Жүректеріңде Ехобаға деген қорқыныш дамытыңдар!
“Жүректері Менен қорқып, әрқашан Менің өсиеттерімді орындайтындай болса ғой” (ЗАҢДЫ ҚАЙТАЛАУ 5:29, СА).
1. Неге біз адамзаттың бір кездері қорқыныш атаулыдан арылатынына сенімді бола аламыз?
ҒАСЫРЛАР бойы адамзаттың бойын үрей билеп келеді. Көптеген адамдар аштық, ауру, қылмыс немесе соғыстан қорқып жанын қоярға жер таппайды. Сол себепті адам құқыларының жалпыға бірдей Декларациясының алғы сөзінде бүкіл адамзат еш қорқынышсыз өмір кешетін дүние орнатуға деген талпыныс байқаладыa. Біздің қуанышымызға орай, Құдайдың өзі сондай дүниенің орнайтынына кепілдік береді, бірақ бұл адамдардың күш салуының арқасында жүзеге аспайды. Ехоба Миха пайғамбар арқылы әділетті жаңа дүниеде “[оның халқын] ешкім қорқытпайды” деп уәде етеді (Миха 4:4, СА).
2. а) Киелі Жазбалар қалай бізді Құдайдан қорқуға шақырады? ә) Құдайдан қорқуға тиіс екендігімізге қатысты қандай сұрақтар тууы мүмкін?
2 Алайда қорқыныш пайдалы болуы да мүмкін. Киелі Жазбаларда Құдайдың қызметшілері әлденеше рет Ехобадан қорқуға шақырылады. Мұса исраилдіктерге: “Құдайың Тәңірден қорқып, жалғыз Соған ғана қызмет ет”,— деген (Заңды қайталау 6:13, СА). Ғасырлар өткен соң Сүлеймен: “Құдайдан қорқып, Оның өсиеттерін орында, өйткені адамға керектінің барлығы осында”,— деп жазды (Екклесиаст 12:13, СА). Періштелердің бақылауымен атқарылып жатқан уағыздау қызметіне қатысу арқылы біз де барлық адамдарды ‘Құдайдан қорқып, Оны құрметтеуге’ шақырамыз (Аян 14:6, 7). Бірақ мәсіхшілер Ехобадан қорқуымен қатар Оны шын жүректен сүюлері керек (Матай 22:37, 38). Қалайша Құдайды сүйе тұра, одан қорқуға болады? Неге сүйіспеншілікке толы Құдайдан қорқу керек? Құдайдың алдында қорқыныш дамытқанның біз үшін қандай пайдасы бар? Осы сұрақтардың жауабын алу үшін біз алдымен Құдайдан қорқу дегеннің не екенін, сондай-ақ неге мұның Ехобамен қарым-қатынасымызға қажетті басты фактор екенін түсініп алуымыз керек.
Терең қастерлеу, айрықша құрметтеу және қорқу
3. Құдай алдындағы қорқыныш деген нені білдіреді?
3 Құдай алдындағы қорқыныш мәсіхшілердің Жаратушыға деген сезімі мен көзқарасын білдіреді. Мұндай қорқынышқа берілетін анықтамалардың бірі мынадай: “Жаратушыны айрықша құрметтеу, ерекше сезімге бөленіп оны терең қастерлеу және оған ұнамсыз болып қалудан орынды түрде қорқу”. Сонымен, Құдай алдындағы қорқыныш біздің өміріміздің маңызды екі қырына әсер етеді: біздің Құдайға деген көзқарасымызға және Оған ұнамайтын іс-әрекетке деген көзқарасымызға. Осы екі қырының да маңызды, әрі біздің мұқият зерттеуімізге тұрарлық екені анық. Вайнның “Жаңа Өсиет сөздерінің түсіндірме сөздігінде” мәсіхшілер үшін Құдайды айрықша құрметтеп, терең қастерлеу “рухани және құлықтылыққа қатысты мәселелерде ең басты талпындырушы күш” болып табылатыны жөнінде айтылған (Expository Dictionary of New Testament Words).
4. Жаратушыны терең қастерлеу және оны айрықша құрметтеу сезімін қалай дамытуға болады?
4 Жаратушыны терең қастерлеу және оны айрықша қадірлеу сезімін қалай дамытуға болады? Табиғаттың керемет көрінісін, таң-тамаша қалдыратын құлама суды немесе батып бара жатқан күннің көздің жауын алатын шұғыласын көргенде біздің бойымызды ерекше бір қастерлеу сезімі билейді. Ал сенім көзімен осының барлығын жаратқан Құдай екенін көргенде, бұл сезім күшейе түседі. Сонымен қатар біз де, Дәуіт патша сияқты, Ехобаның ғажайып жаратылыстарымен салыстырғанда өзіміздің қаншалықты елеусіз екендігімізді мойындаймыз. “Сенің қолыңнан шыққан аспаныңа, Өзің орнатқан ай мен жұлдыздарға назар аударған әрбір уақытымда мынадай сұрақтар туады ойымда: Өзің ескеретіндей адам сонша кім?” (Забур 8:4, 5). Мұндай терең қастерлеу сезімі айрықша құрметтеу сезімін тудырады, ал бұл болса Ехобаның істеп жатқан істерінің барлығына ризашылығымызды білдіріп, Оны мадақтауға талпындырады. Дәуіт тағы да былай деп жазған: “Тамаша жаралдым, Сені мақтаймын, керемет ғажап — жасаған істерің, мұны мен шын жүректен мойындаймын” (Забур 138:14).
5. Неге біз Ехобадан қорқуымыз керек және кімдер бізге керемет үлгі көрсетуде?
5 Терең қастерлеу және айрықша құрметтеу сезімінен Жаратушы әрі бүкіл әлемнің құқылы Әміршісі болып табылатын Құдайдың құдіретінің алдында орынды қорқыныш туындайды. Жохан өзінің аянында ‘айуанның мүсініне табынбай, айуанды жеңіп шығып’ көктегі орындарына ие болып, былай деп жатқан Мәсіхтің майланған ізбасарларын көреді: “Бүкіл әлемнің Иесі — Құдай, Сенің істерің ұлы да керемет! халықтардың Патшасы, Сенің жолдарың шынымен әділ де дұрыс! Жаратқан Ие, кім Сенен қорықпас? Сенің атыңның ұлылығын жариялаудан кім бас тартпақ?” (Аян 15:2—4). Құдайдың салтанатты ұлылығының алдындағы аса терең қастерлеу сезімінен туындаған қорқыныш көктегі Патшалықта Исамен бірге патшалық ететіндерді Ехобаны ең жоғарғы Әмірші ретінде мадақтауға талпындырады. Ехобаның істерінің, сондай-ақ оның бүкіл әлемге әділ билік жүргізіп отырғандығының үстінен ой жүгірткенде, одан қорқу керек екендігін мойындаймыз, солай емес пе? (Забур 2:11; Еремия 10:7).
6. Неге бізде Ехобаға ұнамайтын қылық істеуге қатысты орынды қорқыныш болуы керек?
6 Алайда Құдай алдындағы қорқыныш терең қастерлеу мен айрықша құрметтеумен қатар оған ұнамай қалудан немесе тілазар болудан қорқуды да білдіреді. Неге? Өйткені Ехоба ‘рақымды да қайырымды, қаһарлануға асықпайтын’ болғанмен, біз оның ‘қасарысқан күнәкарды жазалаусыз қалдырмайтынын’ да есте ұстауымыз керек (Мысырдан шығу 34:6, 7). Ехоба сүйіспеншілігі мол, әрі қайырымды болғанмен, ол әділетсіздік пен әдейі жасалған күнәға көз жұмбайды (Забур 5:5, 6; Аббақұқ 1:13). Ехобаның көз алдында зұлымдық болып есептелетін нәрселерді әдейі істеп, мұнысына өкінбейтін және оған қарсыласа беретіндер жазасыз қалмайды. Елші Пауыл айтқандай, “мәңгі тірі Құдайдың қолына түсіп, сотталу қандай қорқынышты!” Осындай жағдайға ұшырап қалмайын деген орынды қорқыныш біздің қорғанымыз болады (Еврейлерге 10:31).
“Одан ажырамаңдар”
7. Ехобаның құтқаруға құдіреті жететініне сенімді болуымызға қандай негіз бар?
7 Құдайды айрықша құрметтеуден туатын қорқыныш пен оның құдіретін анық мойындаудан кейін, Ехобаға арқа сүйеп, сенім арту пайда болады. Ехобаның бағыт беріп отырған қолының астында біз де әкесінің қасында өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінетін бала іспетті сезімде боламыз. Ехоба исраилдіктерді Мысырдан алып шыққанда олардың қандай сезімде болғанына көңіл бөліңдерші: ‘Исраилдіктер Жаратқан Иенің мысырлықтарға қарсы ғаламат құдіретін қолданғанына көздері жетіп, Тәңір Иеден қорқып, қастерлеп, Оған сенді’ (Мысырдан шығу 14:31). Елішәнің басынан өткен оқиғадан да “Құдайдан қорқатындарды Тәңірдің періштесі қоршап алып, оларды құтқаратынын” көруге болады (Забур 33:8, СА; 4 Патшалықтар 6:15—17). Ехоба Куәгерлерінің бүгінгі күнгі тарихы Құдай өз күшін өзіне қызмет ететіндердің игілігі үшін қолданатындығының дәлелі болып табылады; бәлкім, мұны өз басымыздан өткен жағдайлар да растайтын болар (2 Шежірелер 16:9). Осының барлығы “Тәңірдің алдындағы қорқыныш — берік үміт” екенін жақсы түсінуімізге көмектеседі (Нақыл сөздер 14:26, СА).
8. а) Неге Құдай алдындағы қорқыныш бізді оның жолымен жүруге талпындырады? ә) Ехобадан қалайша ‘ажырамауымыз’ керек екенін түсіндіріп беріңдерші.
8 Құдай алдындағы орынды қорқыныш оған арқа сүйеп, сенім артуға ғана ықпал етіп қоймайды, бізді Құдайдың жолымен жүруге де талпындырады. Сүлеймен ғибадатхананы Ехобаға арнағанда, былай деп дұға еткен: “Ендеше меншікті халқың бұл жерде тұрған барлық уақытта Сені терең қастерлеп [“Сенен қорқып”, СА], тура жолыңмен жүретін болсын!” (2 Шежірелер 6:31). Ал бұдан ертеректе Мұса исраилдіктерді мынаған шақырған: “Құдайларың Тәңірге еріңдер, Одан қорқып, өсиеттерін орындаңдар, Оның үніне құлақ асып, Оның Өзіне қызмет етіңдер, Одан ажырамаңдар” (Заңды қайталау 13:4, СА). Осы тармақтан анық көрініп тұрғандай, біз Ехобадан ‘ажырамай’ Оның жолымен жүргіміз келеді, өйткені біз оған арқа сүйейміз, әрі сенім артамыз. Иә, Құдай алдындағы қорқыныш бізді Ехобаға мойынсұнып, оған қызмет етіп және әкесіне арқа сүйеп, оған қалтқысыз сенім артатын баланың одан ажырамай бауырына тығыла түсетініндей, Ехобадан ажырамауға талпындырады (Забур 62:9; Ишая 41:13).
Құдайды сүю Одан қорқуды білдіреді
9. Құдайды сүю мен Одан қорқудың арасында қандай байланыс бар?
9 Киелі Жазбалардағы көзқарасқа сай, Құдайдан қорқу оны сүюге болмайды дегенді білдірмейді. Мысалы, исраилдіктерге ‘Тәңірден қорқып, Оның жолдарымен жүріңдер, Оны сүйіңдер’ деген өсиет берілген болатын (Заңды қайталау 10:12, СА). Демек, Құдайдан қорқу мен Құдайды сүю бір-бірімен тығыз байланысты. Құдай алдындағы қорқыныш бізді оның жолымен жүруге талпындырады, ал бұл болса біздің оған деген сүйіспеншілігіміздің дәлелі болып табылады (1 Жохан 5:3). Бұл ақылға қонымды нәрсе, өйткені егер біз біреуді жақсы көретін болсақ, оны ренжітіп алуға қорқамыз. Исраилдіктер өздерінің бүлікшіл әрекеттерімен шөл далада Ехобаны ренжіткен. Әрине, біз көктегі Әкемізді ренжіткіміз келмейді (Забур 77:40, 41). Оның үстіне, ‘Тәңір Өзінен қорыққандарды қатты ұнататын’ болғандықтан, біздің мойынсұнушылығымыз бен адалдығымыз оның жүрегін қуантады (Забур 146:11, СА; Нақыл сөздер 27:11). Құдайға деген сүйіспеншілігіміз бізді оған ұнамды болуға талпындырады, ал Оның алдындағы қорқынышымыз оны ренжітетін қылық жасаудан аулақ етеді. Бұлар бір-біріне қарама-қайшы емес, қайта бір-бірін толықтыратын қасиеттер.
10. Ехобаның алдындағы қорқыныш қуанышқа бөлегенін Иса қалай көрсетті?
10 Иса Мәсіхтің өмірінен Құдайды сүйе тұра, қалай одан қорқуға болатыны анық көрінеді. Иса жөнінде Ишая пайғамбар былай деп жазған: “Патшаға Жаратқан Иенің Рухы қонып, Оған даналық пен парасат, ақыл-кеңес пен құдірет, білік пен Құдайды терең қастерлеуді [“Ехобадан қорқуды”, ЖД] дарытады. Өзі Тәңір Иеге мойынсұнып, Оны терең қастерлеуден қуаныш табады” (Ишая 11:2, 3). Осы пайғамбарлыққа сәйкес, Құдайдың рухы Исаны өзінің көктегі Әкесінен қорқуға талпындырған. Оның үстіне, біз аталмыш қорқыныштың оған ауыртпалық түсірмегенін, қайта, қанағат сезіміне бөлегенін байқаймыз. Иса Құдайдың еркін, тіпті ең ауыр жағдайларда да орындап, оған ұнамды болудан қуанышқа бөленген. Азап шегу бағанасында өлетін кезі жақындағанда ол Ехобаға: “Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!” — деп дұға еткен (Матай 26:39). Иса Әкесіне ұнамды болып, әрі одан қорыққандықтан, Ехоба Ұлының жалбарынған үніне құлақ асып, оны жігерлендірді және өлімнің құрсауынан аман алып қалды (Еврейлерге 5:7).
Ехобадан қорқуды үйрену
11, 12. а) Неге біз Құдайдан қорқуды үйренуіміз керек? ә) Қалай Иса бізге Ехобадан қорқуды үйретеді?
11 Құдай алдындағы қорқыныштың табиғаттың керемет күші мен айбындылығын көргенде өздігінен пайда болатын қастерлеу сезімінен айырмашылығы — ол өзінен-өзі пайда болмайды. Міне, сол себепті Үлкен Дәуіт, Иса Мәсіх, пайғамбарлық сөздермен бізді: “Келіңдер, балалар, менің сөздеріме құлақ салыңдар: сендерге Тәңірден қорқуды үйретемін”,— деп шақырған (Забур 33:12, СА). Қалай біз Исаның үлгісінен Ехобадан қорқуды үйрене аламыз?
12 Иса көктегі Әкеміздің қандай керемет тұлға екенін түсінуімізге көмектесу арқылы бізді Ехобадан қорқуға үйретеді (Жохан 1:18). Иса Әкесінің тұлғасын мүлтіксіз көрсететіндіктен, Оның үлгісінен Құдайдың ойы мен оның өзгелерге қалай қарайтыны айқын байқалады (Жохан 14:9, 10). Оның үстіне, Исаның құрбандығының арқасында күнәмізге өкініп дұға етсек, Ехоба бізді естиді. Құдайдың осындай керемет мейірімділігі одан қорқуға талпындырады. Забур жыршысы: “Сен кешірімшілсің, Саған зор құрмет көрсетілсін”,— деген (Забур 129:4, СА).
13. Нақыл сөздер кітабында жазылған қандай қадамдар бізді Ехобадан қорқуға үйретеді?
13 Нақыл сөздер кітабында Құдайдан қорқуды үйренуге көмектесетін бірнеше қадамдар жазылған. “Ұлым менің! Егер менің сөздерімді қабыл алып, өсиеттерімді сақтасаң, сөйтіп даналықты мұқият тыңдап, ой жүгіртуге жүрегіңді бұрсаң; егер білімді шақырып, даналыққа үн қатсаң... Тәңірдің алдындағы қорқынышты жете түсініп, Құдай туралы білімді табасың” (Нақыл сөздер 2:1—5, СА). Сонымен, Құдайдан қорқу үшін біз оның Сөзін зерттеуіміз керек, ондағы өсиеттерді түсінуге барынша тырысып, оларды бұлжытпай орындау үшін бар күшімізді салуымыз керек.
14. Қалай біз Исраил патшаларына берілген кеңесті қолдана аламыз?
14 Ертедегі Исраил патшаларының барлығына Заңның көшірмесін жасап алып, ‘Тәңір Құдайынан қорқуға үйреніп, осы заңның әрбір сөзін... орындауға әрекеттенуі үшін, өмір бойы оқып жүру’ өсиет етілген болатын (Заңды қайталау 17:18, 19, СА). Ехобадан қорқуды үйренуіміз үшін, Киелі кітапты оқып, зерттеудің де маңызы зор. Киелі кітаптағы принциптерді өмірімізде қолдану арқылы біз біртіндеп Құдайдан келген даналық пен білімге ие боламыз. Осылайша біз ‘Тәңірдің алдындағы қорқынышты жете түсінеміз’, өйткені біз мұның игілігін көреміз, әрі Құдаймен қарым-қатынасымызды барынша бағалайтын боламыз. Оның үстіне, бір сенімдегілермен — кәрісі бар, жасы бар — үнемі кездесіп Құдайдың тәлімін аламыз, Одан қорқуды және Оның жолымен жүруді үйренеміз (Заңды қайталау 31:12).
Ехобадан қорқатын әрбір адам бақытты
15. Құдай алдындағы қорқыныштың оған ғибадат етумен қандай байланысы бар?
15 Жоғарыда айтылғандардан Құдайдан қорқу дегеннің игілікті ой қалпы болып табылатынын, әрі оны бәрімізге де дамыту керек екенін көрдік, өйткені бұл қорқыныш біздің Ехобаға деген ғибадатымыздың ажырағысыз бөлігі болып табылады. Құдайдан қорқатын болсақ, біз оған қалтқысыз сенім артып, оның жолымен жүріп және одан ажырамайтын боламыз. Құдайдың алдындағы қорқыныш Иса сияқты, бізді де, өзімізді Құдайға арнағанда Оған берген уәдемізді қазір және мәңгілік орындауға талпындыратын болады.
16. Неге Ехоба бізді Өзінен қорқуға шақырады?
16 Құдай алдындағы қорқыныш ешқашан зиянды болмайды немесе шектен тыс шектеулер қоймайды. Киелі кітапта: “Тәңірден қорқып, Оның жолдарымен жүретін әрбір адам бақытты!” — делінген (Забур 127:1, СА). Ехоба бізді Өзінен қорқуға шақырады, өйткені ол бұл қасиеттің бізге қорғаныш боларын біледі. Мұсаға айтқан келесі сөздерінен біз оның сүйіспеншілікке толы қамқорлығын байқаймыз: “Өздері де, ұлдары да мәңгі-бақи жақсылық көруі үшін, олардың [исраилдіктердің] жүректері Менен қорқып, әрқашан Менің өсиеттерімді орындайтындай болса ғой!” (Заңды қайталау 5:29, СА).
17. а) Қай жағынан Құдайдан қорқу біз үшін пайдалы? ә) Келесі мақалада Құдай алдындағы қорқыныштың қандай жақтары қарастырылады?
17 Біз де жүрегімізде Құдайға деген қорқыныш дамытар болсақ, бұл біздің игілігімізге асады. Қай жағынан? Біріншіден, мұндай көзқарас Құдайға ұнамды, әрі бізді онымен жақындатады. Дәуіт Құдайдың ‘Өзінен қорқатындардың тілегін орындайтынын, олардың зарын естіп, оларды құтқаратынын’ өз өмір тәжірибесінен білген (Забур 144:19, СА). Екіншіден, Құдай алдындағы қорқыныш біз үшін пайдалы, өйткені біздің жамандық атаулыға деген көзқарасымызға әсер етеді (Нақыл сөздер 3:7). Келесі мақалада Құдай алдындағы қорқыныштың бізді рухани қауіп-қатерден қалай қорғайтыны талқыланады, сондай-ақ Киелі жазбалардағы Құдайдан қорқып, жамандықтан бойларын аулақ салған адамдардың мысалдары қарастырылады.
[Сілтеме]
a Адам құқыларының жалпыға бірдей Декларациясын 1948 жылы 10-желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған.
Жауап бере аласыңдар ма?
• Құдайдан қорқу деген нені білдіреді және ол бізге қалай әсер етеді?
• Құдайдан қорқу мен Құдаймен бірге жүрудің қандай байланысы бар?
• Исаның көрсеткен үлгісінен Құдайдан қорқудың Оны сүюмен байланысты екені қалай көрінеді?
• Жүрегімізде Ехобаға деген қорқыныш дамытуға бізге не көмектеседі?
[11-беттегі сурет]
Исраил патшаларына Заңның көшірмесін жасап алып, оны күнделікті оқу бұйырылған болатын
[12-беттегі сурет]
Ехобаның алдындағы қорқыныш баласының әкесіне сенім артатынындай, бізді Құдайға сенім артуға талпындырады
[9-беттегі сурет рұқсатымен]
Жұлдыздар: Photo by Malin, © IAC/RGO 1991