғауларынан азат ететін семсер болады. Сонымен қатар бұл семсерді Исаның еліктірілгенде қолданғаны сияқты қорғану үшін де қолдана аламыз.

19. ‘Шайтанға қарсы тұрудан’ басқа тағы не істеу қажет?

19 Үнемі ‘Құдай берген “қару-жарақпен” жабдықталып’, ұдайы дұға етіп жүретін болсақ, Шайтанның шабуылдарынан Ехобаның қорғайтынына сенімді болуымызға болады (Жохан 17:15; 1 Қорынттықтарға 10:13). Бірақ Жақып ‘Шайтанға қарсы тұрудың’ жеткілікті емес екендігін көрсеткен. Оған қарсы тұрумен қатар өзімізді қорғап отырған ‘Құдайға мойынсұнуымыз’ да керек (Жақып 4:7, 8). Құдайға қалай мойынсұна алатындығымыз жөнінде келесі мақалада әңгімеленеді.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Ертедегі мәсіхшілер Шайтанның қандай торларынан аулақ болуға тиіс еді?

• Ехобаның қызметшілерін торына түсіру үшін, Шайтан қандай айла-амалдар қолдануда?

• Иса Шайтанның еліктірулеріне қалай қарсы тұрған?

• Қандай рухани қару-жарақ Ібіліске қарсы тұруымызға көмектеседі?

[9-беттегі сурет]

Иса қайтпастан Шайтанға қарсы тұрған

[10-беттегі суреттер]

Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қатыгез, азғындыққа толы ойын-сауықтарға барудан бас тартқан

[Түпдерек]

The Complete Encyclopedia of Illustration/J. G. Heck

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу