Нағыз тазалық деген не?
ЕУРОПА мен Құрама штаттарда XVIII—XIX ғасырлар аралығында антисанитария кеңінен етек алғандықтан, сол уақыттағы миссионерлер “тазалық доктринасын” уағыздаған. Аталмыш доктринаға сәйкес, салақтық күнәға теңелетін, ал тазалық Құдайға жақындатады деп түсіндірілетін. Бәлкім, “тазалық — Құдайды қастерлеу” деген қанатты сөз осыдан шыққан болса керек.
Уилльям және Кэтрин Буттар құрған Құтқару әскері осындай көзқараста болатын. “Інжіл ғұрпындағы денсаулық пен медицина” деген кітапқа сәйкес, олардың алғашқы ұрандарының бірі — “Сабын, сорпа және құтқару” болыпты (Health and Medicine in the Evangelical Tradition). Кейінірек Луи Пастер және басқалар ауру мен бактериялардың арасындағы байланысты айқын дәлелдеп көрсетті, ал бұл болса алуан түрлі сауықтыру бағдарламаларын жасауға тағы да бір себеп және ғылыми негіз болды.
Бұл мәселе лезде қолға алынды, мысалы, сот процестерінде куәлерден Киелі кітапты сүю талап етілмейтін болды, ал мектептер мен темір жол стансаларындағы көпшілікке арналған су ішетін ыдыстар алынып тасталды. Тіпті дін қызметшілері де Мәсіхтің қаны мен тәнін білдіретін нан мен шараптан дәм тату рәсіміне қатысқанда жеке ыдыс қолданатын болды. Иә, ертедегі тазалықты қолдаушы ізашарлар адамдардың тазалыққа деген көзқарастарын біршама өзгерткен еді. Олардың үлкен жетістіктерге жеткендері соншалық, бір жазушының айтуынша, адамдар “тазалыққа ғашық болып қалды”.
Алайда олардың “ғашықтығы” үстіртін ғана болатын. Көп ұзамай тапқыр коммерсанттар кәдімгі сабынды әсемдену үшін қолданылатын косметикаға айналдырып жіберді. Жақсы қойылған жарнамалар адамдарды жеке тазалықты сақтауға арналған белгілі заттарды қолдану арқылы қоғамда өзгелерде қызғаныш тудыратын дәрежеге жетуге болады деп сендіре бастады. Теледидар арқылы да осындай қияли ойлар ушықтырыла түсті! Ал жарнамалар мен көпіршік опералардағы табысты да жарқын кейіпкерлердің үй жинап, қора сыпырып, қоқыс шығарып немесе мысығы мен күшігінің артынан жинап жүргенін сирек көресің.
Сонымен қатар кейбіреулердің түсінігі бойынша, жұмысқа бару — шығыныңның орнын толтыру, ал үй тірлігінен немесе үйді сыпырып-сиырудан ешқандай табыс көрмейсің. Пайдасын көрмейтін болсаң, қоршаған ортаның тазалығын сақтап не керек? Осының нәтижесінде бүгінде кейбіреулер тазалық жеке гигиенаны сақтаумен шектеледі деп ойлайды.
Тазалыққа деген Құдайдың көзқарасы
Ертеректе тазалыққа үйрету үшін жұмсалған күштің адамдардың өмірін жақсартуға көмектескендігінде күмән жоқ. Бұл игі нәрсе, өйткені тазалық қасиетті де таза Құдай Ехобаға тән. Ол бізді қасиетті де таза болуға үйретеді, ал бұл болса, біз үшін пайдалы (Ишая 48:17; 1 Петір 1:15).
Тазалыққа қатысты Ехобаның өзі үлгі көрсетеді. Басқа қасиеттері сияқты тазалық та Құдайдың көзге көрінетін жаратылыстарынан анық көрінеді (Римдіктерге 1:20). Біз жаратылыстың өзін-өзі ластамайтынын білеміз. Көптеген табиғи циклдері бар Жер керемет түрде өзін-өзі тазартып отырады. Жер — оның тұрғындары таза да салауатты өмір сүруі үшін жаратылған. Мұндай таза атқарылатын жұмысты тек таза ниеті бар Жаратушы ғана істей алады. Бұдан біз Құдайдың қызметшілері жан-жақты таза болулары керек деген тұжырымға келеміз.
Тазалықтың төрт түрі
Киелі кітапта Құдайдың қызметшілері ұмтылуы керек тазалықтың төрт түрі көрсетілген. Солардың әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөліп көрелік.
Рухани тазалық. Мұны тазалықтың ең маңызды түрі деуге болады, өйткені адамның мәңгілік өмір сүруге деген үміті осы тазалықты сақтауға байланысты. Соған қарамастан, тазалықтың осы бір түрі көбінесе елеусіз қалады. Былайша айтқанда, рухани таза болу Құдайдың шынайы ғибадат пен жалған ғибадаттың арасына қойған шекарасын ешқашан бұзбауды білдіреді. Өйткені Құдайдың көз алдында жалған ғибадат арамдалған болып есептеледі. Елші Пауыл былай деп жазған: “Олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар, арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар!” “Ал Мен сендерді қабылдаймын” (2 Қорынттықтарға 6:17). Бұған қатысты Жақып та: “Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік... өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау”,— деп ашық айтқан (Жақып 1:27).
Құдай жалған ғибадат пен шынайы ғибадатты араластырғанды ұнатпайтынын ашық білдірген. Өйткені жалған ғибадат жиі арамдалған әдет-ғұрыптардан, сондай-ақ пасық жалған тәңірлердің мүсіндеріне табынудан тұрады (Еремия 32:35). Сол себепті шынайы мәсіхшілер арамдалған ғибадаттың кез келгенінен аулақ болуға шақырылады (1 Қорынттықтарға 10:20, 21; Аян 18:4).
Құлықтылық тазалық. Бұл сұраққа қатысты да Құдай таза мен арамның арасына анық шек қойған. Осы дүниенің адамдары Ефестіктерге 4:17—19 дейінгі тармақтарда суреттелген күйге жеткен: “Олардың санасын қараңғылық басып... Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған. Мұндайлар ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынып, тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді”. Мұндай азғын ой-пікірлер жан-жақты, яғни ашық не жасырын түрде, байқалады, сол себепті мәсіхшілер сергек болулары керек.
Құдайды сүйетіндер жезөкшелік, гомосексуализм, некеге тұрмас бұрын жыныстық қатынаста болу және порнография сияқты нәрселердің Ехобаның құлықтылыққа қатысты талаптарын бұзу болып табылатынын біледі. Алайда мұндай әрекеттер осы дүниенің көңіл көтеру мен сән көрсету салаларында кәдімгі нәрсе ретінде қабылданады. Сол себепті мәсіхшілер осындай әдепсіз іс-әрекеттерден аулақ болулары керек. Мәсіхшілердің кездесулеріне немесе жора-жолдастардың жиынына ашық-шашық не денеге жабысып тұратын киім киіп бару адамның денесіне өзгелерді орынсыз сұқтандырады, әрі әдепсіздіктің белгісі болып табылады. Оның үстіне, мұндай киім кию арқылы мәсіхшілердің арасына осы дүниенің ой-қалпы еніп қана қоймайды, мұндай әрекет өзгелерде жаман ойдың пайда болуына да ықпал етеді. Бұл мәселеде мәсіхшілер “көктен келген даналық” таныту үшін барынша күш салулары керек (Жақып 3:17).
Ой тазалығы. Адам миының түкпір-түкпірлерінде жаман ойлар ұяламауы керек. Иса сондай ойлардан аулақ болу керек екенін ескерткен: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны” (Матай 5:28; Марқа 7:20—23). Бұл сөздер порнографиялық суреттер не фильмдер көруге, азғын іс-әрекеттер суреттелетін кітаптар оқуға және әдепсіз сөздері бар әндерді тыңдауға да қатысты. Мәсіхшілерге әдепсіз сөздер мен іс-әрекеттерге итермелейтін жаман ойлармен миларын арамдауға болмайды (Матай 12:34; 15:18).
Тән тазалығы. Киелі кітапта қасиетті болу мен таза болу бір-бірімен тығыз байланысты. Мысалы, елші Пауыл былай деп жазған: “Қымбатты бауырластарым, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік!” (2 Қорынттықтарға 7:1). Сондықтан шынайы мәсіхшілер мүмкіндігінше жеке гигиенаны және үйі-іші мен ауласын таза ұстауға тырысулары тиіс. Тіпті жуынып-шайынуға су тапшы жерлерде де, мәсіхшілер қолдарынан келгенше таза жүруге тырысулары керек.
Сонымен қатар тән тазалығы шылымның кез келген түрінен, арақ-шарапты шектен тыс ішуден және нашақорлыққа салынудан аулақ болуды білдіреді, мұның барлығы адамның тәнін арамдап, оған зиян келтіреді. Сүлейменнің Таңдаулы әндерінде суреттелген бақташы Суламита қыздың көйлегінің жұпар иісіне тамсанған (Таңдаулы әндер 4:11). Жеке гигиенаны сақтайтын болсақ үстімізден жағымсыз иіс шықпайтын болады, ал бұл болса өзгелерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Иіс су мен әтірдің иісі қаншалықты жағымды болғанмен, бұл таза жүріп-тұрумен тең емес.
Көзқарастарың дұрыс болсын
Тән тазалығына қатысты мәселелерде кейбіреулер бір шектен екіншісіне шығуы мүмкін. Бір жағынан, шектен тыс таза болуға ұмтылу өмірдің қызығынан айырады. Сондай-ақ қымбат уақытымызды сарп етеді. Ал екінші жағынан, қараусыз қалған лас үйді жөндеу көп қаржыны қажет етеді. Сөйткенмен де, осы екі шектен шықпай үйімізді таза, әрі тап-тұйнақтай етіп ұстауға болады.
Қарапайым тұрмыс. Заты көп үйді не бөлмені жинастыру қиын, әрі шаң-тозаңды байқау да оңай емес. Қарапайым, дүние-мүлкі аз үйді жинау да оңай, уақыт та аз кетеді. Киелі кітапта қарапайым өмір сүруге нақты кеңес беріледі: “Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік” (1 Тімотеге 6:8).
Үй іші жинақы болсын. Үй ішінің тап-тұйнақтай жинақы болуы әрбір адамның жауапкершілігіндегі нәрсе. Үйдің ыбырсуы бөлмелердің ыбырсуынан басталады. Тап-тұйнақтай жинақы болу әрбір заттың өз орнында жатқанын білдіреді. Мысалы, моншаның едені кір киім-кешектің жататын орны емес. Әсіресе ойыншықтар мен құрал-саймандардың әр жерде шашылып жатқаны қауіпті. Үйдің ыбырсып жатқанының кесірінен көптеген бақытсыз жағдайлар болған.
Тазалық пен мәсіхшінің өмір салты ажырағысыз екені анық. Құдайға ұнамды өмір салтын Ишая пайғамбар “киелі жол” деп атаған. Сондай-ақ ол: “Онымен таза еместер жүрмейді”,— деп ашық айтқан (Ишая 35:8, ЖД). Егер біз тазалық сақтауды үйренер болсақ, бұл біздің Құдайдың жер бетін тазартып, жұмақ орнататындығына деген сеніміміздің дәлелі болады. Сонда біздің керемет планетамыздың түкпір-түкпірінің бәрінде адамдар Ехоба Құдайдың тазалыққа қатысты талаптарын бұлжытпай орындап, Оны мадақтайтын болады (Аян 7:9).
[6-беттегі сурет]
Үй ішінің тап-тұйнақтай жинақы болуы әрбір адамның жауапкершілігіндегі нәрсе
[7-беттегі сурет]
Жер керемет түрде өзін-өзі тазартып отырады