Ұлы Ұстазға еліктеңдер
“Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп... сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” (МАТАЙ 28:19, 20).
1, 2. а) Неге қандай да бір мағынада бәріміз де тәлімгерміз деуге болады? ә) Мәсіхшіге тәлім беруге қатысты қандай міндет жүктелген?
СЕН тәлімгерсің бе? Қандай да бір мағынада бәріміз де тәлімгерміз. Адасып жүрген жолаушыға жол сілтегенде, қызметтесіңмен тәжірибе бөліскенде немесе балаға аяқ киімінің бауын байлауды үйреткенде сен тәлімгерсің. Өзгелерге осындай көмек көрсету қуанышқа бөлейді емес пе?
2 Тәлім беруге қатысты мәсіхшілердің ерекше жауапкершіліктері бар. Бізге ‘халықтарды шәкірттер етіп... әрі... үйрету’ тапсырылған (Матай 28:19, 20). Кейде біз қауымда тәлім береміз. Қауымды рухани нығайтуға жарайтын бауырластарымыз ‘бағушы немесе тәлімгер’ ретінде қызмет етуге тағайындалады (Ефестіктерге 4:11—13). Күнделікті іс-әрекеттерде толысқан мәсіхші әйелдер жастау әйелдерді ‘жақсылыққа үйретулері’ керек (Титке 2:3—5). Сондай-ақ барлығымыз бауырластарымызды жігерлендіруге шақырыламыз, әрі біз мұны Киелі кітапты қолданып жүзеге асыруымызға болады (1 Салониқалықтарға 5:11). Құдай Сөзінің тәлімгері болып, мәңгілік пайдасы бар рухани құндылықтарды өзгелермен бөлісу қандай мәртебе десеңші!
3. Өзгелерді үйреткенде жақсы тәлімгер болу үшін не істеуімізге болады?
3 Алайда жақсы тәлімгер болу үшін не істеуге болады? Ең алдымен, ең Ұлы Ұстаз Исаға еліктеуіміз керек. Әлдекім: “Иса кемелді болған ғой, қалай біз оған еліктей аламыз?” — деп сұрауы мүмкін. Біздің кемелді тәлімгер бола алмайтынымыз рас. Сөйтсе де, қабілетіміздің қандай екендігіне қарамастан, Исаның тәлім беру тәсілдеріне еліктеуге бар күшімізді салуға болады. Оның тәлім беру тәсілдерінің төртеуіне қалай еліктеуімізге болатынын қарастырайық: қарапайым түрде тәлім беру, сұрақтарды нәтижелі қолдану, қисынды түрде ой түзу және мысалдары дұрыс таңдау.
Қарапайым түрде тәлім беру
4, 5. а) Неге қарапайымдылық — Киелі кітаптағы шындықтың басты ерекшелігі деуге болады? ә) Қарапайым түрде тәлім беру үшін неге қолданатын сөздерімізге көңіл бөлгеннің маңызы зор?
4 Құдай Сөзінің негізгі ілімі күрделі емес. Иса дұғасында былай деген: “Әке! Осы жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды білімсіздерге ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін” (Матай 11:25). Ехоба өзінің ниетін ақ жүректі, кішіпейіл адамдарға ашады (1 Қорынттықтарға 1:26—28). Сонымен, қарапайымдылық — Киелі кітаптағы шындықтың басты ерекшелігі.
5 Біреумен үй жағдайында Киелі кітапты зерттегенде немесе қызығушыларға қайта оралып барғанда қалай қарапайым түрде тәлім беруге болады? Осыған қатысты Ұлы Ұстаздың тәлім беруінен қандай үлгі алуға болады? Иса тыңдаушыларына түсінікті болу үшін қарапайым сөздерді қолданған, өйткені олардың басым көпшілігі ‘оқымаған, қарапайым’ адамдар болған (Елшілердің істері 4:13, ЖД). Демек, қарапайым түрде тәлім беру үшін, ең алдымен, қандай сөздер қолданатынымызға көңіл бөлуіміз керек. Құдай Сөзіндегі шындықты анағұрлым сенерліктей ету үшін күрделі сөздер қолданудың қажеті жоқ. Мұндай “шешен сөздер” тыңдаушылардың, әсіресе білімі төмендеу немесе мүмкіндіктері шектеулілерінің шындықты қабылдауына кедергі болуы мүмкін (1 Қорынттықтарға 2:1, 2). Исаның тәлімінен қарапайым, мұқият іріктеліп алынған сөздермен шындықтың әсерін зор етіп жеткізуге болатыны көрінеді.
6. Қалай Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға тым көп мәлімет бермеуге болады?
6 Қарапайым түрде тәлім беру үшін, адамға көп мәлімет бермеуді қадағалағанымыз да аса маңызды. Иса шәкірттерінің мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін ұмытпаған (Жохан 16:12). Біздің де осыны ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабының көмегімен Киелі кітапты зерттеу барысында, әрбір ұсақ-түйек мәліметті түсіндіріп жатудың керегі жоқa. Сондай-ақ асығудың қажеті жоқ, біз үшін басты мәселе — бір сабақ барысында белгілі бір мәліметті аяғына дейін өтіп шығу емес қой. Зерттеу қарқынын Киелі кітапты зерттеушінің қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай белгілеген абзал. Біздің мақсатымыз — оның Мәсіхтің шәкірті болып, Ехобаға ғибадат етушілердің қатарына қосылғаны. Зерттеушінің белгілі мәліметті түсінуіне қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт бөлу керек. Соның арқасында шындық оның жүрегіне жетіп, әрекетке талпындыруы мүмкін (Римдіктерге 12:2).
7. Қауымда баяндама айтқанда берген тәліміміздің қарапайым болуына қандай кеңестер көмектеседі?
7 Қауымда баяндама айтып жатқанда, әсіресе онда қауым жиналысына енді ғана келіп жүргендер бар болса, қалай “түсінікті қып” сөйлеуімізге болады? (1 Қорынттықтарға 14:9). Үш пайдалы кеңесті қарастырып көрейік. Біріншісі, тыңдаушыларыңа белгісіз сөздерді түсіндір. Құдай Сөзін зерттеу барысында біз ерекше сөз қорына ие болғанбыз. Егер “адал да саналы қызметші”, “басқа қойлар”, “Ұлы Бабыл” сияқты тіркестерді қолданар болсақ, оларды қысқаша түсіндіріп кеткен дұрыс. Екіншіден, көп сөйлеуден аулақ бол. Тым көп сөз қолданылса, сөйлемдердің құрылымы тым күрделі болса, тыңдаушылар құлықсыз тыңдауы мүмкін. Ойыңды анық жеткізу үшін артық сөздер мен сөз тіркестерін алып таста. Үшіншіден, тым көп мәліметті жеткізуге тырыспа. Дайындық барысында көптеген қызықты мәліметтер табуға болады. Алайда бірнеше ғана басты ойды белгілеп, соларды дәлелдейтін және белгіленген уақыт аралығында соларды ашатын мәліметті ғана қолданған дұрыс.
Сұрақтарды нәтижелі қолдану
8, 9. Сұрақтарды қалай үй тұрғындарының талаптарына бейімдеуге болады? Мысал келтіріңдер.
8 Иса шәкірттеріне көңілдегілерін бүкпей айтуға көмектесу, ойлануға талпындыру және ойлау қабілеттерін дамыту үшін сұрақтарды шебер қолданғанын есімізге түсірейікші. Иса сұрақтар қою арқылы қамқорлық танытып, сүйіспеншілікпен олардың жүректеріне жол табатын (Матай 16:13, 15; Жохан 11:26). Қалай біз сұрақтарды Иса сияқты нәтижелі қолдана аламыз?
9 Үйме-үй уағыз айтқанда, адамдардың қызығушылығын оятып, Құдай Патшалығы туралы әңгіме бастау үшін сұрақ қоюымызға болады. Қалай сұрақты үй иесін қызықтыратындай етіп қоюға болады? Байқампаз бол. Үйге жақындағанда, айналаңа қарап ал. Үйде бала барын көрсететін аулада ойыншықтар жатқан жоқ па екен? Ойыншықтар бар болса, үй иесінен былай деп сұрауға болады: “Балаларыңыз өскенде дүние қандай болар екен деп ойлап көрдіңіз бе?” (Забур 36:10, 11). Есікте бірнеше құлып бар ма, бәлкім қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құралдар орнатылған болар? Онда мынадай сұрақ қоюға болады: “Қалай ойлайсыз, өзімізді үйде де, көшеде де қауіпсіз сезінетін уақыт келе ме?” (Миха 4:3, 4). Үйде мүгедектер арбасының кіріп-шығуына арналған қия жол бар ма? Онда: “Барлық адамдардың денсаулығы керемет болатын кез келе ме?” — деп сұрауға болады (Ишая 33:24). “Киелі кітап тақырыбына әңгіме бастап, оны жалғастыру” (ор.) брошюрасынан да біраз кеңестер табуға боладыb.
10. Киелі кітапты зерттеушінің жүрегіндегі ойлары мен сезімдерін сұрақтар арқылы қалай “көсіп” алуға болады, бірақ нені есте ұстаған жөн?
10 Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізгенде ше, сұрақтарды қалай нәтижелі қолдануға болады? Біз Иса сияқты адамның жүрегінде не барын біле алмаймыз. Сөйткенмен де ілтипат танытып, бірақ қырағылықпен қойылған сұрақтар Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның жүрегіндегі сезімі мен ойларын “көсіп” алады (Нақыл сөздер 20:5). Мысалы, “Білім” кітабының “Құдайға ұнамды өмір қалпы бақытқа бөлейді” деген тарауын талқылап жатырмыз делік. Аталмыш тарауда Құдайдың арамдық, азғындық және сол сияқты әрекеттерге деген көзқарасы талқыланады. Киелі кітапты зерттеушінің кітаптағы сұрақтарға дұрыс жауап беруі мүмкін, бірақ ол өзі біліп жатқан нәрселермен келісе ме? Одан: “Құдайдың осындай әрекеттерге деген көзқарасын дұрыс деп ойлайсыз ба? Киелі кітаптың осы принциптерін өз өміріңізде қалай қолданар едіңіз?” — деп сұрауға болады. Алайда Киелі кітапты зерттеушіні сыйлауды, сондай-ақ оған ауыр тиюі мүмкін сұрақтар қоюдан аулақ болуды есте ұстаған жөн. Ыңғайсыз жағдайға қалдыратын немесе намысына тиетін сұрақтар қоймаған дұрыс (Нақыл сөздер 12:18).
11. Қалай баяндама айтқанда сұрақтарды нәтижелі қолдануға болады?
11 Баяндамашының да сұрақтарды нәтижелі қолдануына болады. Дауыстап жауап беруді талап етпейтін риторикалық сұрақтар адамды ойланып, салмақтап-саралауға талпындырады. Кейде Иса осындай сұрақтар қоятын (Матай 11:7—9). Сонымен қатар баяндамашы алғы сөзінен кейін, тыңдаушылардың көңілдерін талқыланатын басты ойларға бөлу үшін, бірқатар сұрақтар қойса болады. Оның: “Бұл баяндамада келесі сұрақтар талқыланады...”,— деуіне болады. Ал баяндамасының аяғында негізгі ойларды қайталап шығу үшін, сол сұрақтарға қайта оралса болады.
12. Бауырластарының Құдай Сөзінен жұбаныш табуларына көмектесу үшін, мәсіхші ақсақалдардың сұрақтарды қалай қолдануларына болатындығына қатысты мысал келтіріңдерші.
12 Мәсіхші ақсақалдар ‘жасқаншақтардың’ Құдай Сөзінен жұбаныш табуына көмектесу үшін, бақташылық қызметтерінде сұрақтарды қолдануларына болады (1 Салониқалықтарға 5:14). Мысалы, ақсақал ұнжырғасы түсіп жүрген бауырласқа көмектесу үшін, оның көңілін Забур 33:19-шы (ЖД) тармағына аударуына болар еді. Онда: “Тәңір жүрегіне қайғы түскендерге жақын және рухы түсіңкілерді сақтайды”,— делінген. Қамығып жүрген адамның осы сөздерді өзіне қатысты қолданатынына көз жеткізу үшін ақсақалдың былай деп сұрауына болады: “Ехоба кімдерге жақын? Сен кейде өзіңді ‘жүрегіне қайғы түскен’ адамдай сезінесің бе? Сенің де ‘рухың түсіңкі’ кездерің бола ма? Киелі кітапта Ехоба осындай адамдарға жақын делінген болса, бұл оның саған да жақын екенін білдіреді емес пе?!” Қамқорлықпен айтылған осындай сөздер ұнжырғасы түсіп жүрген адамның рухын көтереді (Ишая 57:15).
Қисынды түрде ой түзу
13, 14. а) “Көзіммен көре алмайтын Құдайға сенбеймін” дейтіндермен қалай ой түзуге болады? ә) Неге біз барлық адамдарды сенуші етеміз деп үміттенбеуіміз керек?
13 Қызмет барысында көз жеткізетін дәлелдер мен қисынды ой түзу арқылы адамдардың жүректеріне жол табуды қалаймыз (Елшілердің істері 19:8; 28:23, 24). Бұл дегеніміз өзгелер Құдай Сөзіндегі шындыққа сену үшін, күрделі ойларды қолдануымыз керек дегенді білдіре ме? Жоқ, тіптен олай емес. Өзгелерді иландыру үшін күрделі ойларды қолданудың керегі жоқ. Жиі қисынды ойларды қарапайым жеткізген анағұрлым әсерлі болады. Бір мысалды қарастырып көрейік.
14 “Көзге көрінбейтін Құдайға сене алмаймын” дейтіндерге қалай жауап беруге болады? Себеп пен салдар заңына жүгінсек болады. Бірдеңенің салдарын көргенде, себебі бар екендігін түсінеміз. Біздің былай деуімізге болады: “Егер сіз елсіз мекенде келе жатып, ішінде азық-түлік қоры бар (салдар) керемет үйге тап болсаңыз, оны біреудің (себеп) соғып, қоймасын азық-түлікке толтырып қойғанына күмәнданбаған болар едіңіз ғой. Ал табиғаттың керемет ұйымдастырылған жүйесін және Жер “қоймаларының” азық-түлікке толы (салдар) екендігін көргенде, соның бәрі Біреудің (себеп) арқасында пайда болған деген ой келеді емес пе?” Мұны Киелі кітаптан артық айтып жеткізу мүмкін емес: “Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің де Жаратушысы — Құдай” (Еврейлерге 3:4). Сөйтсе де қалайша қисынды ой түзбейік, барлық адамдарды сендіре алмаймыз. Киелі кітап тек сенуге ‘ыңғай танытқандар’ ғана сенуші болатынын есімізге салады (Елшілердің істері 13:48; 2 Салониқалықтарға 3:2).
15. Адамдардың көңілін Ехобаның қасиеттері мен жолдарына аудару үшін қандай тіркесті қолданып ой түзуге болады және мұны қалай жүзеге асыруға болатынын қандай екі мысал көрсетеді?
15 Қызмет барысында не қауымда өзгелерге тәлім бергенде, олардың көңілін Ехобаның қасиеттеріне аудару үшін қисынды ой түзу әдісін қолдануымызға болады. Әсіресе кейде Иса қолданған “одан бетер” тіркесін қолданып ой түзу аса нәтижелі болады (Лұқа 11:13; 12:24, ЖД). Қарама-қайшылыққа негізделген мұндай ой түзу тәсілі барынша қатты әсер етеді. Тозақ оты туралы ілімнің қисынсыз екенін көрсету үшін, былай деуге болар еді: “Баласын сүйетін ешбір әке баласының қолын отқа күйдіріп жазаламас болар. Ал көктегі сүюші Әкемізге мұндай әрекет одан бетер жеркенішті!” (Еремия 7:31). Ехоба өз қызметшілерінің барлығының қамын ойлайтынын түсіндіре отырып: “Ехоба миллиардтаған жұлдыздардың барлығының ‘өз атын’ білетін болса, Ол Өзін сүйетін әрі Ұлының бағалы қанымен төлемдері өтелген адамдарға одан бетер қамқорлық етеді емес пе?!” — деуге болады (Ишая 40:26; Елшілердің істері 20:28). Осындай қисынды ой түзу тәсілі адамдардың жүректеріне жол табуға көмектеседі?
Нәтижелі мысалдар
16. Не себепті мысалдар тәлім беруге көмектеседі?
16 Нәтижелі мысалдар, бұл — өзгелерге жеткізгіміз келген мәліметті “дәмдірек” ететін тұздық іспетті. Не себепті мысалдар тәлім беруге көмектеседі? Бір тәлімгер былай деп ескерген: “Адам үшін ең ауыр нәрселердің бірі — абстрактілі нәрселер жөнінде ойлау қабілетін дамыту”. Мысалдар миымызда бейнелердің пайда болуына ықпал етіп, жаңа ойларды ой-санамызбен толық қамтуға көмектеседі. Иса мысалдарды шебер қолданған (Марқа 4:33, 34). Осы тәсілді қалай қолдануымызға болатынын қарастырып көрейік.
17. Қандай үш жайт мысалдарды әсерлі етеді?
17 Мысалдарды әсерлі ететін не? Біріншіден, мысалдар тыңдаушыларға лайықты, яғни оларға жақсы таныс әрі түсінікті жағдайларға көңіл аударуы керек. Исаның көп мысалдарды тыңдаушыларының күнделікті өмірінен алғаны біздің есімізде. Екіншіден, келтірілген мысал бейнелеуге қолданылып жатқан нәрсеге сай болуы керек. Олай болмаған күнде, келтірілген мысал тыңдаушылардың ойын бөледі. Үшіншіден, тым көп ұсақ-түйектер қолданылмау керек. Иса тек қажетті ұсақ-түйектерді ғана қолданғанын еске түсірейікші. Төртіншіден, мысал келтіргенде, оны не үшін келтіргенімізді түсіндіруіміз керек. Әйтпесе әлдебіреу үшін түсініксіз болуы мүмкін.
18. Лайықты мысалдарды қалай таңдауға болады?
18 Лайықты мысалдарды қалай таңдауға болады? Ұзақ, күрделі мысалдарды ойлап тауып жатудың қажеті жоқ. Қысқа мысалдар әсерлі келеді. Талқыланып жатқан мысалды қалай бейнелеуге болатыны туралы ойланып көр. Мысалы, әңгіме Құдайдың кешіруге даяр екендігі жөнінде болып, біз Елшілердің істері 3:19-тармағындағы (ЖД) Ехобаның күнәларымызды ‘өшіріп тастайтыны’, немесе сүртіп тастайтыны, туралы ойды суреттегіміз келді делік. Негізінде мұнда қолданылған тіркестің өзі керемет бейне, бірақ осыған қатысты қандай нақты мысал келтіруге болады? Бәлкім, өшіргішті не губканы қолданармыз? “Ехобаның күнәмізді кешіргені оны өшіргішпен өшіріп не губкамен сүртіп тастағанға ұқсайды”,— деуімізге болар еді. Мұндай қарапайым мысалдың неге қатысты келтіріліп тұрғанын түсіну қиын емес.
19, 20. а) Жақсы мысалдарды қайдан табуға болады? ә) Біздің әдебиеттерде қандай мысалдар бар? (Қоршауды да қараңдар.)
19 Лайықты мысалдарды қайдан табуға болады? Өз өмірімізден не бауырластарымыздың өмірінен алуға болады. Жанды және жансыз заттарды, тұрмыс заттарын немесе соңғы, көпке танымал оқиғаларды да пайдалануға болды. Ең бастысы — күнделікті көріп жүрген нәрселерді мұқият “қарап жүре” білу (Елшілердің істері 17:22, 23). Бір шешендік өнер анықтамалығында былай делінген: “Адамдардың өмірі мен жан-жақты іс-әрекеттерін бақылап жүретін, сан алуан адамдармен сөйлесетін, әр түрлі құбылыстарға қызығушылық танытып, ақырына дейін ұғып алмайынша сұрақтар қоятын баяндамашы қажет кезінде өте бағалы болуы мүмкін суреттеуге арналған көптеген мәлімет жинайды”.
20 Әсерлі мысалдарға бай тағы да бір мәлімет көзі бар. Ол — “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” және Ехоба Куәгерлері басып шығаратын басқа да әдебиеттер. Онда мысалдар қалай қолданылатынын байқай отырып, көп нәрсеге үйренуге боладыc. “Білім” кітабының 17-тарауының 11-абзацындағы мысалды қарастырып көрейікші. Онда қауым мүшелері бір жолмен кетіп бара жатқан әр түрлі автокөліктерге теңелген. Бұл мысалды әсерлі ететін не? Мынаны ескерейік: ол біз күнделікті көріп жүрген нәрсені суреттейді және өзі бейнелеп жатқан нәрсеге сай, сондықтан оның неге қатысты келтіріліп тұрғаны оқырманға түсінікті. Тәлім берген уақытта өзіміздің басылымдардағы мысалдарды қолдануымызға болады, ал қажет болған жағдайда оларды Киелі кітапты зерттеушінің қажеттіліктеріне не баяндамаға бейімдеуге болады.
21. Құдай Сөзінен нәтижелі тәлім беріп жүргендер қандай баталарға ие болуда?
21 Нәтижелі тәлім беретіндер үлкен баталарға ие болады. Өзгелерге тәлім бергенде өз білімімізбен бөлісеміз; оларға көмектесу үшін былайша айтқанда жанымыздың жартысын береміз. Ал беру арқылы бақытқа бөленеміз, өйткені Киелі кітапта: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— делінген (Елшілердің істері 20:35). Құдай Сөзінің тәлімгерлерінің бақыты өзгелерге шынайы әрі мәңгілік пайдасы бар Ехоба туралы шындықты жеткізіп жүргендерін жете түсінетіндіктеріне негізделген. Сонымен қатар Ұлы Ұстаз Иса Мәсіхке еліктеп жүргенімізді білгендіктен де қанағат сезіміне бөленеміз.
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
b 2—7 дейінгі беттердегі “Уағыздау қызметіне арналған алғы сөздер” деген бөлімін қара. Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
c Мысалдар табу үшін “Күзет Мұнарасы басылымдарының индексінің” “Мысалдар” деген бөліміне қарауға да болады. Индексті Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Естеріңде ме?
• Үй жағдайында Киелі кітапты зерттегенде қалай қарапайым түрде тәлім беруге болады? Қауымда баяндама айтқанда ше?
• Үйме-үй уағыздағанда сұрақтарды қалай нәтижелі қолдануға болады?
• Қалай қисынды түрде ой түзгенде Ехобаның қасиеттері мен жолдарына көңіл бөлуге болды?
• Лайықты мысалдарды қайдан табуға болады?
[32-беттегі қоршау/сурет]
Мына мысалдар естеріңде ме?
Төменде нәтижелі мысалдардың тек кейбіреулері ғана келтірілген. Неге көрсетілген кітапқа не журналға қарап, мысалдың талқыланып жатқан ойды қалай аша түсетінін көрмеске?
• Әуе акробаттары мен мұз айдынында мәнерлеп сырғанаушылардың сенімді серігі болу керектігі іспетті, отбасылық өмірде бақытты болғысы келетіндердің сенімді серігі болу керек (“Күзет мұнарасы” 2001 жыл, 1-тамыз, 10-бет).
• Өзгеге сезімімізді білдіру доп лақтырғанға ұқсайды. Допты жаймен лақтыруға не адамға ауыр тигізу үшін бар пәрменімізбен лақтыруға болады (“Мәңгілік өмірге алып баратын білім” 144-бет).
• Ота жасалғаннан кейінгі тігістер, жараның бітіп, жазылып кетуі үшін керек. Оны уақытынан бұрын сөгіп тастау — қауіпті. Сол сияқты адамзат үкіметі де жер бетіне Құдай Патшалығы билік етуін бастағанша қоғамның игілігіне қызмет етеді. Сондықтан оған қарсы шығу — жарадағы тігісті уақытынан бұрын сөгіп тастағанға тең (“Мәңгілік өмірге алып баратын білім” 133-бет).
• Күнә алғашқы ата-анамыздың геніне тасқа қашалған таңбадай терең түскен (“Мәңгілік өмірге алып баратын білім” 58-бет).
• Аңшыға тұзақ жем қандай қызмет атқарса, жындарға спиритизм тап сондай қызмет атқарады. Тұзақ жем олжаны қызықтырады (“Мәңгілік өмірге алып баратын білім” 111-бет).
• Исаны өз жанын қиып, бізге үлкен мұра қалдырған әкеге теңеуге болады. Ол мұны Адам атадан қалған мойнымыздағы қарызды өтеу үшін ғана емес, мәңгілік өмір сүре алу үшін қажетті нәрселердің бәрімен қамтамасыз етуге жететін мұра ретінде де қалдырды (“Күзет мұнарасы” (ор.) 2001 жыл, 15 қараша, 6-бет).
• Күңшіл бақталас бүлдіріп кеткен керемет суретті қалпына келтірген суретшідей, Ехоба жаратылыстарының керемет сұлу күйін қалпына келтіреді (“Мәңгілік өмірге алып баратын білім” 181-бет).
[28-беттегі суреттер]
Шынайы мәсіхшілер — Құдай Сөзінің тәлімгерлері
[29-беттегі сурет]
Ақсақалдар бауырластарына Құдай Сөзінен жұбаныш табуларына көмектесу үшін сұрақтарды қолданады