Ақырғы күн таяп келе жатқанда мойынсұнушылық дамытыңдар
“Халықтардың мойынсұнушылығы соған [Шило] тиесілі” (ЖАРАТЫЛЫС 49:10, ЖД).
1. а) Бұрынғы уақытта Ехобаға мойынсұну деген жиі нені білдіретін? ә) Мойынсұнушылыққа қатысты Жақып қандай пайғамбарлық айтқан?
ЕХОБАҒА мойынсұну жиі оның өкілдеріне мойынсұнуды білдіретін. Оның өкілдері — періштелер, рубасылары, билер, діни қызметкерлер, пайғамбарлар мен патшалар болған. Ал патшалардың отырған тағы — Ехобаның тағы деп те аталатын (1 Шежірелер 29:23). Өкінішке орай, Исраилдің билеушілерінің көбісі Құдайға мойынсұнбастан, өздерін де, қол астындағы халықты да қасіретке ұшыратқан. Ехоба болса өзіне шын берілгендерге үміт беріп, әділетті адамдар қуанышпен мойынсұнатын мәңгілік Патша беруді уәде еткен (Ишая 9:6, 7). Сол болашақ билеуші туралы өлерінен біраз уақыт бұрын, рубасы Жақып пайғамбарлық еткен: “Шило келмейінше Яһудадан патшаның аса таяғы мен аяғының арасындағы билік етушінің аса таяғы кетпейді; халықтардың мойынсұнушылығы соған тиесілі” (Жаратылыс 49:10, ЖД).
2. “Шило” деген сөз нені білдіреді және Шилоның патшалық билігі қаншалықты кең таралуы керек еді?
2 “Шило” еврейше “оның шын Иесі” дегенді білдіреді. Иә, Шило патша таяғы арқылы бейнеленіп отырған билік ету құқығын және билік етушінің аса таяғы арқылы бейнеленген нақ билікті мұра етеді. Оның үстіне, ол патшалық билігін Жақыптың үрім-бұтағына ғана емес, барлық ‘халықтарға’ жүргізеді. Бұл Ехобаның Ыбырайымға берген уәдесіне сай келеді: “Олар [“Сенің ұрпағың”, ЖД] жауларын жеңіп, қалаларын басып алатын болады. Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады” (Жаратылыс 22:17, 18). Осы ұрпақтың назареттік Иса екенін Ехоба б. з. 29 жылы оны киелі рухпен майлау арқылы дәлелдеді (Лұқа 3:21—23, 34; Ғалаттықтарға 3:16).
Исаның бірінші Патшалығы
3. Көкке көтерілгеннен кейін, Иса қандай билікке ие болды?
3 Иса көкке көтерілгеннен кейін, дүние жүзінің халықтарына билік ету үшін бірден патша тағына отырған жоқ (Забур 109:1). Сөйтсе де ол мойынсұнғыш азаматтары бар “патшалықты” иемденді. Мұның не қылған патшалық екенін елші Пауыл түсіндірді: “Құдай бізді [рухпен майланған мәсіхшілерді] қара түнектің билігінен құтқарып, сүйікті рухани Ұлы Иса Мәсіхтің Патшалығына енгізді” (Қолостықтарға 1:13). Мұндай құтқарылу б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында Исаның адал ізбасарларына киелі рух төгілген кезден басталды (Елшілердің істері 2:1—4; 1 Петір 2:9).
4. Не нәрселерде Исаның ертедегі шәкірттері мойынсұнушылық танытқан және топ ретінде Иса оларды қалай атаған?
4 Рухпен майланған шәкірттер ‘Мәсіхтің өкілдері’ ретінде әрекет етіп, мойынсұнушылықпен сол рухани патшалықтың ‘азаматы’ болатын өзге адамдарды жинай бастады (2 Қорынттықтарға 5:20; Ефестіктерге 2:19; Елшілердің істері 1:8). Сонымен қатар Патшалары Иса Мәсіхке ұнамды болу үшін, олар ‘бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрулары’ керек болатын (1 Қорынттықтарға 1:10). Жалпы топ ретінде олар ‘адал да саналы қызметші’ табын құрайтын (Матай 24:45; Лұқа 12:42).
Құдайдың ‘қызметшісіне’ мойынсұну арқылы батаға ие болу
5. Ежелден бері Ехоба өзінің халқын қалай үйретіп келген?
5 Ехоба өзінің халқын ешқашан тәлімгерсіз қалдырған емес. Мысалы, яһудилер Бабыл тұтқындығынан оралғаннан кейін, Езра, сондай-ақ басқа да көзі ашық кісілер халыққа Құдай Сөзін оқып қана қоймай, ‘мағынасын түсіндіріп, түсініктемелер беріп отырған’ (Нехемия 8:8).
6, 7. Қалай қызметші табы Басқарушы кеңес арқылы рухани ас-суды уақтылы беріп отыр және неге оған мойынсұнған дұрыс?
6 Бірінші ғасырда, б. з. 49 жылы сүндет рәсімін орындау-орындамау туралы мәселе көтерілгенде, сол ерте замандағы қызметші табының басқарушы кеңесі аталмыш мәселені дұға ете отырып қарастырып, Жазбаларға негізделген шешім қабылдаған. Қабылданған шешім хат арқылы жарияланғанда, қауымдар берілген басшылыққа мойынсұнып, Құдайдың көл-көсір батасына ие болған (Елшілердің істері 15:6—15, 22—29; 16:4, 5). Сол сияқты бүгінгі таңда да адал қызметші өзінің Басқарушы кеңесі арқылы мәсіхшілердің бейтараптық көзқарасына, қанның қасиеттілігіне, сондай-ақ есірткі қабылдау мен шылым шегуге қатысты маңызды сұрақтарды анық түсіндіріп отыр (Ишая 2:4; Елшілердің істері 21:25; 2 Қорынттықтарға 7:1). Ехоба өзінің Сөзі мен адал қызметшіге мойынсұнып отырғаны үшін халқына батасын беруде.
7 Қызметші табына мойынсұну арқылы Құдай халқы Иса Мәсіхке де бағынуда. Біздің уақытымызда мұндай мойынсұнушылықтың маңызы бұрынғыдан да зор, өйткені Жақыптың өлер алдында айтқан пайғамбарлығына сәйкес Исаның өкілеттілігі анағұрлым кеңейе түсті.
Шилоның жер бетіне заңды Билеуші болуы
8. Исаның өкілеттілігі қалай және қашан кеңейді?
8 Жақыптың пайғамбарлығында билеуші Шилоға ‘халықтардың мойынсұнушылығы тиесілі’ болатыны алдын ала айтылған-ды. Демек, Мәсіх тек рухани Исраилге ғана билік етпейді. Оның билігі қаншалықты кеңінен етек жаяды? Аян 11:15-те былай делінген: “Әлемді басқару билігі Жаратқан Иеміздікі және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі! Ол мәңгілік билік жүргізетін болады” (Аян 11:15). Киелі кітап бізге Исаның мұндай билікті пайғамбарлық мәні бар ‘жеті кезеңнің’ —‘Құдайға сенбейтін халықтардың дәуренінің’— аяғында, яғни 1914 жылы алғанын ашадыa (Даниял 4:16, 17; Лұқа 21:24). Сол жылы Мәсіх көзге көрінбейтін Патша ретінде билік етуін бастап, оның ‘жауларының арасында үстемдік жүргізетін’ кезеңі басталды (Матай 24:3; Забур 109:2).
9. Патшалыққа ие болған соң Иса не істеді және мұның адамзат үшін, әсіресе Исаның шәкірттері үшін, қандай жанама әсері болды?
9 Патшалық билігіне ие болғаннан кейін, Иса ең алдымен нағыз тілазар Шайтан мен оның жын-перілерін “жер бетіне” лақтырды. Сол уақыттан бері зұлым рухтар адам баласын бұрын-соңды болмаған ауыр ‘қасіретке’ ұшыратып, сонымен қатар Ехобаға мойынсұнуды барынша қиындатуда (Аян 12:7—12; 2 Тімотеге 3:1—5). Сөйткенмен де, ең алдымен Шайтанның рухани шайқасы ‘Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүрген’ майланғандар мен олардың серіктері ‘басқа қойларға’ бағытталған (Аян 12:17; Жохан 10:16).
10. Қандай пайғамбарлықтардың орындалуы Шайтанның шынайы мәсіхшілерге қарсы шайқаста жеңіліске ұшырайтынының кепілі?
10 Алайда Шайтанның әрекеттері табысты болмайды, өйткені қазір “Иеміздің күні”, сондықтан Исаның жеңімпаз болып шығуына еш нәрсе де кедергі бола алмайды (Аян 1:10; 6:2). Мысалы, ол 144 мың рухани исраилдіктерге біржолата таңба салынуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар ол ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ ‘ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды’ қорғайтын болады (Аян 7:1—4, 9, 14—16). Олар майланған серіктеріндей емес, Исаның патшалығының жер бетіндегі мойынсұнғыш азаматтары болады (Даниял 7:13, 14). Олардың әлем сахнасында пайда болғанының өзі Шилоның ‘әлемді басқарып’ отырғанының айқын дәлелі (Аян 11:15).
Қазір ‘ізгі хабарға мойынсұнатын’ кез
11, 12. а) Осы заманның ақыры келгенде кімдер ғана аман қалады? ә) ‘Осы дүниелік рухты’ бойларына әбден сіңдіргендер қандай мінез-құлық танытады?
11 Мәңгі өмір сүргісі келетіндердің бәрі мойынсұнушылыққа үйренулері керек, өйткені Киелі кітапта “Өзінің Ізгі хабарына [“Иеміз Иса туралы ізгі хабарға”, ЖД] құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендер” Ехобаның кек алатын күні аман қалмайтыны анық айтылған (2 Салониқалықтарға 1:8). Бірақ бүгінде күнәкарлықтың кең таралуы мен Киелі кітаптың заңдары мен принциптеріне деген немкеттілік рухы ізгі хабарға мойынсұнуды қиындата түседі.
12 Киелі кітап Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін сол рухты ‘осы дүниелік рух’ деп атайды (1 Қорынттықтарға 2:12). Оның қалай әсер ететінін түсіндіріп, елші Пауыл бірінші ғасырдағы Ефесте тұратын мәсіхшілерге былай деп жазған: “Осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің — Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер. Біз де бұрын сондайлармен бірге болып, күнәкар болмысымыздың құмарлықтарына беріліп, ойымыз бен бойымыздағы тілектерімізді орындадық. Басқаларға сияқты бізге де Құдайдың қаһарының төгілетіні табиғатымыздан белгілі еді” (Ефестіктерге 2:2, 3).
13. Мәсіхшілер осы дүниенің рухына қалай қарсы тұра алады және мұның қандай пайдасы бар?
13 Бақытқа орай, ефестік мәсіхшілер бағынбаушылық рухының құлы болған күйінде қалмаған. Қайта, Құдайдың рухына мойынсұнғыш балалары болып, мұның мол әрі игілікті жемісін көрген (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сол сияқты бүгін де Құдайдың киелі рухы — Әлемдегі ең құдіретті күш — миллиондаған адамдардың Ехобаға мойынсұнушылық танытуларына көмектесуде, осының арқасында олар ‘үміттеріне соңына дейін берік сенімді’ (Еврейлерге 6:11, ЖД; Зәкәрия 4:6).
14. Қалай Иса соңғы күндері өмір сүріп жатқан мәсіхшілерді мойынсұнушылықтарын сынаққа салатын нақты қиыншылықтар жөнінде ескерткен?
14 Шилоның көмектесетінін де ұмытпалық, ол Әкесімен бірге қандай жау болмасын, жын-перілер ме, адамдар ма мойынсұнушылығымызды төзімділігімізден артық сынауына жол бермейді (1 Қорынттықтарға 10:13). Сонымен қатар рухани шайқас жүргізе алуымыз үшін, Иса соңғы күндері біздер кездесетін бірқатар нақты қиыншылықтарды суреттеп берген. Ол аталмыш қиыншылықтарды елші Жоханға аян арқылы берген жеті хатында суреттеген (Аян 1:10, 11). Онда сол уақыттағы мәсіхшілер үшін аса маңызды болған кеңестер жазылған, бірақ олар ең алдымен 1914 жылы басталған “Иеміздің күніне” қатысты айтылған еді. Ендеше сол хаттарға зер салып көрейікb.
Немкеттіліктен, азғындықтан және ақша құмарлықтан аулақ бол!
15. Неге біз Ефес қауымына әсер еткен сияқты проблемадан абай болуымыз керек және қалай? (2 Петір 1:5—8).
15 Исаның бірінші хаты Ефестегі мәсіхшілерге арналған. Иса қауымды шыдамдылығы үшін мақтаған соң, былай дейді: “Алайда саған айтар наразылығым мынау: сен алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың” (Аян 2:1—4). Қазіргі уақытта да бір кездері құлшынысты болған мәсіхшілердің кейбіреулері бұрын бойларын билеген Құдайға деген зор сүйіспеншіліктерін жоғалтып алған. Сүйіспеншіліктің жоғалуы Құдаймен қарым-қатынасты суытып жібереді, сондай-ақ кезек күттірместен көңіл қоюды талап етеді. Қалай бастапқыдағы сүйіспеншілікті қайта жандандыруға болады? Үнемі Киелі кітапты зерттеу, қауым кездесулеріне бару, дұға ету және ой жүгірту арқылы (1 Жохан 5:3). Рас, бұл ‘бар ынтамен ұмтылуды’ қажет етеді, бірақ мұның нәтижелі болары сөзсіз (2 Петір 1:5—8). Өз-өзіңді шындап тексеріп, сүйіспеншілігіңнің суынғанын байқасаң, Исаның келесі сөздеріне құлақ асып, кідіртпестен өзгеріс жаса: “Өзіңнің қандай биіктен құлдырағаныңды ойлашы! Өкініп, теріс жолыңнан қайтып, алғашқыдағы игі істеріңді жасай бер!” (Аян 2:5).
16. Перғам мен Тиятир қауымдарында рухани жағынан қауіпті әсері бар қандай нәрсе болған және неге Исаның оларға айтқан сөздері бүгінде де маңызды?
16 Перғам мен Тиятирдағы мәсіхшілер адалдық, төзімділік пен құлшыныс танытқаны үшін мақтауға лайық болған (Аян 2:12, 13, 18, 19). Десе де оларға ежелде Исраилді азғындық пен Бағалға табынуға азғырған Балағам мен Езабелдің рухын танытатындар әсер етуде еді (Руларды санау 31:16; 3 Патшалықтар 16:30, 31; Аян 2:14, 16, 20—23). Алайда біздің уақыт, яғни “Иеміздің күні” жөнінде не деуге болады? Мұндай нәрселер қазір де бар ма? Иә, өйткені Құдай халқының арасында мәсіхшілер көбінше азғындық жасағаны үшін қауымнан шығарылып жатыр ғой. Сол себепті қауымда не одан тысқары болсын, азғындыққа еліктіретін адамдармен араласпаған қаншалықты маңызды десеңші! (1 Қорынттықтарға 5:9—11; 15:33). Шилоның мойынсұнғыш азаматы болғысы келетіндер күмәнді көңіл көтеретін нәрселерден және қағазда болсын, электронды түрде болсын порнографиядан аулақ болады (Амос 5:15; Матай 5:28, 29).
17. Сард пен Лаудікидегі мәсіхшілердің өздеріне баға беруі мен көзқарастарының Исаның олардың рухани күйіне деген көзқарасынан қандай айырмашылығы бар еді?
17 Сардтағы қауым кейбір мүшелерін есептемегенде тіптен мақтауға лайық емес-тін. Ол тірі деп саналатын, бірақ онда рухани нәрселерге деген немкеттіліктің терең тамыр жайғаны соншалық, Иса оны ‘өлі’ деп есептеген. Ізгі хабарға мойынсұнудың жай ырымы жасалатын. Сардтағы қауым қандай ауыр сөгіс алды десеңші! (Аян 3:1—3). Лаудікидегі қауымның жағдайы да осы іспеттес еді. Ол ‘мен баймын’ деп дүние-мүлкіне мақтанатын, бірақ Мәсіхтің көз алдында “сорлы бейшара, рухани жарлы, жалаңаш әрі соқыр” болатын (Аян 3:14—17).
18. Құдайдың көз алдында рухани жағынан “жылымшы” болудан қалай аулақ болуға болады?
18 Бүгінгі күні де кезінде адал болған кейбір мәсіхшілер мойынсұнушылық танытудан қалған. Бәлкім, олар осы дүниелік рухтың әсер етуімен қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды ұмытып, Киелі кітапты зерттеу, дұға ету, мәсіхшілердің кездесулеріне бару және уағыздауға келгенде “жылымшы” болып кеткен болар (2 Петір 3:3, 4, 11, 12). Мұндайлар үшін Мәсіхке мойынсұнып, рухани байығандары — ‘отпен балқытылып тазартылған “саф алтынды” Мәсіхтен сатып алғандары’ — қалайша маңызды десеңші! (Аян 3:18). Осындай нағыз байлыққа ие адамдар ‘игі істерге бай, әрі жомарт болып, басқалармен бөліседі’. Сондай нағыз бағалы қор жинау арқылы біз ‘келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанамыз’ (1 Тімотеге 6:17—19).
Мойынсұнғаны үшін мақтауға лайық болғандар
19. Иса Ізмір мен Філаделфидегі қауымдарды не үшін мақтаған және не нәрсеге шақырған?
19 Ізмір мен Філаделфидегі қауымдар мойынсұнушылыққа қатысты керемет үлгі көрсеткен, өйткені Иса соларға арнаған хаттарында ешбір істері үшін айыптамаған. Ізмірдегі мәсіхшілерге ол былай деді: “Жұтаң күйіңді білемін — шынында рухани байсың!” (Аян 2:9). Олар осы дүниелік байлықтарына мақтанып, ал шын мәнінде бишаралық күйдегі лаудікиліктерден қалайша ерекшеленген десеңші! Әрине, Ібіліске әлдебіреулердің Мәсіхке мойынсұнып жүргені ұнамаған. Сондықтан Иса: “Болашақта басыңнан кешетіндеріңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ, ал көретін азаптарың он күнге ғана созылады. Өлуге тура келсе де, Маған адал бол, сонда “мәңгілік өмір тәжін” сыйлаймын”,— деп ескерткен (Аян 2:10). Иса філаделфиліктерді де мақтап, былай деген: “Сен айтқандарымды сақтап [немесе маған мойынсұнып], Менен танбадың. Мен жуырда келемін. “Жеңісіңнің тәжін” сенен ешкім тартып алмау үшін өзіңде бар рухани игіліктерді берік ұста!” (Аян 3:8, 11).
20. Қалай бүгінде миллиондаған адамдар жағдайдың қандай болғанына қарамастан Исаның сөзін ұстануда?
20 “Иеміздің күнінде”, яғни 1914 жылдан бастап, адал тамтық пен бірнеше миллионға жеткен оның серіктері басқа қойлар да құлшына уағыз айтып әрі адалдықтарын сақтауларымен Исаның сөздерін ұстануда. Бірінші ғасырдағы бауырластары іспетті кейбір мәсіхшілер Исаға мойынсұнғаны үшін жапа шеккен. Оларды түрмелерге жауып, концлагерьлерге де жіберген. Өзгелері болса айналасында сән-салтанат пен ашкөздік жайлағанына қарамастан, Исаға мойынсұнып, ‘көздерін қарапайым’ етіп сақтайды (Матай 6:22, 23, ЖД). Иә, қай жерде, қандай жағдайда болмасын, шынайы мәсіхшілер мойынсұнушылықтарымен Ехобаны қуантуда (Нақыл сөздер 27:11).
21. а) Қызметші табы қандай рухани міндетін атқара бермек? ә) Шынында да Шилоға мойынсұнғымыз келетінін қалай көрсетуімізге болады?
21 Ауыр азап жақындаған сайын “адал да саналы қызметші” әрі қарай да Қожасы Мәсіхке қалтқысыз мойынсұнуға белін бекем буған. Бұған Құдайдың отбасының мүшелеріне рухани ас-суды уақтылы беру де кіреді. Ал біз Ехобаның теократиялық ұйымы мен оның қамтамасыз етіп отырған нәрселерін бағалай берелік. Осылай етуімізбен өзіне бағынатындарға мәңгілік өмір сыйлайтын Шилоға мойынсұнатындығымызды көрсетеміз (Матай 24:45—47; 25:40; Жохан 5:22—24).
[Сілтемелер]
a ‘Жеті кезең’ туралы мәлімет Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабының 10-тарауында қарастырылады.
b Исаның аталмыш жеті хаты — Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!” (ор.) кітабының 33-бетінен бастап талқыланады.
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• Жақыптың өлер алдында айтқан пайғамбарлығына сай Иса қандай рөл атқару керек?
• Біз Исаны Шило ретінде мойындайтынымызды қалай көрсетеміз және қандай рухтан аулақ болуымыз керек?
• Аян кітабында жазылған жеті қауымға арналған хаттардағы кеңестердің бүгінде біз үшін қандай маңызы бар?
• Қай жағынан біз ертедегі Ізмір мен Філаделфи қалаларындағы мәсіхшілерге еліктей аламыз?
[26-беттегі суреттер]
Ехоба адал “қызметшіге” мойынсұнғаны үшін өз халқына батасын беруде
[27-беттегі сурет]
Шайтан әсер ететіндіктен Құдайға мойынсұну өте ауыр
[29-беттегі суреттер]
Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болғанымыз оған мойынсұнуға көмектеседі