Сену керек пе, жоқ па?
БҰЛ оқиға алгебра пәні қиынға соғатын он екі жасар оқушымен болған еді. Мұғалім оқушыларға бір қарағанға оп-оңай болып көрінетін теңдеу береді.
Ол сөзін: “x=y делік, және бұл екі сан да 1-ге тең”,— деп бастады.
“Әзірге бәрі түсінікті”,— деп ойлайды балақай.
Алайда ойға әбден қонымды болып көрінетін теңдеудің төртінші қатарында мұғалім таңғаларлық қорытынды жасайды: “Сонымен, 2=1!”
“Осының қате екенін дәлелдеп беріңдерші”,— деді ол аңырап қалған оқушыларына.
Алгебрадан шектеулі ғана білімі бар балақай бұл теңдеудің қате екенін дәлелдей алмады. Есептің әрбір жолы дұп-дұрыс болып көрінеді. Алайда ол осы аса қызық қорытындыға сенуі керек пе? Өзіне қарағанда ұстазының математикадан білімі әлдеқайда көп қой. Әрине, сенбеуі керек! “Маған бұл жерден қате іздеудің қажеті жоқ,— деп ойлады ол.— Парасатым мұның ақылға қонбайтын нәрсе екенін айтып тұр” (Нақыл сөздер 14:15, 18). Ол мұғалімінің де, сыныптастарының да екі долларды бір долларға айырбастамайтынын жақсы білетін!
Уақыт өте келе балақай есептегенде жіберілген қатені тапты. Осы оқиғадан ол өзі үшін құнды сабақ алды: тіпті егер біреу сенен әлдеқайда ақылдырақ болып, әрі бір қарағанда бұлтартпайтын болып көрінетін дәлел келтірсе, тап сол сәтте оны жоққа шығара алмағандықтан бұрыс тұжырымға оп-оңай сене салмауың керек. Балақай 1 Жохан 4:1-де жазылған аса тиімді кеңесті қолданған болатын: естіген нәрсенің бәріне, тіпті ол беделді мәлімет көзінен шықса да, бірден сене салмау керек.
Бұл біздің қайтпастан бұрыс пікірлерді ұстана беруіміз керек екендігімізді білдірмейді. Бұрыс көзқарастарды түзетуге ықпал ететін мәліметке мән бермеу ағаттық болар еді. Бірақ білікті не беделді адамдардың ықпалына түсіп, тез ‘абыржи’ қалу да дұрыс болмаған болар еді (2 Салониқалықтарға 2:2). Әрине, мұғалім оқушыларымен жай қалжыңдаған болатын. Сөйтсе де бәрі үнемі осылай залалсыз бола бермейді. Кейбір адамдар өте “қу, айлакер” болады (Ефестіктерге 4:14; 2 Тімотеге 2:14, 23, 24).
Ғалымдар үнемі дұрыс айтады ма?
Ғылымның түрлі салаларында ең көрнекті деген ғалымдардың пікірлері де біріне-бірі қайшы болып, көзқарастары өзгеріп отыруы мүмкін. Мысалы, медицинадағы ауру-сырқауға шалдығудың себебіне қатысты бітпейтін керісті алайықшы. “Тұқым қуалау мен сыртқы факторлардың қайсысы ауру-сырқауға шалдығуға көбірек әсер ететіндігі ғалымдар арасында қызу айтыс-тартыс тудырып отыр”,— деп жазды Гарвард университетінің медицина профессоры. Детерминистер тобы алуан түрлі ауруларға шалдығудың басты себебі тұқым қуалауда екеніне берік сенімді. Ал өзгелер болса адамның денсаулығына әсер ететін басты фактор — қоршаған орта мен өмір сүру салты деп есептейді. Бұл екі топ та өз тұжырымдарының дұрыстығын дәлелдеу үшін, бірденнен зерттеулер мен статистиканың нәтижелеріне жүгінеді. Осыған қарамастан, талас жалғасуда.
Кезінде ең дұрыс болып есептелген ең елеулі деген ойшылдардың көзқарастары қайта-қайта бұрыс көзқарас ретінде сыналуда. Пәлсапашы Бертран Расселл Аристотельдің “пәлсапашылардың арасындағы ең беделдісі” екенін айтқан. Сөйткенмен де, Расселл Аристотельдің ілімдерінің көбісінің “мүлдем дұрыс емес” болғанын да атап өткен. “Қазіргі уақытта,— деп жазды ол,— жаратылыс ғылымдарында, логикада немесе пәлсапада жасалған әрбір қадамды Аристотельдің ізбасарларының қарсылықтарымен күресе отырып істеуге тура келіп отыр” (History of Western Philosophy).
‘“Білім” деп қате аталады’
Ертедегі мәсіхшілер Сократ, Платон, Аристотель сияқты атақты грек пәлсапашыларының көптеген шәкірттерін кездестірген болса керек. Ол кездегі білімді адамдар өздерінің ой-өрісін мәсіхшілердің көпшілігінің ой-өрісінен жоғары деп есептеген. Исаның шәкірттерінің “табиғи тұрғыдан қарағанда, араларында даналар” аз болатын (1 Қорынттықтарға 1:26). Сол уақыттағы пәлсапаға негізделе отырып тәрбиеленген адамдар мәсіхшілердің сенімдерін “ақымақтық”, немесе “нағыз сандырақ” (Филлипстің аудармасы), деп есептейтін (1 Қорынттықтарға 1:23).
Егер сендер ертедегі мәсіхшілердің кезінде өмір сүргендеріңде, сендерге сол уақыттағы ойшылдардың сенімді болып көрінетін дәлелдері әсер етіп, олардың даналықтары қайран қалдырар ма еді? (Қолостықтарға 2:4). Елші Пауылдың сөзіне қарағанда, бұлай етуге ешқандай негіз болмаған. Ол, Ехоба ‘даналардың даналығы’ мен ‘ақылдылардың ақылына’ ақымақтық ретінде қарайтынын мәсіхшілердің естеріне салды (1 Қорынттықтарға 1:19). “Пәлсапашылар мен жазушылар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш сыншылар ше?” — деп сұрады ол (1 Қорынттықтарға 1:20, Phillips). Қаншалықты ақылгөй болғандарына қарамастан, Пауыл өмір сүрген уақыттағы пәлсапашылар да, жазушылар мен сыншылар да адамзаттың проблемаларын жеңілдете алмаған.
Осыған орай, мәсіхшілер Пауыл айтқан “білімпаздық” [“білім”, ЖД] деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден” аулақ болады (1 Тімотеге 6:20). Пауылдың мұндай білімді “қате” деуінің себебі — бұл білімнің үлкен кемшілігі бар еді, атап айтқанда, ол Құдайдан емес болатын, сондықтан Құдайдан келген білімге негізделмеген олардың теорияларының дұрыс екеніне көз жеткізу мүмкін емес еді (Аюп 28:12; Нақыл сөздер 1:7). Сондай білімге сүйенетіндер ақиқатты табамын деп үміттенбесе де болады, өйткені білімдерінің шектеулілігімен қоса, алдап-арбауға машық болып алған Шайтан оларды соқыр қылып қойған (1 Қорынттықтарға 2:6—8, 14; 3:18—20; 2 Қорынттықтарға 4:4; 11:14; Аян 12:9).
Киелі кітап — киелі рухтың жетелеуімен жазылған басшылық
Ертедегі мәсіхшілер Құдай өзінің еркін, мақсаты мен принциптерін Киелі жазбаларда ашқанына күмәнданбаған (2 Тімотеге 3:16, 17). Бұл оларды қайдағы біреудің “адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген” ‘пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен баурап алуынан’ сақтайтын (Қолостықтарға 2:8). Бүгінгі күнгі жағдай да тап сондай. Адамдардың шым-шытырық әрі қайшылас пікірлеріне қарағанда, киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзі біздің сенімді болуымыз үшін берік негіз береді (Жохан 17:17; 1 Салониқалықтарға 2:13; 2 Петір 1:21). Онсыз адамдардың сусыма құм сияқты ой-пікірі мен пәлсапасының үстіне қандай да бір берік нәрсе тұрғызуға тырысып құр әурешілікке түсуден басқа амалымыз болмас еді (Матай 7:24—27).
Әлдекім: “Қоя тұр, ғалымдар Киелі кітаптың ғылымға сай емес екенін дәлелдеді емес пе, сондықтан оған адамдардың тұрақсыз теориясынан артық сенім артудың қажеті жоқ қой?” — деуі мүмкін. Мысалы, Бертран Расселл былай деп жазған: “Жер әлемнің ортасы емес деген көзқарасты дәлелдеу үшін, Коперник, Кеплер және Галилейдің Аристотельдің пікірімен ғана емес, Киелі кітаппен де күресулеріне тура келген” (курсив біздікі.— Ред.). Сондай-ақ, дәлелдердің барлығы миллиардтаған жылдардан бері Жердің бар болғанын көрсетіп отырғанына қарамастан, мысалы, бүгінгі күні креационистер Жер Киелі кітапқа сәйкес тура мағынадағы жеті тәулікте жаратылған деп табан тіресіп отыр емес пе?
Шын мәнінде, Киелі кітапта Жер Әлемнің ортасы делінбеген. Мұндай ілімді шіркеудің дін басылары үйрететін, бірақ олардың өздері Құдай Сөзінде жазылған нәрселерді ұстанбайтын да. Жаратылыс туралы жазылған Жаратылыстың басталуы кітабындағы мәліметке сәйкес, Жердің жасы миллиардтаған жылдарға тең, ал жаратылыс күндері 24 сағатпен шектелмейді деген тұжырым жасауға болады (Жаратылыс 1:1, 5, 8, 13, 19, 23, 31; 2:3, 4). Киелі кітапқа дұрыс ниетпен қарайтын болсақ, ғылыми кітап емес екеніне қарамастан, ондағы мәліметті “нағыз сандырақ” деуге болмайтынын түсінетін боламыз. Оның үстіне, Киелі кітап ғылыми дәлелдермен толық үйлеседіa.
Ақыл-парасатымызды іске қосу керек
Исаның шәкірттерінің көпшілігі қарапайым адамдар болған, бәлкім, білімдері де шектеулі болған болар, сөйтсе де оларда көмек ретінде берілген Құдайдың сыйы бар еді. Шыққан тегіне қарамастан, олардың барлығының ақыл-парасаты мен ойлау қабілеті бар болатын. Елші Пауыл “Құдайдың... еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата” білулері үшін бауырластарын ‘парасатпен қызмет’ атқаруға, яғни ақыл-парасаттарын толық іске қосуға шақырған (Римдіктерге 12:1, 2, ЖД).
Құдайдың берген ақыл-парасатының арқасында ертедегі мәсіхшілер Құдай Сөзімен үйлеспейтін пәлсапалардың немесе ілімдердің ешқандай пайдасы жоқ екенін жақсы түсінетін. Кейбір жағдайларда сол уақыттың данышпандары Құдайдың бар екенін дәлелдейтін айналадағы нәрселерге көздерін жұмып, ‘шындықты аяққа басатын’. “Өздерін ақылдымыз деп жүріп, шын мәнінде ақымақ болып шықты”,— деп жазды елші Пауыл. Құдай туралы және оның еркі туралы ақиқатты мойындамай, “олар түкке тұрғысыз ойға беріліп, надан көңілдерін қара түнек басты” (Римдіктерге 1:18—22; Еремия 8:8, 9).
Өздерін дана деп есептейтіндердің көпшілігі “Құдай жоқ” немесе “Киелі кітап сенім артуға тұрмайды”, я болмаса “заманның ақырында өмір сүріп жатқан жоқпыз” деген сияқты пікірлерді жиі айтады. Мұндай пікірлер Құдайдың көз алдында, “2=1” деген тұжырым сияқты, ақылға қонбайтын нәрсе (1 Қорынттықтарға 3:19). Адамдар өздерін қаншалықты беделді санамасын, олардың Құдай Сөзіне қайшы келетін және ақылға қонбайтын тұжырымдарымен келісудің қажеті жоқ. Соңында мынадай қорытынды жасауға болады: “Адамдардың барлығы бірдей өтірікші болса да, Құдай [өз] сөзінен таймайды” (Римдіктерге 3:4).
[Сілтеме]
a Көбірек мәлімет алу үшін, Күзет Мұнарасы, Қоғамы басып шығарған “Киелі кітап: Құдай сөзі ме, адам сөзі ме?” (ор.) және “Қамқор Жаратушы бар ма?” (ор.) кітаптарын қараңдар.
[32-беттердегі суреттер]
Адамдардың тұрақсыз пікірлеріне қарағанда, Киелі кітап біздің сенімді болуымыз үшін берік негіз береді
[Суреттер рұқсатымен]
Сол жақта: Эпикур: British Museum рұқсатымен түсірілген сурет; жоғарыда ортада: Платон: National Archaeological Museum, Athens, Greece; оң жақта: Сократ: Roma, Musei Capitolini.