Нұрда жүргендерге арналған қуаныш
“Келіңдер, тәңірдің нұрында жүрейік” (ИШАЯ 2:5).
1, 2. а) Жарық қаншалықты маңызды? ә) Бүкіл жер бетін қараңғылық басады деген ескерту неліктен соншалықты маңызды?
ЕХОБА — нұрдың Қайнар көзі. Киелі кітап Құдай туралы “күндіз жарық болу үшін күнді берген, түнде жарық болу үшін ай мен жұлдыздарға жарғы берген Тәңір” дейді (Еремия 31:35; Забур 8:4). Иә, ол әлем кеңістігіне орасан көп мөлшерде, шамалы бөлігі жарық пен жылу болып табылатын, энергия бөлетін алып ядролық пеш — біздің күнді жаратқан. Күннің нұры ретінде бізге жетіп тұрған сол энергияның өте аз ғана мөлшерінің өзі жерде тіршіліктің болуын қамтамасыз етеді. Күн сәулесі болмаса біз өмір сүре алмас едік. Жерде тіршілік болмаған болар еді.
2 Осыны есімізде сақтайтын болсақ, Ишая пайғамбар суреттеген жағдайдың маңыздылығын түсінеміз. Ол: “Міне, жер бетін қою қараңғылық жайлап, халықтарды қара түнек жауып алды”,— деген еді (Ишая 60:2). Әрине, бұл жерде тура мағынадағы қараңғылық жайлы айтылып тұрған жоқ. Ишая күндердің күнінде күн, ай, жұлдыздар нұрын шашуды тоқтатады дегісі келмеген (Забур 88:37, 38; 135:7—9). Ол рухани қараңғылық жайында айтқан. Ал, рухани қараңғылық — өлімге ұшырататын нәрсе. Сайып келгенде, кәдімгі жарықсыз өмір сүре алмайтынымыз сияқты, рухани жарықсыз да өмір сүре алмаймыз (Лұқа 1:79).
3. Ишаяның сөздеріне орай мәсіхшілер не істеуі керек?
3 Осыған орай, Ишаяның сөздері ежелгі Яһудеяда орындалып қойғанымен, бүгінгі күні кең көлемде орындалып жатқанын есте ұстағанымыз маңызды. Иә, бүгінгі күні дүниені рухани қараңғылық жайлаған. Осындай қауіпті жағдайда рухани жарықтың маңызы өте зор. Сол себепті, мәсіхшілер Исаның: “Сендердегі “нұр” адамдарға сәулесін төксін”,— деген өсиетін орындаулары керек (Матай 5:16). Адал мәсіхшілер кіші пейіл адамдар үшін рухани қараңғылыққа нұрын төгіп, олардың өмірге ие болуына мүмкіндік жасайды (Жохан 8:12).
Исраилді қараңғылық жайлаған уақыт
4. Ишаяның сөздері қашан орындалды, бірақ ол өмір сүрген кездің өзінде қандай жағдай қалыптасқан еді?
4 Жер бетін қараңғылық жайлайтыны туралы Ишаяның айтқан сөздері бірінші рет Яһуда жері қаңырап бос қалып, халқы Бабылда тұтқында болған кезде орындалды. Бірақ оған дейін, Ишаяның өзі өмір сүрген уақыттың өзінде-ақ, халықтың басым көпшілігі рухани қараңғылыққа оранған еді және осындай жағдай оның өз замандастарын: “Жақыптың үрім-бұтағы, келіңдер, Тәңірдің нұрында жүрейік біздер!” — деп шақыруына себеп болған (Ишая 2:5; 5:20).
5, 6. Ишаяның кезінде халықты қараңғылық басуына қандай себептер болды?
5 Яһуда елінде Ишая “Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия патшалық құрған кездерде” пайғамбарлық етті (Ишая 1:1). Ол саяси тәртіпсіздік, діни екіжүзділік, соттың сатылғыштығы және кедейлерді қанау орын алған тынышсыз кез еді. Тіпті Жотам сияқты адал патшалар басқарған кездерде де көптеген биік жерлерден жалған тәңірлерге құрбандық шалатын орындарды көруге болатын еді. Жолдан тайған патшалардың кезінде жағдай нашар болды. Мысалы, зұлым патша Ахаздың зұлымдығының шектен шыққаны соншалық, өзінің баласын Молох құдайға арнап құрбандыққа шалған. Бұл шынында да қараңғылық еді! (4 Патшалық 15:32—34; 16:2—4).
6 Халықаралық жағдай да бұлыңғыр еді. Моаб, Едом және Філістір Яһуданың шекарасында қауіп төндіріп тұрды. Исраилдің солтүстік патшалығы да, туыс болғанына қарамастан, қас дұшпан болды. Оның солтүстігінде орналасқан Сирия да Яһуданың бейбітшілігіне қауіп төндіріп тұрды. Тіпті олардан да қауіпті ел басқыншылықты көздеген қатыгез Ассирия болды. Ишая пайғамбарлық еткен уақытта Ассирия бүкіл Исраил халқын жаулап алды және Яһуданы талқандады десе де боларлық. Бір кездері Яһуданың Иерусалимнен өзге бекінісі бар қалаларының бәрі Ассирияның қолында болды (Ишая 1:7, 8; 36:1).
7. Исраил мен Яһуда қандай жолды таңдады және Ехоба оған қалай қарады?
7 Исраил мен Яһуда Құдайға адалдығын сақтамағандықтан, Құдаймен бітімдегі халық осындай бақытсыздықтарды бастан кешті. Нақыл сөздер кітабында айтылғандар сияқты, олар, ‘қараңғылық жолымен жүру үшін, түзу жолды тастап кетті’ (Нақыл сөздер 2:13). Сөйтсе де, Ехоба өз халқына ашулы болғанымен, олардан толық бас тартқан жоқ. Халықтың ішіндегі әлі де болса Ехобаға адал қызмет еткісі келгендерді рухани жарықпен қамтамасыз ету үшін, Ишая мен өзге де пайғамбарларды жіберді. Бұл пайғамбарлар қамтамасыз еткен жарық шын мәнінде бағалы еді! Ол өмір беретін!
Қазіргі қараңғылық жайлаған уақыттар
8, 9. Бүгінгі күні жер жүзін қараңғылық басуының себебі неде?
8 Ишаяның кезіндегі жағдай бүгінгі күнгі жағдайға өте ұқсас еді. Біздің уақытымызда адамзат басшылары Ехоба мен ол тағайындаған Патша — Иса Мәсіхті мойындамайды (Забур 2:2, 3). Христиан әлемінің дінбасылары өздерінің қарамағындағы адамдарды адастырып келеді. Мұндай басшылар Құдайға қызмет етіп жүрміз деп айтады, бірақ олар іс жүзінде осы дүниенің ұлтшылдық, соғысқұмарлық, байлық және әйгілі адамдар сияқты құдайларын мадақтап, жалған ілімдерден басқа ештеңеге үйретпейді.
9 Христиан әлемінің діндері бір жерден соң екінші жерде болып жатқан соғыс пен этникалық тазартуға апарып соғатын өзара қырқысуларға және өзге де сұмдық істерге қатысуда. Сондай-ақ, Киелі кітапқа негізделген өнегелілік нормаларын жақтаудың орнына, көптеген шіркеулер оларды елемейді, немесе азғындық және гомосексуализм сияқты өнегесіздік іс-әрекеттерді белсенділікпен қолдайды. Осылайша, Киелі кітаптың өнегелілік нормаларынан бас тартқандықтан, христиан әлемінің діншіл адамдары ертедегі Забур жыршысы: “Білмейді де, түсінбейді де, қараңғы қапаста жүр”,— деп айтқан адамдарға ұқсайды (Забур 81:5). Шынында да, христиан әлемін, ежелгі Яһуда сияқты, қою қараңғылық басқан (Аян 8:12).
10. Бүгінгі күнгі түнектің ішінде нұр қалай жарқырауда және кіші пейіл адамдар одан қандай игілік көруде?
10 Осындай қараңғылық жайлаған уақытта Ехоба кіші пейіл адамдар үшін жарықтың нұрын шашып отыр. Бұл үшін ол “адал да саналы қызметші” болып табылатын майланған қызметшілерін қолданып отыр және олар ‘қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырауда’ (Матай 24:45; Філіпіліктерге 2:15). Миллиондаған “басқа да қойлар” қолдап отырған бұл қызметші табы Құдай Сөзіне негізделген рухани жарықтың сәулесін шағылыстыруда (Жохан 10:16). Осы қараңғылық басқан дүниеде мұндай жарық кіші пейіл адамдарға үміт береді, Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болуларына және рухани тұзақтардан аман болуларына көмектеседі. Бұл — өте бағалы, өмір беретін жарық!
“Сенің есіміңді мадақтаймын”
11. Ехоба Ишаяның кезінде қандай мәліметтің болуын қамтамасыз етті?
11 Ишая өмір сүрген қараңғы түнек басқан күндері, сондай-ақ кейіннен бабылдықтар Ехобаның халқын құлдыққа алып кеткен уақыттағы тіпті одан да әлдеқайда қараңғы түнек басқан күндері Ехоба қандай басшылық берді екен? Өнегелілік нормаларын бере отырып, өзінің халқына қатысты ниеттерінің қалай орындалатынын алдын ала анық білдірді. Мысалы, Ишая кітабының 25-тен 27-ге дейінгі тарауларындағы керемет пайғамбарлықтарды қарастырып көрейікші. Бұл тараулардағы сөздер Ехобаның сол кездегі оқиғаларға қандай бағыт бергенін және қазір қандай бағыт беріп отырғанын көрсетеді.
12. Ишая қандай шын жүректен шыққан сөздер айтты?
12 Алдымен Ишая: “Тәңірім! Сен менің Құдайымсың. Сені дәріптеймін, Сенің есіміңді мадақтаймын”,— деп жариялайды. Қандай шын жүректен шыққан мадақтау десеңші! Бірақ, пайғамбардың осылай дұға етуіне не себеп болды екен? Негізгі себебі осы тармақтың екінші жартысында жазылған. Онда біз былай деп оқимыз: “Өйткені сен таңғажайып нәрселер істедің; ежелден алдын ала белгілеп қойғандарың шынайы, аумин” (Ишая 25:1).
13. а) Ишаяның Ехобаға риза болуына қандай білім себеп болды? ә) Ишаяның үлгісінен неменеге үйренуімізге болады?
13 Ишая өмір сүрген уақытқа дейін Ехоба Исраил халқы үшін көптеген керемет нәрселер істеді және бұл істері жазылып қалдырылды. Ишаяның бұл Жазбалармен таныс болғаны шүбәсыз. Мысалы, ол Ехобаның өз халқын Мысырдың құлдығынан құтқарғанын және Қызыл теңізде перғауынның әскерінен қорғап қалғанын білген. Сондай-ақ ол Ехобаның өз халқын шөл даламен алып жүргенін және оларды Уәде етілген жерге алып келгенін білген (Забур 135:1, 10—26). Сол сияқты, тарихи мәліметтер Ехоба Құдайдың алдын ала белгілеп қойғандарының шынайы екенін көрсетеді. Оның “алдын ала белгілеп қойғандары” — ол ниет еткен нәрселердің барлығы да — орындалуда. Құдай қамтамасыз еткен тура білім жарықта жүруі үшін Ишаяны нығайтқан. Осылайша, ол біз үшін керемет үлгі болды. Егер Құдайдың жазба түріндегі Сөзін мұқият зерттеп, білгенімізді өмірімізде қолданатын болсақ, біз де жарықта жүретін боламыз (Забур 118:105; 2 Қорынттықтарға 4:6).
Қала жойылды
14. Қала жайында қандай пайғамбарлық айтылды және ол қандай қала болса керек?
14 Құдай алдын ала белгілеп қойған нәрселердің бірін Ишая 25:2-ден табамыз. Онда біз мынаны оқимыз: “Сен қаланы тастардың үйіндісіне, берік қамалды қираған орынға айналдырдың; қалада басқа тайпаның адамдарының салтанатты үйлері қалмады; ол ешқашан қайта қалпына келмейді”. Бұл қандай қала? Ишая Бабыл туралы пайғамбарлық еткен болса керек. Өйткені кейіннен шынында да Бабыл қаласы тастардың үйіндісіне айналды.
15. Қазіргі уақытта қандай “ұлы қала” бар және ол қаланы не күтіп тұр?
15 Ишая айтқан қалаға ұқсас қала бүгін де бар ма екен? Иә, бар. Аян кітабында ‘күнәкар дүниедегі патшаларға үстемдік жүргізетін ұлы қала’ жайлы айтылған (Аян 17:18). Ол ұлы қала — бүкіл дүниежүзілік жалған діндердің империясы “Ұлы Бабыл” (Аян 17:5). Бүгінгі күнгі Ұлы Бабылдың негізгі бөлігі — дінбасылары Ехобаның халқының Патшалықты уағыздау ісіне бірінші болып қарсылық көрсетіп жатқан христиан әлемі (Матай 24:14). Бірақ, ежелгі Бабыл сияқты, ұлы Бабыл да жақында жойылып, ешқашан қайта қалпына келмейтін болады.
16, 17. Ежелгі уақытта және қазір жаулары Ехобаны қалай мадақтады?
16 “Берік қала” жайында Ишая тағы қандай пайғамбарлық айтты екен? Ехоба туралы Ишая: “Сондықтан Сені күшті халықтар дәріптейтін болады; қорқынышты тайпалардың қалалары [“қаласы”, ЖД] Сенен қорқатын болады”,— дейді (Ишая 25:3). Бұл дұшпан қала, яғни “қорқынышты тайпалардың қаласы”, Ехобаны қалай дәріптеуі керек еді? Бабылдың құдіретті патшасы Набуходоносор бастан кешкен жағдайды есімізге түсірейікші. Өзінің әлсіз екенін көрсеткен ойландыратын жағдайды басынан кешірген соң, оның Ехобаның ұлылығы мен теңдесі жоқ күшін мойындауына тура келді (Даниел 4:31, 32). Ехоба өзінің күшін көрсеткен кезде, тіпті жаулары да, лажсыздан болса да, оның ұлы істерін мойындайды.
17 Ұлы Бабылдың Ехобаның ұлы істерін мойындаған кезі болды ма? Иә, болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Ехобаның майланған қызметшілері қиын жағдайда уағыз айтты. 1918 жылы Күзет Мұнарасы Қоғамының жауапкершілік жүктелген қызметшілері түрмеге жабылған кезде олар рухани тұтқынға түсті. Ұйымдасып уағыз айту ісі тоқтап қалды. Содан кейін, 1919 жылы Ехоба оларды қайтадан аяққа тұрғызып, өзінің рухымен нығайтты да, олар бүкіл жер бетіне ізгі хабарды уағыздау міндеттерін атқара бастады (Марқа 13:10). Осының бәрі де және бұның Ехобаның жауларына қалай әсер ететіндігі Аян кітабында алдын ала айтылған болатын. Оларды “қатты қорқыныш билеп... көктің Иесі — Құдайдың даңқын мадақтады” (Аян 11:3, 7, 11—13). Әрине, бұл олардың бәрі бірдей шындыққа мойын бұрды дегенді білдірмейді, бірақ олар, Ишая алдын ала айтқандай, Ехобаның осы оқиғаға байланысты ұлы істерін мойындауға мәжбүр болды.
“Жарлы үшін... баспана”
18, 19. а) Ехобаның халқын адалдығынан тайдырғысы келген жауларының әрекеті неге нәтижесіз? ә) “Қысым жасаушылардың шаттықтары” қалай басылады?
18 Ехобаның жарықта жүргендерге қалай мейірімділікпен қарайтынына көңіл аударған Ишая енді Ехобаға былай дейді: “Сен жарлы үшін және тарлық көрген кезінде бейшара адам үшін баспана болдың, дауылдан қорғаныш, күннің аптабында көлеңке болдың; өйткені езушілердің ашулы демі дуалға қарсы ұрған дауыл сияқты болды. Сен жаулардың сотқарлықтарын сусыз жердегі аптапты басқандай бастың; күннің аптабын көлеңкесімен бұлттың басатынындай қысым жасаушылардың шаттықтары басылды” (Ишая 25:4, 5).
19 1919 жылдан бері, сотқарлар шынайы мінажаттың тазалығына нұқсан келтіруге тырысып келді, бірақ олар дегеніне жетпеді. Неге жетпеді екен? Өйткені Ехоба өз халқы үшін баспана және қорған болып табылады. Ол қуғынның аптабынан қорғайтын салқын баспана болып, қарсылықтың нөсерлі дауылынан сақтайтын берік дуал сияқты тұр. Құдайдың жарығында жүрген біздер ‘қысым жасаушылардың шаттықтары басылатын’ уақытты сеніммен күтудеміз. Иә, біз Ехобаның жаулары жойылатын уақытты асыға күтудеміз.
20, 21. Ехоба қандай той істеп отыр және жаңа дүниеде ол тойда не нәрселер болады?
20 Ехоба өзінің қызметшілерін қорғап қана қоймайды. Ол оларға сүюші Әкедей қамқорлық көрсетуде. 1919 жылы өзінің халқын Ұлы Бабылдан босатқан соң, Ехоба олар үшін мол рухани тағамнан тұратын жеңіс тойын жасады. Бұл жайлы Ишая 25:6-да алдын ала айтылған еді: “Тәңір Сабаот осы тауда барлық халықтар үшін дәмді тағамға толы, таза шарапқа, майлы сүйекке, ең таза шарапқа толы дастарқан жаяды”. Сол тойға қатысу біз үшін қандай бақыт! (Матай 4:4). ‘Иеміздің дастарханы’ шынында да өте дәмді тағамдарға толы (1 Қорынттықтарға 10:21). “Адал да саналы қызметші” арқылы бізге рухани мағынада қажет нәрселердің бәрі берілуде.
21 Құдай жасап отырған тойда басқа да нәрселер бар. Қазір тамақтанып жүрген рухани дастарқан Құдай уәде еткен жаңа дүниеде болатын тәндік тамақтың молшылығын біздің есімізге салады. Ол кезде “майлы сүйек” тәндік тағамның молшылығын да білдіретін болады. Ол кезде ешкім де физикалық немесе рухани жағынан аштық көрмейтін болады. Исаның тақта отырғанын білдіретін ‘белгінің’ бір бөлігі ретінде алдын ала айтылған ‘ашаршылықтан’ қасірет шегіп жүрген қымбатты адал бауырластарымыз үшін бұл қандай жұбаныш десеңші! (Матай 24:3, 7). Олар үшін Забур жыршысының: “Жерде, тау басында нан мол болады”,— деген сөздері шын мәнінде жұбаныш (Забур 71:16).
22, 23. а) Қандай “жапқыш” жойылады және қалай? ә) Ехоба өз халқын “ғайбат сөздерден” қалай құтқарады?
22 Ал қазір тіпті бұдан да әлдеқайда керемет уәдені тыңдайықшы. Күнә мен өлімді ‘жапқышпен’ салыстырған Ишая былай дейді: “[Ехоба] барлық халықтарды жауып тұрған, бүкіл тайпалардың үстінде жатқан жапқышты жояды” (Ишая 25:7). Ойлап қараңдаршы! Тынысты тарылтып, тұншықтырып жатқан жапқыш сияқты адамзатты басып жатқан күнә мен өлім жойылады. Тіл алғыш және адал адамзат Исаның төлем құрбандығының пайдасын толығымен көретін уақытты біз қаншалықты аңсап күтудеміз десеңші! (Аян 21:3, 4).
23 Сол керемет уақытқа нұсқап Құдай рухының жетелеуімен пайғамбар бізді: “[Құдай] өлімді мәңгілікке жоқ қылып, Жаратқан Ие барлық адамдардың жүздеріндегі жасты сүртеді және бүкіл жер бетіндегі өз халқын ғайбат сөздерден құтқарады; өйткені Тәңір осылай дейді”,— дейді (Ишая 25:8). Ешкім кәріліктен не аурудан қайтыс болмайды немесе сүйіктілерін жоқтап жыламайтын болады. Қандай қуанышты өзгеріс десеңші! Сондай-ақ, жер бетінде еш жерде енді Құдай мен қызметшілері осыншама көп уақыт шыдаған ғайбат сөздер мен жалған насихат болмайды. Неліктен болмайды? Өйткені Ехоба мұндай істердің бастауы — өтіріктің әкесі Шайтан Ібілісті үрім-бұтағымен қоса жояды (Жохан 8:44).
24. Нұрда жүргендер өздерінің пайдасы үшін Ехобаның атқарып жатқан ұлы істерінен қандай әсер алуда?
24 Ехобаның осындай керемет күші жайлы ой жүгірткен кезде, жарықта жүрген адамдар: “Міне, біздің Құдайымыз! Біз Оған үміт артып едік, Ол бізді құтқарды! Бұл — Тәңір; біз Соған үміт арттық; Оның бізді құтқарғаны үшін қуанып, шаттаналық!” — деп дауыстауға талпыныс сезінеді (Ишая 25:9). Жақында әділ адамзаттың шаттануына барлық негіз болады. Қараңғылық толығымен сейіліп, адал адамдар Ехобаның нұрына мәңгі шомылатын болады. Бұдан асқан керемет үміт бар ма? Әрине, жоқ!
Түсіндіріп бере аласың ба?
• Бүгінгі күні жарықта жүру неліктен маңызды?
• Ишая неліктен Ехобаның есімін мадақтады?
• Қарсыластар неліктен ешқашан Құдай халқын адал жолдан тайдыра алмайды?
• Жарықта жүргендерді қандай керемет баталар күтіп тұр?
[23-беттегі сурет]
Яһуданың тұрғындары балаларын Молохқа арнап құрбандыққа шалған
[25-беттегі суреттер]
Ехобаның ұлы істерін білгендігі Ишаяны Оның есімін мадақтауға талпындырды
[26-беттегі сурет]
Әділ адамдар Ехобаның нұрына мәңгі шомылатын болады