“Алтын ереже”. Оны қолдануға болады
Адамдардың көпшілігі “алтын ережені” Иса айтқан өнегелілік нормасы деп санағанымен, Исаның өзі былай деген болатын: “Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі” (Жохан 7:16).
ИӘ, ИСАНЫҢ ілімдерінің, кейінірек “алтын ереже” ретінде әйгілі болған ілімі де бар, авторы — Исаны жіберген Жаратушымыз Ехоба Құдай.
Бастапқыда Құдай барлық адамдардың өзгелерге өзіндей қарағанын қалаған болатын. Ол адамдарды қалай жаратқаны арқылы өзгелердің қамын ойлаудың керемет үлгісін қалдырды: “Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты” (Жаратылыс 1:27). Бұл дегеніміз — Ехоба адамдардың бойына өзіне тән керемет қасиеттерін дарытқан. Осылайша олар тыныштықта, бақытты және үйлесімді өмір сүре алар еді. Тіпті мәңгі осылай болуы да мүмкін еді. Құдайдың берген ар-ожданы, егер дұрыс тәрбиеленсе, дұрыс жол көрсетіп, өздеріне қалай қарағанын қаласа, өзгелерге де солай қарауға талпындырар еді.
Өзімшілдік басым болып кетті
Адамзаттың өмірі осылай керемет басталғанымен, кейінірек қандай жағдай болды екен? Жай сөзбен айтқанда адамдардың бойында өзімшілдік сияқты жағымсыз қасиет пайда бола бастады. Адамдардың көпшілігі Киелі кітаптағы Жаратылыс кітабының үшінші тарауында жазылған алғашқы адам жұбының не істегені жайлы мәліметпен таныс. Құдайдың әділ нормаларының барлығына қарсы Шайтанның азғыруымен Адам мен Хауа өзімшілдікпен Құдайдың басшылығынан бас тартып, дербес, тәуелсіз болуды таңдады. Өзімшіл және бүлікшіл әрекеттерінің салдарынан олар өздері ғана қатты зиян шегіп қойған жоқ, барлық болашақ ұрпақтары да оның қайғылы зардабын шегетін болды. Бұл кейінірек “алтын ереже” ретінде танымал болған ілімнен бас тартудың салдарынан апатқа ұшырататынын анық көрсетті. Соның нәтижесінде, “бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады” (Римдіктерге 5:12).
Жалпы адамзат баласы Ехобаның сүйіспеншілікпен нұсқаған жолынан бас тартқанымен, Құдай олардан бас тартқан жоқ. Мысалы, Ехоба Исраил халқына басшылық ретінде Өзінің Заңын берді. Ол оларды өздеріне өзгелердің қалай қарағанын қаласа, оларға да солай қарауды үйретті. Құлдарға, жетім балаларға және жесірлерге қалай қараулары керек екендіктері жөнінде басшылық берді. Сондай-ақ, онда біреуге тіл тигізгендерге, адамды және өзге де нәрселерді ұрлағандарға қандай шара қолданылуы керек екендігі айтылды. Тазалыққа қатысты заңдардан өзгелердің денсаулығына деген қамқорлықты көруге болатын. Тіпті жыныстық қатынасқа байланысты да заңдар болды. Ехоба өзінің Заңын қорыта келе былай деп өсиет етті: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” Бұл сөздерді кейіннен Иса да қайталаған болатын (Леуіліктер 19:18; Матай 22:39, 40). Бұл Заңның ішінде исраилдіктердің арасында тұрған жат жерліктерге қалай қарау керек екендігі жөнінде де басшылық бар еді. Онда былай делінген: “Жат жерлік кірмені жәбірлеме! Кірме адамның көңіл-күйін жақсы ұғасыңдар, өздерің Мысыр елінде кірме болдыңдар емес пе?!” Басқаша айтатын болсақ, исраилдіктер жағдайы нашарларға жанашырлықпен қарап, қайырым көрсетулері керек еді (Мысырдан шығу 23:9; Леуіліктер 19:34; Заңды қайталау 10:19).
Осы Заңға адал болған уақытта Ехоба исраилдіктерге батасын төгіп отырды. Дәуіт пен Сүлеймен патшалық еткен кезде халық берекелі өмір кешіп, адамдар бақытты да өмірлеріне бек риза болды. Тарихи мәліметте былай делінген: “Теңіз жағасындағы құм сияқты қалың Яһуда мен Исраил ішіп-жеп, көңілді өмір кешті. Осылайша Яһуда мен Исраил әрқайсысы өз жүзімдігі мен інжір ағаштарының астында тыныш өмір кешті” (3 Патшалықтар 4:20, 25, СА).
Өкінішке орай, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі ұзаққа созылмады. Құдайдың Заңына ие болғанымен, исраилдіктер оны орындамады; өзімшілдіктің өзгелердің қамын ойлауларына кедергі жасауына жол берді. Осы жайт пен жолдан таюшылықтың салдарынан исраилдіктер жеке алғанда да, жалпы халық ретінде де зардап шекті. Ақыр аяғында б. з. б. 607 жылы Ехоба бабылдықтардың Яһуда патшалығы мен Иерусалим қаласын және тіпті сол қаладағы керемет ғибадатхананы да жоюына жол берді. Не себепті? “Менің сөздерімді тыңдамағандарың үшін, міне Мен адам жібертіп, солтүстіктегі барлық халықтарды жинап алып келемін дейді Тәңір және Менің құлым, Бабылдың патшасы Набуходоносорға жіберіп, оларды осы жерге, оның тұрғындарына және төңіректегі халықтарға алып келемін; сөйтіп оларды түгел жойып жіберемін де, оларды масқара, күлкі қылып, мәңгілікке қаңыратып бос қалдырамын” (Еремия 25:8, 9, СА). Ехобаға шынайы ғибадат етуден бас тартқандары үшін қандай жазаға ұшыраған десеңізші!
Еліктеу керек үлгі
Ал Иса Мәсіх болса, “алтын ережені” айтып қана қоймай, оны орындауға байланысты ең керемет үлгі қалдырды. Ол бар ықыласымен өзгелердің қамын ойлады (Матай 9:36; 14:14; Лұқа 5:12, 13). Бір жолы Наин қаласына жақын жерде Иса жалғыз ұлын жерлеуге алып келе жатқан қайғылы жесір әйелді көреді. Киелі кітапта былай делінген: ‘Иеміз Иса әйелді көргенде оған жаны ашыды’ (Лұқа 7:11—15). Бір түсіндірме сөздікке сәйкес, “жаны ашыды” деген сөз тіркесі “шын жүректен шыққан сезімді” білдіреді (Vine’s Expository Dictionary of Old and New Testament). Иса оның жүрегін мұң басқанын жанымен сезді де, қайғысын жеңілдету үшін шара қолданды. Иса жас жігітті тірілтіп, ‘шешесіне табыс еткенде’ жесір әйел қалай қуанды десеңізші!
Ақыр аяғында Құдайдың ниетіне сай, Иса адамзаттың күнә мен өлімнің құлдығынан құтылуы үшін, азап шегуге де даяр болып, азаттық төлемі ретінде өмірін қиды. Бұл “алтын ережеге” сай өмір сүрудің керемет үлгісі болған еді (Матай 20:28; Жохан 15:13; Еврейлерге 4:15).
Алтын ережеге сай өмір сүретін адамдар
Біздің уақытымызда шын мәнінде “алтын ережеге” сай өмір сүретін адамдар бар ма екен? Иә, бар және олар бұл ережені өздеріне ыңғайлы болғанда ғана ұстанбайды. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде ұлтшыл Германия еліндегі Ехоба Куәгерлері Құдайға деген сенімдерін, жақындарына деген сүйіспеншіліктерін сақтап, “алтын ережені” бұзудан бас тартты. Бүкіл елді еврейлерге деген жек көрушілік пен нәсілдік кемсітушілік жайлаған кезде де Куәгерлер “алтын ережені” ұстанудан бас тартпады. Тіпті концлагерьлерде де олар, ас-ауқаттың өздеріне жетіспейтіндігіне қарамастан, аштықтың азабын шеккен еврейлермен де, өзгелермен де бөлісіп жанындағы адамдарға қамқорлық жасады. Сондай-ақ, өзгелердің өздерін өлтіргенін қаламағандықтан, үкіметтің бұйырғанына қарамастан өзгелерді өлтіруден бас тартты. Өздеріндей жақсы көрулері керек болған адамдарды олар қалай өлтіре алар еді? Бас тартқандары үшін олардың көпшілігін концлагерлерге айдап қана қоймай, өлтірді де (Матай 5:43—48).
Қазір сіздің осы мақаланы оқып отырғаныңыз да “алтын ереженің” орындалып жатқанының тағы бір мысалы. Ехоба Куәгерлері қазіргі уақытта көп адамдардың азап шегіп жатқанын және олардың үмітсіз, қолдаусыз екенін түсінеді. Сол себепті Куәгерлер өз еріктерімен өзгелердің де болашаққа байланысты үміттерінің оянуына және олардың Киелі кітаптан тиімді басшылықты табуларына көмектесу үшін нақты істер атқаруда. Бұның бәрі бүкіл дүние жүзі бойынша бұрын-соңды болмаған көлемде жүріп жатқан ағарту ісінің бөлігі болып табылады. Оның нәтижесі қандай болып жатыр екен? Ишая 2:2—4 дейінгі тармақтарында алдын ала айтылғандай, “барлық халықтың адамдары” — дүние жүзі бойынша алты миллионнан астам адам — ‘Тәңір нұсқаған жолмен жүруде’. Бейнелеп айтқанда олар, ‘қылыштарын соқаға, найзаларын ораққа’ айналдырды. Олар осы мазасыз уақытта тыныштық пен қауіпсіздік тапты.
Сіз қандай шешім қабылдайсыз?
Шайтан Ібілістің азғыруымен Едемде бүлік шыққаннан бері “алтын ережені” бұзғандықтан адамзаттың басына түскен қайғы-қасірет жайында бір мезет ойланып көріңізші. Ехоба жақында жағдайды қайта қалпына келтірмекші. Қалай келтірер екен? “Құдайдың рухани Ұлы бұл дүниеге шайтанның ісін талқандау үшін келді” (1 Жохан 3:8). Бұл шара “алтын ережені” үйретіп, өзі де соған сай өмір сүрген дана да қабілетті патша Иса Мәсіх басшылық ететін Құдай Патшалығы билігін жүргізген кезде іске асады (Забур 36:9—11; Даниял 2:44).
Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт былай деген болатын: “Мен жас болдым, қартайдым, бірақ әділ адамның қараусыз қалғанын, оның балаларының нан сұрап жүргенін көрмедім. Ол күн сайын рақым етіп, қарыз береді, сол себепті оның ұрпақтары батаға ие болады” (Забур 36:25, 26, СА). Бүгінде адамдардың көпшілігі ‘рақым етіп, қарыз бергеннің’ орнына, арсыздықпен біреудің затын алып, өзінің ғана пайдасын ойлайтындығымен келісетін шығарсыз? “Алтын ережені” ұстанған адам шынайы тыныштық пен қауіпсіздікке қол жеткізеді, өйткені ондай адамдар қазір де, болашақта да Құдай Патшалығының қол астындағы баталарға ие болады. Құдай Патшалығы жер бетіндегі барлық өзімшілдік пен зұлымдық атаулыны жояды және қазіргі сатылғыш адамзат басшылығын Құдайдың жаңа дүниесімен алмастырады. Сонда бүкіл адамзат “алтын ережеге” сай өмір сүріп, қуанышқа кенелетін болады (Забур 28:11; 2 Петір 3:13).
[5-беттегі суреттер]
Иса “алтын ережені” үйретіп қана қойған жоқ, соған сай өмір сүрудің ең керемет үлгісін қалдырды
[7-беттегі суреттер]
“Алтын ережеге”сай өмір сүру арқылы шынайы тыныштық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге болады