‘Тыныштықты іздеп, соған ұмтылыңдар’
“Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар” (РИМДІКТЕРГЕ 12:18).
1, 2. Неге адамдар орнататын татулық берік емес?
КӨЗ алдарыңа іргетасы берік емес, арқалықтары шіріген, шатыры қисайып қалған үйді елестетіп көріңдерші. Сондай үйде тұрғыларың келер ме еді? Әрине, тұрғыларың келмес еді. Мұндай үйді жаңадан сырлап қойсаң да, ол берік бола қалмайды. Ерте ме, кеш пе бәрібір қирап қалады.
2 Адамдар орнатқан татулық атаулыны осындай үйге теңеуге болады. Оның іргетасы берік емес, адам баласының “құтқара алмайтын” уәделері мен қулық-сұмдығына қаланған (Забур 145:3). Адамзат тарихы бойына ұлтаралық, этникалық топтар мен тайпалардың арасында болған қақтығыстар үздіксіз жалғасып отырған. Рас, татулық орнаған кезеңдер де болып тұрған, алайда ол қандай татулық? Соғысып жатқан екі елдің бірі жеңілгендіктен ғана немесе екі жақ та соғысты әрі қарай жалғастырудан еш нәтиже шықпайтынын түсінгендіктен ғана бейбіт бітім жасасатын болса, татулық қандай болмақ? Бәрібір ызаның, күдік пен қызғаныштың табы қалады ғой. Өшпенділікті жасыру үшін ғана, былайша айтқанда, “жаңадан сырлап қою” үшін ғана, қолданылатын татулық ұзаққа созылмайды (Езекиел 13:10).
3. Неге Құдай халқының арасында орнаған татулық адамдар орнатқан татулықтан өзгеше?
3 Сөйткенмен де, соғыс жайлаған дүниеде де нағыз татулықты табуға болады. Қайдан? Иса Мәсіхтің ізбасарларының арасынан, яғни Исаның сөздеріне құлақ асып, оның өмір салтына еліктеуге тырысып жүрген шынайы мәсіхшілердің арасынан кездестіреміз (1 Қорынттықтарға 11:1; 1 Петір 2:21). Алуан түрлі нәсілден, ұлттан, сондай-ақ әлеуметтік жағдайлары да әр түрлі адамдардан тұратын шынайы мәсіхшілердің арасындағы тыныштықты нағыз тыныштық деуге болады, өйткені олардың тыныштығы Құдаймен тату қарым-қатынасқа негізделген. Ал, өз кезегінде мұндай қарым-қатынас олардың Иса Мәсіхтің азаттық төлеміне деген сеніміне негізделген. Олардың арасындағы тыныштық — адамдардың жетістігі емес, Құдайдың сыйы (Римдіктерге 15:33; Ефестіктерге 6:23, 24). Бұл олардың ‘Тыныштықтың Әміршісі’ Иса Мәсіхке бойсұнатындығының және “сүйіспеншілік пен тыныштықтың қайнар көзі” — Ехобаға ғибадат ететіндігінің нәтижесі болып табылады (Ишая 9:6; 2 Қорынттықтарға 13:11).
4. Қалай мәсіхші тыныштыққа немесе татулыққа “ұмтылады”?
4 Кемелсіз адамдардың арасында тыныштық өздігінен орнала қалмайды. Міне, сол себепті Петір әрбір мәсіхшінің “тыныштықты іздеп, соған ұмтылуы” керек екенін айтқан болатын (1 Петір 3:11, СА). Бұған қалай қол жеткізуге болады? Бұл сұраққа ежелгі уақытта жазылған пайғамбарлық жауап береді. Ехоба Ишая пайғамбар арқылы былай деген: “Балаларыңның бәрі Тәңір Иеден тәлім алып, керемет амандық пен тыныштыққа кенелмек” (Ишая 54:13; Філіпіліктерге 4:9). Иә, Ехобаның тәліміне құлақ асқандар ғана нағыз тыныштыққа, не татулыққа жетеді. Сонымен қатар “сүйіспеншілік, қуаныш... шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық” сияқты, тыныштық та Құдайдың киелі рухының жемісі болып табылады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сүймейтін, қуанбайтын, шыдамсыз, қайырымсыз, пейілі тар, сенбейтін, ілтипатсыз, ұстамсыз адамдарда тыныштықтың болуы мүмкін емес.
‘Барлық адамдармен тату болу’
5, 6. а) Тату болу мен татуластырушы болудың арасында қандай айырмашылық бар? ә) Мәсіхшілер кіммен тату болуға ұмтылады?
5 Тыныштық сөзіне “тым-тырыстық, алаңсыздық” деген анықтама беріледі. Мұндай анықтаманы келіспеушілік жоқ жердегі көп жағдайларға қолдануға болады. Тіпті өлген кісі жөнінде де “жатқан жері жайлы [немесе тыныш] болсын” деп айтылады. Өзімізбен де, өзгелермен де тыныш немесе тату тұру үшін, тату болып қана қою жеткіліксіз. Таудағы уағызында Иса: “Татуластырушылар бақытты: Олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ!” — деген (Матай 5:9). Бұл сөздерді Иса кейінірек Құдайдың рухани ұлдары болып, көкте мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болатын адамдарға айтқан (Жохан 1:12; Римдіктерге 8:14—17). Ақыр аяғында көкте өмір сүруге үміттенбейтін Құдайға адал болған адамдардың барлығы да “Құдайдың балаларының жарқын бостандығына” ие болады (Римдіктерге 8:21, ЖД). Мұндай үмітке тек татуластырушылар ғана ие бола алады. Тату болу мен татуластырушы болудың арасында айырмашылық бар. Киелі кітаптың түсіндіруіне сәйкес, татуластырушы — ол татулықтың, не тыныштықтың, орнауына барынша ықпал ететін, тіпті бұрын татулық пен тыныштық жоқ болған жерде оны орнататын адам.
6 Осыны есте ұстай отырып, елші Пауылдың римдіктерге берген кеңесіне көңіл аударалық: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар” (Римдіктерге 12:18). Пауыл римдіктердің жай ғана сабырлы болулары керек екендігі жөнінде айтқан жоқ болатын, әрине, ол да пайдалы нәрсе. Алайда Пауыл оларды татулыққа ұмтылуға шақырған болатын. Олар кімдермен тату болуға ұмтылулары керек еді? “Барлық адамдармен”: отбасы мүшелерімен, бауырластарымен, тіпті олардың көзқарастарымен келіспейтіндермен де. Ол римдіктерді ‘қолдарынан келгенше’ өзгелермен тату болуға шақырған. Жоқ, Пауыл олардың татулық үшін сенімдерінен бас тартқанын қалаған жоқ. Алайда өзгелерді өшіктірмей, қайта, римдіктердің оларға жылы шырай танытқандары жөн болған болар еді. Қауымда да, қауымнан тыс жерлерде де мәсіхшілердің осы кеңеске құлақ асулары керек болатын (Ғалаттықтарға 6:10). Осыған орай, Пауыл былай деп жазды: “[“Әрдайым”, ЖД] бір-біріңе және басқаларға жақсылық жасауға ұмтылыңдар!” (1 Салониқалықтарға 5:15).
7, 8. Қалай мәсіхшілер өздерінің сенімдерін қолдамайтындармен тату болуға ұмтылады және олар не үшін олай етеді?
7 Қалайша біздің көзқарастарымызбен келіспейтіндермен, бәлкім, тіпті қарсылық білдіретіндермен тату болуға болады? Мұның бір жолы — өзімізді жоғары ұстаудан аулақ болу. Мысалы, егер біз әлдекімге менсінбеген сыңай танытар болсақ, сірә, бізді татулыққа ұмтылатын адам деу қиын болар. Ехоба қандай да бір ұйымдар мен адамдардың белгілі бір топтарына үкім шығарып қойған, десе де, біздің ешкім жөнінде жазаға кесіліп қойғандай сөйлеуге қақымыз жоқ. Біз өзгелерге, тіпті жауларымызға да, төрелік етпеуіміз керек. Пауыл Титке Криттегі мәсіхшілердің жергілікті әкімшілікпен қандай қарым-қатынаста болулары керек екендіктері жөнінде кеңес беруді бұйырғанда, олардың ‘ешкімді қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық танытулары’ керек екендіктерін де естеріне салуды өтінді (Титке 3:1, 2).
8 Біздің сенімімізді қолдамайтындармен тату болуға ұмтылғандығымыз, олар үшін шындықты тартымды етуге мүмкіндік береді. Әрине, біз ‘адал әдеттерден айыратындармен’ достық қарым-қатынаста болудан аулақпыз (1 Қорынттықтарға 15:33). Сөйтсе де ілтипатты болып, барлық адамдарға сый-құрмет, жылы шырай танытқанымыз жөн. Петір былай деп жазған: “Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола, Тәңір бізді құтқаруға келген күні олар Оны мадақтайтын болады” (1 Петір 2:12).
Қызметте татулыққа ұмтылу
9, 10. Елші Пауыл сенбейтіндермен тату болуға қалай ұмтылу керек екендігіне қатысты қандай үлгі көрсетті?
9 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер батылдығымен танымал болған. Олар хабарды жұмсартып жеткізбеген, қарсылыққа кезіккенде де, адамдарға емес, Құдайға әкім ретінде мойынсұнуға белдерін бекем буған болатын (Елшілердің істері 4:29; 5:29). Алайда олар батылдықтан дөрекілікті ажырата білген. Ирод Агриппа ІІ патшаның алдында сенімін қорғағанда Пауылдың өзін қалай ұстағанын қарастырып көрейікші. Ирод Агриппа өзінің Бернике деген қарындасына үйленіп алған болатын. Бірақ Пауыл Агриппаға құлықтылық жөнінде ақыл айтқан жоқ. Керісінше, Пауыл Агриппаны иудейлердің әдет-ғұрыптарын жақсы білетіндігі мен пайғамбарларға сенетіндігі үшін мақтап, екеуін біріктіретін ортақ нәрселерге баса көңіл аударды (Елшілердің істері 26:2, 3, 27).
10 Бәлкім, бұл өзіне бостандық сыйлай алатын адамға Пауылдың жағымпазданғаны болар? Жоқ. Пауыл өзі берген кеңесті ұстанып, ақиқатты айтты. Ол Ирод Агриппаға бірде-бір жалған сөз айтқан жоқ (Ефестіктерге 4:15). Пауыл татуластырушы болған, әрі ‘әр түрлі адамдарға’ қалай ‘бейімделу’ керек екенін білген (1 Қорынттықтарға 9:22). Оның мақсаты— өзгелерге Иса туралы уағыздау құқығын қорғау болатын. Жақсы тәлімгер ретінде Пауыл әңгімесін Агриппа екеуі де келісе алатын нәрседен бастаған. Пауыл бұлай етуімен өнегесіз патшаның мәсіхшілік жөнінде жағымды көзқараста болуына ықпал етті (Елшілердің істері 26:28—31).
11. Қалай біз қызметте татуластырушы бола аламыз?
11 Қалай біз қызметте татуластырушы бола аламыз? Пауыл іспетті, дауласудан аулақ болуымызға болады. Әрине, кейде ‘Құдай Сөзін қорықпай уағыздап’, сенімімізді батыл қорғауға тура келетін кездер де болады (Філіпіліктерге 1:14). Бірақ, әдетте біз адамдарға жай ғана ізгі хабарды уағыздаймыз (Матай 24:14). Бәлкім, Құдайдың ниеті туралы шындықты түсінгеннен кейін, адам жалған діннің ілімдерінен бас тартып, бұдан былай арам істермен айналыспауды шешетін болар. Сол себепті әңгімені мүмкіндігінше тыңдаушыларымызбен келісімге келе алатын нәрседен бастап, оларды қызықтыратын нәрселерге көңіл аударған жөн. Хабарымызға құлақ асқысы келіп-ақ тұрған адамның жағымсыз әрекетімізбен бетін қайырып тастағанымыз өкінішті болар еді (2 Қорынттықтарға 6:3).
Отбасындағы татуластырушылар
12. Қалай біз отбасында татуластырушы бола аламыз?
12 Пауыл некеге тұрғандардың ‘өмірлерінде көп ауыртпалық көретінін’ айтқан болатын (1 Қорынттықтарға 7:28). Қиыншылықтар сан алуан болуы мүмкін. Мысалы, ерлі-зайыптылардың арасында келіспеушілік болуы ықтимал. Мұндай жағдайларда не істеуге болады? Татулыққа ұмтылу керек. Татуластырушы жанжал өртін тұтатпауға тырысады. Қалай? Ол абайлап сөйлейді. Дененің кішігірім мүшесін ащы мысқыл мен шақпалы ескертулер жасауға қолданатын болса, тіл расында да “уға толы”, ‘бағынуға көнбейтін жаман нәрсеге’ айналады (Жақып 3:8). Татуластырушы өзінің тілін араздастыру үшін емес, ынтымақтастыру үшін қолданады (Нақыл сөздер 12:18).
13, 14. Қате сөйлеп күнә жасағанда немесе шектен тыс қызбалыққа салынғанда қалайша татулық сақтауға болады?
13 Бәріміз де кемелсізбіз, сол себепті кейде соңынан өкіндіретін сөздер айтамыз. Осындай нәрсе болып қалған жағдайда, кешеуілдетпестен қателікті жөндеңдер — қайтадан татулық орнатыңдар (Нақыл сөздер 19:11; Қолостықтарға 3:13). ‘Сөздер туралы айтыс-тартыс’ пен ‘қиян-кескі ұрыс-керіске’ (ЖД) салынбаңдар (1 Тімотеге 6:4, 5). Болып жатқан жағдайдың мәнісін, сондай-ақ зайыптарыңның сезімін түсінуге тырысыңдар. Дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермеңдер. “Кішіпейілділікпен берілген жауаптың қаһарды басатыны” естеріңде болсын (Нақыл сөздер 15:1, СА).
14 Кейде, бәлкім, Нақыл сөздер 17:14-те (СА) жазылған: “Жанжал оты жанбас бұрын оны қалдыр”,— деген сөздердің үстінен ой жүгірткен артық болмас. Бір сәт кідіріп, болып жатқан жағдайға сырттан қарап көріңдер. Кейінірек, ашу басылған соң, мәселені тату түрде шеше алатын боларсыңдар. Кейбір жағдайларда рухани толысқан мәсіхші бақылаушыдан көмек сұраған жөн болар. Тәжірибелі әрі жанашыр мәсіхшілер отбасы татулығын сақтауға көмектесе алады (Ишая 32:1, 2).
Қауымдағы татуластырушылар
15. Жақыптың сөздеріне сәйкес, кейбір мәсіхшілердің арасында қандай рух пайда болған және неге бұл рух “осы күнәкар дүниеге”, “жануарларға” және “жын-перілерге” тән?
15 Өкінішке орай, I ғасырдағы кейбір мәсіхшілер татулық рухын емес, күншілдік пен жанжал құмарлық рухын танытқан. Жақып былай деген: “Мұндай жалған “даналық” көктен келмейді, ол осы күнәкар дүниеге, өз бетімен жүрген ескі болмысымызға [“жануарларға”, ЖД] және жын-перілерге тән. Қай жерде қызғаныш пен қара бастың абыройын ойлау [“жанжал құмарлық”, ЖД] болса, тәртіпсіздік пен зұлымдық атаулы да сол жерде” (Жақып 3:14—16). Мұндағы “жанжал құмарлық” деп аударылған грек сөзі даңққұмарлыққа, қайткен күнде де жоғары дәрежелі орынға жетуді көздеуге меңзейді деген пікір бар. Жақып жанжал құмарлықты “осы күнәкар дүниеге, жануарларға және жын-перілерге тән” деп бекер айтпаған. Тарих бойында дүние жүзін билеп-төстеген әміршілер бір-бірімен жабайы жануар іспетті күресіп, жанжал құмарлық рух танытып келген. Расында да жанжал құмарлық “осы күнәкар дүниеге” және “жануарларға тән”. Сонымен қатар ол “жын-перілерге тән”. Ең алғаш мұндай рухты Ехобаға қарсы шығып, Шайтанға, яғни жын-перілердің билеушісіне, айналған билікқұмар періште танытқан болатын.
16. Бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілер қалай Шайтанға тән рух танытқан?
16 Жақып мәсіхшілерді бойларында жанжал құмарлық рухын дамытудан аулақ болуға шақырған, өйткені ол татулыққа қарама-қарсы рух. Ол: “Ендеше араларыңдағы қастастық пен дау-жанжал қайдан шығады? Бойларыңдағы соғысып жатқан арам құмарлықтарыңнан туады емес пе?” — деп жазды (Жақып 4:1). Мұндағы “арам құмарлықтар” деген сөз дүние-мүлік жиюға немесе атақты болуға, билікке яки беделді болуға деген ынтызарлыққа меңзейді. Қауымдағы кейбіреулер Исаның оның шынайы шәкірттері өздерін “ең кішік” адам іспетті ұстаулары керек деген сөздеріне құлақ асудың орнына, Шайтан сияқты, беделділікке талпынған болса керек (Лұқа 9:48). Мұндай рух қауымдағы татулықты бұзады.
17. Бүгінгі күнгі мәсіхшілер қалай қауымда татуластырушы бола алады?
17 Бүгінгі күні біз де дүние-мүлік жинауға, күншілдік пен даңқұмарлыққа деген ынтызарлықпен күресуіміз керек. Егер біз шын көңілімізбен татуластырушы болуға ұмтылатын болсақ, қауымда әлдекімнің әлдебір нәрсені бізден жақсы істей алатындығы үшін қамықпаймыз, сондай-ақ мұндай бауырластарымыздың ниетінің ақ екендігіне күмән келтіріп, өзгелердің алдында оларды кемсітпейміз. Егер қандай да бір дарынымыз бар болса, біздің тәжірибеміз бен біліктілігіміздің арқасында ғана қауым жиналысы жетістіктерге жетіп отырғанына меңзегендей, дарынымызды өзгелерден өзімізді жоғары көрсету үшін қолданбаймыз. Мұндай рух татулыққа жеткізбеген болар еді, қайта, іріткі салады. Татуластырушылар дарындарын жұртқа әйгілі етуге тырыспайды, олар оны бауырластарына қызмет ету үшін, әрі Ехобаның мадақтау үшін кілшіпейілділікпен қолданады. Олар нәтижесінде шынайы мәсіхшілердің қабілеттеріне қарай емес, танытқан сүйіспеншіліктеріне қарай танылатынын біледі (Жохан 13:35; 1 Қорынттықтарға 13:1—3).
‘Татулықты бақылаушыларың етіп тағайындаймын’
18. Ақсақалдар өзара татулық сақтауға қалай ықпал ете алады?
18 Қауым ақсақалдары татулыққа ұмтылуда үлгі көрсетеді. Өзінің халқы туралы Ехоба алдын-ала былай деген: “Татулықты бақылаушыларың етіп, әділеттілікті тапсырма берушілерің етіп тағайындаймын” (Ишая 60:17, ЖД). Осы пайғамбарлық сөздерге сәйкес, мәсіхші бақташы ретінде қызмет ететіндер өзара тату болу үшін және отарда татулық орнату үшін барынша тырысып бағуда. Ақсақалдар “жоғарыдан келген” бейбіт әрі парасатты “даналықты” таныту арқылы өзара тату бола алады (Жақып 3:17). Қауымдағы ақсақалдардың шыққан тегі, өмірлік тәжірибесі әр алуан, сол себепті кейбір сұрақтарға байланысты олардың ойлары бір жерден шықпайды. Бұл олардың арасында татулық жоқ дегенді білдіре ме? Егер мұндай жағдайда ақсақалдар өздерін дұрыс ұстайтын болса, бұл олардың арасында татулық жоқ дегенді білдірмейді. Татуластырушы өз ойын кішіпейлділікпен жеткізеді де, сосын, өзгелерді құрмет тұтып, олардың да ойын тыңдайды. Ол өз дегенін орындатуға тырыспайды, қайта, бауырласының ойын мұқият салмақтап-саралайды. Егер Киелі кітаптағы принцип бұзылмайтын болса, көзқарастардың әр түрлі болғанында тұрған оғаштық жоқ. Сондықтан өзгелер оның көзқарасымен келіспейтін болса, татуластырушы соған көніп, көпшілікке бағынады. Осылайша ол парасатты екендігін көрсетеді (1 Тімотеге 3:2, 3, ЖД). Тәжірибелі бақылаушылар өз дегеніне жеткеннен гөрі, татулық сақтағанның маңызы анағұрлым зор екенін біледі.
19. Қалай ақсақалдар Қауымда татуластырушылар ретінде әрекет етуде?
19 Ақсақалдар қауым мүшелеріне көмектесіп, сондай-ақ олардың іс-әрекеттерін жөнсіз сынға салмай, татулықтың орнауына ықпал жасайды. Әрине, кейбір жағдайларда, бәлкім, әлдекімді тура жолға салу керек болар (Ғалаттықтарға 6:1). Алайда бақылаушы мәсіхшінің басты мақсаты өзгелерді жөнге салу емес. Көбінесе ол мақтау сөздер айтады. Сүйіспеншілігі мол ақсақалдар өзгелердің жақсы қасиеттерін көруге тырысады. Бақылаушылар бауырластарының ауыр еңбегін бағалайды, әрі олардың барын салып, қолдарынан келгенше қызмет етіп жүргендеріне сенімді (2 Қорынттықтарға 2:3, 4).
20. Барлығымыздың тату болуға күш салғандығымыздың қауым үшін қандай пайдасы бар?
20 Сонымен, біз отбасында, қауымда және біздің көзқарастарымызбен келіспейтіндермен қатынасқанда тату болу үшін бар күшімізді саламыз. Егер әрқайсысымыз тату болу үшін өз тарапымыздан күш салар болсақ, қауым мүшелері қуанышқа бөленетін болады. Оның үстіне, келесі мақаладан көретініміздей, мұндай татулық бізге қорған болады, әрі бізді нығайтады.
Естеріңде ме?
• Татуластырушы болу деген нені білдіреді?
• Ехоба Куәгерлері болып табылмайтын адамдармен қалайша біз тату болуға тырыса аламыз?
• Отбасында татулық сақтаудың қандай жолдары бар?
• Ақсақалдар қауымда татулық орнауына қалай ықпал ете алады?
[23-беттегі сурет]
Татуластырушылар өздерін өзгелерден жоғары ұстауға тырыспайды
[24-беттегі суреттер]
Мәсіхшілер қызметте, отбасында және қауымда татулыққа ұмтылады