Құдайға ұнамды болған құрбандықтар
“Әрбір бас діни қызметкер Құдайға сый-тартулар мен құрбандықтар беру үшін тағайындалады” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 8:3).
1. Неге адамдар Құдайға бет бұру керек екендіктерін сезінеді?
“ҚҰРБАНДЫҚ БЕРУ адамдар үшін дұға ету сияқты ‘табиғи’ нәрсе болып табылатынға ұқсайды. Біріншісі, [яғни құрбандық беру] адамның өзіне қатысты сезімін, ал екіншісі, [яғни дұға ету] оның Құдайға қатысты сезімін көрсетеді”,— деп жазды Киелі кітап тарихының маманы Альфред Эдерсхайм. Дүниеге күнә енгенде, ол өзімен бірге адамның өзін кінәлы сезініп жанының күйзелуі, Құдайдан алыстауы және мүсәпірлік күйге түсуі сияқты нәрселерді ала келді. Осылардың бәрінен азат етілу керек. Осындай күйге түсіп торығып жүрген шақтарында адамның неге Құдайдан көмек іздейтінін түсіну қиын емес (Римдіктерге 5:12).
2. Ежелгі уақыттағы Құдайға құрбандық беруге қатысты Киелі кітапта қандай мәліметтер бар?
2 Құдайға құрбандық ұсыну жөнінде Киелі кітапта ең алғаш Әбіл мен Қабыл туралы оқиғада жазылған. Біз былай деп оқимыз: “Біраз уақыт өткен соң Қабыл жерден алған өнімінен Жаратқан Иеге арнап құрбандық берді. Әбіл де өз малының алғашқы төлдерінен бір семізін әкеліп, құрбандық жасады” (Жаратылыс 4:3, 4). Бұдан кейін біз Киелі кітаптан зұлым адамдар жойылған дүниежүзілік топан судан Құдайдың өзі аман алып қалған Нұхтың ‘[Ехобаға] құрбандық шалып, өртеп жібергені’ жөнінде білеміз (Жаратылыс 8:20). Құдайдың берген уәделері мен баталарынан қатты әсер алған Оның әділ қызметшісі әрі досы Ыбырайым да талай рет ‘Жаратқан Иеге арнап құрбандық беретін орын тұрғызып, Оған сиынған’ (Жаратылыс 12:8; 13:3, 4, 18). Кейінірек, Ехоба Ыбырайымға баласы Ысқақты құрбандыққа шалып өртеп жіберуі керек екенін айтқанда, Ыбырайымның сенімі қатты сыналған болатын (Жаратылыс 22:1—14). Біз осы мәліметтердің, қысқа да болса, құрбандық беру тақырыбына молынан сәулесін төгетінін көреміз.
3. Құрбандық берудің мінажат етудегі рөлі қандай?
3 Киелі кітаптың осы және басқа да үзінділерінен көрініп отырғандай, Ехоба құрбандық ұсынуға қатысты заңды бермей тұрып-ақ Оған арнап қандай да бір нәрсені құрбандыққа беру мінажат етудің негізгі бөлігінің бірі болған. Осыған сәйкес, бір анықтамалықта “құрбандық беруге” — “адамның киелі деп есептелетін нәрсемен қарым-қатынасқа түсуі, оны үзбеу немесе [қарым-қатынасты] қайта қалпына келтіру үшін қандай да бір нәрсені Құдайға құрбан ету арқылы атқарылатын салт-жора” деген анықтама берілген. Алайда осы мәселеге қатысты біздің мұқият зерттеуімізді талап ететін мынадай сұрақтар көтеріледі: мінажат етуде құрбандық не үшін қажет? Құдай қандай құрбандықтарды қабыл алады? Ертеде әкелінген құрбандықтардың бүгінде біз үшін қандай мәні бар?
Құрбандық не үшін қажет?
4. Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін олармен не болды?
4 Адам ата біле-тұра күнә жасаған болатын. Оның жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеуі — саналы түрде мойынсұнбау еді. Мұндай әрекеті үшін берілген жаза өлім болды, ол жөнінде Құдай: “Жесең, сол күні өлесің”,— деп анық айтқан болатын (Жаратылыс 2:17). Ақыр аяғында Адам мен Хауа жасаған күнәсының жемісін жеді: олар өлді (Жаратылыс 3:19; 5:3—5).
5. Неге Ехоба Адамның ұрпағының игілігі үшін бірінші болып әрекет еткен және Ол олар үшін не істеді?
5 Алайда Адам атаның ұрпақтары жайында не айтуға болады? Адам атадан күнә мен кемелсіздікті мұра еткен олар тура алғашқы жұп сияқты Құдайдан алыстайды, болашаққа деген үміті үзіледі және өледі (Римдіктерге 5:14). Бірақ Ехоба тек әділ әрі құдіретті Құдай ғана емес, сондай-ақ ол, ең алдымен, сүйіспеншілікке толы (1 Жохан 4:8, 16). Міне, сондықтан ол болған нәрсені қалпына келтіруге бірінші болып ынта білдірген. Киелі кітапта, “күнәның беретіні — мәңгілік өлім” делінгеннен кейін, “ал Құдайдың беретін сыйы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болатын мәңгілік өмір” делінген (Римдіктерге 6:23).
6. Адамның жасаған күнәсының кесірінен келтірілген нұқсанға қатысты Ехобаның еркі қандай болды?
6 Адамдар осы сыйды ала алуы үшін, кейінірек, Ехоба Адам атаның жоғалтқанын қалпына келтіретін нәрсемен қамтамасыз етті. Көне еврей тіліндегі кафа́р деген сөз бастапқыда “жабу” немесе “сүртіп тастау” дегенді білдірген болса керек, сонымен қатар ол “төлемді өтеу” деп те аударыладыa. Басқаша айтқанда, Ехоба Адамнан мұра еткен күнәны жабуды және оның салдарынан пайда болған залалды жоюды көздеп, сол сыйды алуға лайықтыларды күнә мен өлімнің құлдығынан азат ету үшін, оларға қажетті нәрсені ұсынды (Римдіктерге 8:21).
7. а) Құдайдың Шайтанға айтқан үкімінде қандай үміт бар еді? ә) Адамзат күнә мен өлімнен азат етілуі үшін қандай құн төленуі керек еді?
7 Алғашқы жұп күнә жасағаннан кейін-ақ күнә мен өлімнің құлдығынан азат етілуге үміт бар екендігі жөнінде тұспалдап айтылған болатын. Шайтанды бейнелейтін жыланға үкім шығарғанда Ехоба былай деген: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжиды, ал сен оның өкшесін шағасың” (Жаратылыс 3:15). Бұл пайғамбарлық сөздер осы уәдеге сенім артатындардың бәрі үшін үміт сәулесі төгілгендігін білдірген еді. Алайда мұндай азаттыққа жету үшін күнәның құны өтелуі керек болатын. Уәде етілген Ұрпақ келіп, Шайтанды жойып қана қоймауы керек еді, Шайтан оның өкшесін шағуы керек болатын; бұл ол өледі деген сөз, бірақ мәңгілікке емес.
8. а) Қалай Қабыл өзіне артылған үмітті ақтамады? ә) Неге Әбілдің құрбандығы Құдайға ұнамды болды?
8 Адам мен Хауаның уәде етілген Ұрпақтың кім екендігі туралы көп ойлағандығында, әрине, сөз жоқ. Хауа өзінің тұңғыш ұлы Қабылды туғанда: “Мен Жаратқан Иенің арқасында дүниеге ер бала әкелдім”,— деген болатын (Жаратылыс 4:1). Хауа өзінің ұлын уәде етілген Ұрпақ деп ойлады ма? Ол осылай ойлады ма, жоқ па, Қабыл да, Қабылдың ұрпақтары да өздеріне артылған үмітті ақтамады. Басқа жағынан қарасақ, оның інісі Әбіл Құдайдың уәдесіне деген сенімін көрсетіп, малының алғашқы төлдерінен әкеліп, Ехобаға құрбандық шалған. Біз былай деп оқимыз: “Сенімі арқылы Әбіл Қабылдікіне қарағанда жақсырақ құрбандық жасады. Сенімі арқылы ол әділ екендігіне куәлік алған” (Еврейлерге 11:4).
9. а) Әбіл не нәрсеге сенді және ол өзінің сенімін қалай көрсетті? ә) Әбіл өзінің құрбандығы арқылы не нәрсеге ие болды?
9 Әбіл Құдайдың бар екеніне сеніп қана қойған жоқ, мұндай сенім Қабылда да бар еді деуге болатын. Жоқ, Әбіл Құдайдың уәде еткен Ұрпағы әділ адамзатты құтқаратынына сенген. Әбілге мұның қалай жүзеге асатындығы ашылмаған болатын, бірақ ол Құдайдың берген уәдесінен әлдекімнің өкшесі шағылуы керек екенін білетін. Иә, Әбіл қан төгілуі керек деген тұжырым жасаған болса керек, ал бұл құрбандық шалудың түпкі мәні. Өмірдің Қайнар көзіне өмір мен қаннан тұратын сый ұсынуымен, сірә, Әбіл Ехобаның берген уәдесінің орындалуын шын жүректен қалағанын және оны асыға күтуде екендігін білдірген болса керек. Әбілдің құрбандығын Ехобаға ұнамды еткен де оның өз сенімін осылайша көрсеткендігі еді. Оның үстіне, мұнда қандай да бір шектеулі мағынада құрбандық атаулының түпкі мәні, яғни құрбандық шалу арқылы күнәкар адамзаттың Құдайдың шапағатына ие болу үшін Оған жақындауға мүмкіндіктері бар екендігі, көрсетілген болатын (Жаратылыс 4:4; Еврейлерге 11:1, 6).
10. Ехобаның Ыбырайымнан баласы Ысқақты құрбандыққа шалуын өтінуі құрбандық атаулының түпкі мәнін қалайша паш етті?
10 Ехоба Ыбырайымға баласы Ысқақты құрбандыққа шалып, өртеп жіберуді бұйырғанда құрбандық шалудың мәні анағұрлым анық көрсетілген еді. Бұл құрбандық ақырына дейін жүзеге асырылмағанымен, ол Ехобаның өзінің не істейтінін — атап айтқанда, ақыр аяғында Ол өзінің адамзатқа қатысты еркін жүзеге асыру үшін жалғыз Ұлын құрбан ететінін — паш етті; бұл құрбандық бұрын-соңды шалынған құрбандықтардың арасындағы ең көрнектісі болатын (Жохан 3:16). Мұсаның заңына сәйкес шалынатын құрбандықтар мен құрбандық ретінде ұсынылған нәрселерді Ехоба пайғамбарлық бейнелер ретінде қолданған, сондай-ақ осы бейнелер арқылы ол өзінің таңдаулы халқына күнәның кешірілуі және құтқарылуға деген сенімнің нығаюы үшін олардың не істеуі керек екендіктерін көрсеткен. Осы бейнелерден біз не нәрсеге үйрене аламыз?
Ехобаға ұнамды құрбандықтар
11. Исраилдің бас діни қызметкері Құдайға қандай екі түрлі құрбандық ұсынатын болған және не үшін?
11 Елші Пауыл былай деп жазған: “Әрбір бас діни қызметкер Құдайға сый-тартулар мен құрбандықтар беру үшін тағайындалады” (Еврейлерге 8:3). Пауылдың ежелгі Исраилдегі бас діни қызметкердің Құдайға ұсынған нәрселерін екіге, яғни ‘сый-тартуларға’ және “құрбандықтарға”, немесе “күнәны өтеу құрбандықтарына”, бөлетіндігіне көңіл аударалық (Еврейлерге 5:1). Әдетте адамдардың жомарттықпен жасаған сыйлары сүйіспеншілік пен ризашылықты білдіреді, сондай-ақ олар әлдекімнің достық қарым-қатынасына, игі ниетіне немесе мақұлдауына ие болу үшін жасалады (Жаратылыс 32:20; Нақыл сөздер 18:16). Сол сияқты, Мұсаның заңында жазылған Құдайға ұсынылатын құрбандықтардың көбісін Құдайдың мақұлдауы мен игі ниетіне ие болу үшін жасалатын “сый” деуге боладыb. Таурат заңын бұзған адамнан келтірілген нұқсанның орнын жабу талап етілетін және ол, күнәсын өтеу үшін, “күнәны өтеу құрбандығын” ұсыну керек болатын. Мұсаның Бес кітабында, әсіресе Мысырдан көшу, Леуі және Санақ кітаптарында, Құдайға әкелінетін көптеген әр түрлі құрбандықтар мен ұсынылатын нәрселердің қалай берілетіні суреттелген. Әрине, олардың бәрін егжей-тегжейіне дейін түсіну және есте сақтап қалу оңай емес, сөйтсе де әр түрлі құрбандықтардың кейбір негізгі жақтары біздің көңіл қоюымызға тұрарлық.
12. Мұсаның заңына сәйкес ұсынылатын нәрселер немесе берілетін құрбандықтар Киелі кітаптың қай жерінде суреттелген?
12 Біз Леуі кітабының 1—7 тарауларында Құдайға ұсынылатын құрбандықтардың басты бесеуінің — яғни өртелетін құрбандық, астық құрбандығы, алғыс құрбандығы, күнәның төлемін өтеу құрбандығы және айып үшін құрбандық — жеке-жеке түсіндірілгенін байқаймыз, бірақ олардың кейбіреулері бірге ұсынылатын. Сонымен қатар біз бұл құрбандықтардың екі рет қайталанып түсіндіріліп, екеуінің екі мақсатты көздегенін байқаймыз: біріншісінде, Леуі 1:2—6:7 тармақтарда, құрбандық шалатын орында Құдайға не ұсынылуы керек екендігі жөнінде майда-шүйдесіне дейін айтылған; ал екіншісінде, Леуі 6:8—7:36 тармақтарда, құрбандықтан діни қызметкерлерге қалатын бөліктер мен құрбандықты ұсынған кісіге қалатын бөліктер жөнінде айтылған. Бұдан кейін, Санақ кітабының 28-ші және 29-шы тарауларынан біз күнделікті, апта сайын, ай сайын және жыл сайынғы мерекелерде ұсынылатын құрбандықтардың қандай болуы керек екендігі жөніндегі мәліметті табамыз.
13. Сый-тарту ретінде Құдайға ұсынылатын ерікті құрбандықтың қалай шалынатынын суреттеп беріңдерші.
13 Сый ретінде немесе Құдайдың ниеттестігіне ие болу үшін берілетін ерікті құрбандықтарға өртелетін құрбандық, астық құрбандығы және алғыс құрбандығы жататын. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, еврейдің “өртелетін құрбандық” деп аударылатын термині “[көкке] көтерілу құрбандығы” немесе “[көкке] көтерілетін құрбандық” дегенді білдіреді. Мұндай анықтама орынды, өйткені өртелетін құрбандық есебінде сойылған мал құрбандық шалатын орынға әкелініп өртелетін де, оның хош иісі, немесе Құдайға ұнамды иісі, көкке, яғни Құдайға, көтерілетін. Өртелетін құрбандықтың ерекшелігі малдың қаны құрбандық шалатын орынға айналдыра бүркілгеннен кейін, малдың толығымен Құдайға бағышталатындығында болатын. Діни қызметкерлер ‘құрбандыққа шалынған малдың... бәрін құрбандық шалатын орынға апарып өртейтін. Бұл — Құдайға ұнамды, хош иісті құрбандық’ (Леуі 1:3, 4, 9; Жаратылыс 8:21).
14. Астық құрбандығы қалай ұсынылатын?
14 Астықтан ұсынылатын құрбандықтың қалай әкелінетіні Леуі кітабының екінші тарауында суреттелген. Құдайға ұсынылатын бұл ерікті құрбандық әдетте “ливан” (хош иісті шайыр) қосылған майға шыланған бидай ұнынан тұратын. ‘Сосын діни қызметкер зәйтүн майы мен ливан қосылған ұнды уыстап алатын да, құрбандық шалатын орынға алып барып естелік үшін өртеп жіберетін; бұл — Құдайға ұнамды, хош иісті құрбандық‘ (Леуі 2:2). Ливан шатырда және ғибадатханада түтетілетін хош иісті заттың құрамына кіретін (Мысырдан көшу 30:34—36). Дәуіт патша: “Дұғам Сенің дидарыңның алдына, хош иісті зат іспетті, көтерген қолдарым кешкі құрбандық [“кешкі астық құрбандығы”, ЖД] іспетті Саған бағышталсын”,— дегенде осыны ойына тұтқан болса керек (Забур 140:2).
15. Алғыс құрбандығы қандай мақсатпен берілетін?
15 Құдайға ұсынылатын ерікті құрбандықтың тағы да біреуі — Леуі кітабының үшінші тарауында суреттелген алғыс құрбандығы. Сондай-ақ бұл құрбандық “бейбіт құрбандық” деп те аударылады. Мұндағы “бейбіт” деп аударылған еврей сөзі, соғыссыз немесе тыныштық деген мағынадан гөрі, анағұрлым терең мағынаны білдіреді. Бір кітапта былай делінген: “Киелі кітапта бұл сөз, осындай мағынамен қоса, тыныштық күй кешуді немесе Құдаймен тату қарым-қатынаста болуды, өркендеуді, қуанышты әрі бақытты болуды білдіреді” («Studies in the Mosaic Institutions»). Сонымен, алғыс құрбандығы Құдайды тыныштандырып, Онымен тату болу мақсатымен емес, Құдайдың ниеттестігіне ие болғандар бұл құрбандықты Оның батасын алып, Онымен тату қарым-қатынаста болғанына ризашылығын немесе қуанышын білдіру үшін ұсынатын. Малдың қаны мен майы Ехобаға бағышталғаннан кейін, діни қызметкерлер мен алғыс құрбандығын ұсынған адам құрбандықтың қалған бөлігін жейтін (Леуі 3:17; 7:16—21; 19:5—8). Мұндай әдемі әрі бейнелі әрекет құрбандықты ұсынған адамның және діни қызметкерлердің, сондай-ақ Ехоба Құдайдың дастарқандас болғандығын көрсетіп, осы арқылы олардың өзара тату екендігін білдіретін.
16. а) Күнәның төлемін өтеу құрбандығы мен айып құрбандығы қандай мақсатпен шалынатын болған? ә) Аталмыш құрбандықтардың өртелетін құрбандықтан айырмашылығы неде еді?
16 Күнәның кешірілуі немесе Таурат заңын бұзып айыпты болғандардың айыбының өтелуі үшін шалынатын құрбандықтарға — күнәның төлемін өтеу құрбандығы мен айып құрбандығы жататын. Бұл құрбандықтар да құрбандық шалатын орынға әкелініп өртелетін, бірақ олардың өзгешелігі бар болатын, яғни мал Құдайға тұтас ұсынылмайтын, оның майы мен белгілі бір бөліктері ғана өртелетін. Ал қалған бөліктері қостың сыртына шығарып тасталатын, кейбір жағдайларда оны діни қызметкерлер жейтін. Бұл өзгешеліктің орасан зор мәні бар. Өртелетін құрбандық Құдайға жақындау үшін оған сый-тарту ретінде ұсынылатын, сондықтан бұл құрбандық тек Құдайдың өзіне арналғандықтан, мал қалдықсыз түгел өртелетін. Бір қызығы, өртелетін құрбандықтың алдында әдетте күнәның төлемін өтеу құрбандығы не айып құрбандығы шалынатын. Яғни, күнә жасаған адамның сый-тартуы Құдайға ұнамды болуы үшін, алдымен оның күнәсы кешірілуі керек болған болса керек (Леуі 8:14, 18; 9:2, 3; 16:3, 5).
17, 18. Күнәның төлемін өтеу құрбандығы не үшін қажет еді және айып құрбандығының мақсаты қандай болған?
17 Күнәның төлемін өтеу құрбандығын Таурат заңына қарсы абайсызда істеп қойған күнә үшін және тәннің әлсіздігінен істелінген күнә үшін ғана шалуға болатын. “Егерде қандай да бір жан істеуге болмайтын нәрсені істеп, қателікпен Тәңірдің өсиеттерінің қандай да біреуіне қарсы күнә жасап қойса”, күнә жасаған адам қоғамда алатын орны немесе дәрежесіне қарай күнәның төлемін өтеу құрбандығын ұсынуы керек еді (Леуі 4:2, 3, 22, 27). Ал тәубесіне келмейтін күнәкар жойылатын, ондайлар үшін құрбандық шалынбайтын (Мысырдан көшу 21:12—15; Леуі 17:10; 20:2, 6, 10; Санақ 15:30; Еврейлерге 2:2).
18 Айып үшін ұсынылатын құрбандықтың мән-мағынасы мен мақсаты Леуі кітабының 5-ші және 6-шы тарауларында анық көрсетілген. Адам аңдамай күнә жасап қоюы мүмкін. Алайда ол бұл қылығымен өзінің жақынына немесе Ехоба Құдайға қарсы күнә жасап қойып айыпты болып қалуы мүмкін, сондықтан ол өзінің айыбын өтеу керек болатын. Осындай күнәлардың бірнеше түрі атап өтілген. Олардың қатарында жасырын күнәлар (5:2—6), “Құдайға арналған нәрсеге қарсы” күнәлар (5:14—16) және әдейі арам ниетпен жасалмағанмен, күнә деп есептелетін — тәнінің құмарлығынан немесе әлсіздігінен жасалатын күнә (6:1—3). Айыпты болған адамнан күнәсын мойындап тәубе ету ғана емес, қажет деп табылса, шығынның орнын толтыру да талап етілетін, ал содан соң ол Ехобаға арнап айыбы үшін құрбандық ұсынуы керек болатын (Леуі 6:4—7).
Алда әлдеқандай жақсырақ нәрсе күтіп тұрды
19. Исраил халқының Таурат заңы мен құрбандықтары бар бола тұра, неге олар Құдайдың ниеттестігіне ие бола алмаған?
19 Уәде етілген Ұрпақ келгенше исраилдіктердің Құдайға жақындай алулары үшін және оның ниеттестігі мен жарылқауынан айырылып қалмауы үшін оларға көптеген құрбандықтар мен Құдайға ұсынылатын нәрселерден тұратын Мұсаның заңы берілген болатын. Өзі иудей болған елші Пауыл мұны былай деп түсіндірді: “Таурат заңы “тәрбиелеушіміз” болып, бізді Мәсіхке әкелді, сөйтіп Оған сеніп, ақталдық” (Ғалаттықтарға 3:24). Өкінішке орай, исраилдіктер халық ретінде, ‘тәрбиелеушіге’ құлақ аспай, керемет мүмкіндіктерін елеусіз қалдырды. Сондықтан олардың көптеген құрбандықтары Ехоба үшін жеркенішті болған, ол былай деген: “Құрбандыққа шалынып өртелген қойлар мен бордақыланған малдың майына Мен әбден тойдым; бұзаулардың да, қошқарлардың да, текелердің де қанын қаламаймын” (Ишая 1:11).
20. Б. з. 70 жылы болған оқиға Таурат заңы мен құрбандық беруге қандай әсерін тигізді?
20 Біздің заманымыздың жетпісінші жылы ғибадатханасы мен діни қызметкерлерін қоса иудейлік құрылыс жойылды. Осыдан кейін Таурат заңына сәйкес құрбандық беру мүмкін емес болып қалды. Бұл бүгінгі күнгі Құдайдың қызметшілері үшін Таурат заңының бөлігі болып табылатын құрбандықтар өз мәнін жоғалтты дегенді білдіре ме? Бұл сұрақты біз келесі мақалада талқылаймыз.
[Сілтемелер]
a Күзет Мұнарасы Киелі кітап және Трактаттар Қоғамы басып шығарған “Киелі Жазбаларды түсіну” (ағ.) кітабында былай деп түсіндірілген: “Киелі кітапта “төлемді өтеу”деп қолданылған тіркес көбінесе “жабу” немесе “айырбастау” деген мағынаны білдіреді; және айта кететін нәрсе, айырбасқа немесе “жабуға” берілген зат айырбасталатын немесе жабылатын затқа барабар болуы керек... Лайықты төлем беріп Адамның қарызын толығымен өтеу үшін, кемелді адамның құнына тең күнәның төлемін өтеу құрбандығы шалынуы керек болатын”.
b Жиі “Құдайға ұсынылатын зат” деп аударылып жүрген сөз — көне еврей тіліндегі корба́н деген сөз. Дін мұғалімдері мен парызшылдардың ұятсыз әрекеттерін Исаның айыптағанын жазу барысында Марқа «корбан» сөзінің ‘Құдайға арналған сыйды’ білдіретінін түсіндірді (Марқа 7:11, ЖД).
Түсіндіре аласыңдар ма?
• Ертеде өмір сүрген адал адамдарды Ехобаға құрбандықтар беруге ынталандырған не?
• Құрбандық беруге деген қажеттілік неліктен пайда болған?
• Таурат заңы бойынша берілетін басты құрбандықтардың түрлері қандай және олардың мақсаттары қандай болған?
• Пауылдың айтуынша Таурат заңы мен оның талап ететін құрбандықтарының басты мақсаты неде болған?
[8-беттегі сурет]
Әбілдің құрбандығы Ехобаға ұнамды болған, өйткені ол берген құрбандығы арқылы Құдайдың уәдесіне деген сенімін көрсеткен.
[9-беттегі сурет]
Сендер осы оқиғаның мәнін түсінесіңдер ме?