Соңғы шешуші жеңіске жақындап келеміз!
“Қарап қалсам, алдымда ақ боз ат тұр екен. Ат үстіндегінің қолында садағы бар екен, сосын оған тәж берілді де, ол жеңімпаз ретінде, жеңу үшін шықты” (АЯН 6:2, СА).
1. Жохан аянында болашақта болатын қандай оқиғаны көрді?
ҚҰДАЙДЫҢ рухының көмегімен елші Жохан 1 800 жыл өткеннен кейін болатын жағдайды көріп, Мәсіхтің Патша ретінде таққа отырғанын суреттеді. Жохан аянда көрген оқиғаның орындалатынына сенуі керек болатын. Бүгінгі күні біз Патшалық туралы пайғамбарлықтың 1914 жылы орындалғанының дәлелдерін анық көре аламыз. Біз сенім көзімен Иса Мәсіхтің ‘жеңімпаз ретінде, жеңу үшін шыққанын’ көреміз.
2. Патшалықтың дүниеге келгені Шайтанға қалай әсер етті және бұл нені дәлелдейді?
2 Патшалық дүниеге келісімен, Шайтан көктен қуылды да, бұрынғысынан да бетер қаһарлана түсті. Бірақ, бәрібір оның жеңіске жетуге деген мүмкіндігі артқан жоқ (Аян 12:7—12). Оның қаһарлануы дүние жүзіндегі жағдайдың мейлінше қиындай түсуіне ықпал етті. Адамзат қоғамы құлдырауда. Осы жағдайлардың барлығы Ехоба Куәгерлері үшін Патшаларының ‘жеңу үшін шыққанының’ анық дәлелі болып табылады.
Жаңа дүниенің қоғамы құрылуда
3, 4. а) Патшалық дүниеге келгеннен бері мәсіхшілер қауымындағы ұйымдастыру тәртібінде қандай өзгерістер жасалды және мұндай өзгерістер не үшін қажет болды? ә) Ишаяның пайғамбарлығына сәйкес, бұл өзгерістердің қандай пайдасы болды?
3 Патшалық дүниеге келгенде, қайта қалпына келтірілген мәсіхшілердің қауымын — енді оларға Патшалыққа қатысты көбірек тапсырмалар сеніп тапсырылған болатын — бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің қауымына барынша ұқсас ететін уақыт келді. Сондықтан, “Күзет мұнарасының” 1938 жылғы 1 және 15 маусымдағы сандарында (ағ.) мәсіхшілердің ұйымы қалай әрекет етуі керек екендігі талқыланды. Кейінірек, 1971 жылғы 15 желтоқсанда шыққан санында “Басқарушы кеңес заңды тұлға болып табыла ма?” деген мақалада Басқарушы кеңес дегеннің не екендігі жөнінде анығырақ мәлімет берілді. 1972 жылы болса жергілікті қауымдарға көмектесу үшін, сондай-ақ оларға басшылық ету үшін қариялар кеңестері тағайындалды.
4 Дұрыс басшылықтың қайта қалпына келтірілуі мәсіхшілер қауымын едәуір нығайтып тастады. Бұлай болуына Басқарушы кеңестің қарияларды өз міндеттерін орындауға үйрету үшін жасаған шаралары да ықпал етті, бұл шараларға құқық мәселелерін шешу де кіреді. Құдайдың жердегі ұйымына біртіндеп енгізілген өзгерістер мен олардың жақсы нәтижелері Ишая 60:17-де алдын ала айтылған болатын: “Саған қола орнына алтынды, темір орнына күмісті, ағаш орнына қоланы, тас орнына темірді иелікке беремін. Сенің басқарушың етіп бейбітшілікті және бақылаушыларың етіп шындықты тағайындаймын” (СА). Бұл жақсы жаққа қарай жасалған өзгерістер Құдайдың батасын беріп жатқанын көрсететін, сондай-ақ Оның Патшалығын бар ынта-жігерімен қолдап жүргендердің Құдайға ұнамды екендігінің дәлелі болатын.
5. а) Ехобаның өзінің халқына батасын төгіп жатқаны Шайтанға қалай әсер етті? ә) Філіпіліктерге 1:7-ге сәйкес, Шайтанның ашуы Құдайдың халқына қалай әсер етуде?
5 Патшалық дүниеге келгеннен бергі Құдайдың өзінің халқына жасап жатқан қамқорлығы мен беріп отырған басшылығы Шайтанның назарынан таса қалған жоқ. Мысалы, 1931 жылы осы азғантай мәсіхшілер жұрт алдында өздерінің жай ғана Киелі кітапты Зерттеушілер емес екенін жария етті. Ишая 43:10-ға сәйкес, олар — Ехоба Куәгерлері! Жай ғана жағдайлардың тура келуі ме, жоқ па, белгісіз, бірақ осының ізінше Ібіліс дүние жүзі бойынша адам айтқысыз қатты қуғынның басталуына түрткі болды. Тіпті Құрама Штаттар, Канада және Германия сияқты діни төзімділік танытатын елдерде де Куәгерлерге қарсы сот істері қозғалып, олардың өздерінің діни сенім бостандығы үшін күресуіне тура келген. 1988 жылдың қарсаңында АҚШ-тың Жоғарғы Сотында Ехоба Куәгерлеріне қатысты 71 іс қаралып, олардың үштен екісі Куәгерлердің пайдасына шешілді. Заңи шайқастар әлі күнге дейін дүние жүзі бойынша жалғасуда. Куәгерлердің мақсаты, бірінші ғасырдағы сияқты, “ізгі хабарды қорғау және оны заңды түрде нығайту” (Філіпіліктерге 1:7, ЖД).
6. Тыйым салу мен шектеулер қою Ехобаның халқын тоқтата алды ма? Мысал келтіріңдерші.
6 1930 жылдары, екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында, Германия, Испания және Жапониядағы, бұған басқа да елдерді келтіруге болады, диктаторлық тәртіп кезінде Ехоба Куәгерлерінің ісіне тыйым салынған немесе шектеулер қойылған болатын. Осыған қарамастан, аталмыш үш елдің өзінде 2000 жылы белсенді түрде Патшалықты жариялаушылардың саны 500 000-нан сәл ғана кем болды. Бұл 1936 жылғы дүние жүзіндегі жариялаушылардың санынан он есе көп! Осының бәрінен өздерінің жеңімпаз Көсемі Иса Мәсіхпен бірге алға жылжып келе жатқан Ехобаның халқын ешқандай тыйым салу да, шектеулер қою да тоқтата алмайтындығы көрінеді.
7. 1958 жылы қандай керемет оқиға болды және сол уақыттан бері қандай өзгерістер болды?
7 Бұл алға жылжу әсіресе 1958 жылы Нью-Йоркте өтіп қатысушыларының ең жоғарғы саны 253 922-ге жеткен Ехоба Куәгерлерінің тарихындағы ең үлкен конгрестен, яғни “Құдайдың еркі” деген халықаралық конгрестен, жақсы көрінеді. 1970 жылдың қарсаңында Куәгерлердің ісі, Шығыс Германияны қоспағанда, жоғарыда аталып өткен елдерде қайтадан рұқсат етілді. Алайда Куәгерлердің ісіне ұлан-ғайыр Кеңес Одағы мен Варшава келісім-шартына кіретін елдерде әлі де тыйым салынған болатын. Бүгінгі күні аталмыш бұрынғы коммунистік елдерде белсенді Куәгерлердің саны жарты миллионнан асады.
8. Ехобаның өзінің халқына батасын бергендігінің нәтижесінде не болды және бұл жөнінде 1950 жылғы “Күзет мұнарасында” не делінді?
8 Ехоба Куәгерлері ‘ең бастысы, Оның [Құдайдың] Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылып’ жүргендіктен, олардың саны өсіп батаға ие болуда (Матай 6:33). Тура мағынасын алып қарайтын болсақ, Ишаяның пайғамбарлығы орындалып қойды: “Азғантай — мың адамға, ең әлсіз — күшті халыққа айналады. Мен, Тәңір, бұның жүзеге асуын өз уақытында тездетемін” (Ишая 60:22, СА). Бірақ мұнымен іс біткен жоқ. Соңғы он жылдың өзінде Патшалықтың билігін белсенді түрде қолдап жүргендердің саны 1 750 000-нан аса өсті. Олар 1950 жылы “Күзет мұнарасында” әңгіме етілген адамдардың тобына өз еріктерімен қосылды. Олар туралы былай делінген еді: “Қазіргі уақытта Құдай жаңа дүниеде өмір сүретін адамдардың қоғамын дайындауда... Олар Һармагеддоннан аман өтеді... Бұл адамдар Құдайдың басшылығына сай ұйымдасқан әрі ұйымдағы орнатылған тәртіпті білетін... “жаңа дүниенің” өкілдері ретінде бірінші болып әрекет ететін болады”. Мақаланың соңында былай делінген болатын: “Жаңа дүниенің қоғамы ретінде, алған бетімізден қайтпай, бәріміз бірге алға жылжи берейік!”
9. Ехоба Куәгерлерінің жылдар бойы жиған тәжірибесі қалай олардың пайдасына асуда?
9 Осы үнемі өсіп отырған жаңа дүниенің қоғамы уақыт өте келе білім мен тәжірибеге ие болды. Бұлар бүгінгі күні зор пайдаға асуда, бәлкім, Һармагеддоннан кейін де, қалпына келтіру жұмысы басталғанда, олардың осы білімі мен тәжірибесі қажет болатын болса керек. Мысалы, Куәгерлер үлкен конгрестер ұйымдастыруды, табиғи апаттан жапа шеккендерге жедел көмек көрсетуді және қысқа уақыт аралығында ғимараттар салуды үйренді. Ехоба Куәгерлерінің осындай іс-әрекеттері адамдардың көпшілігін қайран қалдырады, әрі осы үшін оларды сыйлайды.
Бұрыс көзқарастарды түзеу
10, 11. Ехоба Куәгерлері туралы бұрыс көзқарастар қалай түзеліп жатқанына мысал келтіріңдерші.
10 Сөйтсе де, Ехоба Куәгерлерін бүгінгі күнгі қоғамның дамуына сәйкес өмір сүрмейді деп айыптайды. Әдетте мұндай пікір Куәгерлердің қан құю, бейтараптық сақтау, шылым шегу және құлықтылыққа байланысты Киелі кітапқа сәйкес көзқарастарына қатысты туады. Десе де, көпшілік Ехоба Куәгерлерінің көзқарастары көңіл қоюға тұрарлық деп ойлауға бейім болып келеді. Мысалы, Польшада бір дәрігер әйел Ехоба Куәгерлерінің орталығына телефон соғып, ауруханада әріптестерімен бірге бірнеше сағат бойы қан құю мәселесін талқылағанын айтты. Бұл мәселені талқыға салуға түрткі болған сол күнгі “Дзенник заходни” деген поляк тіліндегі газеттегі мақала еді (Dziennik Zachodni). “Жеке мен үшін медицинада қанды теріс қолданатындығы өкінішті,— деп ескерді дәрігер.— Мұны доғару керек. Осы сұрақты біреудің көтергеніне қуанамын. Менің көбірек мәлімет алғым келеді”.
11 Еуропа, Израиль, Канада және Құрама Штаттардың белгілі медиктері былтырғы болған мәслихатта дәрігерлердің ауруларды қансыз емдеуіне көмектесуге арналған сұрақтарды талқылаған болатын. Швейцарияда өткен осы кездесуде, кеңінен тараған пікірге қарамастан, қан құйылған емделушілердің арасында қан құйылмағандарға қарағанда өлім жағдайы жиірек кездесетіндігі ерекше аталып өтілді. Куәгер-емделушілер әдетте қан құйдырған емделушілерге қарағанда ауруханадан тезірек шығады, ал бұл өз кезегінде емделуге жұмсалатын қаржыны азайтады.
12. Ехоба Куәгерлерінің саяси бейтараптығы жөнінде елеулі адамдардың танытқан жылы лебіздерінен мысал келтіріңдерші.
12 Сонымен қатар екінші дүниежүзілік соғыстың алдында, сондай-ақ жүріп жатқан кезінде, Ехоба Куәгерлері нацистердің аяусыз қудалауына ұшыраған болатын. Осындай уақытта олардың бейтараптық көзқарасты ұстанғанына көп адамдар жылы лебіз танытады. Ехоба Куәгерлері шығарған “Ехоба Куәгерлерінің нацизм алдындағы батылдығы” деген фильм алғаш рет 1996 жылы 6 қарашада орынды түрде бұрынғы неміс концлагері Равенсбрюкте көрсетіліп, көптеген жылы лебіздерге ие болды. 1998 жылы 18 сәуірде қайғылы істерімен танымал болған Берген-Бельзен концлагерінде өткен осы іспеттес тұсаукесердің басында Төменгі Саксонияның Саяси білім беру орталығының жетекшісі д-р Вольфганг Шель былай деп ескерді: “Бұл тарихи шындықты мойындау ыңғайсыз, бірақ, христиан шіркеулеріне қарағанда, Ехоба Куәгерлері ұлтшыл-социализмнен анағұрлым батыл бас тартқан... Ехоба Куәгерлерінің ілімі мен діні жөнінде қандай ойда екендігімізге қарамастан, нацизм тәртібі орнап тұрған уақыттағы олардың өз көзқарасын берік ұстанғаны сыйлауға тұрарлық”.
13, 14. а) Ертедегі мәсіхшілердің пайдасы үшін күтпеген адамның тарапынан қандай ақылға қонымды сөздер айтылды? ә) Бүгінгі күнгі Құдай халқының пайдасына қандай сөздер айтылды?
13 Жоғары қызметтегі адамдардың не сот орындарының қандай да бір даулы мәселені Ехоба Куәгерлерінің пайдасына шешуі Ехоба Куәгерлеріне қатысты бұрыс пікірлерді сейілтіп, жұрттың олар туралы дұрыс көзқараста болуына ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ бұл жиі бұрын оларды тыңдағысы келмегендермен сөйлесуге мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай шешімдер әдетте қуанышты қолдау тауып жатады, және Ехоба Куәгерлері оларды жоғары бағалайды. Бұл бірінші ғасырда Иерусалимде болған оқиғаны еске салады. Яһудидің жоғарғы кеңесі бар ынтасымен уағыздап жүргендері үшін мәсіхшілердің көзін жойғысы келгенде “елдің бәрі қатты сыйлаған заң мұғалімі” Гамалиел былай деп ескертеді: “Қадірлі исраилдіктер, елдестерім, мына кісілерге не істегілерің келетінін жақсылап ойланыңыздар!.. Бұл кісілерге тимеңіздер, босатып жіберіңіздер. Себебі егер бұл әрекет адам бастаған іс болса, ол өзінен-өзі құриды, бірақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар, тіпті Құдайға қарсы күресетін боласыздар” (Елшілердің істері 5:33—39).
14 Жуырда көптеген елеулі адамдар, Гамалиел сияқты, Ехоба Куәгерлерінің діни бостандығын жақтап үн қатты. Мысалы, Ар-ождан және сенім бостандығы халықаралық академиясының бұрынғы төрағасы былай деді: “Өзгелер жарамсыз деп тапқандықтан немесе дәстүрлі емес деп есептегендіктен ғана сенушілерге өз діндерін ұстануға тыйым салуға болмайды”. Лейпциг университетінің профессор-дінтанушысы секта аталмыштарды зерттеу үшін құрылған неміс мемлекеттік комиссиясына қатысты орынды сұрақ қойды: “Неге кішігірім діндер ғана зерттелуге тиіс, неге екі үлкен шіркеу де [Рим-католик және Лютеран шіркеулері] зерттелмейді?” Бұл сұраққа жауап алу үшін, бұрынғы неміс мемлекет қайраткерінің айтқан сөздеріне көңіл қоюға болады, ол былай деп жазды: “Мемлекеттік комиссияның алған саяси бағытына шымылдықтың артынан шіркеу фанаттары ықпал еткеніне күмәнданбаса да болады”.
Біз кімнен көмек күтеміз?
15, 16. а) Гамалиелдің әрекеті неліктен аса нәтижелі болмады? ә) Исаға көмектескісі келген елеулі үш адам неге ол үшін көп нәрсе істей алмады?
15 Гамалиелдің айтқаны Құдай қолдаған істің сәтсіздікке ұшырауы мүмкін емес екендігін дәлелдей түседі. Жоғарғы кеңеске арналып айтылған сол сөздер ертедегі мәсіхшілердің пайдасына асқандығында сөз жоқ. Алайда Исаның өзінің ізбасарларының қудалауға ұшырайтындығы жөнінде айтқаны олардың естерінде болатын. Гамалиелдің сөздері дінбасыларын мәсіхшілердің көзін жою пиғылынан бас тартуға мәжбүр еткенмен, қудалауды мүлдем тоқтатып тастаған жоқ. Біз былай деп оқимыз: “Гамалиелдің сөзі қошталды. Елшілерді шақыртып, дүре соқтырып, тағы да Исаның атынан уағыз айтуға қатты тыйым салған соң босатып жіберді” (Елшілердің істері 5:39, 40).
16 Исаны соттап жатқанда оны айыпты емес деп есептеген Понти Пилат Исаны босатып жіберуге тырысады. Бірақ ол мұны жүзеге асыра алмайды (Жохан 18:38, 39; 19:4, 6, 12—16). Сондай-ақ Исаға оң көзбен қарайтын Жоғарғы кеңестің екі мүшесі, Нікөдем және Ариматея қаласынан шыққан Жүсіп, соттың Исаға қарсы әрекеттерінен бас тартуына ықпал ете алмады (Лұқа 23:50—52; Жохан 7:45—52; 19:38—40). Ехобаның халқын жақтағысы келетін адамдардың мүмкіндіктері, оларды мұндай әрекетке не нәрсе ынталандырмасын, бола қалған күннің өзінде шектеулі ғана. Кезінде осы дүниенің адамдарының Мәсіхті жек көргеніндей, оның шынайы ізбасарларын да жек көре бермек. Түбегейлі бостандықты тек Ехобадан күтуге болады (Елшілердің істері 2:24).
17. Ехоба Куәгерлері нені түсінеді және неге олар әрі қарай да ізгі хабарды уағыздай беруге белдерін бекем буған?
17 Ехоба Куәгерлері қудалаудың әлі де жалғаса беретінін түсінеді. Шайтанның дүниесі түбегейлі жойылған уақытта ғана қарсылық тоқтайды. Сөйтсе де қудалауға ұшырау қаншалықты жағымсыз болғанмен, ол, Куәгерлерді өздеріне тапсырылған істен, яғни Патшалық туралы уағыздау ісінен, бас тартуға мәжбүр ете алмайды. Өйткені оларды Құдай қолдап жатыр емес пе?! Олар өздерінің батыл Жетекшісі Иса Мәсіхке еліктейді (Елшілердің істері 5:17—21, 27—32).
18. Ехобаның халқы әлі қандай қиындыққа кездеседі, бірақ Құдайдың қызметшілері оның нәтижесінің қандай болатынына сенімді?
18 Шынайы дін о бастан-ақ үлкен қарсылыққа кезіккен болатын. Жуырда Гог — көктен қуылып масқара болған Шайтан — оған жапа-тармағай шабуыл жасамақ. Бірақ шынайы дін құрып кетпейді (Езекиел 38:14—16). Шайтанның бастауымен ‘дүниенің күллі патшалары’ “Тоқтыға қарсы соғысқа шығады. Бірақ Тоқты оларды жеңіп шығады, себебі Ол — “иелердің Иесі, патшалардың Патшасы”!” (Аян 16:14; 17:14). Иә, біздің Патшамыз соңғы шешуші жеңіске жету үшін алға жылжып келеді, әрі жақында жеңіске жетеді де! Жақында Ехобаға ғибадат ететіндер бізді ‘Құдай жақтайды’ дегенде ешкім қарсы сөз айта алмайтын уақыттың келетінін біліп, Патшамен қатарласа жүру қандай мәртебе десеңші! (Римдіктерге 8:31; Філіпіліктерге 1:27, 28).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Патшалық дүниеге келгеннен бері мәсіхшілердің қауымын Ехоба қалай нығайтуда?
• Шайтан қалай Мәсіхтің түбегейлі жеңіске жетуіне кедергі етуге тырысуда және мұның нәтижесі қандай болуда?
• Куәгер емес адамдардың игі әрекеттеріне қатысты біз қандай байымды көзқараста болуымыз керек?
• Жақында Шайтан не істейді және мұның нәтижесі қандай болады?
[28-беттегі сурет]
Конгрестер Ехобаның халқының алға жылжуда екендігін паш етеді
[30-беттегі сурет]
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Куәгерлердің бейтарап көзқараста болғаны әлі күнге дейін Ехобаның даңқының шығуына ықпал етуде