Өмірдің ауыртпалығын жеңілдетуге арналған тиімді басшылық
“Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды мен рақатқа бөлеймін!” (МАТАЙ 11:28).
1, 2. а) Киелі кітапта жазылған қандай мағлұматтар өмірдің тауқыметін жеңілдетуге көмектеседі? ә) Исаның ілімдері қаншалықты нәтижелі болған?
ӘБДЕН титығы құрып, зорығудың зиянды екенімен келісетін боларсыңдар; бұл қасіретпен тең нәрсе. Киелі кітапта ерекше аталып өтілгендей, бүгінде адамзатқа артылған жүктің ауырлығы соншалық, олардың көпшілігі өмірдің ауыртпалығынан босануды асыға күтуде (Римдіктерге 8:20—22). Сонымен қатар Киелі жазбаларда өмірдің тауқыметін қазірдің өзінде қалай анағұрлым жеңілдетуге болатындығы да көрсетілген. Мұны екі жүз жыл бұрын өмір сүрген бір жігіттің берген кеңесіне құлақ асып, әрі оның үлгісіне еліктеу арқылы жүзеге асыруға болады. Ол ағаш ұстасы болған, алайда ол өзінің кәсібінен гөрі, адамдарды анағұрлым көбірек сүйген. Ол адамдарың жүрегін жібітетін сөздер айтқан, олардың қажеттіліктерінің қамын жеген, әлсіздерге жәрдем берген және қайғырып жүргендерді жұбатқан. Оның үстіне, ол көп адамдардың рухани қабілеттерін барынша қолдануға көмектескен. Сол жігіттің арқасында олардың өмірінің ауыртпалығы жеңілдеді, бұл біз үшін де мүмкін нәрсе (Лұқа 4:16—21; 19:47, 48; Жохан 7:46).
2 Аталмыш жігіт, яғни Назареттен шыққан Иса, ежелгі Римнің, Афинының немесе Ескендірияның тұрғындары қол жеткізуге ұмтылған осы дүниенің даналығын басшылыққа алмаған. Осыған қарамастан, оның ілімдері көпке танымал. Оның барлық ілімін бір тақырып, яғни Құдай жер бетіне жемісті билік жүргізгенде қолданатын үкімет туралы тақырып, байланыстырады. Сонымен қатар Иса өмірге қатысты басты принциптерді — бүгінде біздің өміріміз үшін де аса қажетті принциптерді — түсіндірген. Исаның ілімдерімен танысып, оларды ұстанатындар, өмірдің тауқыметін жеңілдетуді қоса алғанда, олардың қаншалықты пайдалы екенін лезде байқайды. Бұл адам қызығарлықтай нәрсе ғой, солай емес пе?
3. Иса қандай керемет сөздермен адамдарды өзіне шақырады?
3 Алайда әлдекім: “Соншама ұзақ уақыт бұрын өмір сүрген адам менің өміріме қалай әсер етуі мүмкін?” — деп күмәнданатын болар. Ендеше, Исаның керемет сөздеріне құлақ асып көрелік: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды мен рақатқа бөлеймін! Қамытымды қатар киісіп, үйреніңдер Өзімнен, жуас, кіші пейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың. Себебі Менің қамытым ыңғайлы, жүгім де жеңіл” (Матай 11:28—30, сілтемені қара). Мұнымен ол не дегісі келді екен? Осы сөздерге тереңірек ой жүгіртіп, тауқыметі көп қазіргі өмірдің ауыртпалығын жеңілдетуге олардың қалай көмектесетінін көрейік.
4. Иса кімге үндеу салған және неге өздерінен талап етілген нәрсені орындау оларға ауыр болған?
4 Иса Таурат заңына сәйкес әрекет етуге бар күштерін салып жүрген, бірақ яһудидің дін басылары дінді ауыртпалыққа айналдырып жібергендіктен, ‘еңселерін тым ауыр жүк басқандарға’ үндеу салған болатын (Матай 23:4). Дін басылары өмірдің барлық салаларына дерлік бітпейтін ережелер ойлап тауып, соларға шектен тыс көңіл бөлетін. Егер саған үнемі “олай етуге болмайды, бұлай етуге болмайды” дей беретін болса, мезі боласың ғой, солай емес пе? Ал Иса болса, керісінше, халықты шындық пен әділдікті білуге, сондай-ақ өзінің сөзіне құлақ асу арқылы жетуге болатын керемет өмірдің жолына түсуге шақырған. Иә, шынайы Құдайды білу үшін, Иса Мәсіхке көңіл қою керек болатын, өйткені Исаға қарап адамдар Ехобаның қандай екенін көрген ғой, әрі көріп те жүр. Иса былай деген: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені” (Жохан 14:9).
Сендер өмірдің тауқыметін тартып жүрсіңдер ме?
5, 6. Иса өмір сүрген кездегі еңбек жағдайы мен жалақыны қазіргі уақытпен салыстырыңдар.
5 Жұмыс орнындағы не отбасындағы жағдай еңселеріңді басып жүрген болса, бұл мәселе тікелей сендерге қатысты. Немесе иықтарыңда ауыр жүк болып жатқан басқа да жауапкершіліктерің бар болар. Егер расында да солай болса, онда сендердің Исаға кезіккен, әрі оның көмегін көрген ақ жүректі адамдарға ұқсағандарың. Мысалы, күн көру мәселесін алайық. Қазір адамдардың көпшілігі үшін бұл оңай мәселе емес, Исаның күндерінде де солай болған.
6 Ол уақытта жұмысшы аптасына 6 күн 12 сағаттан жұмыс істейтін болған, ал бір күндік жалақысы әдетте небары бір динарий (немесе бір күміс теңге) болатын (Матай 20:2—10). Сендердің немесе достарыңның жалақысына қарағанда, бұл аз ба, көп пе? Әрине, ертедегі жалақыны қазіргімен салыстыру қиын. Десе де, сол кездегі ақша мен қазіргі ақшаның сатып алу күші мен сатып алу мүмкіншілігін салыстырып көрелік. Бір ғалымның айтуынша, Исаның күндерінде төрт уыс бидай ұнынан жасалған бір нанның құны шамамен бір сағаттық жұмыстың ақысына тең болған екен. Басқа бір ғалымның айтуынша, бір тостаған жақсы шарап үшін екі сағатқа жуық еңбек ету керек болған. Мұндай егжей-тегжейлі мәліметтер ол кезде адамдар күн көру үшін күн ұзақ бойы жұмыс істеп, үлкен бейнет шеккенін көрсетеді. Сол кезде өмір сүрген адамдар бастарына түскен ауыр халдің жеңілдеуі мен жандарының рақатқа бөленуіне мұқтаж болатын, қазіргі уақытта біз де осыған мұқтажбыз. Егер жалға алынатын жұмысшы болсаңдар, өздеріңе қойылатын талаптардың барған сайын өсіп жатқанын сезіп жүрген боларсыңдар. Жиі шешім қабылдау үшін ойлануға уақыт таппай жатамыз. Бәлкім, сендер өмірлеріңнің жеңілдегенін аңсайтын боларсыңдар.
7. Исаның сөздері қалай қабылданды?
7 Исаның ‘қиналып қатты шаршап-шалдыққандар мен еңселерін тым ауыр жүк басқандарға’ жасаған үндеуінің барынша қолдау тапқандығында күмән жоқ (Матай 4:25; Марқа 3:7, 8). Исаның: “Жандарыңды мен рақатқа бөлеймін!” — дегенін де естеріңе алыңдаршы. Оның бұл уәдесі бүгінгі күні де өз күшін жоғалтқан жоқ. Егер біз ‘қиналып қатты шаршап-шалдыққандар мен еңселерін тым ауыр жүк басқандардың’ қатарынан болсақ, Исаның берген удесінің бізге де қатысы бар. Сондай-ақ бұл уәденің, біздікі іспеттес күй кешіп жүрген туған-туыстарымыз бен жақындарымызға да қатысы бар.
8. Қалайша бала тәрбиелеу мен егде тарту өмірдің тауқыметін күшейте түседі?
8 Адамдарың басқа да тауқыметі бар. Мысалы, бала тәрбиелеу көп күш салуды, әрі уақыт бөлуді талап етеді. Сонымен қатар балалардың да өз ауыртпалықтары өздеріне жетткілікті. Оның үстіне, адамдардың, жастардың да, кәрілердің де, жан мен тәннің ауруына шалдығуы жиілеп барады. Жалпы алғанда адамдар қазір ұзағырақ өмір сүретін болғанмен, медицинаның жетістіктеріне қарамастан, егде адамдар ерекше ауыртпалықтарға ұшырауда (Екклесиаст 12:1).
Қамыт кию
9, 10. Ертеде қамыт нені білдіретін және неге Иса адамдарды өзінің қамытын алуға шақырған?
9 Бәлкім, сендер Матай 11:28, 29-да (сілтемеде) Исаның: “Қамытымды қатар киісіп, үйреніңдер Өзімнен”,— деген сөздеріне көңіл аударған боларсыңдар. Ол заманда қарапайым жұмысшы өзін қамыт киіп жүргендей сезінуі мүмкін еді. Атам заманнан бері қамыт құлдықты не езгіні білдіретін метафора ретінде қолданылады (Жаратылыс 27:40; Леуіліктер 26:13; Заңды қайталау 28:48). Исаға кезіккен бір күнге жалданып істейтін жұмысшылардың көбісі тура мағынада иықтарына қамыт киіп ауыр жүктер таситын. Жасалғанына қарай қамыт мойынға немесе иыққа кигенде ыңғайлы болатын не оны жауыр қылатын. Иса өзі ағаш ұстасы болғандықтан, бәлкім, қамыт істеген де болар, әрі оны қалайша “ыңғайлы” болатындай етіп істеуді де білген болса керек. Қамыт киіп жұмыс істеу барынша жеңіл болуы үшін, сірә, ол оның денеге тиіп тұратын жерлерін былғарымен не матамен қаптайтын болған болса керек.
10 ‘Қамытымды қатар киісіңдер’ немесе басқа аудармаға сәйкес, “Менің қамытымды алыңдар” (СА) дегенде, Иса өзін жұмысшының мойны мен иықтарында “ыңғайлы” тұратын жақсы қамыт ұсынған адамға теңеген болса керек. Сосын ол: “Жүгім де жеңіл”,— деп қосты. Бұл, мұндай қамыт киіп жұмыс істеудің жағымсыз емес екенін, сондай-ақ жұмыстың да тым ауыр емес екендігін білдіретін. Негізінде, тыңдаушыларын Өзінің қамытын алуға шақырғанда Иса оларға сол уақыттың бар ауыртпалығынан лезде арылуды ұсынған жоқ. Алайда көзқарастарын Исаның іліміне сәйкес өзгерту арқылы олардың жандары жай тапқан. Үйреншікті өмір салты мен әдет-қылықтарын өзгерткендіктері де олардың өмірін жеңілдеткен болатын. Ал бәрінен бұрын, нақты, әрі берік негізі бар үміт өмірдің ауыртпалығын анағұрлым жеңілдеткен болатын.
Жанымызды рақатқа бөлеуге болады
11. Неге Иса бір қамытты екіншісіне ауыстыруды ұсынған жоқ деуге болады?
11 Исаның бір қамытты екіншісіне алмастыруды ұсынбағанына көңіл аударыңдаршы. Бүгінде мәсіхшілер тұрып жатқан елдерде адамдардың үкіметі билік жүргізіп жатқаны сияқты, сол кезде де Рим үкіметі билігін жүргізе бермек еді. Римдіктердің салған салығы да сол күйінде төлене бермек еді. Ауру-сырқау мен күнкөріс мәселесі де сол күйі қалған болар еді. Адамдар бұрынғысынша күнә мен кемелсіздіктің ықпалында бола берер еді. Алайда, осыған қарамастан, Исаның ілімін қабылдайтын болса, олардың жаны рақатқа бөленер еді; бұл бүгінгі күні біз үшін де мүмкін нәрсе.
12, 13. Исаның көрсеткені бойынша, не нәрсе жанды рақатқа бөлейді және оның шақырғаны кейбіреулерге қалай әсер етті?
12 Уақыт өте келе Исаның қамытты мысалға келтіргені әсіресе шәкірт дайындау ісіне қатысты екендігі анық болды. Иса үшін ең басты нәрсенің өзгелерге тәлім беру болғандығында күмән жоқ, әрі тәлім бергенде ол, Құдай Патшалығына ерекше көңіл аударатын (Матай 4:23). Сондықтан Исаның ‘қамытымды қатар киісіңдер’ деген сөздері оның соңынан еріп, өзі айналысқан іспен айналысу керек дегенді білдіргені сөзсіз. Ізгі хабарлардан біз Исаның қалай ақ жүректі адамдарды айналысып жүрген істерін өзгертуге талпындырғанын көреміз, ал адамдардың көпшілігі үшін айналысып жүрген істері өмірлерінде маңызды орын алатын. Петір, Әндір, Жақып пен Жохандарды Исаның қалай шақырғанын еске түсірейікші: “Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін” (Марқа 1:16—20). Иса өз өміріндегі ең маңызды істің сол балықшыларға өзі басшылық беріп, әрі көмектесуінің арқасында алдағы уақытта қандай қанағат әкелетінін көрсетті.
13 Исаны тыңдаған кейбір яһудилер оның ілімін түсініп, оның соңынан ерді. Лұқа 5:1—11 дейінгі тармақтарда суреттелген теңіздің жағасында болған бір оқиғаны көз алдымызға елестетіп көрейікші. Төрт балықшы түні бойы еңбектеніп, түк ұстай алмайды. Кенет, олардың аулары балыққа толып қалады! Бұл кездейсоқ нәрсе емес еді: Исаның ісі болатын. Олар жағаға көз тастайды да, Исаның ілімін тыңдауды аңсап тұрған топ-топ халықты көреді. Бұл сол төртеуіне айтылған: “Бұдан былай адамдарды жинап әкелетін боласың”,— деген сөздерді түсінуге көмектескен еді. Мұны олар қалай қабылдады екен? “Екі қайықты жағаға шығарғаннан кейін олар бәрін тастап, Исаға шәкірт болып ерді”.
14. а) Қазіргі уақытта қалайша жанымызды рақатқа бөлеуге болады? ә) Иса жанды рақатқа бөлейтін қандай хабарды жариялаған?
14 Исаның шақыруына біз де осылай жауап беруімізге болады. Адамдарды Киелі кітаптағы шындыққа үйрету жұмысы әлі де жүріп жатыр. Дүние жүзі бойынша алты миллионға жуық Ехоба Куәгерлері Исаның ‘қамытымды қатар киісіңдер’ деген үндеуіне құлақ асып, ‘адамдарды жинап әкелушілер’ болды (Матай 4:19). Біреулері үшін бұл іс толық уақытты қызметке айналды, ал өзге біреулері толық уақытты қызмет ете алмағанымен, қолдарынан келгенше қызмет етуде. Десе де, осы іске қатысып жүргендері олардың барлығының жандарын рақатқа бөлеп, өмірдің ауыртпалығын жеңілдетуде. Өйткені олар өздеріне ұнайтын іспен, яғни өзгелерге ізгі хабарды, “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды”, тарату ісімен айналысып жүр ғой (Матай 4:23). Жақсы хабар тарату адамға әрқашан да жағымды, ал мұндай ізгі хабар тарату тіптен жағымды. Киелі кітапта өмірдің ауыртпалығын анағұрлым жеңілдетуге болатындығына адамдардың көпшілігінің көзін жеткізуге арналған ең қажетті мәліметтер бар (2 Тімотеге 3:16, 17).
15. Қалай өмір сүру керек екендігіне қатысты Исаның ілімінен сендер қандай пайда көре аласыңдар?
15 Құдай Патшалығы туралы жақында ғана білген адамдар, Исаның қалай өмір сүру керек екендігіне қатысты ілімінің қазірдің өзінде қандай да бір шамада пайдасын көруде. Көпшілігі Исаның ілімінің жанды рақатқа бөлейтінін, әрі адамның өмірін толықтай өзгертуіне көмектесетінін растайды. Исаның өмірі мен қызметінен көрінетін принциптердің кейбіреулерін әсіресе Матай, Марқа және Лұқа жазған ізгі хабарларда әңгімеленгендерін қарастыратын болсаңдар, сендер де мұның растығына көз жеткізе аласыңдар.
Жанды рақатқа бөлеудің жолы
16, 17. а) Исаның негізгі ілімдерінің кейбіреулерін қайдан табуға болады? ә) Исаның ілімін ұстанғанда жанымыз рақатқа бөлену үшін не істеу керек?
16 Б. з. 31 жылы Иса бүгінгі күнге дейін дүние жүзіне танымал баяндамасын жасады. Оны жиі Таудағы уағыз деп атайды. Аталмыш баяндама Матай жазған Ізгі хабардың 5-тен 7-дейінгі және Лұқа жазған Ізгі хабардың 6-тарауында жазылған, әрі онда Исаның ілімдерінің көпшілігі жинақталған. Ал оның өзге ілімдерін Ізгі хабарлардың басқа бөліктерінен табуға болады. Неге осы тарауларды мұқият, әрі терең ой жүгірте отырып оқып шықпасқа? Исаның ілімінің күші сенің ой қалпың мен көзқарасыңа әсер еткей.
17 Исаның ілімдерін әр түрлі етіп топтастыруға болады. Оларды бір ай бойы күніне бір ілімді қарастыруға болатындай етіп топтастырып көрейік, әрі ондағы мақсатымыз оларды өмірде қолдану болсын. Ол үшін не істеу керек? Оларды ат үсті қарап шыға салу жеткіліксіз. Исадан: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек?” — деп сұраған бай, әрі жас басшыны еске алайықшы. Иса Құдай Заңының маңызды талаптарын атап өткенде, әлгі кісі оның барлығын орындап жүргенін айтады. Алайда, ол мұның жеткіліксіз екенін білетін. Сонда Иса оны Құдайдың принциптерін барынша іс жүзінде орындауға, белсенді шәкірт болуға шақырады. Сірә, ол кісі мұндай құрбандыққа баруға даяр болмаған болса керек (Лұқа 18:18—23). Бұдан мынадай қорытынды шығады: бүгінде Исаның ілімін ұстанғысы келетіндердің бәрі де оларды жай ғана мойындап қоя салу мен өмірде қолданудың, ал сол арқылы оның ауыртпалығын жеңілдетудің, арасында үлкен айырмашылық бар екенін есте ұстаулары керек.
18. Мақалаға қосымша берілген қоршау қай жағынан пайдалы болатынын түсіндіріңдер.
18 Исаның ілімдерін қарастыру және оларды іс жүзінде қолдану үшін, мақалаға қосымша берілген қоршаудағы бірінші пунктке көңіл бөліңдер. Ол бізді Матай 5:3—9-ға жолдайды. Расында да, осы керемет тармақтардың үстінен ой жүгірту үшін әрқайсымыздың жеткілікті уақыт жұмсағанымыз жөн. Алайда оларға жалпы көз жүгірткен кезде, көзқарасымыздың қандай болуы керек екендігіне қатысты қандай ой түйдіңдер? Өмірдің ауыртпалығын расында да жеңілдеткілерің келсе, сендерге не нәрсе көмектескен болар еді? Ой-саналарыңнан рухани нәрселерге көбірек орын беріп, оларға ерекше көңіл қояр болсаңдар мұның қанадай керемет жемісін көресіңдер? Рухани нәрселерге көбірек көңіл қою үшін, өмірлеріңде аса көңіл бөлінбеуі керек нәрселер бар ма? Осылай етер болсаңдар, қазірдің өзінде анағұрлым бақытты боласыңдар.
19. Білімімізді қалай тереңдетуге болады?
19 Енді әрі қарай жылжиық. Неге сол тармақтарды Құдайдың өзге қызметшісімен, мысалы, жұбайыңмен, жақын туысыңмен немесе досыңмен бірге талқыламасқа? (Нақыл сөздер 18:24; 20:5). Жас басшының рухани нәрселерді өзге біреумен, яғни Исамен, талқылауды дұрыс көргенін ұмытпалық. Исаның берген жауабы оның анағұрлым бақытты, әрі мәңгілік өмірге ие болуына мүмкіндік берген еді. Сол тармақтарды бірге талқылаған бауырласымыз Исаға тең болмағанымен, оның ілімі туралы пікір алмасқанымыз өзімізге де, серігімізге де пайдалы. Кешеуілдетпей мұны іс жүзінде байқап көріңдер.
20, 21. Қандай бағдарламаны қолданып Исаның ілімдерін ұстануды үйренуге болады және жетістіктерімізге қандай баға беруге болады?
20 “Көмек беретін ілімдер” деген қоршауға тағы да бір көз тастайықшы. Онда бұл ілімдер күніне кем дегенде біреуін қарастыруға болатындай етіп топтастырылған. Алдымен келтірілген тармақтардан Исаның не дегенін біліп алуларыңа болады. Сосын оның сөздерінің үстінен ой жүгіртіңдер. Оны өмірде қалай қолдануға болатынын ойлап көріңдер. Егер Құдайдан келген аталмыш ілімді қазірдің өзінде ұстанып жүрмін деп ойласаңдар, қалайша оны одан да жақсырақ қолдануға болатындығын ойланып көріңдер. Бір күн бойы сол ілімді іс жүзінде қолдануға тырысыңдар. Қандай да бір ілімді түсіну немесе іс жүзінде қолдану ауыр болса, оған тағы да бір күн арнаңдар. Алайда келесі ілімге өту үшін алдыңғысын әбден машықтаудың қажеті жоқ. Келесі күні басқа тармақтарды қарастыруға болады. Аптаның аяғында Исаның төрт не бес ілімін қаншалықты нәтижелі қолданғандарыңның үстінен ой жүгіртіңдер. Кейінгі аптада да күн санап осылай етуді жалғастыра беріңдер. Қандай да бір ілімді қолдана алмай қаласаңдар қамықпаңдар. Мұндай нәрсе мәсіхшілердің бәрімен болып тұрады (2 Шежірелер 6:36; Забур 129:3; Екклесиаст 7:20; Жақып 3:8). Қоршауда берілген ілімдерді үшінші, төртінші апталарда да ұстануды жалғастыра беріңдер.
21 Бір айда немесе сол шамадағы уақытта, бәлкім, сендер 31 пункттің бәрін қарастырып шыға алатын боларсыңдар. Тіпті олардың әр қайсысын қарастырып шыға алмасаңдар да, мұның нәтижесі қандай болмақ? Күш салғандарыңның арқасында өздеріңді анағұрлым бақытты, әрі жеңіл сезінетін боласыңдар ғой, солай емес пе? Мейлі, жақсы жаққа азғана ғана өзгеретін болсаңдар да, бәрібір ауыртпалық жеңілдей түсетін болса керек; сонымен қатар сендер өмірдің ауыртпалығымен күресуді және жоспарлы түрде Исаның ілімін қолдануды үйренесіңдер. Бұл тізімге оның басқа да керемет ілімдерінің енбегенін де ұмытпаңдар. Неге оларды да тауып алып, іс жүзінде қолдануға тырысып көрмеске? (Філіпіліктерге 3:16).
22. Исаның ілімін ұстанудың нәтижесі қандай болуы мүмкін және қандай сұрақ мұқият талқылауды талап етеді?
22 Өзіміз көріп отырғандай, Исаның қамыты аса жеңіл болмаса да, өте ыңғайлы. Оның ілімінің жүгі жеңіл, оның шәкірті болу да оңай. Алпыс жылдан астам уақыт бойы Исаның ілімін ұстанған оның жақын досы елші Жохан да мұның рас екендігімен келіскен болатын: “Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес” (1 Жохан 5:3). Бұған біз де сенімді бола аламыз. Исаның ілімдерін неғұрлым ұзақ ұстанған сайын, көптеген адамдардың өмірінің ауыртпалығын күшейтіп жүрген нәрселерден өзіміздің аса қасірет шекпейтінімізді соғұрлым анығырақ байқай түсеміз. Өмір сүрудің анағұрлым жеңілірек болғанын байқаймыз (Забур 33:9). Десе де, Исаның ыңғайлы қамытына қатысты біз тағы да бір мәселені қарастыруымыз керек. Иса: “Жуас, кіші пейілмін шын жүректен”,— деген. Біздің Исадан үйреніп, одан үлгі алуымызбен мұның қандай байланысы бар? Келесі мақалада осы сұрақ талқыланады (Матай 11:29).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге өмірдің ауыртпалығын жеңілдету үшін Исаға көңіл аударған дұрыс?
• Қамыт нені білдіретін болған және неге?
• Неге Иса өзгелерді өзінің қамытын киюге шақырған?
• Қалайша рухани мағынада рақатқа бөленуге болады?
[9-беттегі сөздер]
Ехоба Куәгерлерінің 2002 жылғы жылдық мәтіні мынадай болады: “Менің қасыма келіңдер... жандарыңды мен рақатқа бөлеймін” (Матай 11:28).
[10, 11-беттердегі қоршау/сурет]
Көмек беретін ілімдер
Матай 5-тен 7-дейінгі тарауларында қандай пайдалы нәрселер бар? Онда Ұлы Ұстаз Исаның Ғалилеядағы қыраттың бөктерінде айтқан ілімдері жазылған. Төменде келтірілген тармақтарды Киелі кітаптарыңнан оқып шығып, соларға қатысты қойылған сұрақтарды өздеріңе қойыңдаршы.
1. 5:3—9 Осы тармақтардың тұрғысынан қарастырғанда менің ой қалпым қандай болуы керек? Анағұрлым бақытты болу үшін не істеуім керек? Рухани мұқтаждықтарыма көбірек көңіл бөлу үшін не істеуім керек?
2. 5:25, 26 Адамдардың көпшілігі дауласқанды жақсы көреді, алайда мен өзімді қалай ұстағаным дұрыс? (Лұқа 12:58, 59).
3. 5:27—30 Исаның сөздерінде орынсыз қиялдауға қатысты не нәрсеге ерекше көңіл аударылады? Мұндай нәрселер жөнінде қиялдамағаным бақытты болуыма, әрі жанымның тыныш болуына қалай ықпал етеді?
4. 5:38—42 Неге мен осы дүниеге тән “намысын қорғауға” талпынудан аулақ болуым керек?
5. 5:43-48 Жау деп есептелетін өзім араласып жүрген адамдармен жақынырақ танысқанымның мен үшін қандай пайдасы бар? Бұл ала ауыздықтың азаюына немесе тіптен доғарылуына қалай ықпал етеді?
6. 6:14, 15 Кейде маған біреуді кешіру қиын болса, бұл менің іш тарлығымның не ызақорлығымның салдарынан емес пе екен? Мұндай қасиеттерден қалай арылуға болады?
7. 6:16—18 Ішкі болмысымнан гөрі сырт көрінісімді көбірек ойлауға бейіммін бе? Не нәрсеге көбірек көңіл қою керек?
8. 6:19—32 Ақша мен мал-мүлік жөнінде тым көп уайымдайтын болсам, мұның нәтижесі қандай болмақ? Бұл мәселеде салмақты көзқараста болуым үшін не жөнінде ойлануым керек?
9. 7:1—5 Қазымырланып кез келген адамды, кез келген нәрсені мінеп-сынай беретіндердің жанында өзімді қалай сезінемін? Неге солар сияқты болмаудың маңызы зор?
10. 7:7—11 Дұға еткенде табанды не қайсар болған дұрыс, ал өмірдің басқа салаларында ше? (Лұқа 11:5—13).
11. 7:12 Мен “алтын ережені” білемін, алайда өзгелермен араласқанда соған сәйкес әрекет етемін бе?
12. 7:24—27 Өз өміріме өзім басшылық ететін болғандықтан, қалай мен өзімді өмірдің дауылы мен селіне жақсылап дайындай аламын? Бұл жөнінде неге қазір ойланған дұрыс? (Лұқа 6:46—49).
Қарастыруға болатын қосымша ілімдер:
13. 8:2, 3 Қалай мен Исаға ұқсап бақытсыз адамдарға жиі жанашырлық таныта аламын?
14. 9:9—38 Менің өмірімде мейірімділік қай орында тұр, әрі қалай мен анағұрлым мейірімді бола алар едім?
15. 12:19 Осы пайғамбарлықтан сабақ алып, егесуден аулақ жүруге тырысамын ба?
16. 12:20, 21 Өзгелерді сөзіммен не қылығыммен “сындырмайтын” болсам, мұның қандай пайдасы болады?
17. 12:34—37 Көбінесе мен не жөнінде әңгіме етемін? Апельсинді қысса, ішінен апельсин шырыны шығатынын білемін. Олай болса, не себепті ішкі дүниемде, яғни жүрегімде, не бар екендігі жөнінде ойлануым керек? (Марқа 7:20—23).
18. 15:4—6 Исаның сөздерінен егде адамдарға деген қамқорлық жөнінде не білдім?
19. 19:13—15 Не нәрсеге уақыт табуым керек?
20. 20:25—28 Неге басшылыққа қол жеткізу қара бастың қамы болмауы керек? Осы мәселеде қалай мен Исаға еліктей аламын?
Марқа жазған қосымша ойлар:
21. 4:24, 25 Өзгелерге қалай қарайтындығымның қандай маңызы бар?
22. 9:50 Сөзім мен іс-әрекетімде ілтипаттылық танытуды есте ұстайтын болсам, бұл қандай жақсы жемістер әкелуі мүмкін?
Ал енді, Лұқа жазған кейбір ілімдер:
23. 8:11, 14 Егер менің өмірім тұрмыс қамының, байлық пен ләззат-ермектің ықпалында болса, мұның нәтижесі қандай болады?
24. 9:1—6 Исаның адамдарды сауықтыратын күші бар болғанмен, ол не нәрсеге көбірек көңіл аударған?
25. 9:52—56 Мен өкпелегішпін бе? Кекшіл болмауға тырысамын ба?
26. 9:62 Құдай Патшалығы туралы уағыздауға қатысты міндетіме қалай қараймын?
27. 10:29—37 Өзімнің жат адам емес, “маңайдағы адам” немесе жақын адам екенімді қалай дәлелдеуіме болады?
28. 11:33—36 Өмірімді неғұрлым қарапайым ету үшін, қандай өзгерістер жасауыма болар еді?
29. 12:15 Өмір мен байлықтың өзара қандай байланысы бар?
30. 14:28—30 Шешім қабылдамас бұрын оны мұқият салмақтап-саралауға уақыт бөлетін болсам, не нәрседен аулақ боламын және мұның қандай пайдасы бар?
31. 16:10—12 Барлық нәрседе адал болғанымның мен үшін қандай пайдасы бар?
[8-беттегі суреттер]
Исаның қамытын киіп, адамдардың құтқарылуына мүмкіндік беретін іске қатысқанда біздің жанымыз рақатқа бөленеді