Жағымсыз сезімдерден арылу
● Асаф: “Әлде бекерге жүрегімді пәк сақтап, қолымды күнәдан таза ұстадым ба?! Сонда да күн ұзағына қиналып, таң атысымен түсем азабыма!” — деп шағынды (Забур 72:13, 14).
● Варух: “Қасіретке қалдым мен! өйткені Тәңір ауруыма қайғы қосып берді; күрсінуден әлсіредім мен және жаным жай табар емес”,— деп күйзелді (Еремия 45:3).
● Нағима: “Құдіретті Құдай маған қайғылы өмір бұйырды. Бұл жерден үй ішіміз түгел аттанған едік, ал енді Тәңір Ие менің қу басымды қайтарып отыр. Құдіретті Құдай басыма қайғы-қасырет түсірген соң, сендер мені несіне Бақытты деп атайсыңдар?” — деп қайғырды (Рут 1:20, 21).
КИЕЛІ КІТАПТА кей кездері уайымға салынған Ехобаның адал қызметшілерінің көптеген мысалдары жазылған. Иә, кемелсіз болғандықтан бәрімізді де кейде осындай сезімдер билейді. Кейбіреуіміз өткен уақытта бақытсыз жағдайды бастан кешкендіктен, өзгелерге қарағанда уайымшыл болуымыз мүмкін. Мүмкін тіпті өзімізді мүсіркеуге бейім шығармыз.
Мұндай сезімдерден арылмайтын болсақ, өзгелермен және Ехоба Құдаймен қарым-қатынасымызға нұқсан келуі мүмкін. Өзін мүсіркеуге бейім болған бір мәсіхші әйел былай деп мойындады: “Көбінесе қонаққа барудан қашатынмын, өйткені өзімді қауымдағылармен араласуға лайықсыз санайтынмын”. Мұндай сезімдер адамның еңсесін басатын қандай зіл десеңші! Ондай сезімдерден қалай арылуға болады?
Ехобаға жақындаңдар
72-Забурде Асаф өзін абыржытқан нәрсе жайлы ашық жазған. Өзінің жағдайын зұлым адамдардың табысты өмірімен салыстырған кезінде, оның бойын қызғаныш билеген еді. Ол құдайсыздардың тәкаппар және зорлықшыл екенін байқайды және олар еш жаза тартпайтындай көрінеді. Содан Асаф өзінің әділ өмір сүргенінің пайдалы екендігіне күмән келтіре бастайды (Забур 72:3—9, 13, 14).
Сендер де Асаф сияқты өзінің теріс қылықтарын ашық істейтін зұлым адамдардың айқын жетістіктерін байқап жүрсіңдер ме? Асаф өзінің жағымсыз сезімдерінен қалай арылды екен? Ол әрі қарай былай дейді: “Мұның бәрін ақылға сап көргенімде көзім жетті аса қиын екеніне. Соңында Құдайдың үйіне кірдім, ақыры солармен не боларын білдім” (Забур 72:16, 17). Асаф Ехобаға дұға етіп дұрыс қадам жасады. Кейінірек елші Пауыл қолданған сөздермен айтар болсақ, Асаф “өз еркімен жүретін адам” кейпін қалдырып, “Құдай Рухына мойынсұнушы” адам кейпіне енді. Жаңа рухани көзқарасқа ие болған ол Ехобаның жамандықты жек көретінін және белгіленген уақытта зұлымдардың жойылатынын түсінді (1 Қорынттықтарға 2:14, 15).
Киелі кітаптың өмірге парасаттылықпен қарауымызға көмектесуіне мүмкіндік бергеніміз қандай маңызды десеңші! Ол Ехобаның зұлым адамдардың не істеп жатқанын білетінін есімізге салады. Киелі кітап былай деп үйретеді: “Алданбаңдар: Құдай адамның Оны елемей, өз бетімен жүруіне жол бермейді. “Адам не ексе, соны орады” дейді... Жақсылық жасаудан талмайық!” (Ғалаттықтарға 6:7—9). Ехоба зұлымдарды ‘тайғақ жолға түсіреді’; Ол оларды ‘жойып жібереді’ (Забур 72:18). Ақыр аяғында Құдайдың әділдігі міндетті түрде жеңіп шығады.
Ехобаның үстелінен үнемі рухани тамақтану және Құдай халқымен пайдалы қарым-қатынаста болу сеніміңді нығайтып, уайымнан немесе өзге де жағымсыз сезімдерден арылуыңа көмектеседі (Еврейлерге 10:25). Асаф сияқты Құдайға жақын бол, сонда оның сүйіспеншілікпен сені қолдап отырғанын сезінесің. Асаф әрі қарай былай дейді: “Әрдайым қасыңда боламын, Сен мені оң қолымнан ұстап қолдайсың. Ақыл-кеңесіңмен мені жетелеп, соңында ұлылықпен қабылдайсың” (Забур 72:23, 24). Бала күнінде жәбір көрген бір мәсіхші бұл сөздердің дана сөздер екеніне көзі жетті. Ол былай дейді: “Қауыммен тығыз қарым-қатынаста болғаным өмірге басқаша қарауға үйретті. Мәсіхші қариялардың полицай емес, бақташы екенін анық көрдім”. Иә, жағымсыз сезімнен арылуда жанашыр қариялардың рөлі маңызды (Ишая 32:1, 2; 1 Салониқалықтарға 2:7, 8).
Ехобаның кеңесін қабыл алыңдар
Еремия пайғамбардың хатшысы Варух өзіне берілген тапсырманы уайымдап, жаны күйзелді. Алайда, Ехоба мейіріммен оның өмірге дұрыс қарауына көмектесті: “Сен өзіңе тым ұлы нәрсе сұрайсың, сұрама. Өйткені мен әрбір пендені қасіретке ұшыратамын, дейді Тәңір, ал саған, қайда барсаң да, өз жаныңды олжа ретінде қалдырамын” (Еремия 45:2—5).
Уайымының себебі өзінің жеке басын ғана ойлағандығы екенін Ехоба Варухқа ашық түсіндірді. Варух өзі үшін ұлы нәрсе сұрағандықтан, Құдай берген тапсырманы орындау барысында қуаныш сезіне алмады. Сендер де абыржытатын нәрселерден аулақ болып, жан тыныштығына бөлендіретін Құдайға ұнамды қанағат сезімін дамытудың уайымнан арылудың тиімді жолы екенімен келісетін шығарсыңдар (Філіпіліктерге 4:6, 7).
Моаб жерінде күйеуі мен екі ұлы қайтыс болған кезде Нағима қайғыға беріліп, өмірге деген селсоқтық танытпады. Алайда ол өзі үшін және келіндері үшін біраз уақыт қайғырған болатын. Оларды үйлеріне жіберіп жатып Нағима былай деген еді: “Жаратқан Иенің маған жіберген қайғысын бірге бөлісіңдер деп сендерді ұстауым дұрыс болмас”. Сондай-ақ Бетлехемге жеткен кезде ол: “Мені Нағима емес, Мара деп атаңдар... (Нағима “бақытты”, ал Мара “қайғылы” дегенді білдіреді.) — Себебі Құдіретті Құдай маған қайғылы өмір бұйырды”,— деді (Рут 1:13, 20).
Бірақ Нағима қайғыға беріліп Ехоба мен оның халқынан аластамады. Моаб жерінде ол “Құдай Өзінің таңдап алған халқы Исраилді жарылқап, елде астықтың бітік шыққанын” естиді (Рут 1:6). Ол өзі үшін ең жақсысы Ехобаның халқымен бірге болу екенін түсінеді. Содан ол келіні Рутпен бірге Яһудаға қайта оралып, Рутқа өзінің туысы және әмеңгері Боғозға байланысты қалай әрекет етуі керек екенін үйретті.
Сол сияқты бүгінгі күні де өмірлік серіктері қайтыс болған Құдайдың шын берілген қызметшілері мәсіхшілер қауымының істеріне белсене ат салысудың арқасында еңсені басқан ауыр сезімді нәтижелі түрде жеңуде. Құдай Сөзін күнделікті оқу арқылы олар Нағима сияқты өздерінің уақыты мен күштерін рухани нәрселерге жұмсауда.
Құдайдың даналығына жүгінгеннің пайдасы
Киелі кітаптағы бұл мәліметтер адамдарға жағымсыз сезімнің әсерін қалай жеңуге болатынын түсінуге көмектеседі. Асаф көмекті Ехобаның ғибадатханасынан іздеді және шыдамдылықпен Ехобаны күтті. Варух өзіне берілген кеңесті қабыл алып, дүние-мүлікке қызығушылықтан арылды. Нағима Ехобаның халқының арасында белсенді қызмет атқарды, сөйтіп жас әйел Рутты шынайы Құдайдың алдындағы ерекше қызметке дайындады (1 Қорынттықтарға 4:7; Ғалаттықтарға 5:26; 6:4).
Сендер Ехобаның әрбір қызметшісіне жеке және жалпы халқына берген жеңістері жайлы ой жүгірту арқылы уайымнан және өзге де жағымсыз сезімдерден арыла аласыңдар. Сол себепті біз үшін азаттық төлемін төлеген Ехобаның теңдесі жоқ сүйіспеншілігі жайлы ой жүгіртіңдер. Мәсіхшілер бауырластығындағы шынайы сүйіспеншілікті бағалаңдар. Жақын болашақтағы Құдайдың жаңа дүниесі жайлы ойланыңдар. Сонда сендер де Асаф сияқты: “Құдайға жақындағаным қандай игі! Баспанам еттім Жаратушы Иемді, жариялайын деп күллі істеріңді”,— деп айта аласыңдар (Забур 72:28).