Адамдарды шынайы бірлікке жеткізетін бір нәрсе бар ма?
ҚАНДАЙ дінді ұстансаңыз да, діндердің барлығында дерлік шындықты жақсы көретін адамдардың бар екеніне келісетін боларсыз. Шындықты жоғары бағалайтын және бар ықыласымен іздеп жүрген адамдарды индустардың, католиктердің, иудаизмді және өзге де діннің ілімдерін ұстанатын адамдардың ішінен кездестіруге болады. Алайда дін адамдардың арасына іріткі салатын сияқты. Кейбіреулер тіпті дінді зұлым ниеттерін жүзеге асыру үшін қолданады. Барлық діндегі әділдік пен шындықты сүйетін адал ниетті адамдардың арасында бірлік орнауы мүмкін бе? Оларды біріктіретін қандай да бір ортақ мақсат бар ма?
Діннің іріткі салуының салдарынан болып жатқан қақтығыстардың көбейіп отырғаны қаншалықты қайғылы десеңізші! Осы қақтығыстардың біразын атап өтер болсақ: Шри-Ланкадағы индустар мен буддистердің арасындағы соғыс; протестанттардың, католиктердің және иудаизм дінін ұстанатын адамдардың түрлі қақтығыстардағы қантөгісі; Босния, Шешенстан, Индонезия және Косовадағы “христиандардың” мұсылмандарға қарсы соғысы. Сондай-ақ, 2 000 жылдың наурыз айында дінге байланысты туған келіспеушіліктің салдарынан екі күннің ішінде нигериялық 300 кісі қаза тапты. Дініне бола жек көрушілік осы дау-дамайлардың кезіндегі зорлық-зомбылықты өршіте түсуде.
Діннің атымен жасалған зұлымдықтар жиі адал ниетті адамдардың жанын түршіктіреді. Мысалы, кейбір шіркеулердің жыныстық қатынасты көздеп балаларға қиянат жасаған дінбасыларын ресми түрде мойындап отырғаны көптеген шіркеуге баратын адамдарды ашындырады. Өзге бір сенушілерді христиан әлемінің секталарындағы гомосексуализм мен түсік тастауға байланысты келіспеушіліктер абыржытуда. Иә, діннің адамзатты біріктіре алмағаны анық. Әйтсе де, төмендегі мысалдардан көретініміздей, көптеген діндерде шындықты бар болмысымен сүйетін адамдар бар.
Олар шындықты аңсады
Фиделия Ла-Пастағы (Боливия) Сан-Франциско деп аталатын католик шіркеуінің мүшесі болатын. Ол өз дініне шын берілген адам еді. Мәриямның бейнесіне құлшылық ететін және айқышқа қағылған Исаның мүсінінің алдына мүмкіндігінше ең қымбат шырақтар қоятын. Жарлы адамдарға көмек ретінде таратуы үшін дінбасына апта сайын көп мөлшерде азық-түлік беретін. Алайда оның балаларының бесеуі католик шіркеуінің діни жорасына сәйкес шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын шетінеп кетеді. Олар жұмақ пен тозақтың ортасындағы түнекте қиналып жатыр деген дінбасының сөзін естігенде, Фиделия “Құдай сүйіспеншілікке толы әрі мейірімді болса, бұл қалай болғаны?” деп ойлап, аң-таң болады.
Тара есімді дәрігер Катманду қаласында (Непал) индуизмді ұстанатын отбасында туып-өскен еді. Ата-бабаларының ғасырлар бойғы әдет-ғұрпын ұстанған ол индустардың ғибадатханасында өзінің құдайларына ғибадат ететін және үйінде пұттар бар еді. Алайда Тараны келесі сұрақтар мазалайтын: неге қайғы-қасірет осыншама көп? Адамдар не себепті өледі? Өз дінінде ол бұл сұрақтарға көңіл толарлық жауап таба алмады.
Ал Паня болса Бангкокта (Тайланд) буддистердің отбасында туып-өсті. Олардың үйі каналдың жағасында орналасқан еді. Оны қайғы-қасіреттің барлығы да өткен өмірде жасаған күнәлардың салдары және олардан барлық қалауларыңнан бас тарту арқылы арылуға болады деп үйреткен болатын. Өзге де адал ниетті буддистер сияқты ол да күн сайын таңертең қайыр сұрап келетін сары тога киген монахтардың даналығын терең құрметтейтін. Ол медитациямен шұғылданатын және қорған болады деген сеніммен Будда бейнеленген заттарды жинайтын. Үлкен апатқа ұшырап, белінен төмен қарай сал болып қалған соң, керемет түрде айығамын деген үмітін арқалап буддистердің монастырьларына барады. Алайда ол науқасынан да, рухани да айыға алмайды. Оның орнына спиритизммен айналыса бастайды.
Вирджил Құрама Штаттарда дүниеге келді. Колледжде оқып жүрген кезінде ол Қара мұсылмандарға қосылады. Сөйтіп, олардың әдебиеттерін құлшыныспен таратады. Ол әдебиеттерде “ақ адам — ібіліс” делінген болатын. Сол себепті ақ адамдар қара нәсілділерге қарсы осыншама көп қатыгездік жасады деп санайтын еді қара нәсілді мұсылмандар. Өзінің нанымдарына шын көңілімен сенгенімен, Вирджилді келесі сұрақтар мазалайтын еді: қалайша барлық ақ адамдар жаман болуы мүмкін? Уағыздау кезінде неліктен ақша туралы көп айтылады?
Адамдардың көпшілігі католик дінін ұстанатын Оңтүстік Америкада туып-өскенімен, Чаро протестант дініне шын берілген еді. Айналасындағы пұтқа табынушылардың арасында болмағанына қуанатын. Әр жексенбі сайын шіркеуге барғанды ұнататын. Құлшылық ету кезінде “Халелуя” деп дауыстағаннан көңіл-күйін көтеріңкі сезінетін және өзгелерге қосылып діни әндер шырқап, би билейтін. Ол құтқарылатынына және қайта туылатынына шын көңілімен сенетін. Табысының оннан бір бөлігін шіркеуге төлейтін және теледидар арқылы уағыз айтатын өзі жақсы көретін кісі Африкадағы балаларға құрбандық етуін өтінгенде, оған ақша жібереді. Алайда пастордан сүйіспеншіліктің Құдайының неліктен адам жанын тозақта қинайтынын сұраған кезде, оның ақылға қонымды жауабы жоқ екенін түсінеді. Оның үстіне, кейінірек құрбан еткен ақшаларының Африкадағы балаларға көмекке жұмсалмағанын біледі.
Әр түрлі ортадан шыққандарына қарамастан, осы бес адамға ортақ нәрсе бар. Олар шындықты сүйген және бар ықыластарымен өздерін мазалаған сұрақтарға дұрыс жауап тапқысы келген. Алайда олар шынайы дінді таба алды ма екен? Бұл сұрақтың жауабын келесі мақаладан табуыңызға болады.
[4-беттегі сурет]
Әр түрлі ортадан шыққан адамдардың бірігуі мүмкін бе?
[3-беттегі сурет рұқсатымен]
G.P.O., Jerusalem