Киелі кітаптың өнегелілік нормалары ең жақсы нормалар ма?
“ҚОҒАМ мүшелерінің өздерін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік беретін және оларға басшылық болатын негізгі құндылықтар жүйесі қажет”. Бұл пікірді әйгілі неміс жазушысы және телерепортері айтқан еді. Бұл шынында да солай. Қоғамның қалыпты түрде дамып, гүлденуі үшін қоғамда ненің дұрыс, ненің бұрыс немесе ненің жақсы, ненің жаман екенін анықтайтын жалпыға бірдей нормалардың берік негізі болуы керек. Мәселе мынада: жалпы қоғам үшін және оның әрбір мүшесі үшін ең жақсы нормалар қандай?
Егер Киелі кітаптағы өнегелілік нормаларын көпшілік мақұлдайтын болса, адамдарға бейбіт және бақытты өмір кешуге көмектесер еді. Кеңінен қолданылатын болса, бұл нормаларды ұстанған адамзат қоғамы әлдеқайда бақытты және тұрақты болар еді. Шындығында солай ма? Киелі кітаптың некедегі адалдық пен күнделікті өмірдегі шыншылдық сияқты екі маңызды нәрсе жайында не айтатынын қарастырып көрейікші.
Жұбайларыңнан ажырамастай болыңдар
Жаратушымыз Адам атаны жаратты да, содан кейін оның көмекшісі ретінде Хауа ананы жаратты. Тарихтағы алғашқы неке болған бұл одақ берік болуы керек еді. Құдай: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады [“мықтап жабысады”]”,— деді. Шамамен 4 000 жыл өткен соң Иса осы некеге байланысты норманы қайталап, оны өз шәкірттерінің ұстануы керек екенін айтты. Сондай-ақ, ол некеден тыс жыныстық қатынасты айыптады (Жаратылыс 1:27, 28; 2:24, сілтемені қара; Матай 5:27—30; 19:5).
Киелі кітапқа сәйкес, некенің бақытты болуы үшін маңызды екі кілт бар: өзара сүйіспеншілік пен бір-бірін құрметтеу. Отағасы болып табылатын күйеуі әйелінің қамын жеп, қолынан келгенінің бәрін істеу арқылы риясыз сүйіспеншілік көрсетуі керек. Ол әйелімен ‘алған біліміне сай’ [ЖД] өмір сүріп, оған ‘қатаң болмауы’ керек. Әйелі күйеуін “құрметтеуге” тиіс. Егер ерлі-зайыптылар осы принциптерді ұстанатын болса, некедегі қиыншылықтардың көпшілігін болдырмауға немесе шешуге болады. Күйеуі мен әйелі бір-бірінен ажырамастай болуға тырысатын болады (1 Петір 3:1—7; Қолостықтарға 3:18, 19; Ефестіктерге 5:22—33).
Бір-біріңе адал болыңдар деген Киелі кітаптағы принцип шынымен де некенің бақытты болуына септігін тигізе ме екен? Германияда өткізілген зерттеу жұмысының нәтижесіне көңіл аударыңызшы. Адамдарға некенің бақытты болуы үшін ненің маңызды екендігі туралы сұрақ қойылды. Ең маңызды жайттардың бірі ретінде ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген адалдығы аталды. Серігінің өзіне адал екендігін білсе, ерлі-зайыптылардың өздерін әлдеқайда бақытты сезінетінімен келісетін шығарсыз?
Қиындыққа кезіксе ше?
Ерлі-зайыптылардың арасында шешуі қиын келіспеушілік туса не істеуге болады? Бір-біріне деген махаббаты суынып кетсе ше? Мұндай жағдайда ажырасу ең жақсы шешім болмас па екен? Әлде, Киелі кітаптағы принципті берік ұстанып, жарыңа адал болып қалған парасаттылық болар ма еді?
Киелі кітапты жазған адамдар барлық ерлі-зайыптылардың кемелсіздіктің салдарынан қиындықтарға ұшырайтынын мойындайды (1 Қорынттықтарға 7:28). Сөйтсе де, Киелі кітаптың өнегелілілік нормаларын ұстанатын ерлі-зайыптылар бір-бірін кешіруге және қиыншылықты бірлесіп шешуге тырысады. Әрине, зинақорлық немесе ұрып-соғу сияқты жағдайлардың себебінен мәсіхші бөлек тұру немесе ажырасу жағын ойлануы мүмкін (Матай 5:32; 19:9). Бірақ, негізсіз себеп іздеп немесе өзге біреумен тұрмыс құру үшін асығыс ажырасу өзімшілдікті, өзгелерге немқұрайды қараушылықты білдіреді. Мұндай ой қалпының адамның өмірін тұрақты және бақытты етпейтіні анық. Мысал қарастырып көрелік.
Петірге некесінде бастапқыдағыдай қуаныш жоқ секілді көріндіa. Осылайша ол өз әйелін тастап, күйеуінен ажырасқан Моникамен бірге тұра бастады. Сосын не болды екен? Біраз айдан кейін Петір Моникамен өмір сүрудің “өзі ойлағандай оңай емес екенін” мойындады. Неге олай болды екен? Бірінші әйелімен қарым-қатынасында болған адамдарға тән кемшіліктер екінші әйелімен қарым-қатынасында да айқын біліне бастады. Одан да жаманы — асығыс, өзімшілдікпен қабылдаған шешімінің салдарынан ол қаражат жағынан қатты қиналды. Оның үстіне, отбасындағы өмірдің күрт өзгеруі Мониканың балаларының жан дүниесіне ауыр жара салды.
Осы мысалдан көріп отырғандай, қиындыққа тап болған кезде ерлі-зайыптылардың дауылға ұшыраған кемені тастап кетуі барлық уақытта бірдей дұрыс бола бермейді екен. Ал Құдайдың Сөзі — Киелі кітаптағы өнегелілік нормаларды ұстануы жиі ерлі-зайыптылардың өмірдің дауылдарына төтеп беріп, тыныш айлаққа жол табуларына көмектеседі. Томас пен Дорис осылай еткен болатын.
Томас ішкілікке салынған кезде олардың отасқандарына 30 жылдан астам уақыт өткен еді. Дорис жан күйзелісіне түсіп, екеуі де ажырасу жайлы ойланады. Дорис өзінің күйзелісі жөнінде Ехоба Куәгерлерінің бірімен бөліседі. Куәгер Дориске неке туралы Киелі кітаптың не айтатынын көрсетіп, бөлек тұруға асықпай, алдымен күйеуімен бірге қиындықтың шешімін іздеп көруге кеңес береді. Дорис солай етеді. Бірнеше ай өткен соң ажырасу туралы мүлдем сөз қозғалмайтын болды. Томас пен Дорис қиындықтарын бірлесіп шешуге кіріседі. Киелі кітаптың кеңесін қолдану арқылы олар некелерін нығайтып, тығырықтан шықты.
Барлық нәрседе шыншыл болу
Жұбайыңа адал болу үшін өнегелілікке итеретін күш қажет және әділ принциптерді сүйе білу керек. Бұл қасиеттер әділетсіз дүниеде шыншыл, немесе адал, адам болып қалу үшін де қажет. Киелі кітапта бұл қасиет жөнінде көп жазылған. Елші Пауыл бірінші ғасырда Яһудеядағы мәсіхшілерге: “Барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз”,— деп жазды (Еврейлерге 13:18). Бұл нені білдіреді екен?
Адал адам дұрыс әрекет етіп, ешқашан жалған сөйлемейді. Ол өзгелерге риясыз: шын ниетті, мейірбан, алдамайды және қулыққа бармайды. Сондай-ақ ондай адам өнегелі әрі жолдастарына көзбояушылық жасамайды. Адал кісілер адамдардың арасында өзара сенімнің болуына септігін тигізеді де, соның арқасында жылы және берік қарым-қатынас орнайды.
Адал адамдар бақытты ма? Олардың бақытты болуына себеп бар. Жемқорлық пен алаяқтықтың кең өріс алғанына қарамастан — мүмкін сол себепті де болар — әдетте өзгелер адал адамдарды қатты сыйлайды. Жастардың арасында жүргізілген сұрауға сәйкес, сұралғандардың 70 пайызы шыншылдықты жоғары бағалаған. Сондай-ақ, қанша жаста болсақ та, бірінші кезекте достарымыздың бойындағы осындай қасиетті бағалаймыз.
Кристинаны 12 жасынан ұрлық жасауға үйреткен еді. Уақыт өте келе ол қалтаға түсуші кәсіпқой ұры болды. “Үйге 5 000 неміс маркасын [2 200 АҚШ доллары] алып келген күндерім де болды”,— дейді Кристина. Кристина бірнеше рет қамауға алынды және үнемі түрмеге түсіп қалу қаупімен өмір сүрді. Ехоба Куәгерлері Киелі кітаптың шыншылдық жайлы не айтатынын түсіндірген кезде, Киелі кітаптың өнегелілік нормалары оған қатты әсер етеді. Ол “ұры болған енді ұрламасын” деген ескертуге құлақ асуды үйренді (Ефестіктерге 4:28).
Ехоба Куәгерлерінің бірі ретінде шомылдыру рәсімінен өткен кезінде, Кристина ұрлық жасауды қойған еді. Куәгерлер шыншылдық пен өзге де мәсіхшілерге тән қасиеттерге ерекше көңіл қоятындықтан, ол барлық нәрседе адал болуға бар күшін салды. “Лаузитцер рундшау” газетінде: “Шыншылдық, ұстамдылық және жақыныңды жақсы көру сияқты өнегелілік нормалары Куәгерлердің дінінде өте жоғары бағаланады”,— деп жазылды. Өзінің өміріндегі осындай өзгерістер жайында Кристина не ойлайды екен? “Мен қазір ұрлықты қойғаннан бері әлдеқайда бақыттымын. Өзімді қоғамның лайықты мүшесі сезінемін”,— дейді ол.
Бүкіл қоғам үшін пайдалы
Өзінің жарына және барлық істерінде адал адамның өзі ғана бақытты емес, ол жалпы алғанда қоғамға да пайдасын тигізеді. Жұмыс берушілер алаяқтық жасамайтын жұмысшыларды қалайды. Біз бәріміз де көршілеріміздің сенім артуға лайық болғанын қалаймыз және сатушылары алдамайтын дүкендерде сауда жасағанды ұнатамыз. Жемқорлықпен айналыспайтын саяси қайраткерлерді, полиция қызметкерлерін және соттарды қайсымыз сыйламаймыз? Қоғам мүшелері пайдакүнемдіктен емес, принцип ретінде адалдықты ұстанатын болса, қоғам үшін оның пайдасы зор.
Сондай-ақ, адал ерлі-зайыптылар — берік отбасының негізі. Және адамдардың көпшілігі бір еуропалық саясатшының “[дәстүрлі] отбасы бүгінгі күні де адам тыныштық тауып, өмірін мағыналы ететін ең маңызды құрылым болып қала бермек” деген сөздерімен келіседі. Үлкендер мен балалар өздерін эмоциялық жағынан бірқалыпты сезінетін отбасында тыныштық орнайды. Осылайша, некеде бір-біріне адал адамдар қоғамның тұрақтылығына септігін тигізеді.
Өзіңіз ойланып көріңізші, егер ойран болған отбасы, неке бұзу немесе балаларды қамқорлыққа алу жөніндегі сот қараулары болмағанда бәрімізге де қаншалықты жақсы болар еді. Және қалтаға түсетін ұрылар, дүкендерді тонаушылар, ақшаңды жеп қоюшылар, ақшаға сатылатын шенеуніктер немесе алаяқ ғалымдар болмаса ше? Мұндай жағдай жай ғана арман емес пе? Киелі кітап пен ондағы біздің болашағымыз туралы айтылған нәрселерге терең ықылас қоятын адамдар үшін олай емес. Құдай Сөзі Мәсіх басқарған Ехобаның Патшалығының жақында бүкіл жер бетіне билік жүргізетінін уәде етеді. Сол кезде Патшалықтың қол астындағы адамдардың барлығы Киелі кітапқа негізделген өнегелілік нормаларына сай өмір сүруді үйренетін болады. Сол уақытта “әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді” (Забур 36:29).
Киелі кітаптың өнегелілік нормалары — ең жақсы нормалар
Киелі жазбалармен жақын танысқан миллиондаған адамдар Киелі кітап кеңестерінің адам ойынан анағұрлым жоғары Құдайдың даналығына негізделгенін түсінді. Бұл адамдар Киелі кітапты сенім артуға лайық және қазіргі заманда өмір сүру үшін өте қажет деп есептейді. Олар Құдай Сөзінің кеңестеріне құлақ асқанның өте пайдалы екенін біледі.
Сол себепті мұндай адамдар Киелі кітаптың: “Тәңірге шын жүрегіңмен арқа сүйе және өз ақылыңа сүйенбе. Барлық жолдарыңда Оны таны, сонда Ол жолыңа бағыт береді”,— деген кеңесін көңілге түйеді (Нақыл сөздер 3:5, 6). Осылай етуімен олар өз өмірлерін анағұрлым жақсартады және айналасындағыларға пайда келтіреді. Және Киелі кітаптың өнегелілік нормаларын барлық адамдар ұстанатын ‘болашақ өмірге’ деген олардың сенімдері арта түсуде (1 Тімотеге 4:8).
[Сілтеме]
a Бұл мақаладағы адамдардың есімдері өзгертілген.
[5-беттегі сөздер]
Киелі кітаптың өнегелілік нормаларын ұстану жиі ерлі-зайыптылардың өмірдің дауылдарына төтеп беріп, тыныш айлаққа жол табуларына көмектеседі
[6-беттегі сөздер]
Жемқорлықтың кең өріс алуына қарамастан — мүмкін сол себепті де болар — шыншыл немесе адал адамдарды қатты сыйлайды