Мәсіхті Көсемдерің ретінде мойындайсыңдар ма?
“Өздеріңді “көсем” деп те атамаңдар, өйткені сендердің жалғыз Көсемдерің бар, Ол — Мәсіх” (МАТАЙ 23:10, ЖД).
1. Шынайы мәсіхшілердің жалғыз көсемі кім?
СЕЙСЕНБІ, нисанның 11-жұлдызы, болатын. Үш күннен кейін Иса Мәсіх өлтірілу керек. Бұл оның ғибадатханаға соңғы рет келуі еді. Сол күні Иса онда жиналған көптеген халық пен өзінің шәкірттеріне маңызы зор тәлім берді. Ол былай дейді: “Сендер “Раббы” деп аталмаңдар! Ұстаздарың біреу-ақ, ал бәрің де өзара бауырлассыңдар. Жер бетіндегі ешкімге әке деген атақ бермеңдер! Бірден-бір Әкелерің көкте ғой. Өздеріңді “көсем” деп те атамаңдар, өйткені сендердің жалғыз Көсемдерің бар, Ол — Мәсіх” (Матай 23:8—10, ЖД). Расында да шынайы мәсіхшілердің Көсемі — Иса Мәсіх.
2, 3. Ехобаға құлақ асатынымыз және оның тағайындаған Көсемін мойындайтынымыз біздің өмірімізге қалай әсер етеді?
2 Исаның басшылығын қабылдар болсақ, оның біз үшін пайдасы аса зор! Осындай Көсемнің келетінін айтып, Ехоба Құдай Ишая пайғамбар арқылы алдын ала былай деген: “Ей, шөлдегендер, бәрің су көздеріне келіңдер, ақшасы жоқтар да, келіп, тамақ алып жеңдер! Иә, келіп, шарап пен сүтті ақша төлемей-ақ тегін алыңдар!... Мені мұқият тыңдап, рухани нәрді қабылдаңдар, ағыл-тегіл жақсылықтан жан рақатын табыңдар!... Еске алыңдар, Мен Дәуіттің ұрпағы арқылы халықтарға құдіретімді паш еттім, Дәуіттің ұрпағын соларға көсем әрі билеуші болуға тағайындадым” (Ишая 55:1—4, сілтемені қараңдар).
3 Ишая барлығына түсінікті суды, сүт пен шарапты метафора ретінде қолданып, Ехобаға және оның тағайындаған ‘көсем әрі билеушісіне’ құлақ асқанымыздың өмірімізге қалай әсер ететінін көрсеткен. Бұл біздің жанымызды сергітеді. Ыстық күні бір шыны мұздай су ішкенде шөліміз қалай басылатын болса, шындық пен әділеттікке деген шөліміз де солай басылады. Сүттің нәрестеге нәр беріп, оның өсуіне көмектесетіні сияқты, ‘Құдай сөзінің “таза сүті”’ бізге күш беріп, рухани толысуымызға және Құдаймен қарым-қатынасымыздың жақсаруына ықпал етеді (1 Петір 2:1—3). Ал шарап болса, мейрамдарда көңілдің қош болуына ықпал етеді. Шынайы Құдайға ғибадат ету жөнінде де солай деуге болады — оның тағайындаған Көсемінің ізімен жүрер болсақ, бұл “тек қуанышты” етеді (Заңды қайталау 16:15, СА). Мәсіхті басшымыз ретінде мойындайтынымызды көрсету — жас-кәрі, еркек-әйел демей, барлығымыз үшін өте маңызды нәрсе. Алайда күнделікті тұрмысымызда мұны қалай көрсетуімізге болады?
Жастар, ‘даналықтарың арта түссін’
4. а) Он екі жасар Иса Иерусалимге Құтқарылу мейрамына барғанда қандай оқиға болды? ә) Небары он екі жасар Исаның қандай білімі болған?
4 Исаның балалық шағында болған жағдайды қарастырып көрелік. Оның балалық шағы туралы мәлімет өте аз болғанмен, келесі оқиғадан біраз нәрсе білуге болады. Ата-анасы он екі жасар Исаны жыл сайынғы Құтқарылу мейрамын тойлауға Иерусалимге апарады. Иса Жазбалардан пікір алмасудың қызығына түсіп кетеді де, ата-анасы оның қалып қойғанын байқамай кетіп қалады. Үш күннен кейін, әбден алаң болған Мәриям мен Жүсіп оның ғибадатханада “ұстаздардың ортасынан айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен” тауып алады. Оны ‘тыңдап отырғандардың бәрі Исаның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалады’. Ойлап қараңдаршы, небары он екі жастағы Иса, терең рухани нәрселерге қатысты сұрақтар қойып қана емес, ұғымталдықпен жауап бере де алған! Мұнда оның ата-анасынан алған тәрбиесінің үлесі бар екендігінде күмән жоқ (Лұқа 2:41—50).
5. Жасөспірімдер Киелі кітапты отбасымен бірге зерттеуге деген көзқарастарын қалай білдірулеріне болады?
5 Бәлкім, сендер жасөспірім боларсыңдар. Егер ата-аналарың Құдайдың қызметшісі болса, Киелі кітапты отбасымен бірге үнемі зерттейтін шығарсыңдар. Сендердің отбасымен зерттеуге деген көзқарастарың қандай? Келесі сұрақтардың үстінен неге ой жүгіртіп көрмеске: “Киелі кітапты отбасымен зерттеуге шын жүректен өз үлесімді қосып жүрмін бе? Отбасында қалыптасқан тәртіпті бұзбау үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін бе? (Філіпіліктерге 3:16). Талқылауға қызу қатысамын ба? Талқыланып жатқан мәліметті іс жүзінде қалай қолдануға болатынын түсінуге тырысып, орынды болған жағдайларда соған байланысты сұрақтар қоямын ба? Рухани толыса түсіп, ‘қатты тағамға’ тәбетімді ашып жүрмін бе?” (Еврейлерге 5:13, 14).
6, 7. Киелі кітапты күнделікті оқу жастар үшін қаншалықты бағалы?
6 Киелі кітапты күнделікті оқу бағдарламасының да маңызы зор. Забур жыршысы былай деп жырлаған: “Құдайсыздар кеңесіне бармайтын... қайта, Тәңір заңына қуанатын, күні-түні сол туралы ойлайтын әрбір адам қандай бақытты!” (Забур 1:1, 2). Мұсаның орнын басқан Ешуа Құдайдың заңының үстінен күні-түні ой жүгіртетін. Бұл оның ақылмен әрекет етуіне және Құдайдың тапсырмасын табысты орындауына көмектескен (Ешуа 1:8). Көсеміміз Иса Мәсіх былай деген: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді” деп жазылған ғой!” (Матай 4:4). Егер кәдімгі ас-суға күнделікті мұқтаж болсақ, рухани ас-суды үнемі қабылдағанымыз қаншалықты маңызды десеңдерші!
7 Николь өзінің рухани қажеттіліктерін мойындап, Киелі кітапты күнделікті оқи бастайдыa. Қазір он алты жасқа келген ол Киелі кітапты толық оқып шығып, екінші рет оқуды бастап, тіпті жартысына дейін оқып та қойыпты. Оның оқу тәсілі оп-оңай. “Мен кем дегенде күніне бір тараудан оқимын деп шештім”,— дейді Николь. Киелі кітапты күнделікті оқығаны оған қалай көмектесіп жүр екен? Ол былай деп жауап берді: “Қазір жаман жағынан әсер ететін нәрсе көп. Мен күн сайын мектепте қысым көремін; басқа жерлерде де сенімім сыналып жатады. Киелі кітапты күнделікті оқып жүргенім қысымға қарсы тұруға талпындыратын өсиеттер мен принциптерді лезде есіме түсіруге көмектеседі. Осының арқасында Ехоба мен Исаға жақын екенімді сезінемін”.
8. Мәжілісханаға қатысты Исаның қандай әдеті болған және жастар оған қалай еліктей алады?
8 Иса әдеті бойынша мәжілісханада Жазбаларды тыңдайтын және жұрт алдында оқитын (Лұқа 4:16; Елшілердің істері 15:21). Жастарды Киелі кітап оқылып, зерттелетін қауым кездесулеріне үнемі қатысуға талпындыратын қандай керемет үлгі! Осындай кездесулердің барына ризашылығын білдіріп, он төрт жасар Ричард былай деді: “Қауым кездесулерін қатты бағалаймын. Онда ненің жаман, ненің жақсы, ненің азғындыққа жататынын, ненің жатпайтынын, Мәсіхке не тән, ал не тән емес екендігін үнемі менің есіме салып отырады. Мен өзімнің емес, өзгенің қателіктерінен үйренемін”. Иә, “Иенің ережелері шынайы, олар наданды да дана қылады” (Забур 18:8). Николь да апта сайынғы бес кездесудің бәріне қатысуды өзіне мақсат еткен. Кездесулерге дайындалуға ол екі не үш сағат жұмсайды екен (Ефестіктерге 5:15, 16).
9. Қалай жастар ‘даналықтарын арттыра түсулеріне’ болады?
9 Жастық шақ — ‘жалғыз шынайы Құдайды және Өзі жерге жіберген Иса Мәсіхті жақыннан тану’ үшін ең жақсы кезең (Жохан 17:3). Бәлкім, сендер күлдіргі әңгімелер жазылған кітаптарды оқуға, бейнетаспаларға жазылған ойындар ойнауға, теледидар қарауға немесе Интернеттен мәлімет іздеуге өте көп уақыт жұмсайтын жастарды білетін шығарсыңдар. Көсеміміздің кемелді үлгісі тұрғанда, оларға еліктеп не керек? Бала кезінде Ехоба жайында білім алу Исаға қатты ұнайтын. Мұның нәтижесі қандай болды? Рухани нәрселерге деген сүйіспеншілігінің арқасында “Исаның даналығы... арта түсті” (Лұқа 2:52, сілтемені қараңдар). Сендер де солай ете аласыңдар.
“Бір-біріңе мойынсұныңдар!”
10. Отбасының тату әрі бақытты өмір кешуіне не көмектеседі?
10 Шаңырақ асты жанға жай табатын орын, я болмаса ұрыс-керіс ордасы болуы мүмкін (Нақыл сөздер 21:19; 26:21). Мәсіхтің басшылығын қабылдағанымыз отбасында тату әрі бақытты болуымызға ықпал етеді. Негізінде Исаның үлгісі отбасындағы қарым-қатынастың қандай болу керек екендігін көрсетеді. Жазбаларда былай делінген: “Сендер Мәсіхті қастерлейтіндіктен, бір-біріңе мойынсұныңдар! Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар; өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің “басы”. Мәсіх сенушілерді құтқарып алды... Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!” (Ефестіктерге 5:21—25). Қолостағы қауымға елші Пауыл: “Балалар, барлық жағдайда да ата-аналарыңның тілін алыңдар, өйткені Иемізге осы ұнайды!” — деп жазған (Қолостықтарға 3:18—20).
11. Мәсіхтің басшылығын мойындайтынын отағасы қалай көрсете алады?
11 Осы өсиетті мойындау — отбасында отағасы басшылық етеді, әйелі оны шын көңілімен қолдайды, ал балалары ата-анасына мойынсұнады дегенді білдіреді. Алайда отағасы дұрыс басшылық еткен күнде ғана отбасы мүшелері қуанышқа бөленеді. Ақылды отағасы әрқашан Көсемі Иса Мәсіхтің үлгісіне еліктейтін болады (1 Қорынттықтарға 11:3). Кейінірек барлық “сенушілер қауымының Басы” болған Иса, ‘өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп’, ‘жанын қиюға келген” (Ефестіктерге 1:22; Матай 20:28). Сол сияқты мәсіхші отағалары басшылық еткенде өз бастарының пайдасын емес, әйелі мен бала-шағасының, яғни бүкіл отбасының, қамын ойлайды (1 Қорынттықтарға 13:4, 5). Ол өзінің басшысы Иса Мәсіхтің ұнамды қасиеттеріне еліктеуге тырысады. Отағасы Иса іспетті жуас әрі шын жүректен кішіпейіл (Матай 11:28—30). Қателік жасап қойған уақытта ол “кешірші” немесе “мен қателесіппін” деген сөздерді айтуға қиналмайды. Егер отағасы жақсы үлгі көрсететін болса, әйелінің оның “көмекшісі” әрі “жолдасы” болуына, одан үйренуіне және оны қолдауына жеңіл болады (Жаратылыс 2:20; Малахи 2:14, СА).
12. Әйелдің басшылыққа қатысты принципті ұстануына не көмектеседі?
12 Әйелі болса күйеуіне мойынсұнуы керек. Ал егер оған осы дүниенің рухы әсер ететін болса, бұл оның басшылық принципіне қатысты көзқарасын өзгертіп, отағасына мойынсұну керек деген ойдың өзі оған ұнамсыз болуы мүмкін. Жазбаларда әйелдің күйеуіне мойынсұнуы керек екендігі жөнінде айтылғанда, отағасы оны билеп-төстеуі керек деген мағынада айтылмаған (Ефестіктерге 5:24). Сонымен қатар Киелі кітапта күйеу, әрі әке отбасының игілігі үшін жауапты екендігі және егер ол Киелі кітаптағы кеңестерді қабылдайтын болса, мұның отбасында татулық пен тәртіптің орнауына ықпал ететіндігі жөнінде жазылған (Філіпіліктерге 2:5).
13. Иса мойынсұнуға қатысты балаларға қандай үлгі қалдырды?
13 Балалары ата-аналарының тілін алулары керек. Осыған қатысты Иса керемет үлгі көрсеткен. Он екі жасында үш күн бойы ғибадатханада қалып қойғаннан кейін, “Иса Назарет қаласына [ата-анасымен] бірге оралып, оларға мойынсұнып жүрді” (Лұқа 2:51). Балалардың ата-аналарына мойынсұнғаны отбасының тату-тәтті болуына ықпал етеді. Барлығы Мәсіхтің басшылығын мойындайтын болса, сол отбасы — бақытты.
14, 15. Отбасында қиын жағдай туса, дұрыс әрекет етуімізге не көмектеседі? Мысал келтіріңдер.
14 Отбасында қиындық туған күннің өзінде Исаға мойынсұнып, оның басшылығын қолдану — табысқа жетудің ең жақсы жолы. Мысалы, отыз бес жасар Джери жасөспірім қызы бар Ланаға үйленеді де, өздері күтпеген қиыншылыққа тап болады. Джери былай деп түсіндірді: “Жақсы отағасы болу үшін отбасына пайдасын тигізетін Киелі кітаптағы принциптерді қолдануым керек екенін білетінмін. Алайда көп ұзамай бұл принциптерді анағұрлым үлкен даналық пен түйсіну қабілетін қолданып орындауым керек екенін түсіндім”. Джериді өгей қызы анасы екеуінің арасын ажырататын адам ретінде қабылдап, барынша жек көретін. Джериге қыздың сөзі мен ісінің астарында не жатқанын байқауға түйсіну қабілеті көмектеседі. Ол не істеді екен? Джери былай деп әңгімелейді: “Лана екеуміз жөнге салу керек болса, қазірге бұнымен ол айналысады, ал мен бар көңілімді өгей қызыммен қарым-қатынасымды жақсартуға аударамын деп шештік. Уақыт өте келе мұның нәтижесі жақсы болды”.
15 Отбасында қандай да бір қиын жағдай туса, түйсіну қабілеті отбасы мүшелерінің сөздері мен істерінің астарында не жатқанын түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар Құдайдың принциптерін дұрыс қолдану үшін бізге даналық та қажет. Мысалы, Иса қан кетіп қиналып жүрген әйелдің не себепті өзіне қол тигізгенін білген, сондықтан даналық танытып, оған мейірімділік жасаған (Леуіліктер 15:25—27; Марқа 5:30—34). Даналық пен түйсіну қабілеті — біздің Көсемімізге тән қасиеттер (Нақыл сөздер 8:12). Егер біз соған ұқсап әрекет етсек, бақытты боламыз.
‘Ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлаңдар!’
16. Өмірімізде басты орынды не нәрсе алу керек және осыған қатысты Иса қалай үлгі көрсеткен?
16 Иса өзінің басшылығын мойындайтындардың өмірлерінде басты орынды не алу керек екенін анық көрсеткен. Ол былай деді: “Ең бастысы, Оның [Құдайдың] Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!” (Матай 6:33). Ол мұны қалай жүзеге асыруға болатынына қатысты өзі үлгі көрсеткен. Суға шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін ораза тұтып, терең ойға шомып, дұға айтқан қырық күннің ақыры таяп қалғанда, Иса кенеттен сынаққа ұшырайды. Шайтан Ібіліс оған ‘әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатына’ билік етуді ұсынады. Көз алдыңа елестетіп көрші, Ібілістің ұсынысын қабыл алғанда Иса қандай нәрсеге ие болар еді! Бірақ Мәсіх бар көңілін Әкесінің еркін орындауға аударған болатын. Сондай-ақ ол Шайтанның дүниесіндегі өмірдің қысқа екенін түсінген. Ібілістің ұсынысынан бірден бас тартып, Иса: “Құдай Иеңе ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!” деп жазылған ғой!” — дейді. Осыдан кейін көп ұзамай Иса “теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Себебі Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!” деп уағыздай бастады” (Матай 4:2, 8—10, 17). Жер бетінде болған кезінің бәрінде Иса Құдай Патшалығының толық уақытты жариялаушысы болған.
17. Патшалықтың мүдделерін өмірімізде бірінші орынға қоятынымызды қалай көрсетуімізге болады?
17 Жалақысы жақсы жұмысқа орналасуды немесе дәрежемізді өсіруді өмірдегі басты мақсатымызға айналдырып, Шайтанның дүниесінің бізді билеуіне жол бермей, қайта, Исаға еліктегеніміз абзал (Марқа 1:17—21). Құдай Патшалығының мүддесін екінші орынға қойып, осы дүниенің қызығына батып, тұзаққа түскеніміз қандай ақылсыздық болар еді! Иса бізге Патшалық туралы хабарды уағыздап, шәкірт дайындау ісін тапсырған (Матай 24:14; 28:19, 20). Әрине, біздің отбасында, сондай-ақ басқа да міндеттеріміз бар, алайда біз кешкі уақытты және демалыс күндерін қуана-қуана мәсіхшілердің ісіне, яғни уағыздау және тәлім беру ісіне, арнаймыз. 2001 қызмет жылында 780 000-ға жуық бауырластарымыздың толық уақытты қызметші, немесе ізашар, ретінде қызмет еткені бізді қатты жігерлендіреді!
18. Қызмет еткенде қуанышқа бөленуге не көмектеседі?
18 Ізгі хабарларда Иса әрекетшіл, сөйте тұра сезімтал адам ретінде суреттелген. Ол айналасындағы адамдардың рухани қажеттіліктерін көріп, жаны ашып, оларға көмектесуге асыққан (Марқа 6:31—34). Егер қызмет еткенде бізге қозғау салатын өзгелерге деген сүйіспеншілік пен көмектесуге деген ынта болса, біз қуанышқа бөленеміз. Алайда мұндай ынтаны қалай дамытуға болады? Джей деген жігіт: “Бозбала кезімде қызмет етуді онша жақсы көрмейтінмін”,— дейді. Оның қызмет етуді жақсы көруіне не көмектесті екен? Ол былай деп әңгімелеп берді: “Біздің отбасымызда әр сенбінің таңертеңгі уақыты қызметке арналатын. Мұның маған үлкен пайдасы тиді, өйткені қызметке қаншалықты көп шығып, оның жемісін көрген сайын, маған уағыздау қызметі соншалықты ұнай түсетін”. Бізге де қызметке үнемі бар ынтамызбен қатысуға болады.
19. Мәсіхтің басшылығына қатысты біз не нәрсеге белімізді бекем бууымыз керек?
19 Мәсіхтің басшылығын мойындау расында да жанды рақатқа бөлейді, әрі пайдалы. Солай етуімен, жастардың білімі де, даналығы да молаяды. Отбасы өмірі тату да бақытты болады, ал қызмет ету қуаныш пен қанағат сезіміне бөлейді. Сондықтан өміріміздің әрбір күнінен, сонымен қатар қабылдаған шешімдерімізден Мәсіхті Көсеміміз ретінде мойындайтынымыз көрінетін болсын (Қолостықтарға 3:23, 24). Алайда Иса Мәсіх өзгеше тәсілмен де, яғни мәсіхшілер қауымы арқылы да, басшылық етеді. Келесі мақалада мұның біз үшін қандай пайдасы бар екендігі талқыланады.
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертіліп алынған.
Естеріңде ме?
• Құдайдың таңдаған Көсеміне мойынсұнғанымыздың қандай пайдасы бар?
• Исаның басшылығына ергісі келетінін жастардың қалай көрсетулеріне болады?
• Мәсіхтің басшылығын мойындағандары отбасына қалай әсер етеді?
• Мәсіхтің басшылығын мойындайтындығымыз қызметімізден қалай байқалады?
[9-беттегі суреттер]
Жастық шақ — Құдай және Оның тағайындаған Көсемі туралы білім алу үшін жақсы кезең
[10-беттегі сурет]
Мәсіхтің басшылығына мойынсұну отбасының бақытты болуына ықпал етеді
[12-беттегі суреттер]
Иса ең алдымен Патшалықтың қамын ойлаған. Сендер ше?