Күте білесіз бе?
АДАМДАРДЫҢ бір нәрсені күту үшін ғана жылына қаншама көп уақыт жұмсайтынын білесіз бе? Олар дүкенде және жанармай құятын стансаларда өз кезегін күтеді. Мейрамханада даяшының қызмет етуін күтеді. Дәрігерге көріну үшін кезек күтеді. Сондай-ақ автобус пен пойыздарды күтеді. Иә, адам өмірінің таңғаларлықтай көп уақыты бір нәрсені күтумен өтеді. Бір статистикаға сәйкес, бір ғана Германия тұрғындарының өзі жылына 4, 7 миллиард сағат уақытын автокөліктің көп жиналуынан болатын бөгелістерде өткізеді екен! Бір кісі бұл уақыттың 7000 адамның бүкіл өміріне тең екенін есептеп шығарды.
Бір нәрсені күтуден адамның берекесі кетуі мүмкін. Бүгінгі күндері тірлігіміздің бәрін атқаруға ешқашан жеткілікті уақыт болмайтын сияқты, ал істеуіміз керек өзге де нәрселер туралы ойлайтын болсақ, күту сынаққа айналуы мүмкін. Жазушы Александр Роуз бір жолы: “Өмірдегі жаныңды азапқа салатын жағдайдың жартысы күтумен байланысты”,— деген еді.
Американдық саясатшы Бенжамин Франклин күтудің сонымен қатар қымбатқа түсуі мүмкін екенін де мойындады. 250 жылдан аса уақыт бұрын ол былай деп ескерді: “Уақыт — ақша”. Сол себепті фирмаларда жұмыс уақытында қажет емес бөгелістерді болдырмаудың жолдары қарастырылады. Аз уақыттың ішінде неғұрлым көп тауар өндірілетін болса, пайдасы соғұрлым көп болуы мүмкін. Көпшілікке тікелей қызмет ететін коммерциялық мекемелер жылдам тағам даярлау, автомобильде отырып-ақ банк операциясын атқару, т. с. с. жедел қызмет көрсетудің түрлерін ұсынады, өйткені олар тұтынушылардың көңілін табу үшін олардың күтетін уақыттарын азайту да қажет екенін біледі.
Босқа өтіп жатқан уақыт
XIX ғасырда өмір сүрген американдық ақын Ралф Уолло Эмерсон бір жолы: “Адамның қаншама өмірі күтумен өтеді десеңші!” — деп наразылық білдірді. Ал одан беріде өмір сүрген жазушы Ланс Марроу күтудің жалықтырып, берекені кетіретініне шағымданды. Содан кейін ол “күтудің байқала қоймайтын азабы” туралы айтты. Ол не болды екен? “Өмірімізде ең қымбат нәрсені, яғни уақытымызды біржолата жоғалтып жатқанымызды білу”. Өкінішті, бірақ шындық. Күтуге кеткен уақыт — мәңгіге жоғалған уақыт!
Әрине, өміріміз осыншама қысқа болмағанда, күту бізді азырақ мазалар еді. Бірақ өмір шынында да қысқа. Мыңдаған жылдар бұрын Киелі кітапта Забур жыршысы: “Тіршілік етер күніміз жетпіс жас, бақуат болсаң сексен жасқа жетеді; ал оның ең жақсы мезгілі — бейнет пен ауру, өйткені өміріміз зымырап өтеді де, біз ұшып кетеміз”,— деген еді (Забур 89:10). Қайда тұрсақ та, кім болсақ та, біздің өміріміз — дүниеге келген кездегі алдымызда жатқан күндер, сағаттар, минуттар — шектеулі. Сондай-ақ, біз бағалы уақытымыздың біразын бір оқиғаны немесе адамдарды күтуге жұмсауға тура келетін жағдайлардан қашып құтыла алмаймыз.
Күтуді үйрену
Көпшілігіміз әрқашан алдында келе жатқан көлікті басып озуға тырысатын жүргізушілерді кездестіріп жүрміз. Көбінесе асығыс еш нәрсе — мысалы үшін жүргізушінің шұғыл кездесуі — жоқ болса да, ол алдында келе жатқан автокөліктің баяу қозғалғанына шыдамайды. Шыдамсыздығы оның күтуді үйренбегенін көрсетеді. Үйрену? Иә, күтуді үйрену қажет. Күте білу туа бітетін қасиет емес. Нәресте қарны ашқанда немесе бір нәрсе мазалағанда тез көңіл аударғаныңды қалайды. Есейе келе ғана олар кейде қалаған нәрселерін күтулері керек екенін түсінеді. Күту өміріміздің ажырамас бөлігі болғандықтан, қажет кезінде күтуді білгеніміз ақыл тоқтатқандықтың белгісі.
Әрине, біреудің шыдамай тұрғанын түсінуге болатын, кідіруге болмайтын жағдайлар бар. Толғағы ұстаған әйелін ауруханаға жеткізу үшін асығып бара жатқан жас отағасының бір нәрсені күтуге шыдамсыздық танытуы заңды. Уақыт тығыз болғандықтан, періштелер Лутты Содом қаласынан шығуға асықтырды. Өйткені, қаланы жоятын уақыт тақап қалғандықтан, Лут пен оның отбасының өміріне қауіп төніп тұрған еді (Жаратылыс 19:15, 16). Дегенмен де күтуге мәжбүр ететін көптеген жағдайлар адамдардың өміріне қауіп төндірерліктей емес. Ондай жағдайларда, біреудің тәжірибесіздігінен немесе немкеттілігінен күтуге тура келген болса да, әркімнің төзімді бола білгені абзал. Оның үстіне әркім күтуге кететін уақытты пайдаға асыруды үйренетін болса, төзімді болу жеңілірек болар еді. 5-ші беттегі қоршауда күткен кезде төзімділік танытып қана қоймай, уақытты қалай пайдалы өткізуге болатыны жайында біраз кеңестер жазылған.
Шыдамсыз рухтың ештеңені күтуге болмайтын аса маңызды санайтын менмендікті көрсететінін ұмытуға болмайды. Мұндай рухы барлар Киелі кітаптағы: “Тәкаппардан төзімді жақсы”,— деген сөздерге көңіл аударғаны жөн (Екклесиаст 7:8). Менмендік немесе тәкаппарлық сияқты қауіпті кемшілік жайында Киелі кітапта былай делінген: “Жүрегіне тәкаппарлық ұялаған әрбір адамға Құдай жеркенішпен қарайды” (Нақыл сөздер 16:5). Сол себепті төзімділікке немесе күте білуге үйрену үшін, өзімізді және айналамыздағы адамдармен қарым-қатынасымызды мұқият тексеріп көру керек.
Төзімділік танытқандар сыйға ие болады
Егер күтуге тұрарлық нәрсе екеніне және кеткен уақытымыздың ақталатынына сенімді болсақ, әдетте күту оңай болатынын көруге болады. Осыған байланысты Киелі кітапта жазылған Құдайдың керемет уәделерінің орындалуын күтіп жүрген Құдайдың әділ қызметшілерін еске түсірген дұрыс. Мысалы, Құдайдың жетелеуімен жазылған Забурде: “Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді”,— делінген. Бұл уәдені елші Жохан да қайталаған: “Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (Забур 36:29; 1 Жохан 2:17). Егер мәңгі өмір сүретін болсақ, күту үлкен қиыншылық болмайтыны анық. Бірақ, біз қазір мәңгі өмір сүріп жатқан жоқпыз. Олай болса мәңгі өмір жай ғана қиял емес пе?
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын Құдай адамзаттың бірінші жұбын мәңгі өмір сүру мүмкіндігімен жаратқанын еске түсірейікші. Күнә жасағандықтан ғана олар өздері үшін де және ұрпақтары біз үшін де бұл мүмкіндікті жоғалтып алды. Бірақ күнә жасай сала Құдай олардың тіл алмауының кесірінен болған зардапты жоятынын жария етті. Ол “ұрпақтың”, яғни Иса Мәсіхтің, келетінін уәде етті (Жаратылыс 3:15; Римдіктерге 5:18).
Құдайдың уәдесінің орындалуынан пайда көру-көрмеуіміз өзіміздің шешімімізге байланысты. Пайдасын көру үшін төзімді болуымыз қажет. Мұндай төзімділік танытуға үйренуімізге көмектесу мақсатымен Киелі кітап бізді егіншінің мысалын қарастыруға шақырады. Тұқымды сепкен соң ол өнімді жинап алатын уақыт жеткенше төзімділікпен күтеді. Бұл екі ортада ол өнімін қорғау үшін қолынан келгенін істеуі керек. Сонда оның төзімділігі ақталып, еңбегінің жемісін көреді (Жақып 5:7). Елші Пауыл төзімділіктің тағы бір мысалын келтірді. Ол ежелгі уақыттағы әділ ерлер мен әйелдерді біздің есімізге салады. Олар Құдайдың уәделері орындалатын күнді аңсады, бірақ олардың Құдай белгілеген күнді күтулері керек болды. Пауыл бізді сол “сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәде етілген игіліктерді мұра ететіндерге” еліктеуге шақырады (Еврейлерге 6:11, 12).
Иә, күту — өміріміздің ажырамас бөлігі. Бірақ ол үнемі мазамызды алмауы керек. Құдайдың уәделерінің орындалуын күткен адамдар үшін ол қуаныш сыйлайтын сәт болуы мүмкін. Олар күтуге кеткен уақытты Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамыту үшін және өздерінің сенімін көрсететін іспен шұғылдану үшін жұмсауларына болады. Сонымен қатар дұға айтып, Киелі кітапты зерттеп және оның үстінен ой жүгірту арқылы, уәде еткен нәрселерінің бәрі де Құдайдың өзі белгілеген уақытта болатынына деген сенімдерін нығайта алады.
[5-беттегі қоршау/суреттер]
КҮТКЕНДЕ УАҚЫТТЫ ПАЙДАЛЫ ӨТКІЗУ ҮШІН
Алдын ала жоспарла! Күтуің керек болатынын білсең, оқуға, жазуға, тігуге, тоқуға немесе басқа да пайдалы істермен шұғылдануға дайын бол.
Уақытты бос өткізбей ойлана отыр; зымырап бара жатқан өмірде күннен-күнге ойлануға уақыт табу қиындап барады.
Телефонда отырып күтетін жағдайда оқу үшін, телефонға жақын жерде оқитын нәрселер болсын; бес-он минуттың ішінде бірнеше бет оқуыңа болады.
Бір топ адаммен бірге күтетін жағдайда, ыңғайы болса, өзгелермен пікір алмасып, жігерлендіретін ойлармен бөлісу мүмкіндігін пайдалан.
Ойламаған жерден күтуге тура келетін жағдайда қолдану үшін, автокөлігіңде оқитын нәрсе мен блокнотың болсын.
Көзіңді жұм да, денеңді бос ұста немесе дұға айт.
КҮТКЕНДЕ УАҚЫТТЫ ПАЙДАЛЫ ӨТКІЗУ ҮШІН ДҰРЫС КӨЗҚАРАС ПЕН АЛДЫН АЛА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЖЕТ.