Исаның қайта тірілгені талқыға түсуде
“Ашығын айтар болсақ, Исаның өмір сүргеніне толық сенімді болғанымызбен... Құдай Оны өлімнен қайта тірілтті деп осындай сеніммен айта алмаймыз”. Бұл сөздерді Англикан шіркеуінің жоғары шенді мүшесі — кентерберий архиепископы айтқан еді.
МӘСІХШІ елші Пауылдың мұндай күмәны болмаған. Құдайдың рухының жетелеуімен Қорынттағы мәсіхші бауырластарына жазған бірінші хатының 15-тарауында ол былай деген болатын: “Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын қиды. Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді” (1 Қорынттықтарға 15:3, 4).
Шәкірттерінің ізгі хабарды бүкіл грек-рим әлеміне — “аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік” — уағыздауларына себеп болған олардың осы Иса Мәсіхтің қайта тірілгеніне деген сенімдері еді (Қолостықтарға 1:23). Исаның қайта тірілгені мәсіхшілердің сенімінің негізі болып табылады.
Дегенмен о бастан-ақ Исаның қайта тірілгеніне көптеген адамдар күмән келтірген. Исаның шәкірттерінің осы бір бөренеге қағылған адамды Мәсіх деп атауы жалпы алғанда яһудилер үшін Құдайға тіл тигізу болып саналды. Сондай-ақ, жанның өлмейтіндігіне сенетін білімді гректердің басым көпшілігі үшін осы қайта тірілу туралы пікір олардың нанымдарына қайшы ұғым еді (Елшілердің істері 17:32—34).
Бүгінгі күнгі күмән келтірушілер
Соңғы жылдары христиан әлемінің кейбір теологтары Исаның қайта тірілгені ойдан шығарылған аңыз ретінде суреттелген кітаптар мен мақалалар басып шығарып, осыған байланысты қызу талас жүргізуде. “Тарихи Исаны” суреттеуге тырысқан оқымыстылар бос қалған қабір мен Исаның қайта тірілгеннен кейін оқушыларына көрінгенін ол өлгеннен соң көп уақыт өткеннен кейін оның адамда жоқ күші бар екенін дәлелдеу үшін ойдан шығарылған аңыз әңгіме деп есептейді.
Мысал ретінде Жаңа Өсиетті зерттеумен шұғылданатын профессор және “Исамен шындығында болған жағдай. Қайта тірілуге деген тарихи көзқарас” (What Really Happened to Jesus — A Historical Approach to the Resurrection) атты кітаптың авторы, неміс теологы Герд Людеманның көзқарасын алайық. Оның айтуынша, Иса қайта тірілді деген тұжырым — “дүниеге ғылыми көзқараспен қараған” әр адам бас тартуы керек “бос қағида”.
Людеман қайта тірілген Исаның елші Петірге көрінгенін шын мәнінде Петірдің қатты қайғыруы мен Исадан бас тартқаны үшін өзінің кінәсын сезінуінен туған елес қана деп айтады. Людеманның айтуы бойынша сондай-ақ Исаның 500-ден астам шәкірттеріне көрінуін де олардың бәрінің қатты әсерде болуының салдары деуге болады (1 Қорынттықтарға 15:5, 6). Қорыта айтқанда, көптеген оқымыстылар Киелі кітапта жазылған Исаның қайта тірілуі жайындағы хабарларды, оның шәкірттерінің рухани сенімділігін арттырып, оларды ынтамен уағыз айтуға талпындырған біреудің қиялынан туған немесе ойдан шығарған нәрсесі деп есептейді.
Әрине, көп адамдарды теологтардың пікірталасы қызықтырмайды. Сөйткенмен де Исаның қайта тірілуіне қатысты сұрақтар біздің бәрімізді де қызықтыруы қажет. Неліктен? Өйткені, Иса қайта тірілмеген болса — мәсіхшіліктің негізінің жалған болғаны. Ал егер оның қайта тірілгені шын мәніндегі тарихи оқиға болған болса — мәсіхшіліктің шындыққа негізделгені. Олай болатын болса, Мәсіхтің қайта тірілгендігі ғана емес, уәделерінің де шындық болғаны. Оның үстіне, егер қайта тірілу бар болса — онда өлім жеңілмейтін нәрсе емес, жоюға болатын жау болғаны (1 Қорынттықтарға 15:55).
[3-беттегі сурет рұқсатымен]
From the Self-Pronouncing Edition of the Holy Bible, containing the King James and the Revised versions