Қауіп-қатер жайлаған дүниеде қауіпсіздік табу
МИНА қойылған алаңда жүру өмірге қауіпті. Бірақ минаның қай жерге қойылғаны көрсетілген картаңыз болса, пайдасы болған болар еді ғой. Солай емес пе? Оның үстіне, сіз миналардың жатқан жерін анықтауды үйренгенсіз делік. Мұндай білім жарақат алу немесе өліп кету қаупін айтарлықтай азайтатыны анық.
Киелі кітапты осындай картамен және минаның жатқан жерін анықтауға көмектесетін басшылықпен салыстыруға болады. Киелі кітапта қауіп-қатерден аулақ жүруге және өмірде кездесетін қиыншылықтарды шешуге көмектесетін керемет даналық бар.
Нақыл сөздер 2:10, 11-де жазылған жігерлендіретін уәдеге көңіл аударыңызшы: “Даналық сенің жүрегіңе ұялап, білім сенің жаныңа жаққанда, сонда сені парасаттылық сақтап, ақыл сені күзететін болады”. Бұл жерде адамзаттың емес, Құдайдың даналығы мен ақылы айтылып тұр. “Мені [Құдайдың даналығын] тыңдаған адамдар зұлымдықтан қорықпай, қауіпсіз және тыныштықта өмір сүреді” (Нақыл сөздер 1:33). Келіңіз, Киелі кітаптың қалай біздің қауіпсіздігімізді ұлғайтып, көптеген қиындықтардан аман болуымызға көмектесетінін көрелік.
Өлімге ұшырататын бақытсыздықтардан аман болу
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жақын арада жасаған мәліметіне қарағанда, дүние жүзі бойынша жыл сайын шамамен 1 171 000 адам автомобиль апаттарынан қайтыс болады, 40 миллионға жуық адам жарақат алады және 8 миллионнан астам адам ұзақ уақытқа жұмысқа жарамсыз болып қалады.
Ешбір қауіпсіз автомобиль жүргізу мүмкін емес болса да, жол жүру ережелерін сақтайтын болсақ, біздің жеке басымыздың қауіпсіздігі едәуір арта түседі. Осындай ережелерді орнатқан және орындалуын қадағалайтын мемлекеттік билігі бар әкімдер жайында Киелі кітапта былай делінген: “Әрқайсың мемлекеттік билігі бар әкімдерге бағыныңдар!” (Римдіктерге 13:1). Осы кеңеске құлақ асқан жүргізушілер көбінесе зардабы қорқынышты апатқа ұшырау қаупін азайтады.
Автомобильді абайлап жүргізуге талпындыратын тағы бір фактор — өмірді қастерлеу. Киелі кітап Ехоба Құдай жайлы “өмірдің қайнар көзі Сенде” деп айтады (Забур 35:10). Сол себепті, өмір — Құдайдың сыйы. Демек, біздің ешкімнен де бұл сыйды алып қоюға немесе қадірлемеуге, әрине өзіміздің де өмірімізді, қақымыз жоқ (Жаратылыс 9:5, 6).
Әрине, егер өмірді қастерлейтін болсақ, автомобиліміз бен үйіміздің мүмкіндігінше қауіпсіз болуына жағдай жасаймыз. Ежелгі Исраилде өмірдің барлық саласында қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінетін болған. Мысалы, Құдайдың заңы тамның төбесінде, яғни отбасының әдетте бас қосатын жерінде, сүйеніш болуын талап еткен. “Біреу одан құлап кетіп, үйіңе оның қанын жүктемес үшін шатырыңның айналасына сүйеніш жасап қой” (Заңды қайталау 22:8). Егер осы заң орындалмағандықтан біреу құлап кететін болса, Құдайдың алдында үйдің иесі жауапты болған. Осы заңнан көрінетін сүйіспеншілікке толы принципті ұстанатын болса, жұмыс орнында, тіпті дем алу орнында, бақытсыздық жағдайлардың мейлінше азайтатындығы шүбәсыз.
Өлімге жетелейтін зиянды құмарлықтармен күресу
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, дүние жүзі бойынша миллиардтан аса адам шылым шегеді және бір жыл ішінде өлгендердің төрт миллионға жуығын темекінің салдарынан өлді деуге болады. Тағы бір 20—30 жылдың ішінде бұл сан 10 миллионға өседі деп күтілуде. Бұл зиянды құмарлықтар өзге де миллиондаған шылым шегетіндер мен “көңіл көтеру” үшін есірткі қабылдайтындардың денсаулықтары мен өмірін бұзады.
Киелі кітапта темекі тарту мен есірткі қабылдау жөнінде нақты айтылмағанымен, ондағы принциптер бізді осы істерден қорғайды. Мысалы, 2 Қорынттықтарға 7:1-де: ‘Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарайық’,— деген кеңес беріледі. Темекі мен есірткінің тәнімізді көптеген зиянды химиялық заттармен ластайтыны күмәнсыз. Сондай-ақ Құдай біздің тәніміздің “қасиетті”, яғни таза болғанын қалайды (Римдіктерге 12:1, ЖД). Осы принциптерді қолданатын болсақ, өмірімізге төнетін қауіп-қатердің азаятынымен келісетін шығарсыз?
Қауіпті әдеттерді жеңу
Көп адамдар ішіп-жеуде өзін-өзі ұстай білмейді. Артық жеудің салдарынан диабет, рак және жүрек ауруларына шалдығу мүмкін. Ішкілікке салыну мен маскүнемдік болса, бауыр беріші (циррозы), ажырасу және автомобиль апаты сияқты қосымша қиыншылықтарға ұрындырады. Ал басқа жағынан алып қарайтын болсақ, емдәм (диета) ұстануға шамадан тыс берілу де зиянды болып, жүйкелік тәбетсіздік (нервная анорексия) сияқты дұрыс тамақтану әдетінің бұзылуына ұрындыруы мүмкін.
Киелі кітап медициналық кітап болмағанымен, онда ішіп-жеуде ұстамдылық қажет екені ашық айтылған. “Құлағыңды сал, ұлым менің, ақылды болып, жүрегіңді тура жолға бұр. Шарап ішіп мас болатындар мен ет жеп күпті болатындардың арасында болма: өйткені маскүнем мен қомағайлар кедейлікке душар болады” (Нақыл сөздер 23:19—21). Дегенмен де, Киелі кітап адамның ішіп-жегеннен рақат алуы керек екенін айтады. “Және қандай да бір адам ішіп-жеп, өзінің әр еңбегінің рақатын көретін болса, бұл — Құдайдың сыйы” (Екклесиаст 3:13).
Сондай-ақ Киелі кітап бізді дене шынықтыру жаттығуларына байсалдылықпен қарауға шақырады. Онда дене шынықтырудың “біраз” ғана пайдасы бар екені, ал “Құдайға ұнамды жүру барлық жағынан да пайдалы: Тәңірдің уәдесі бойынша ол осы және болашақ өмірде де игілікті” екендігі айтылады (1 Тімотеге 4:8). ‘Құдайға ұнамды жүру қалайша осы өмірде де пайдалы?’ — деп сұрарсыз, мүмкін. Көп жағынан пайдалы. Құдайға ұнамды жүру адам өмірінің рухани салаларына пайдалы болуымен қатар, сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық және шыдамдылық сияқты пайдалы қасиеттер дамытуға септігін тигізеді. Ал бұл қасиеттер дұрыс көзқарас дамытып, денсаулықты сақтауға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23).
Өнегесіздіктің қайғылы зардаптары
Бүгінгі күні миллиондаған адамдар өнегесіздікке салынған. Оның зардаптарының бірі — СПИД індеті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, СПИД індеті пайда болғаннан бері 16 миллион адам қайтыс болған және бүгінгі күні 34 миллионға жуық адам СПИД вирусын жұқтырған. Көптеген СПИД-пен ауыратын адамдар бұл ауруды кездейсоқ жыныстық қатынас, есірткі егу үшін лас шприц қолдану немесе қан құю арқылы жұқтырған.
Әдепсіз өмір салтының басқа зардаптары: герпес, соз, В және С гепатиті, мерез аурулары. Киелі кітап жазылып жатқан уақытта бұндай терминдер қолданылмағанымен, жыныстық қатынас арқылы берілетін белгілі аурулар қандай мүшелерді зақымдайтыны ол уақытта әдетте белгілі болатын. Мысалы, Нақыл сөздер 7:23-те азғындықтың қорқынышты зардабы ‘бауырды тесіп өтетін жебе’ ретінде суреттелген. Гепатит сияқты мерез де әдетте адамның бауырын зақымдайды. Иә, Киелі кітаптың: “Қаннан... неке адалдығын бұзудан аулақ жүріңдер”,— деген кеңесі қандай дер кезінде айтылған және сүйіспеншілікке толы кеңес десеңізші! (Елшілердің істері 15:28, 29).
Ақшақұмарлықтың торы
Аз уақыт ішінде байып кету мақсатымен көп адамдар тәуекелге барады. Өкінішке орай, тәуекелге барғандар көбінесе жұмсаған ақшасынан айырылады немесе мүлдем қаражатсыз қалады. Ал Киелі кітап Құдайдың қызметшілеріне: “Адал еңбек етіп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестірсін”,— деп кеңес береді (Ефестіктерге 4:28). Әрине, ауыр еңбек еткен адам әрқашан бай бола бермейді. Бірақ ондай адам жаны жай тауып, өзіне-өзі сыйлы болады, тіпті тұрарлық іске құрбан ете алатын жинаған қаржысы болуы да мүмкін.
Киелі кітап: “Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола... өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті”,— деп ескертеді (1 Тімотеге 6:9, 10). “Баюға ұмтылғандардың” көбісінің байлыққа қол жеткізіп жатқанына ешқандай да дау жоқ, әрине. Бірақ ненің есебінен қол жеткізіп жатыр екен? Осының салдарынан олардың денсаулығы, отбасы бірлігі, рухани күйі және тіпті ұйқылары бұзылып жатқан жоқ па? (Екклесиаст 5:12).
Дана адам ‘байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайтынын’ түсінеді (Лұқа 12:15). Әрине, қоғамда көбінесе ақша мен кейбір заттарсыз өмір сүру мүмкін емес. Киелі кітап, “ақша... қорғаныш үшін” [ЖД] дейді, бірақ онда әрі қарай “білімнің артықшылығы сонда, даналық ие болғандарға өмір береді” деп қосады (Екклесиаст 7:12). Тура білім мен даналықтың ақшадан артықшылығы сол — бізге барлық жағдайда, әсіресе өмірлік маңызы бар жағдайларда, көмектесе алады (Нақыл сөздер 4:5—9).
Тек қана даналық қорғаныш болатын уақытта
Шынайы даналық жақында күн санап жақындап келе жатқан “ауыр азап” кезінде Құдай зұлымдарды жойған кезде қорғаныш болып, керемет түрде өзіне “ие болғандарға мір береді” (Матай 24:21, сілтемені қараңыз). Киелі кітапқа сәйкес, ол уақытта адамдар ақшаларын “жеркенішті нәрсе” ретінде көшеге лақтырып тастайды. Неге олай істейді? Олар алтын мен күмістің “Ехоба қаһарына мінетін күні” өздерінің өмірін сақтап қала алмайтынын өз бастарынан кешіріп барып түсінеді (Езекиел 7:19, ЖД). Ал рухани нәрселерді өмірлерінде бірінші орынға қойып, парасаттылықпен “өздеріне байлықты көкте жинаған” “үлкен тобыр” жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүреді (Аян 7:9, 14; 21:3, 4; Матай 6:19, 20).
Осы қауіпсіз болашаққа қалай жетуімізге болады? Иса: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану“,— деп жауап береді (Жохан 17:3). Миллиондаған адамдар бұл білімді Құдайдың Сөзі — Киелі кітаптан тапты. Мұндай адамдар керемет болашаққа үміт артып қана қоймайды, олар қазір де айтарлықтай бейбіт және қауіпсіз өмір сүруде. Бұл тура: “Уа, Жаратқан мен төсегіме жатып ұйықтаймын енді қаннен-қаперсіз, өйткені Өзің маған бердің сыйлап тыныш өмірді еш қауіп-қатерсіз!” — деп Забур жыршысы жырлағандай (Забур 4:9).
Денсаулығыңыз бен өміріңізге төнген қауіпті қандай да бір мөлшерде азайтуға көмектесе алатын Киелі кітаптан өзге мәлімет көзін білесіз бе? Өзге ешқандай кітаптың Киелі кітап сияқты беделі жоқ және өзге ешқандай кітап бүгінгі қауіп-қатер жайлаған дүниеде шынайы қауіпсіздік табуға көмек бола алмайды. Неге сізге оны тереңірек зерттеп көрмеске?
[6-беттегі қоршау/сурет]
Киелі кітаптың көмегімен денсаулықты жақсарту және қауіпсіз болу
Өмір шындығынан қашып құтылу үшін, Джейнa атты жас әйел әдетте марихуана, табак, кокаин, амфетаминдер, LSD және тағы басқа есірткілер қабылдайтын. Сондай-ақ ол ішкілікке салынған еді. Джейннің айтуы бойынша күйеуі одан аспаса, кем түспейтін. Олардың болашақтары күңгірт еді. Бір жолы Джейн Ехоба Куәгерлерімен танысады. Содан бастап ол мәсіхшілердің жиналыстарына баратын болады, сондай-ақ “Күзет Мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналдарын оқуды бастайды. Бұл журналдарды оның күйеуі де оқиды. Кейіннен екеуі де Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеуді бастайды. Ехобаның жоғары нормаларына деген ризашылықтары оянған кезде олар жаман әдеттерінің бәрінен бас тартады. Нәтижесі қандай болды екен? Біраз жыл өткен соң Джейн: “Жаңа өмір жолымыз бізге қаншама көп қуаныш әкелді десеңші! Адамдардың өмірін жақсартуына ықпал ететін Сөзі үшін және жаман қылықтардан арылып, салауатты өмір кеше бастағанымыз үшін Ехобаға шексіз разымын”,— деп жазды.
Адалдықтың пайдасын Куртпен болған жағдай анық көрсетеді. Ол компьютер жүйелері саласында қызмет ететін еді. Бір жолы бастығы оған ыңғайлы бағаға жаңа жабдық сатып алуды тапсырады. Курт жабдықты лайықты бағаға сататын компанияны тауып, бағасын келіседі. Бірақ компанияның кеңсе қызметшісі (клерк) құжатта қате жіберіп, бағасын 40 000 долларға кем жазады. Қатені байқап қалған Курт компанияға телефон соққан кезде, компанияның басқарушысы, өзі еңбек еткен 25 жыл ішінде мұндай адалдықты ешқашан кездестірмегенін айтады. Курт өзінің ар-ұжданының Киелі кітапқа сәйкес тәрбиеленгенін түсіндіреді. Нәтижесінде компанияның басқарушысы “Ояныңдар!” журналының бизнестегі адалдық туралы жазылған нөмірінің 300 данасын жаздырып алып, оны өзінің әріптестеріне таратып берді. Ал Курт болса, қызметінде жоғарылатылды.
[Сілтеме]
a Есімдері өзгертіліп алынған.
[7-беттегі сурет]
“Мен Ехобамын, сені өзіңнің пайдаңа үйрететін Құдайыңмын” ИШАЯ 48:17, ЖД