Тәлім беру қабілетін жақсартудың үш жолы
1. Тәлім беру қабілетімізді не үшін жақсартуымыз керек?
1 Жариялаушылардың барлығы тәлімгер болып табылады. Адаммен алғаш сөйлескенде, қызығушылығын арттыру үшін қайта барғанда не онымен зерттеу сабағын өткізгенде, біз оған мәлімет береміз. Алайда біздің айтып жүргеніміз жай хабар емес. Біз адамды дана етіп, құтқарылуға жеткізетін Киелі жазбаларды жариялаймыз (Тім. 2-х. 3:15). Біз үшін неткен зор мәртебе десеңші! Тәлімгер ретінде қалай жақсара алатынымыздың үш жолын қарастырайық.
2. Қалай қарапайым етіп тәлім бере аламыз?
2 Қарапайым етіп сөйле. Кейде өзіміз жақсы білетін мәліметтің зерттеушіге қиынға соғуы мүмкін екенін ескермей жатамыз. Сондықтан зерттеу сабағын жүргізгенде, тек негізгі ойларға ғана назар аударып, қажетсіз мәліметті үйіп-төкпегеніміз жақсы. Көп сөйлегеніміз жақсы тәлімгер екенімізді білдірмейді (Нақ. с. 10:19). Сондай-ақ көп жағдайда негізгі тармақтарды ғана оқыған жеткілікті. Ал тармақты оқып болған соң, оның тақырыпқа қатысты бөлігіне ғана назар аударған дұрыс. Иса Таудағы уағызын айтқанда, терең шындықтарды қысқа да нұсқа әрі қарапайым сөздермен жеткізген.
3. Мысалдардың қандай пайдасы бар және олар қандай болу керек?
3 Мысал келтір. Мысалдар ой жүгіртуге талпындырады, сезімге әсер етеді және мәліметті есте сақтауға көмектеседі. Жақсы мысалдар келтіру үшін сөзге шешен болудың қажеті жоқ. Иса жиі қысқа да қарапайым мысалдар келтірген (Мат. 7:3—5; 18:2—4). Мәліметті түсіндіру үшін қағазға қарапайым суреттер салудың да пайдасы зор. Аз-маз ойлансақ, жақсы мысалдарды көптеп табуға болады.
4. Сұрақтарды қалай тиімді қолдануға болады?
4 Сұрақтарды қолдан. Сұрақтар зерттеушіні ой жүгіртуге талпындырады. Сол себепті сұрақ қойғаннан кейін, жауабын күт. Ал шыдамай өзің жауап беріп қойсаң, зерттеушінің нені түсініп, нені түсінбегенін аңғара алмай қаласың. Зерттеуші қате жауап берген жағдайда, оны бірден түзетуге асықпа. Мұның орнына қосымша сұрақтар қойып, оған дұрыс ойға келуге көмектес (Мат. 17:24—27). Әрине, ешқайсымыз да кемелді тәлімгер емеспіз. Сондықтан да Киелі кітап бізді беріп жатқан тәлімімізге әрдайым ықылас қоюға шақырады. Осылай істегеніміз өзімізге де, тыңдаушыларымызға да мәңгі пайда әкеледі (Тім. 1-х. 4:16).