Мәсіхтің татулығы жүрегімізде билігін қалайша жүргізеді?
“Мәсіхтің татулығы жүректеріңде билігін жүргізсін! Сендер бір денеде осыған шақырылғансыңдар” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:15, ЖД).
1, 2. Қалай “Мәсіхтің татулығы” мәсіхшінің жүрегінде билігін жүргізеді?
“БИЛІК ЖҮРГІЗУ” деген сөйлемше көпшілігіне ұнамайды, өйткені бұл сөздермен бірге ықтиярсыз көндіру, айдағанына көндіру сияқты әрекеттер ойға келеді. Сол себепті Пауылдың Қолостағы мәсіхшілерге “Мәсіхтің татулығы жүректеріңде билігін жүргізсін” деген сөздері кейбіреулерге қисынсыз болып көрінуі мүмкін (Қолостықтарға 3:15, ЖД). Біз ерікті адамдар емеспіз бе? Неге әлдене немесе әлдекім біздің жүрегімізде билігін жүргізуі тиіс?
2 Пауыл қолостықтардың ерік бостандығынан бас тартулары керек екендігі жөнінде айтқан жоқ болатын. Қолостықтарға 3:15-тегі “билігін жүргізсін” деп аударылған грек сөзінің сол уақытта өтетін атлеттік жарыстарда кімнің жеңімпаз болатынын шешетін төрешіні білдіретін сөзбен байланысы бар. Ойынның ережелеріне сай жарысқа қатысушылардың белгілі шамада еркін әрекет етуге мүмкіндігі бар болатын, алайда, ақыр аяғында кімнің ережеге барынша сай әрекет етіп, сол себепті жеңіске жеткенін төреші шешетін. Тап сол сияқты, біздің де өмірде көптеген шешімдерді еркін қабылдауға мүмкіндігіміз бар, алайда әрқашан жүрегіміздегі төрешіміз, немесе аудармашы Эдгар Гудспид айтқандай “басқарушы принципіміз”, Мәсіхтің татулығы болу керек.
3. “Мәсіхтің татулығы” деген не?
3 “Мәсіхтің татулығы” деген не? Бұл — біз Исаның шәкірті болып, Ехобаның және оның Ұлының бізді сүйетіндігін, сондай-ақ оларға ұнамды екендігімізді білгенде пайда болатын жайбарақаттық, жан дүниенің тыныштығы. Шәкірттерін тастап кетер алдында Иса оларға былай деді: “Мен сендерге... Өзімнің тыныштығымды беремін... көңілдерің қобалжып қорықпаңдар” (Жохан 14:27). Мәсіхтің денесінің адал майланған мүшелерінің сол тыныштықтың орнағанына қуанып жүргеніне 2 000 жылдай уақыт болды. Бүгінде олардың серіктері “басқа қойлар” да олардың қуанышына ортақтасуда (Жохан 10:16). Осы тыныштық яки татулық біздің жүрегімізде билігін жүргізуі керек. Егер біз ауыр сынаққа душар болсақ, бұл татулық біздің бойымызды үрей билеуіне немесе шектен тыс уайымға салынуымызға жол бермейді. Келіңдер, әділетсіздікке кезіккен, сары уайымға салынған немесе өзімізді түкке тұрғысыз сезінген кездерде мұның қаншалықты рас екендігін көрелік.
Әділетсіздікке кезіккенде
4. а) Иса әділетсіздікті қалай білді? ә) Әділетсіздіктің құрбаны болғандықтары мәсіхшілерге қалай әсер етеді?
4 Сүлеймен патша: “Адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етеді”,— деген (Екклесиаст 8:9, СА). Иса бұл сөздердің қаншалықты рас екендігін білген. Көкте болған кезінде жердегі адамдардың бір-біріне қаншалықты әділетсіздік жасайтынын ол көрген. Жерге келгенде оның өзіне де үлкен әділетсіздік жасалды: Исаны, күнәсыз адамды, Тәңірге тіл тигізді деп айыптап, қылмыскер ретінде өлім жазасына кесті (Матай 26:63—66; Марқа 15:27). Бүгінгі күні әділетсіздік әлі де кеңінен етек алуда, әрі ‘барлық ұлттар жек көретін болғандықтан’, шынайы мәсіхшілер әділетсіздіктен қатты жапа шегуде (Матай 24:9). Сөйтсе де олар нацистердің өлім лагерьлерінде, Кеңес үкіметінің ГУЛАГ-ында басынан өткерген адам төзгісіз қиыншылықтарға қарамастан, сондай-ақ адамдардың тарпа бас салуының, жалған кінә тағудың құрбаны болғандарына қарамастан, Мәсіхтің татулығының арқасында мызғымас беріктік сақтауда. Олар Исаға еліктейді, ол жөнінде былай делінген: “Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап шеккен кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды” (1 Петір 2:23).
5. Қауымда біреуге қатысты әділетсіздік жасалыпты мыс дегенді естісек, не жөнінде ойлағанымыз жөн?
5 Кейде әділетсіздік мұндай кең көлемде болмауы мүмкін, мысалы, бізге мәсіхшілердің қауымында біреуге қатысты әділетсіздік жасалғандай болып көрінетін болар. Мұндай жағдайда бізді Пауылдікіндей сезім билеуі мүмкін, ол: “Біреу күнәға азғырылса, сол үшін күйіп-жанбаймын ба?”— деген (2 Қорынттықтарға 11:29). Біз не істей аламыз? Өзімізден: “Расында да әділетсіздік жасалды ма?” деп сұрағанымыз жөн. Біз әдетте болып жатқан жағдайды толық біле бермейміз. Бәлкім, жағдайдың мән-жайын біледі-ау деген адамды тыңдап алып, қызбалыққа салынып жүрген болармыз. Киелі кітапта: “Ақылсыз кез келген сөзге сене береді”,— деп бекер айтылмаған (Нақыл сөздер 14:15, СА). Сол себепті абай болған дұрыс.
6. Қауымда әділетсіздіктің жасалғанын байқасақ, қалай әрекет етуімізге болады?
6 Алайда әділетсіздіктің құрбаны біз өзіміз болдық делік. Мұндай жағдайда жүрегінде Мәсіхтің татулығы бар адам қалай әрекет етуі керек. Бәлкім, бізге әділетсіздік жасағандай болып көрінген адаммен әңгімелесу керек екендігін сезінетін болармыз. Алайда онымен әңгімелесіп болғаннан кейін, тыңдауға ыңғай танытқан әрбір адаммен болған әңгімені талқыға салғаннан гөрі, болған жағдайдың бәрін дұғада Ехобаға айтып, оның әділеттілік орнауына ықпал ететіндігіне сенім білдірген дұрыс емес пе? (Забур 9:11; Нақыл сөздер 3:5). Дұға етіп болғаннан кейін, болған нәрсені жүрегіміздің түкпірінде тексеріп ‘тыныштық табуымыз’ әбден мүмкін (Забур 4:5, СА). Көп жағдайларда Пауылдың: “Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх [“Ехоба”, ЖД] қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!” — деген кеңесін қолдануға болады (Қолостықтарға 3:13).
7. Бауырластарымызбен қатынасқанда әрқашан не нәрсені есте ұстауымыз керек?
7 Қалай әрекет етер болсақ та, болып жатқан жағдайға әсер ете алмасақ та, өзіміздің оған деген көзқарасымызды өзгерте алатынымызды есте ұстағанымыз жөн. Ал егер жасалған әділетсіздікті тым қызу қабылдайтын болсақ, мұның біздің татулығымызға келтірер залалы жасалған әділетсіздіктің өзінен де үлкен болуы мүмкін (Нақыл сөздер 18:14). Тіпті бұл біз үшін “кедергі тас” болып, әділдік орнамағанша қауым жиналысына келмей қоюымыз да ықтимал. Забур жыршысы Ехобаның заңын сүйетіндер ‘ештеңеге сүрінбейтіні’ жөнінде жазған болатын (Забур 118:165). Әділетсіздікпен әрбір адам кезігіп отырады, қазір өмір солай. Бұндай жағдайдың Ехобаға қызмет етуге кедергі болуына ешқашан жол бермеңдер. Жүректеріңде Мәсіхтің татулығы билігін жүргізсін.
Сары уайымға салынғанда
8. Қандай жағдайлар сары уайымға салуы мүмкін және оның нәтижесі қандай болады?
8 Қазіргі “соңғы дәуірде” сары уайымға салыну өмірдің ажырағысыз бөлігіне айналған (2 Тімотеге 3:1). Исаның: “Не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар!” — дегені рас (Лұқа 12:22). Алайда уайым дүние-мүлікке ғана қатысты бола бермейді. Лут Содомның тұрғындарының азғындығын көріп “қатты қиналған” (2 Петір 2:7). Пауылды ‘барлық қауымдардың қамы еңсесін басып, толғандырған’ (2 Қорынттықтарға 11:28). Иса өлер алдындағы түні қатты қиналғаны соншалық, ‘Оның тері қан тамшыларына ұқсап жерге тамды’ (Лұқа 22:44). Уайымның бәрі сенімнің жетіспейтіндігінің белгісі емес екені анық. Алайда не нәрсенің салдарынан уайымға салынсақ та, әрі ол жанымызға қатты батып, ұзаққа созыла беретін болса, бізді татулықтан айырады. Кейде адамның бойын сары уайым билеп алатыны соншалық, ол өзін Ехобаға деген қызметіндегі міндеттерін атқару үшін дәрмені таусылғандай сезінеді. Киелі кітапта былай делінген: “Адамның жүрегіндегі уайым оның ұнжырғасын түсіреді” (Нақыл сөздер 12:25, ЖД). Сары уайым жанымызға батып жүрсе не істеуімізге болады?
9. Уайымшылдықтан құтылу үшін қандай тиімді қадамдар жасауға болады және қандай жағдайларға қатысты уайымды түп-тамырымен жою мүмкін емес?
9 Кейбір жағдайларда тиімді қадамдар жасауға болады. Егер біздің проблемамызға себепші болып отырған денсаулығымыздың нашарлауы болса, оны елеусіз қалдырмаған дұрыс болар, алайда мұндай мәселеде әрбір мәсіхші өзі жеке шешім қабылдайдыa (Матай 9:12). Ал егер мойнымызға алған міндеттеріміз тым көп болса, бәлкім, кейбірін басқаларға жүктеген дұрыс болар (Мысырдан шығу 18:13—23). Өзге біреуге жүктей алмайтын ауыр міндеттері барлардың, мысалы, ата-аналық борышын атқарып жүргендердің, не істеулеріне болады? Шындыққа қарсылық білдіретін зайыбымен тұратын мәсіхшіге не істеуге болады? Ал күнделікті нанын әзер тауып жеп отырған отбасыларының немесе соғыс жүріп жатқан жерлерде тұратындар ше, олардың не істеулеріне болады? Әрине, қазіргі зұлым заманда сары уайымға салатын жағдайларың бәрін түп тамырымен жою мүмкін емес. Сөйтсе де, жүрегімізде Мәсіхтің татулығын сақтай аламыз. Қалайша?
10. Қандай екі тәсілді қолданып мәсіхші уайымнан құтыла алады?
10 Мұның бір жолы — Құдай Сөзінен жұбаныш іздеу. Дәуіт патша былай деп жазған: “Жүрегімде қайғы көбейгенде, Сенің жұбатқаның жанымды жадыратады” (Забур 93:19, СА). Ехобаның “жұбанышын” Киелі кітаптан табуға болады. Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған осы кітапқа үнемі жүгінгендігіміз жүрегімізде Мәсіхтің татулығын сақтауға көмектеседі. Киелі кітапта былай делінген: “Барлық уайымыңды Тәңірге тапсыр, сонда Ол сені демейді. Ол ешқашан әділеттінің сүрінуіне жол бермейді” (Забур 54:23, СА). Пауыл осыған ұқсас сөздер жазған: “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7). Үнемі шын жүректен дұға еткендігіміз де татулық сақтауға көмектеседі.
11. а) Дұғаға қатысты Иса қандай керемет үлгі көрсетті? ә) Біздің дұғаға деген көзқарасымыз қандай болу керек?
11 Иса дұға етудің керемет үлгісін көрсеткен. Кейбір жағдайларда ол көктегі Әкесіне бірнеше сағат бойы дұға еткен (Матай 14:23; Лұқа 6:12). Дұға Исаның ең ауыр сынаққа төтеп беруіне көмектескен. Өлер күні түнде Иса қатты қиналған болатын. Ол не істеді екен? Иса “одан бетер қатты мінажат етті” (Лұқа 22:44). Иә, Құдайдың кемелді Ұлы дұға еткіш адам болған. Олай болса, оның кемелсіз ізбасарлары үшін дұға етудің маңызы қаншалықты зор десеңші! Иса шәкірттеріне ‘әрқашан үміттерін үзбей Құдайдан сұрай берулері’ керектігін айтқан болатын (Лұқа 18:1). Дұға — бұл, бізді өзімізден де жақсы білетін Тұлғамен шынайы әрі аса маңызды әңгіме (Забур 102:14). Егер жүрегімізде Мәсіхтің татулығын сақтағымыз келсе, біз ‘үздіксіз Құдайға сиынатын’ боламыз (1 Салониқалықтарға 5:17).
Кемшіліктерімізді жеңудеміз
12. Не себепті кейбіреулер қызметтерін Ехобаға лайықсыз деп есептейді?
12 Ехоба өзінің қызметшілерінің әрқайсысын бағалы деп есептейді (Нағай 2:7). Алайда көпшілігіне солай екендігіне сену қиын. Әлдебіреулер қартайып жатқандығына, отбасындағы міндетінің барған сайын көбейіп жатқанына немесе денсаулығының нашарлап бара жатқанына жабырқайды. Басқалары болса, берекесіз отбасында өскендіктен, өздерін Құдайға қызмет етуге лайық емеспін деп есептейді. Тағы біреулері бұрынғы уақытта жасаған қателіктері үшін қатты қиналып, Ехобаның оларды кешіретіндігіне күмәнданады (Забур 50:5). Мұндай сезімдермен қалай күресуге болады?
13. Өздерін Ехобаға ұнамсызбын деп есептейтіндер Киелі кітаптан қандай жұбаныш таба алады?
13 Мәсіхтің татулығы Ехобаның сүйіспеншілігіне күмәндануымызға жол бермейді. Иса ешқашан біздің қаншалықты бағалы екендігіміз өзге біреумен салыстырғанда анық болады демеген. Егер осы жайлы ой жүгіртер болсақ, жүрегімізде сол татулықты қайта орната аламыз (Матай 25:14, 15; Марқа 12:41—44). Ол шексіз берілгендік жөнінде айтқан болатын. Иса шәкірттеріне: “Ал ақырына дейін табандылық көрсеткен әркім құтқарылады”,— деген (Матай 24:13). Исаны да адамдар ‘менсінбеген’, сөйтсе де ол Әкесінің сүйіспеншілігіне шек келтірмеген (Ишая 53:3; Жохан 10:17). Сондай-ақ Иса Ехобаның оның шәкірттерін де сүйетінін айтқан (Жохан 14:21). Осыны ерекше атап өту үшін, ол былай деген: “Екі торғайды сегіз-ақ тиынға сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар, сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29—31). Иса Ехобаның сүйіспеншілігіне қалайша шын жүректен сендірген десеңші!
14. Ехобаның біздің әрқайсымызды бағалайтынын көрсететін қандай сенуге болатын сөздер бар?
14 Сонымен қатар Иса былай деген: “Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар маған келе алады” (Жохан 6:44). Егер Ехоба бізді Исаның ізбасары болу үшін жақындатып тартқан болса, демек, Ол біздің аман қалғанымызды қалайды. Иса шәкірттеріне: “Көктегі Әкелерің осы кішкенелердің ешқайсысының құрып кеткенін қаламайды!” — деген (Матай 18:14, СА). Сондықтан, Ехобаға шын жүректен қызмет етіп жүрсеңдер, игі істеріңе қуана беріңдер (Ғалаттықтарға 6:4). Бұрынғы уақытта істеген қателіктерің жандарыңа батып жүрген болса, шын жүректен өкінгендер үшін Ехобаның “кешірімі шексіз” екендігіне сенімді болыңдар (Ишая 43:25; 55:7). Тағы да қандай да бір нәрсенің салдарынан жабырқап жүрсеңдер “Тәңірдің жүрегі жаралыларға жақын әрі кішіпейілділерді құтқаратынын” еске алыңдар (Забур 33:19, СА).
15. а) Қалайша Шайтан бізді татулықтан айыруға тырысуда? ә) Ехобаға қатысты біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?
15 Шайтан үшін бізді татулықтан айырғаннан артық қуаныш жоқ. Біздің күнәні мұра етіп, онымен күресіп жүргенімізге тап соның өзі кінәлі (Римдіктерге 7:21—24). Кемелсіз болғандықтан Құдайға ұнамды түрде қызмет ете алмаймын деп шешер болсаңдар, әрине, Шайтанның қуанышында шек болмайды. Ібілістің жігерлеріңді құм қылуына ешқашан жол бермеңдер! Оның зымиян ниетін есте ұстаңдар! Осыны есте ұстағандарың төтеп берулерің үшін жігер беретін болсын (2 Қорынттықтарға 2:11; Ефестіктерге 6:11—13). ‘Құдайдың жүрегімізден жоғары, әрі бәрін де білетіні’ естеріңде болсын (1 Жохан 3:20). Ехоба біздің қателіктерімізді ғана емес, біздің ниетіміз бен ынтамызды да көреді. Сондықтан Забур жыршысының: “Тәңір өзінің халқынан бас тартпайды, Өзінің меншікті халқын тастамайды”,— деген сөздерінен жұбаныш алыңдар (Забур 93:14, СА).
Мәсіхтің татулығы біріктіргендер
16. Қай мағынада төтеп беру үшін жүріп жатқан күресте біз жалғыз емеспіз?
16 Пауыл Мәсіхтің татулығының жүрегімізде билігін жүргізуіне жол беру керек екендігіміз жөнінде жазған болатын, өйткені біз ‘бір денеде соған шақырылғанбыз’. Пауыл осы сөздерін арнап жазған майланған мәсіхшілер, қазіргі уақытта әлі жер бетінде өмір сүріп жатқан мәсіхшілер сияқты, Мәсіхтің денесінің мүшесі болуға шақырылған болатын. Олардың серіктері “басқа қойлар” бір Бағушының — Иса Мәсіхтің — қол астына “біртұтас отар” болып біріккен. (Жохан 10:16). Осы миллиондаған адамдардан тұратын дүниежүзілік ‘отардың’ мүшелері Мәсіхтің татулығының жүректерінде билік жүргізуіне жол берген. Жалғыз емес екендігімізді білгеніміз қиыншылықтарға төтеп беруімізге көмектеседі. Петір былай деп жазған: “Сенімдеріңе берік болып, оған [Шайтанға] төтеп беріңдер! Дүниенің төрт бұрышындағы құрбы қауымдастарыңның да [“бауырластарыңның да”, СА] дәл сондай азаптарды шегуге мәжбүр екенін білесіңдер ғой” (1 Петір 5:9).
17. Мәсіхтің татулығының жүрегімізде билігін жүргізуіне жол беруімізге бізді не талпындырады?
17 Құдайдың киелі рухының аса маңызды жемісі — тыныштыққа ұмтылуды әрі қарай жалғастыра берелік (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Ехоба таза, кінәратсыз, әрі тату деп тапқан адамдар ақыр аяғында Оның батасына ие болып, әділдік орнаған жердегі жұмақта мәңгі өмір сүретін болады (2 Петір 3:13, 14). Мәсіхтің татулығының жүрегімізде билігін жүргізуіне жол беруге бізде барлық себептер бар.
[Сілтеме]
a Кейде денсаулықтың нашарлауының, мысалы, қатты торығу сияқты дәрігердің көмегін талап ететін жағдайлардың, салдарынан да адам уайымшыл болып кетуі мүмкін.
Естеріңде ме?
• Мәсіхтің татулығы деген не?
• Әділетсіздікке кезіккенде Мәсіхтің татулығы қалай жүрегімізде билігін жүргізе алады?
• Мәсіхтің татулығы уайымшылдықпен күресуге қалай көмектеседі?
• Өзімізді түкке тұрғысыз сезінгенде Мәсіхтің татулығы бізді қалай жұбатады?
[29-беттегі сурет]
Айыптаушыларының алдында тұрғанда Иса өзін Ехобаға тапсырған болатын
[31-беттегі сурет]
Құдай төзімділікті жоғары бағалайды
[32-беттегі сурет]
Сүюші әкенің қамқор құшағы іспетті, Ехобаның жұбанышы бізге тыныштық сыйлайды