Уақытты дұрыс пайдаланып жүрсіңдер ме?
ЕЛШІ Пауыл бірінші ғасырдағы Ефестегі мәсіхшілерге мынадай кеңес берген: “Парасатсыз емес, парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар; уақытты дұрыс пайдаланыңдар, өйткені қазіргі күндер зұлымдыққа толы” (Ефестіктерге 5:15, 16). Неге оларға мұндай кеңес беру қажет болды екен? Бұл сұраққа жауап алу үшін аталмыш қалада тұратын ертедегі мәсіхшілердің қандай ортада өмір сүргенін білу керек.
Ефес асқан өнегесіздік пен қылмыс, сондай-ақ жындармен байланысудың түр-түрі кеңінен етек алған белгілі әрі бай қала болатын. Сонымен қатар ондағы мәсіхшілер уақытқа қатысты пәлсапалық бұрыс пікірлер еститін. Ефестегі мәсіхші емес гректер уақыттың бір бағытта жылжып отыратынына сенбейтін. Грек пәлсапасы бойынша, өмір үнемі қайталанып отыратын цикл деп түсіндірілетін. Және бір циклде өмірін мағынасыз өткізген адам, келесісінде есесін қайтарып алуына болады деп пайымдалатын. Мұндай ой қалпы Ехобаның уақыт кестесіне, бұған Оның соттайтын уақыты да кіреді, Ефестегі мәсіхшілердің қалай болса солай қарауларына түрткі болған болуы мүмкін. Сол себепті Пауыл оларды ‘уақытты дұрыс пайдалануға’ шақырған болатын.
Пауыл жалпы уақыт жөнінде айтқан жоқ еді. Мұнда қолданылған грек сөзі қандай да бір нақты мақсат үшін әдейі бөлінген белгілі бір уақыт аралығын білдіреді. Пауыл бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді Құдайдың белгілеген уақыты келмес бұрын, сондай-ақ Оның мейірімділігінің арқасында құтқарылуға мүмкіндік барда уақытты дұрыс пайдалануға шақырған болатын (Римдіктерге 13:11—13; 1 Салониқалықтарға 5:6—11).
Біз де сол кездегідей уақыт аралығында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан енді ешқашан қайталанбайтын бағалы уақытты босқа ысырап етіп, осы дүниенің өткінші ләззат-ермегінің соңына түсіп кетпелік. Мәсіхшілердің уақыттарын ізгі істерге жұмсағаны парасаттылыққа жатады, әрі осылайша олар Жаратушы Ехоба Құдаймен қарым-қатынастарын нығайтады (2 Петір 3:11; Забур 72:28; Філіпіліктерге 1:10).