Ехоба өзіне мойынсұнғаныңды бағалайды
“Балам, парасатты бол — мені қуантасың” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 27:11).
1. Бүгінгі дүниеде қандай рух кең тараған?
БҮГІНДЕ дүниені тілазарлық пен тәуелсіздік рухы жайлаған. Мұның себебін елші Пауылдың Ефестегі мәсіхшілерге жазған хатынан көруге болады: “Бұрын сендер... осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің — Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер” (Ефестіктерге 2:1, 2). Иә, ‘ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісі’ Шайтан Ібіліс бүкіл дүниені, былайша айтқанда, мойынсұнбаушылық рухымен уландырып отыр. Ол бірінші ғасырда осылай еткен болатын, ал шамамен Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде көктен қуылғалы бері дүниені одан бетер уландыруда (Аян 12:9).
2, 3. Ехобаға мойынсұнуға қандай себептер бар?
2 Біз, мәсіхшілер, Ехобаның шын жүректен мойынсұнуға лайық Құдай екенін білеміз, өйткені ол — Жаратушымыз, Құтқарушымыз, өмірімізді Қолдаушы әрі Әлемнің Әміршісі (Забур 148:5, 6; Елшілердің істері 4:24; Қолостықтарға 1:13; Аян 4:11). Мұсаның заманындағы исраилдіктер Ехобаның өмір беруші әрі құтқарушы Құдай екенін білген. Сондықтан Мұса оларға: “Құдайларың сендерге қалай әмір етсе, дәл солай істеңдер”,— деген (Заңды қайталау 5:32). Иә, Ехоба мойынсұнуға лайық еді. Алайда олар көп ұзамай Жаратушы Иелеріне бағынбай кетті.
3 Әлемнің Жаратушысына мойынсұнғанымыз қаншалықты маңызды? Бірде Құдайдың бұйыруымен Самуил пайғамбар Саул патшаға былай деген: “Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан” (Патшалықтар 1-жазба 15:22, 23). Неге бұлай деуге болады?
Қалайша мойынсұну ‘сый-тартудан артық’?
4. Ехобаға не нәрсе ұсына аламыз?
4 Ехоба біздің Жаратушымыз болғандықтан, бар дүние-мүлкіміз онсыз да оның иелігі болып табылады. Ендеше, оған не ұсына аламыз? Біз оған өте құнды бір нәрсе ұсына аламыз. Ол не? Мұны келесі сөздерден білеміз: “Балам, парасатты бол — мені қуантасың, Сонда өзімді қорлағандарға жауап бере аламын” (Нақыл сөздер 27:11). Біз Құдайға, былайша айтқанда, мойынсұнушылығымызды ұсына аламыз. Жағдайымыз бен шыққан ортамыз әртүрлі болса да, Құдайға мойынсұнуымызбен бәріміз де Шайтан Ібілістің адамдар сынаққа кезіккенде Құдайға адал болып қалмайды деген жаласына жауап бере аламыз. Бұл неткен зор мәртебе!
5. Тілазарлық танытқанымыз Жаратушымызға қалай әсер етеді? Мысалмен түсіндіріңдер.
5 Қандай шешім қабылдайтынымыз Құдайға бәрібір емес. Тілазарлық танытқанымыз оған әсер етеді. Қалай? Бұл оның жанына батады (Забур 77:40, 41). Мәселен, диабетпен ауыратын адам денсаулығын сақтауға көмектесетін емдәмді ұстанбай, өзіне зиянды тағамды жеп жүр делік. Оның қамын ойлап жүрген дәрігер сонда не сезінер еді? Сол сияқты адамдардың тілазарлық танытқаны Ехобаға ауыр тиетіні анық, өйткені ол өміріміз үшін пайдалы кеңестерін елемегеніміз неге апарып соғатынын біледі.
6. Құдайға мойынсұнуға бізге не көмектеседі?
6 Құдайға мойынсұнуға бізге не көмектеседі? Сүлеймен патшаға еліктеп, әрқайсымыз Құдайдан “мойынсұнғыш жүрек” сұрағанымыз абзал. Сүлеймен мұндай жүректі ‘жақсылық пен жамандықтың не екенін айырып’, исраилдіктерге төрелік ете алу үшін сұраған болатын (Патшалықтар 3-жазба 3:9, ЖД). Мойынсұнбаушылық рухы кең тараған осы дүниеде жақсы мен жаманды айыра алуымыз үшін бізге де ‘мойынсұнғыш жүрекке’ ие болу керек. Бұл үшін Құдай өзінің Сөзін, Киелі кітапты зерттеуге арналған әдебиеттер мен мәсіхшілер кездесулерін және қамқор қауым ақсақалдарын беріп отыр. Біз сүйіспеншілікпен берілген осындай шараларды барынша қолданып жүрміз бе?
7. Неге Ехоба үшін құрбандықтардан гөрі мойынсұну маңыздырақ?
7 Осыған орай, мына жайтты еске алайық: ертеде Ехоба ежелгі халқына малды құрбандыққа шалудан гөрі мойынсұнудың әлдеқайда маңызды екенін көрсеткен болатын (Нақыл сөздер 21:3, 27; Ошия 6:6; Матай 12:7). Сонда қалай болғаны, халқына осындай құрбандықтар әкелуді Ехобаның өзі бұйырды емес пе? Бұл рас, бірақ құрбандық шалған адам оны қандай ниетпен істейді: Құдайға ұнамды болу үшін бе, әлде тек белгілі бір салт-жораларды орындап шығу үшін бе? Құдайдың қызметшісі оған шынымен ұнамды болғысы келсе, оның барлық өсиеттеріне мойынсұнуға тырысады. Құдай мал құрбандығын қажет етпейді, ол үшін нағыз бағалы нәрсе — біздің мойынсұнушылығымыз.
Ескерту болатын мысал
8. Неге Құдай Саул патшаны билігінен айырды?
8 Киелі кітаптағы Саул патшамен болған оқиғадан мойынсұнудың қаншалықты маңызды екені көрінеді. Саул басында ‘өзін кіші деп санаған’ қарапайым патша еді. Алайда уақыт өте келе, ол бұрыс ой қалып танытып, көкіректікке жол берді, әрі мұнысы шешімдеріне әсер ете бастады (Патшалықтар 1-жазба 10:21, 22; 15:17). Бірде Саул філістірлермен шайқасу керек болды. Ол Ехобаға құрбандық әкелетін және әрі қарай не істеу керектігіне қатысты басшылық беретін Самуилді күту керек еді. Алайда Самуил күткен уақытта келе қоймағандықтан, халық тарай бастады. Бұны көргенде Саул “малды құрбандыққа шалып, Құдайға бағыштап өртеп жіберді”. Бұл Ехобаға ұнамады. Ал Самуил келгенде, патша өзінің тілазарлығын ақтап, Самуил кешіккендіктен, Ехобаның ықыласына ие болу үшін берілетін құрбандықты өртеп жіберуге ‘тиістімін деп есептегенін’ айтты. Құрбандықты шалуға келетін Самуилді күтуге қатысты нұсқауға мойынсұнудан гөрі Саул патша үшін сол құрбандықты шалу маңыздырақ болды. Самуил оған былай деді: “Құдай Иенің берген бұйрығын орындамай үлкен ақымақтық жасадың!” Саул мойынсұнбағаны үшін ақыр соңында патшалық билігінен айырылды (Патшалықтар 1-жазба 10:8; 13:5—13).
9. Саул Құдайға мойынсұнбайтынын қалай көрсетті?
9 Бұл оқиға Саул патшаға сабақ болды ма? Жоқ. Кейінірек Ехоба оған кезінде исраилдіктерге себепсіз шабуыл жасаған амалектіктерді жоюды бұйырды. Ол тіпті олардың малын да құрту керек болатын. Саул Ехобаның айтқанын орындап, амалектіктермен ‘Хавиладан бастап, Мысырмен шекарадағы Шурға дейін соғысты’. Самуил келгенде, жеңіске жеткен патша көтеріңкі көңілмен: “Сізді Жаратқан Ие жарылқай берсін! Оның бұйрығын орындап шықтым”,— деді. Алайда Саул мен оның сарбаздары Құдайдың берген нақты нұсқауларын бұзып, Агаг патшаны өлтірмеді, сондай-ақ “қойлар мен мүйізді ірі қаралардың ең жақсыларын: бордақы тайынша, тоқтыларды, жалпы, малдың қоңдыларын” алып қалды. Патша өзінің тілазарлығын ақтап: “Жасақшылар қойлар мен мүйізді ірі қаралардың ең қоңдыларын аяп, Құдай Иеңізге құрбандыққа шалу үшін сақтап қалыпты”,— деді (Патшалықтар 1-жазба 15:1—15).
10. Саул нені түсінбеді?
10 Сол кезде Самуил оған былай деді: “Жаратқан Иеге шын ұнайтын — Құрбандық пен басқа сый-тарту ма, Әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?! Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан, Еркіне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған!” (Патшалықтар 1-жазба 15:22) Ехоба бұл малдар жойылу керек деп ұйғарғандықтан, олар құрбандыққа шалуға жарамсыз еді.
Барлық істе Құдайға мойынсұн
11, 12. а) Ехоба өзіне ұнамды ғибадат ету үшін атқарып жатқан ісімізге қалай қарайды? ә) Адам тілазарлық таныта тұра, Ехобаның еркін орындап жүрмін деп қалайша өз-өзін алдауы мүмкін?
11 Ехоба үшін адал қызметшілерінің қудалауға қарамастан табанды болғаны, адамдардың немқұрайдылығына қарамай Патшалықты уағыздағаны, күнкөріс қиынға соқса да, мәсіхшілер кездесулерінен қалмайтыны сондай ұнамды! Осындай маңызды рухани істерде мойынсұнғанымыз оның жүрегін қуантады. Ехоба өзіне ғибадат ету үшін сүйіспеншілікпен атқарып жатқан ісімізді бағалайды. Адамдар біздің ауыр еңбегімізді елемеуі мүмкін, ал Құдай шын жүректен берген құрбандықтарымызды көреді әрі оларды ұмытпайды (Матай 6:4).
12 Алайда Құдайға толық ұнамды болу үшін оған өміріміздің барлық саласында мойынсұнуымыз керек. Өмірімнің көп саласында Құдайға мойынсұнып жүрмін, сондықтан оның кейбір талаптарын орындамасам да болады деп ойлап, өз-өзімізді ешқашан алдамауымыз керек. Мысалы, әлдекім Ехобаға жалпы ғибадат етіп жүрмін ғой, сондықтан азғындық не басқа күнә жасағаным елеусіз қалар деп, өзін-өзі алдауы мүмкін. Бұлай ойлау қандай қателік болар еді! (Ғалаттықтарға 6:7, 8)
13. Ехобаға мойынсұнатынымыз оңаша қалғанда қалай сыналуы мүмкін?
13 Өзімізден былай деп сұрауымызға болады: “Мен Ехобаға күнделікті, тіпті адам көзінен таса істерде де мойынсұнам ба?” Иса: “Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді, ал кішкене істе сенімсіз болған үлкен істе де сенімсіз”,— деген (Лұқа 16:10). Біз тіпті ‘үйіміздің ортасында’, яғни ешкім көрмейтін жерде, ‘жүрегіміз бұзылмаған қалпы жүреміз’ бе? (Забур 100:2) Иә, үйде болған кезде де мінсіздігіміз сыналуы мүмкін. Бүгінде көп елде компьютерлер үй жабдықтарының біріне айналғандықтан, әдепсіз бейнелерді көру оп-оңай болып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын адамдар мұндай бейнелерді көру үшін арнайы көңіл көтеру орындарына баратын. Біз Исаның: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деген сөздеріне құлақ асамыз ба? Тіпті азғын бейнелерді көруден қашамыз ба? (Матай 5:28; Әйүп 31:1, 9, 10; Забур 118:37; Нақыл сөздер 6:24, 25; Ефестіктерге 5:3—5) Ал зорлық-зомбылық көрсетілетін теледидар бағдарламалары жайлы не деуге болады? Көзқарасымыз ‘озбырлықты ұнататындарды жан-дүниесі жаратпайтын’ Құдайдікіндей ме? (Забур 10:5) Оңашада спирттік ішімдіктерді шамадан тыс ішуге қалай қараймыз? Киелі кітапта маскүнемдік айыпталады, тіпті онда мәсіхшілердің “көп шарап” ішпеу керектігі де ескертіледі (Титке 2:3, ЖД; Лұқа 21:34, 35; Тімотеге 1-хат 3:3).
14. Ақшамен байланысы бар істерде қалайша Құдайға мойынсұнатынымызды көрсете аламыз?
14 Ақшамен байланысы бар істерде де абай болғанымыз жөн. Мысалы, алаяқтыққа бір табан жақын тез баюдың жолдарын сынап көргіміз келер ме еді? Ал салықтан қашу үшін заңсыз әрекеттерге баруды ойлаймыз ба? Жоқ әлде, шыншыл болып, “әркімге тиістісін беріңдер: алым-салықты — салықшыларға” деген бұйрыққа мойынсұнамыз ба? (Римдіктерге 13:7)
Сүйіспеншіліктен туған мойынсұнушылық
15. Ехобаның өсиеттеріне неліктен мойынсұнасың?
15 Құдайдың өсиеттеріне мойынсұнғанымыз баталар әкеледі. Мысалы, темекі шекпеу, құлықтылық тазалық сақтау мен қанның қасиеттілігін құрметтеудің арқасында кейбір аурулардан сақтанамыз. Сондай-ақ өміріміздің басқа да салаларында Киелі кітап принциптерін ұстанғанымыз экономикалық не әлеуметтік жағынан пайдасын тигізіп, отбасына игілік әкеледі (Ишая 48:17). Осындай игіліктерді Құдайдың заңдары тиімді екенін көрсететін баталар деп қарастырған дұрыс. Алайда, ең бастысы, біз Ехобаны сүйгендіктен мойынсұнамыз. Құдайға қара басымызды ойлағандықтан қызмет етпейміз (Әйүп 1:9—11; 2:4, 5). Құдай бізге кімге мойынсұнуды шешуге қатысты таңдау еркін берді. Ал біз Ехобаға ұнамды болғымыз келгендіктен және дұрыс нәрсені істеуді қалағандықтан оған мойынсұнуды шештік (Римдіктерге 6:16, 17; Жоханның 1-хаты 5:3).
16, 17. а) Иса Ехобаны шын жүректен сүйіп мойынсұнатынын қалай көрсетті? ә) Исаға қалай еліктей аламыз?
16 Иса Ехобаны шын жүректен сүйіп мойынсұнуымен кемелді үлгі қалдырды (Жохан 8:28, 29). Ол жер бетінде ‘ауыр азаптар шеккен кезінде Әкесіне мойынсұнуға үйренді’ (Еврейлерге 5:8, 9). Қалай? Ол ‘өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып, өлімге, тіпті айқыштағы өлімге дейін бойсұнды’ (Філіпіліктерге 2:7, 8). Иса көкте болған кезінде Құдайға мойынсұнса да, жерге келгенде оның мойынсұнушылығы әрі қарай да сыналды. Оның рухани бауырластарына және сенім білдірген басқа да адамдарға бас діни қызметкер болуға барлық жағынан лайық екеніне сенімді болуымызға болады (Еврейлерге 4:15; Жоханның 1-хаты 2:1, 2).
17 Ал біз ше? Құдайдың еркіне мойынсұнуды бәрінен де маңызды етуімізбен Исаға еліктей аламыз (Петірдің 1-хаты 2:21). Тіпті кейде басқалай әрекет етуге қысым жасалып не азғырылып жатсақ та, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз қозғау салып, оның айтқандарын орындайтын болсақ, бұдан қанағат сезінетін боламыз (Римдіктерге 7:18—20). Құдайдың айтқандарын орындауға жетекшілік ететін бауырластардың басшылығына, кемелсіз болғандарына қарамастан, даярлықпен мойынсұну жатады (Еврейлерге 13:17). Жеке өмірімізде өзінің нұсқауларына мойынсұнғанымызды Ехоба бағалайды.
18, 19. Құдайға шын жүректен мойынсұнғанымыздың қандай пайдасы бар?
18 Бүгінде Ехобаға мойынсұну үшін қудалауға қарсы тұрып, мінсіздігімізді сақтап қалу керек болуы мүмкін (Елшілердің істері 5:29). Сондай-ақ Ехобаның уағыздау мен тәлім беруге қатысты бұйрығына мойынсұну үшін осы дүниенің ақыры келгенше табанды болуымыз керек болады (Матай 24:13, 14; 28:19, 20). Осы дүниенің қысым жасағанына қарамастан, бауырластармен бірге үзбей жиналып тұруымыз үшін де табандылық қажет. Бізді сүйетін Құдай осындай рухани істерде өзіне мойынсұну үшін күш салып жатқанымызды жақсы біледі. Алайда Құдайға толық мойынсұну үшін күнәкар тәнімізбен күресуіміз, сондай-ақ жаманнан жиреніп, жақсылықты сүюді үйренуіміз керек (Римдіктерге 12:9).
19 Ехобаға сүйіспеншілікпен және ризашылықпен қызмет ететін болсақ, ол ‘өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайтын’ болады (Еврейлерге 11:6). Дұрыс ниетпен құрбандық әкелгеніміз маңызды әрі Құдайға ұнамды, бірақ оған ең ұнамдысы — өзіне сүйіспеншілікпен толық мойынсұнғанымыз (Нақыл сөздер 3:1, 2).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге бізде Ехобаға ұсына алатын бір нәрсе бар деуге болады?
• Саул қандай қателіктер жасады?
• Мойынсұнудың құрбандықтан артық екеніне сенімді екеніңді қалай көрсетуіңе болады?
• Ехобаға мойынсұнуға сені не талпындырады?
[12-беттегі сурет]
Емделуші берілген ескертулерді елемей жүрсе, қамқор дәрігер не сезінер еді?
[14-беттегі сурет]
Неге Саул патша Ехобаның ықыласынан айырылып қалды?
[16-беттегі суреттер]
Үйіңде оңаша қалғанда, Құдайдың өсиеттеріне мойынсұнасың ба?