Шомылдыру рәсімінен не үшін өту керек?
“Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер” (МАТАЙ 28:19).
1, 2. а) Кейбіреулер қандай жағдайда шомылдыру рәсімінен өткен? ә) Шомылдыру рәсімінен өтуге байланысты қандай сұрақтар көтеріледі?
ФРАНКТЕРДІҢ королі Ұлы Карл б. з. 775—777 жылдары өзі жаулап алған саксондықтарды жаппай шомылдыру рәсімінен өтуге мәжбүр етті. “Ол оларды номиналды христиан дініне өтуге мәжбүрледі”,— деп жазды тарихшы Джон Лорд. Сол сияқты б. з. 987 жылы Гректің Православие дінін ұстанатын хан қызына үйленген орыстың князі Владимир І өзінің қол астындағылар “христиан” дінін қабылдаулары керек деп шешті. Ол өзінің адамдарының жаппай шомылдыру рәсімінен өтуі керектігі жөнінде жарлық шығарып, көнгісі келмегендерді өлім жазасына кесті.
2 Осылайша шомылдыру рәсімінен өткізу дұрыс па? Оның пайдасы бар ма? Кез келген адамды шомылдыру рәсімінен өткізуге бола ма?
Шомылдыру рәсімінен қалай өту керек?
3, 4. Су бүрку мен бастан су құю арқылы шомылдыру рәсімінен өту неліктен мәсіхшілерге лайық емес?
3 Адамдарды шомылдыру рәсімінен өтуге мәжбүрлеген Ұлы Карл мен Владимир І Құдай Сөзіне сай әрекет еткен жоқ. Оның үстіне су бүркіп болсын, басынан су құйып немесе суға толықтай батырып болсын, Киелі кітаптың шындығын білмеген адамды шомылдыру рәсімінен өткізгеннің еш пайдасы жоқ.
4 Назареттік Иса б. з. 29 жылы Жақия Шомылдырушыға келген кезде не болғанын қарастырайықшы. Жақия Иордан өзенінде адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізіп жатқан болатын. Олар шомылдыру рәсімінен өтуге өз еріктерімен келген еді. Жақия оларды Иордан өзеніне тұрғызып қойып, тек бастарына су құйып немесе оларға су бүркіп қана қойды ма екен? Ол Исаны шомылдыру рәсімінен қалай өткізді? Матайдың айтуы бойынша, шомылдыру рәсімінен өтісімен Иса “дереу судан шықты” (Матай 3:16). Ол Иордан өзеніне толық батырылып шықты. Сол сияқты құдайшыл эфиопиялық уәзірдің шомылдыру рәсімінен өтуіне байланысты Киелі кітапта былай делінген: “Екеуі суға түсіп, уәзірді рәсімнен өткізді”. Содан кейін ‘олардың судан шыққандығы’ айтылған. Демек, Иса мен шәкірттері шомылдыру рәсімінен өткенде толық суға батырылған (Елшілердің істері 8:38, 39).
5. Алғашқы мәсіхшілер адамдарды шомылдыру рәсімінен қалай өткізген?
5 “Шомылдыру”, “шомылдыру рәсімі” деп аударылған грек сөзі суға толық батырып алу дегенді білдіреді. “Смиттің Киелі кітап сөздігінде” (Smith’s Bible Dictionary) былай делінген: “Шомылдыру рәсімінен өту деген [грек тілінде] сөзбе-сөз “батырылу” деген мағынаны береді”. Кейбір Киелі кітап аудармаларында Жақия “батырушы” немесе “сүңгітуші” деп аталған (Матай 3:1). Август Неандердің “Алғашқы үш ғасырдағы мәсіхшілер діні мен шіркеудің тарихы” (History of the Christian Religion and Church, During the Three First Centuries) кітабында былай делінген: “Шомылдыру рәсімінен өту алғашқыда толық суға батырылу арқылы жүзеге асатын”. Француз тіліндегі бір әйгілі еңбекте былай делінген: “Алғашқы мәсіхшілер су болған жердің барлығында суға батырылу арқылы шомылдыру рәсімінен өткізген” (Larousse du XXe Siècle. Париж, 1928 ж). Сонымен қатар “Жаңа католик энциклопедиясында” былай делінген: “Алғашқы мәсіхшілер суға батырылу арқылы шомылдыру рәсімінен өткенге ұқсайды” (1967, ІІ том, 56-бет). Сол себепті Ехоба Куәгері болғысы келгендер шомылдыру рәсімінен өз еріктерімен және суға толық батырылу арқылы өтеді.
Шомылдыру рәсімінен өтудің жаңа бір мәні
6, 7. а) Жақия өткізген шомылдыру рәсімінің мәні неде еді? ә) Исаның шәкірттерінің суға шомылдыру рәсімінен өтуінің қандай жаңа мәні болды?
6 Жақия атқарған шомылдыру рәсімінің мәні Исаның шәкірттерінікінен өзгеше еді (Жохан 4:1, 2). Жақия адамдарды шомылдыру рәсімінен Заңға қарсы жасаған күнәларына өкінгендерінің белгісі ретінде өткіздіa (Лұқа 3:3). Ал Исаның шәкірттері өткізген шомылдыру рәсімі басқа нәрсені білдірді. Б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамы кезінде Петір тыңдаушыларын былай деп шақырды: ‘Теріс жолдан қайтып, [“күнәларың кешірілу үшін, Иса Мәсіхтің атынан”, ЖД] шомылдыру рәсімінен өтіңдер!’ (Елшілердің істері 2:37—41). Тыңдаушылары яһудилер мен яһуди дініне кіргендер болғанымен, Петір оларға Заңға қарсы жасаған күнәларына өкінгеннің белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өту жайлы айтқан жоқ; сондай-ақ Исаның атына шомылдыру рәсімінен өту күнәні жуады деген жоқ (Елшілердің істері 2:10).
7 Ол кезде Петір “Құдай Патшалығына жол ашатын” бірінші кілтті қолданды. Қандай мақсатпен? Тыңдаушыларына көктегі Патшалыққа кіру мүмкіндіктерін білдіру үшін (Матай 16:19). Яһудиліктер Исаны Мәсіх ретінде қабылдамады. Сол себепті Құдайдың кешіріміне ие болу үшін олар күнәларына өкініп, Исаға сенім білдірулері керек еді. Бұл — шомылдыру рәсімінің жаңа әрі маңызды мәні еді. Олар Иса Мәсіхтің атынан суға батырылу арқылы бүкіл халықтың алдында Құдай Ұлына деген сенімдерін паш етті. Осылайша олар өздерін Мәсіх арқылы Құдайға арнағандарын білдірді. Бүгінгі күні Құдайдың ықыласына ие болғысы келгендердің барлығы осы сияқты сенім танытып, өздерін Ехоба Құдайға арнаулары керек. Сондай-ақ, өздерін Ең Жоғарғы Құдайға арнағандарын көрсету үшін мәсіхші ретінде шомылдыру рәсімінен өтуі керек.
Тура білімнің маңызы зор
8. Неліктен мәсіхшілер кез келген адамды шомылдыру рәсімінен өткізе бермейді?
8 Мәсіхшілер шомылдыру рәсімінен кез келген адамды өткізе бермейді. Иса шәкірттеріне былай деп бұйырды: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” (Матай 28:19, 20). Шомылдыру рәсімінен өткізбес бұрын адамдарды ‘Исаның өсиет еткендерінің бәрін де ұстануға үйрету’ керек еді. Демек, Құдай Сөзіндегі тура білімге негізделген сенімі жоқ адамдарды күштеп шомылдыру рәсімінен өткізгеннің еш пайдасы жоқ және Исаның шынайы шәкірттеріне берген тапсырмасына сай келмейді (Еврейлерге 11:6).
9. “Әкенің атымен” шомылдыру рәсімінен өту деген нені білдіреді?
9 Әкенің атымен шомылдыру рәсімінен өту деген нені білдіреді? Бұл шомылдыру рәсімінен өтетін адамның көктегі Әкеміздің мәртебесі мен билігін мойындайтынын білдіреді. Яғни, Ехоба Құдайды Жаратушымыз, “бүкіл жер бетіндегілерден де Ең Жоғарғы” және Әлемнің Әміршісі ретінде мойындайды (Забур 82:19, СА; Ишая 40:28; Елшілердің істері 4:24).
10. “Ұлының атымен” шомылдыру рәсімінен өту дегеніміз нені білдіреді?
10 “Ұлының атымен” шомылдыру рәсімінен өту дегеніміз — Құдайдың жалғыз Ұлы ретіндегі Исаның мәртебесі мен билігін мойындау (1 Жохан 4:9). Шомылдыру рәсімінен өтетін адам Құдайдың Иса арқылы ‘көптеген адамдардың азаттық төлемін өтегендігін’ мойындайды (Матай 20:28; 1 Тімотеге 2:5, 6). Сондай-ақ олар Құдайдың өз Ұлының ‘мәртебесін бәрінен де биіктеткенін’ мойындауы керек (Філіпіліктерге 2:8—11; Аян 19:16).
11. ‘Киелі рухтың атынан’ шомылдыру рәсімінен өтудің мағынасы неде?
11 ‘Киелі рухтың атымен’ шомылдыру рәсімінен өтудің мағынасы неде екен? Бұл шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан адамның киелі рухты Ехобаның өзінің еркіне сай әр түрлі жолмен қолданатын әрекет етуші күші ретінде мойындайтынын көрсетеді (Жаратылыс 1:2; 2 Патшалықтар 23:1, 2; 2 Петір 1:21). Сондай-ақ ол адам киелі рухтың “Құдайдың терең ой-мақсаттарын” түсінуіне, Патшалықты уағыздау ісіне қатысуына және “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық” сияқты киелі рухтың жемісін танытуына көмектесетінін мойындайды (1 Қорынттықтарға 2:10; Ғалаттықтарға 5:22, 23; Жоел 2:28, 29).
Өкіну мен теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрудың маңыздылығы
12. Мәсіхшілердің шомылдыру рәсімі мен өкінудің қандай байланысы бар?
12 Еш күнә жасамаған Исаны есептемегенде, өзіңді арнаудың Құдай қолдайтын белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өту, өкінумен тығыз байланысты. Өкінген кезде, істеп қойған немесе істемеген нәрсеміз үшін қатты күйінеміз. Бірінші ғасырдағы Құдайға жағуды қалаған яһудилер Мәсіхке қарсы жасаған күнәлары үшін өкінулері керек болатын (Елшілердің істері 3:11—19, ЖД). Қорынттағы өзге яһуди емес сенушілердің кейбіреулері азғындық, жалған тәңірлерге құлшылық ету, ұрлық және өзге де ауыр күнәлары үшін өкініш білдірді. Өкінгендіктерінің арқасында олар Исаның қаны арқылы ‘тазарды’; “қасиетті халық болды” немесе Құдайға қызмет ету үшін бөлінді; сондай-ақ Мәсіхтің атымен және Құдайдың рухы арқылы “әділ” (ЖД) деп жарияланды (1 Қорынттықтарға 6:9—11). Таза ар-ұжданға ие болу және Құдайдың көмегімен күнәлімін деген сезімнен арылу үшін өкіну маңызды қадам болып табылады (1 Петір 3:21).
13. Шомылдыру рәсімінен өтер алдында Құдайға бет бұруға не жатады?
13 Ехоба Куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын адам Құдайға бет бұруы керек. Құдайға бет бұру дегеніміз — шын жүректен Иса Мәсіхтің шәкірті болуды шешкен адамның өз еркімен істейтін әрекеті. Мұндай адам теріс жолдан қайтып, Құдайға ұнамды өмір жолына түсуді шешеді. Құдайға бет бұрған адам соған “лайықты іс” істеуі керек (Елшілердің істері 26:20). Бұл жалған ғибадаттан бас тартып, Құдайдың өсиеттерін ұстанып, Ехобаға шын берілгендік танытуымыз керектігін білдіреді (Заңды қайталау 30:2, 8—10; 1 Патшалықтар 7:3). Нәтижесінде көзқарасымыз бен алға қойған мақсатымыз, мінез-құлқымыз өзгереді (Езекиел 18:31). Теріс жолдан қайтқанда, құдайсыздарға тән қасиеттерден арылып, жаңа адам болып өзгереміз. (Елшілердің істері 3:19; Ефестіктерге 4:20—24; Қолостықтарға 3:5—14).
Өзіңді шын жүректен арнау маңызды
14. Құдайға өзін арнау деген Исаның шәкірттері үшін нені білдіреді?
14 Исаның шәкірттері шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, өздерін шын жүректен Құдайға арнаулары керек. Арнау дегеніміз қасиетті мақсат үшін бөліну дегенді білдіреді. Бұл қадамның маңыздылығы сонша, біз дұға арқылы Ехобаға мәңгіге оған шын берілгендік танытуды шешкенімізді айтуымыз керек (Заңды қайталау 5:9). Әрине, біз өмірімізді қандай да бір іске немесе адамға емес, Құдайға арнаймыз.
15. Шомылдыру рәсімінен өткенде неліктен суға батырылады?
15 Мәсіх арқылы өзімізді Құдайға арнағанда, Жазбаларда жазылған Құдайдың еркін орындауға бел буғанымызды паш етеміз. Соның белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өткендер суға батырылады. Тура осылай Иса да өзін Құдайға арнағанын білдіру үшін, Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткен (Матай 3:13). Сол маңызды оқиға кезінде Исаның дұға еткені көңіл аударарлық (Лұқа 3:21, 22).
16. Адамдар шомылдыру рәсімінен өтіп жатқанда қуанышымызды қалай орынды түрде білдіреміз?
16 Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі маңызды әрі қуанышты оқиға болды. Бүгінгі күнгі мәсіхшілердің шомылдыру рәсімінен өтуі де сондай. Адамдардың өздерін Құдайға арнағандарының белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтіп жатқанын көргенде, ұстамдылықпен қол соғу және құттықтап жылы сезімдерімізді білдіру арқылы қуанышымызды білдіреміз. Алайда бұл оқиғаның қасиеттілігін түсінгендіктен, аса дауыс көтеру, ысқыру және тағы сол сияқты әрекеттерден аулақ боламыз. Біз қуанышымызды орынды түрде көрсетеміз.
17, 18. Әлдекімнің шомылдыру рәсімінен өтуге лайық-лайық емес екенін анықтауға не көмектеседі?
17 Ехоба Куәгерлері сәбилерге су бүркіп және Киелі кітапқа негізделген білімі жоқ адамдарды күштеп шомылдыру рәсімінен өткізетіндер сияқты емес. Олар ешқашан ешкімді шомылдыру рәсімінен өтуге мәжбүрлемейді. Олар шомылдыру рәсімінен тіпті рухани дайын еместерді де өткізбейді. Әлдекім шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болмас бұрын, мәсіхші ақсақалдар олардың Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсінетіндіктеріне, оларға сай өмір сүретіндеріне және “Шынымен Ехоба Куәгерлерінің бірі болғың келе ме?” деген сұраққа шынайы жауап бергендеріне көз жеткізіп алады.
18 Басым көп жағдайларда, әлдекім Патшалықты уағыздау ісіне белсене атсалысып жүрсе және шомылдыру рәсімінен өткісі келетінін айтса, сеніммен өздерін Ехобаға арнағандықтарын және шомылдыру рәсімінен өтетіндер үшін Құдайдың талаптарына сай келетіндіктерін анықтау үшін, ақсақалдар олармен әңгімелеседі (Елшілердің істері 4:4; 18:8). Бұны анықтауға ақсақалдарға Киелі кітаптың тәлімдеріне байланысты құрастырылған жүзден аса сұрақтар көмектеседі. Кейбіреулер сай келмейді, сол себепті мәсіхші ретінде суға шомылдыру рәсімінен өтуге жіберілмейді.
Қажетті қадамдар жасауыңа кедергілер бар ма?
19. Жохан 6:44-ке сәйкес, Исамен бірге көктегі Патшалыққа кімдер ие болады?
19 Жаппай шомылдыру рәсімінен өтуге мәжбүр болған адамдардың көбісіне өлген соң көкке кетесің деп айтылған болуы мүмкін. Алайда өзінің жолын қуған шәкірттеріне Иса былай деген еді: “Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады” (Жохан 6:44). Ехоба онымен бірге көктегі Патшалыққа ие болатын 144 000 адамды Мәсіхке жақындатты. Күштеп шомылдыру рәсімінен өткізілген ешқандай адам ешқашан Құдайдың құрылымындағы сол құрметті орынға ие болу үшін таңдап алынған адамдардың қатарына қосыла алмайды (Римдіктерге 8:14—17; 2 Салониқалықтарға 2:13; Аян 14:1).
20. Шомылдыру рәсімінен өтпеген кейбір адамдарға не көмек болуы мүмкін?
20 Әсіресе, 1930 жылдардың орта шенінен бастап, ‘ауыр азаптан’ аман өтіп, жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетін көп адамдар Исаның ‘басқа да қойларының’ қатарына қосылуда (Аян 7:9, 14, сілтемені қараңдар; Жохан 10:16). Олар шомылдыру рәсімінен өтуге лайық, өйткені өмірлерін Құдай Сөзіне сәйкестендірген және Құдайды ‘шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатымен, барлық ақыл-ойымен сүйеді!’ (Лұқа 10:25—28). Кейбір адамдар Ехоба Куәгерлерінің Құдайға “рухында және шындықпен” ғибадат етіп жүргендерін түсінеді, бірақ әзірге Исаның үлгісіне еліктеп, Ехобаға деген шынайы сүйіспеншіліктері мен Оған ғана шын берілгендіктерін елдің алдында паш етіп, шомылдыру рәсімінен өткен жоқ (Жохан 4:23, 24, сілтемені қараңдар; Заңды қайталау 4:24; Марқа 1:9—11). Бұл маңызды қадамға байланысты бар ықыластарымен және нақты дұға еткендері, оларды өмірлерін толық Құдай Сөзіне лайықтауға, өздерін толықтай Ехоба Құдайға арнауға және батылдық беріп, шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыруы мүмкін.
21, 22. Кейбіреулер не себепті өзін Құдайға арнап, шомылдыру рәсімінен өтпейді?
21 Кейбіреулер осы дүниенің істеріне барынша берілгендіктен немесе байлық қуғандықтан, рухани нәрселерге аз ғана уақыттары қалып, сол себепті өздерін Құдайға арнап, шомылдыру рәсімінен өтпей жүр (Матай 13:22; 1 Жохан 2:15—17). Олар көзқарастары мен мақсаттарын өзгертсе, қандай бақытты болған болар еді! Ехобаға жақындаса олар рухани байып, тым абыржымас еді, көңілдерінде тыныштық орнап, Құдайдың еркін орындаудан қанағат алар еді (Забур 15:11; 39:9; Нақыл сөздер 10:22; Філіпіліктерге 4:6, 7).
22 Өзгелері болса, Ехобаны сүйеміз деп айтады, бірақ өздерін оған арнап, шомылдыру рәсімінен өтпейді. Олар осылайша жауапкершіліктен құтыламыз деп ойлайды. Алайда барлығымыз да Құдайдың алдында есеп береміз. Ехобаның сөзін естіген күні-ақ адамға жауапкершілік жүктеледі (Езекиел 33:7—9; Римдіктерге 14:12). Ежелгі исраилдіктер ‘таңдаулы халық’ болғандықтан, дүниеге келген сәттен-ақ Ехобаға арналған халық болып саналды да, өсиеттерін орындап, Оған адал қызмет етуге міндетті болды (Заңды қайталау 7:6, 11). Бүгінгі күні ешкім де өзін Құдайға арнаған қызметші болып туылмайды, алайда біз Жазбалардан тура білім алған болсақ, сол білімге лайық әрекет етуіміз керек.
23, 24. Адамның бойындағы қандай қорқыныш шомылдыру рәсімінен өтуіне кедергі болмауы керек?
23 Кейбіреулері біліміміз жеткіліксіз деп шомылдыру рәсімінен өтпеуі мүмкін. Алайда біз барлығымыз да көп үйренуіміз керек, өйткені ‘Құдайдың басынан аяғына дейінгі істерін адамзат ешқашан толық түсіне алмайды’ (Екклесиаст 3:11, СА). Эфиопиялық уәзірді қарастырайықшы. Яһуди дінін қабылдаған адам ретінде оның Жазбаларға негізделген біраз білімі болған, бірақ ол Құдайдың еркін толық түсінбеген. Алайда, Исаның төлем құрбандығы арқылы Ехобаның құтқару шарасын білген кезде, уәзір кідірместен шомылдыру рәсімінен өтті (Елшілердің істері 8:26—38).
24 Кейбіреулер Құдайға арналғанымызға сай өмір сүре алмаймыз ба деп күдіктенеді. Он жеті жасар Моника былай дейді: “Менің шомылдыру рәсімінен өтуіме, өзімді Құдайға арнағаныма сай өмір сүре алмаймын ба деген қорқыныш кедергі болған еді”. Алайда біз Ехобаға шын жүректен сенім артар болсақ, ‘Ол жолымызға бағыт береді’ және өмірімізді Өзіне арнаған адал қызметшілері ретінде ‘шындық жолымен жүруімізге’ көмектеседі (Нақыл сөздер 3:5, 6; 3 Жохан 4).
25. Қандай мәселе қарастыруға тұрарлық?
25 Ехобаға толықтай сенім артып, оны шын жүректен сүйгендерінің арқасында жыл сайын мыңдаған адамдар өздерін Құдайға арнап, шомылдыру рәсімінен өтуде. Сондай-ақ өзін Құдайға арнаған қызметшілердің барлығы да адал болғысы келетіні күмәнсіз. Алайда біз қиын-қыстау күндері өмір сүрудеміз және әр түрлі сенім сынағына ұшыраймыз (2 Тімотеге 3:1—5). Өзімізді Ехобаға арнағанымызға сай өмір сүру үшін не істеуімізге болады? Келесі мақалада осы сұрақ талқыланатын болады.
[Сілтеме]
a Күнәсіз болғандықтан, Иса шомылдыру рәсімінен өкінгенін білдіру үшін өткен жоқ. Оның шомылдыру рәсімі өзін Әкесінің еркін орындауға арнағанын білдірді (Еврейлерге 7:26; 10:5—10).
Естеріңде ме?
• Мәсіхшілер шомылдыру рәсімінен қалай өтеді?
• Шомылдыру рәсімінен өту үшін қандай білім қажет?
• Шынайы мәсіхшілер шомылдыру рәсімінен өту үшін қандай қадам жасайды?
• Кейбіреулердің шомылдыру рәсімінен өтуіне не кедергі болады, алайда оларға не көмек болуы мүмкін?
[20-беттегі суреттер]
‘Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атымен’ шомылдыру рәсімінен өтудің нені білдіретінін білесіңдер ме?