Отбасын рухани берік етіңдер
“Ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 6:4).
1. Құдайдың отбасына қатысты ниеті қандай еді, алайда оның орнына не болды?
“ӨСІП-ӨНІП көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар!” (Жаратылыс 1:28). Адамата мен Хауанаға айтқан осы сөздерімен Ехоба Құдай отбасы құрылымына бастама берді (Ефестіктерге 3:14, 15). Алғашқы ерлі-зайыптылар болашаққа көз жіберіп, өздерінің ұрпақтарына толған жерді — яғни жұмақ орнаған жерде қуанышты өмір сүріп жатқан және бірігіп Ұлы Жаратушыларына мінажат етіп жатқан кемелді адамдардан тұратын үлкен отбасын — елестете алды. Алайда Адамата мен Хауана күнә жасады да, жер беті әділ және Құдайдан қорқатын адамдармен толтырылған жоқ (Римдіктерге 5:12). Оның орнына отбасы өмірі лезде құлдырап кетті, сондай-ақ әсіресе осы “соңғы дәуірде” өшпенділік, зорлық-зомбылық орын алды және “табиғи бауырмалдық сезімі” (ЖД) жетіспеуде (2 Тімотеге 3:1—5; Жаратылыс 4:8, 23; 6:5, 11, 12).
2. Адамның ұрпақтарының қандай қабілеттері болды, бірақ отбасын рухани берік ету үшін оларға не істеу керек болар еді?
2 Адамата мен Хауана Құдайға рухани жағынан ұқсас болып жаратылған. Ехоба Адамның күнәкар болғанына қарамастан балалы болуына жол берді (Жаратылыс 1:27; 5:1—4). Әкелері сияқты, Адаматаның ұрпақтарының да туа біткен өнегелілікті ажырата білу қабілеттері болды және жақсы мен жаманды айыра білуді үйрене алатын еді. Оларды Жаратушыларына мінажат етуге және оны шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, барлық ақыл-ойымен, бар күш-қуатымен сүюге үйретуге болатын еді (Марқа 12:30; Жохан 4:24; Жақып 1:27). Сондай-ақ оларды ‘әділ әрекет етуге, мейірімділікті жақсы көруге және Құдайдың алдында кіші пейілділікпен жүруге’ үйрету мүмкін болатын (Миқая 6:8). Алайда, күнәкар болғандықтан олар отбасын рухани берік ету үшін аса көп көңіл бөлулері керек болар еді.
Уақыт босатыңдар
3. Мәсіхші балалар тәрбиелеу үшін ата-аналар қалай уақыт босатуларына болады?
3 Осы ауыр, қиын-қыстау күндері балалары ‘Тәңірді сүйіп’, шын мәнінде ‘зұлымдықты жек көрулері’ үшін ата-аналар көп күш салулары керек (Забур 96:10, СА). Қиын болса да, осы мақсатқа жету үшін, дана ата-аналар ‘уақыт босатады’ (Ефестіктерге 5:15—17, ЖД). Ата-аналар, сендер қалай уақыт босата аласыңдар? Алдымен, “маңыздырақ” нәрселерге көңіл бөле отырып, бірінші кезекте атқарылуы керек нәрселерді белгілеңдер. Олардың қатарына балаларыңа тәлім беру мен оларды тәрбиелеу де жатады (Філіпіліктерге 1:10, 11, ЖД). Екіншіден, тұрмыстарыңды жеңілдетіңдер. Мүмкін, шын мәнінде аса маңызды емес істерден бас тартуларың керек шығар. Немесе күтім мен уақытты талап ететін аса қажет емес заттардан бас тартуларың қажет болар. Мәсіхші ата-аналар ретінде Құдайдан қорқатын балалар тәрбиелеу үшін күш жұмсағандарыңа сендер ешқашан өкінбейсіңдер (Нақыл сөздер 29:15, 17).
4. Отбасындағы ынтымақты қалай сақтауға болады?
4 Балаларыңмен бірге өткізген уақыт, әсіресе рухани нәрсемен шұғылдану үшін жұмсалса, бала өскенде зор жемісін береді, әрі мұндай уақыт отбасының ынтымағын сақтауға күшті ықпал етеді. Бірақ бірге болу үшін, мүмкіндік туатын кезді күтпей, уақытты арнайы жоспарлаңдар. Бұл ата-ана мен балалардың үйде бірге болып, бірақ әрқайсысының өз ісімен айналысуын білдірмейді. Өйткені бала оған күнделікті жеке көңіл бөлінгенде ғана жақсы дамиды. Сүйіспеншілік пен қамқорлықты кең пейілмен көрсетіңдер. Ата-ана болу дегеннің үлкен жауапкершілік екенін ерлі-зайыптылар балалы болуды шешпес бұрын жақсылап ойланулары керек (Лұқа 14:28). Сонда олар бала тәрбиесін ауыртпалық деп қарастырмай, керісінше, Құдайдың қуанышқа бөлейтін батасы ретінде қарастыратын болады (Жаратылыс 33:5; Забур 126:3).
Тәлім беріңдер және үлгі көрсетіңдер
5. а) Балаларыңа Ехобаны сүюді үйрету неден басталады? ә) Заңды қайталау 6:5—7 тармақтарда ата-аналарға қандай кеңес берілген?
5 Балаларыңды Ехобаны сүюге үйрету үшін, ол сүйіспеншілік өздеріңде болуы керек. Ехобаға деген шексіз сүйіспеншіліктерің оның барлық нұсқауларын адалдықпен орындауға талпындырады. Бұған балаларыңды ‘ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеу’ де жатады (Ефестіктерге 6:4). Құдай ата-аналарға балаларына үлгі көрсетуге, олармен пікір алмасып отыруға және оларға тәлім беруге кеңес береді. Заңды қайталау 6:5—7 тармақтарда былай делінген: “Тәңірді, Құдайыңды, шын жүрегіңмен, жан-тәніңмен және бар күшіңмен сүй. Және Мен бүгін саған өсиет етіп отырған бұл сөздер сенің жүрегіңде болсын және оларды балаларыңның құлағына құй, үйіңде отырып та, жол жүргенде де, жатсаң да, тұрсаң да осы жайлы айт” (СА). Әрқашан кеңес беріп, оны қайталап отыру арқылы Құдайдың өсиеттерін балаларыңның құлағына құя аласыңдар. Осылайша балаларың сендердің Ехобаға деген сүйіспеншіліктеріңді сезінетін болады және бұл, өз кезегінде, олардың өздерінің де оған жақындауына әсер етеді (Нақыл сөздер 20:7).
6. Балалардың көрген нәрселерінен үлгі алатындығын ата-аналар қалай пайдалана алады?
6 Балалар үйренуге бейім келеді. Олар елгезек және өте байқағыш болғандықтан, сендердің үлгілеріңді лезде қағып алады. Сендердің дүниеқор емес екендеріңді көргендері олардың Исаның өсиетін орындауды үйренуіне көмек болады. Осылайша, сендер оларды дүние-мүлікті уайымдамастан, ‘ең бастысы Оның [Құдайдың] Патшалығының қамын ойлауға’ үйретесіңдер (Матай 6:25—33). Киелі кітаптағы шындық, Құдайдың қауымы және тағайындалған қариялар туралы пайдалы, рухани нығайтатын әңгімелер жүргізу арқылы, балаларыңды, Ехобаны құрметтеуге және оның рухани шараларын бағалауға үйретесіңдер. Балалар айтылған нәрсенің іс жүзінде орындалмай жатқанын жылдам байқайтын болғандықтан, ауызша айтқан кеңестеріңді өздеріңнің рухани нәрселерді терең бағалайтындарыңды көрсететін істерің мен көзқарастарың арқылы нығайтуларың керек. Ата-аналарының, өздерінің көрсеткен үлгілері балаларының Ехобаға деген шын жүректен шыққан сүйіспеншілік дамытуларына себеп болғанын көруі қандай қуаныш десеңші! (Нақыл сөздер 23:24, 25).
7, 8. Балаларды кішкентайынан тәрбиелегеннің маңыздылығын қандай мысалдан көруге болады және балаларының жетістіктері үшін ата-анасы кімге борышты?
7 Баланы кішкентай кезінен тәрбиелегеннің маңыздылығын Венесуэлада тұратын Феликс және Майерлин есімді жас жұбайлардың мысалынан көруге болады (2 Тімотеге 3:15). Ол екеуі де ізашар ретінде қызмет етеді. Ұлдары Фелито туылғанда олар оның Ехобаға шынайы мінажат ететін адам болып өсуі үшін бар күштерін салады. Майерлин Фелитоға Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” атты кітаптан үнемі дауыстап оқи бастайды. Фелито сәби күнінен бастап осы кітаптағы суреттерден Мұсаны және өзге де адамдарды тани бастайды.
8 Фелито кішкентай күнінен бастап бір өзі уағыз айта бастайды. Ол өзінің жариялаушы болсам деген арманына жетеді және кейінірек шомылдыру рәсімінен өтеді. Уақыт өте келе Фелито ізашар болады. Оның ата-анасы былай дейді: “Ұлымыздың жетістіктерінің бәрі де Ехоба мен оның нұсқауларының арқасында болғанын түсінеміз”.
Балаларыңның рухани өсуіне көмектесіңдер
9. Адал да саналы қызметші табы арқылы алып отырған рухани басшылық үшін неліктен ризашылық білдіруіміз керек?
9 Бала тәрбиесіне байланысты кеңестер беретін көптеген журналдар, жүздеген кітаптар және мыңдаған интернеттік сайттар бар. “Ньюсуик” журналының балалар жөніндегі арнайы нөмірінің айтуы бойынша, бұлар көбінесе “бір-біріне қайшы мәліметтер... Бұдан да жаманы — алғашында сенім артқан мәліметтің уақыт өте келе мүлдем дұрыс емес болып шығатыны”. Ехобаның отбасыларына басшылық беріп, рухани өсуі үшін молынан шара қолданып отырғанына қандай ризамыз десеңші! “Адал да саналы қызметші” табы арқылы жасап жатқан шараларын толық пайдаланып жүрсіңдер ме? (Матай 24:45—47).
10. Отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеу сабағының тиімді өткенінің ата-аналарға да, балаларға да қандай пайдасы бар?
10 Өте маңызды, қажетті нәрселердің бірі — жүйелі түрде, үнемі және емін-еркін жағдайда отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізу. Ол сабақтың тәлім аларлықтай, қуанышты және жігерлендіретіндей болып өтуі үшін жақсы дайындық қажет. Балаларын ойын ашық айтуға талпындыру арқылы ата-аналары олардың жүрегі мен санасында не бар екенін біле алады. Отбасымен зерттеудің тиімді өтіп жатқанын анықтаудың бір жолы — отбасы мүшелерінің барлығының да сабақты тағатсыздана күтетін-күтпейтінін байқау.
11. а) Ата-аналары балаларының қандай мақсат қоюларына көмектесулеріне болады? ә) Бір жапондық қыздың алдына қойған мақсатына жету үшін істеген әрекетінің нәтижесі қандай болды?
11 Рухани мақсат қою да отбасының рухани берік болуына септігін тигізеді, сондықтан ата-аналары балаларына осындай мақсаттар қоюға көмектесулері керек. Мұндай мақсаттарға Киелі кітапты күнделікті оқу, үнемі ізгі хабарды жариялау және өзін Құдайға арнап, шомылдыру рәсімінен өту жатады. Сондай-ақ, ізашар ретінде, Бетелде немесе миссионер ретінде толық уақытты қызмет атқару жатады. Жапондық қыз Айюми жалпы білім беретін мектепте оқып жүрген кезінде сыныптастарының барлығына куәлік етуді алдына мақсат етіп қояды. Оқытушысы мен сыныптастарының қызығушылығын ояту үшін, ол Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердің кейбіреуін кітапханаға қоюға рұқсат алады. Нәтижесінде, жалпы білім беретін мектепте оқыған алты жыл ішінде Айюми он үш Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізеді. Кейінірек, сол Киелі кітапты оқып білген сыныптастарының бірі және оның отбасының өзге де үш мүшесі шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер болады.
12. Балалар мәсіхшілер кездесуінің толық пайдасын қалай көре алады?
12 Сондай-ақ рухани ахуалдың жақсы болуы үшін қауым кездесулеріне үзбей бару керек. Елші Пауыл бір сенімдегілерге ‘кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемейік’ деген кеңес берген болатын. Біз де жиналыстарға бармай қалуды дағдыға айналдырмайық, өйткені мәсіхшілердің кездесуіне барғанның жастар үшін де, қарттар үшін де пайдасы зор ғой! (Еврейлерге 10:24, 25; Заңды қайталау 31:12). Балаларды зейін қойып тыңдауға үйрету керек. Жиналысқа дайындалған да маңызды, өйткені түсініктемелер беріп қатысып отыратын болса, бала жиналысқа барғанның мейлінше пайдасын көреді. Алғашқыда кішкентай балалар бір-екі сөз айтып немесе абзацтан біраз сөздер оқып берер, алайда балаларыңды сұрақтың жауабын өздері іздеп тауып, оны өз сөздерімен айтып жеткізуді үйреткен кезде ғана олар жиналыстың толық пайдасын көретін болады. Ата-аналар, үнемі жақсы әзірленген түсініктеме берумен балаларыңа үлгі көрсетіп жүрсіңдер ме? Отбасының әр мүшесінің өзінің Киелі кітабы, ән кітабы және Жазбаларды талқылауға қолданылатын әдебиеті болғаны да жақсы.
13, 14. а) Неліктен ата-аналар балаларымен бірге қызметке шығуы керек? ә) Балалар үшін қызметті пайдалы да қызықты ететін не?
13 Дана ата-аналар балаларына уағыздау ісін өмірлерінің маңызды бөлігі етуіне көмектесіп, оларды бойындағы тасыған күштерін Ехобаға қызмет етуге жұмсауға талпындырады (Еврейлерге 13:15). Тек қана олармен бірге қызметке шығу арқылы ата-аналар балаларының “кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші” болуы үшін қажетті тәлім бере алады (2 Тімотеге 2:15). Осыған байланысты сендер туралы не айтуға болады? Егер ата-ана болсаңдар, балаларыңның танаптағы қызметке дайындалуына көмектесіп жүрсіңдер ме? Осылай етер болсаңдар, балаларың үшін қызмет қуанышты, маңызды және нәтижелі болады.
14 Ата-аналар мен балаларының қызметке бірге шыққандарының қандай пайдасы бар? Мұндай жағдайда балалар ата-аналарынан жақсы үлгі ала алады. Ал ата-аналары балаларының көзқарасын, өзін қалай ұстайтынын және қабілетін көре алады. Міндетті түрде қызметтің әр саласына балаларыңды өздеріңмен бірге алып шығыңдар. Мүмкін болса, баланың қызметке ұстайтын өз сөмкесі болсын және оны таза да ұқыпты ұстауға үйретіңдер. Бірізділікпен үйретіп, жігерлендіретін болсаңдар, балаларың қызметті шынымен бағалайтын болады және уағыздауды Құдай мен жақындарына сүйіспеншілік білдірудің жолы ретінде қарастыратын болады (Матай 22:37—39; 28:19, 20).
Рухани күйлеріңді сақтаңдар
15. Отбасының рухани күйін сақтауға байланысты не істеуіміз керек?
15 Отбасының рухани күйін сақтағанның маңызы зор (Забур 118:93). Оның бір жолы — мүмкін болған кездің бәрінде отбасымен бірге рухани нәрселерді талқылау. Сендер отбасымен бірге әр күнге берілген Киелі кітап тармағын талқылайсыңдар ма? “Жол жүргенде” танаптағы қызметте болған оқиғаларды әңгімелеп, “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналдарының соңғы нөмірлеріндегі ойлармен бөлісесіңдер ме? ‘Жатқанда, тұрғанда’ өмірдің әр күні үшін және жомарттықпен қамтамасыз еткені үшін Ехобаға дұға арқылы ризашылық білдіруді ұмытып кетіп жүрген жоқсыңдар ма? (Заңды қайталау 6:6—9). Әрбір істеріңнен Ехобаға деген сүйіспеншіліктеріңді көргендері балаларыңның шындықты жүректерімен қабылдауына көмектеседі.
16. Балаларды өздері зерттеу жүргізуге талпындырған қаншалықты маңызды?
16 Кей кездері қиыншылықтарға немесе қандай да бір жағдайға тап болғанда ойдағыдай әрекет ету үшін балаларға басшылық керек болады. Әрқашан не істеу керек екендерін айтып бергенше, неге осы жағдайларға байланысты Құдайдың көзқарасы қандай екенін қалай білуге болатынын көрсетіп, өздерін зерттеуге талпындырмасқа? “Адал да саналы қызметші” арқылы қамтамасыз етіліп отырған құрал-саймандар мен әдебиеттердің барлығын толық қолдануға үйреткендерің олардың Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытуларына көмектеседі (1 Патшалықтар 2:21ә). Ал олардың өздері Киелі кітапты зерттеген кезде тапқан пайдалы ойларымен отбасының өзге де мүшелерімен бөліскені отбасының рухани күйін жақсарта түседі.
Толықтай Ехобаға сенім артыңдар
17. Балаларын мәсіхші етіп тәрбиелегісі келген жалғыз басты ата-аналар неліктен үміттерін үзбеулері керек?
17 Ата-анасының бірі ғана бар отбасылары туралы не айтуға болады? Ондай ата-аналар балаларын тәрбиелеуге байланысты қосымша қиыншылықтарға кезігеді. Алайда, жалғыз басты ата-аналар, еңселерің түспесін! Құдайға сенім артып, мойынсұнғыштықпен оның кеңесіне құлақ асып, рухани жағынан берік тамаша балалар өсірген көптеген жалғыз басты ата-аналардың мысалынан мұндай жағдайда да жетістікке жету мүмкін екенін көруімізге болады (Нақыл сөздер 22:6). Әрине, жалғыз басты мәсіхші ата-аналар толықтай Ехобаға сенім артулары керек. Олар Ехобаның көмектесетініне сенулері керек (Забур 121:1—3).
18. Ата-аналар балаларының қандай жан мен тән мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге тиіс және не нәрсеге аса көңіл бөлулері керек?
18 Дана ата-аналар ‘күлетін және билейтін уақыт’ бар екенін түсінеді (Екклесиаст 3:1, 4, СА). Баланың ойы да, бойы да жақсы дамуы үшін, бос уақытының болғаны және демалуға уақыт бөліп, оны пайдалы өткізгені маңызды. Жақсы әсер беретін әуен мен Құдайды мадақтап айтатын арнайы әндер баланың Ехобамен қарым-қатынасының берік болуында маңызды рөл атқаратын дұрыс көзқарас дамытуына көмектеседі (Қолостықтарға 3:16). Сондай-ақ, жас кезі баланы Құдайдан қорқатын адам болуға дайындайтын уақыт. Сонда ол жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүретін болады (Ғалаттықтарға 6:8).
19. Балаларын тәрбиелеуге деген талпыныстарына Ехобаның батасын беретініне ата-аналар неліктен сенімді бола алады?
19 Ехоба барлық мәсіхші отбасыларының рухани берік болып, ынтымақтарын сақтағанын қалайды. Егер біз шынымен Құдайды сүйетін болсақ және оның Сөзіне құлақ асу үшін қолымыздан келгенінің бәрін істейтін болсақ, ол біздің талпынысымызға батасын береді, сондай-ақ өзінің рухының жетелеуімен жазылған кеңестерін орындауымыз үшін күш береді (Ишая 48:17; Філіпіліктерге 4:13). Балаларыңа тәлім беріп, тәрбиелеу үшін уақыттарыңның шектеулі екенін және мұндай мүмкіндіктің қайтып келмейтінін естеріңнен шығармаңдар. Құдай Сөзінің кеңестерін барынша қолдануға тырысыңдар, сонда Ехоба сендердің отбасын рухани берік етудегі талпыныстарыңа батасын береді.
Біз не білдік?
• Бала тәрбиесіне уақыт босатқан неліктен маңызды?
• Неліктен ата-аналар үлгі көрсетулері керек?
• Балалардың рухани өсуіне көмектесудің маңызды жолдарының кейбіреуі қандай?
• Отбасының рухани күйін қалай сақтауға болады?
[16, 17-беттегі суреттер]
Рухани берік отбасылары жүйелі түрде Құдай Сөзін зерттейді, мәсіхшілер жиналысына барады және бірге қызметке шығады