Кемелді өмір жай ғана арман емес!
Кемелді дүние дегенді қалай түсінесіз? Қылмыс, нашақорлық, зорлық, аштық, кедейлік және әділетсіздік дегендер атымен жоқ адамзат қоғамын елестетіп көріңізші! Эмоционалдық жағынан да, тәндік жағынан да сап-сау болғандықтан адамдардың бәрі мәз! Қайғы мен бақытсыздық жоқ, өйткені тіпті өлім де жойылған! Осындай дүниені күту арман ғана емес пе екен?
ҒЫЛЫМ мен техника дамығанымен, көптеген адамдар адамзат өзінің парасаты мен білімінің арқасында барлық адам үшін бейбіт те бақытты өмір сүретін кемелді дүние орната алатынына шын мәнінде сенбейді. Және адамдардың әрқашан да жақсылыққа ұмтылып, кемшіліктерін жөндеуге талпынатыны анық. Әрине, жай қиял баспанасыз адамдар мен кедейлерге көмектесіп, қайғы-қасіреттен құтылуды аңсап жүрген ауру және жарымжан адамдарды жазбайды. Кемелді дүние адамзаттың жасампаздығының арқасында орнамайды. Алайда, бүгінгі күнгі қайғы-қасірет пен әділетсіздікке қарамастан, қазіргі уақытта кемелді дүниенің табалдырығында тұрғандығымызға сенімді дәлелдер бар.
Кемелді өмір туралы ойланғанда есіңізге Иса Мәсіх түсетін болар. Алайда жерде өмір сүрген кемелді адам Иса ғана емес-тін. Рухани жағынан Құдайға ұқсас жаратылған Адам мен Хауа да жұмақта кемелді өмір сүрді. Бірақ, аспандағы Әкелеріне қарсы шыққандықтан, олар осы керемет жағдайларын жоғалтып алды (Жаратылыс 3:1—6). Дегенмен Жаратушы адамдарды мәңгі өмір сүруге ынтызар етіп жаратқан. Оны Екклесиаст 3:11-ден [ЖД] көруге болады: “Барлық нәрсені ол өз уақытында әсем ғып жаратқан. [Шын] Құдайдың бастапқыдан бері жасап келген іс-әрекетін адамзат ешқашан толық түсіне алмаса да, олардың жүректеріне тіпті Ол мәңгілікті салған”.
Кемелсіздік пен күнә адамзатты “өткіншілік [“бос әуре-сарсаң”, ЖД]” пен “өткіншіліктің құлдығына” алып келгенмен, елші Пауылдың жұбаныш беретін сөздеріне көңіл аударыңызшы: “Бүкіл жаратылыс Құдай Өзінің рухани балаларын анық көрсететін күнді сағына күтіп отыр. Өйткені жаратылыс өз еркімен емес, Құдайдың үкімімен өткіншілікке [“бос әуре-сарсаң”, ЖД] бағынды. Сөйте тұра, Құдай бізге болашақта жаратылыс та өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді деген үміт берді” (Римдіктерге 8:19—21). Киелі кітапта Құдайдың Иса Мәсіх арқылы адамзатты қайтадан кемелділікке жеткізетіндігі анық айтылған (Жохан 3:16; 17:3).
Болашаққа деген керемет үмітпен қатар, бәріміздің де қазірдің өзінде рухани толыса түсіп, жетістіктер жасауға мүмкіндігіміз бар.
Парасатты болуға тырысыңыз
Кемелді болғанның өте маңызды екенін көрсеткісі келген Иса көп халыққа былай деді: “Сендердің аспандағы Әкелеріңнің кемелді болғанындай, сендер де кемелді болыңдар!” (Матай 5:48). Иса біздің осы дүниеде кемелді болуымыз керек екенін айтты ма екен? Жоқ, олай емес. Әрине, біз жомарттық, мейірімділік және жақындарымызға деген сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді дамытуға талпынуымыз керек, бірақ біз жиі күнә жасап қоямыз. Исаның елшілерінің бірі тіпті былай деп жазған: “Егерде күнәларымызды мойындасақ, Құдай сенімді де әділетті болғандықтан оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздігімізден тазартады. Ал егер еш күнә жасаған жоқпыз десек, Құдайды өтірікші етіп көрсетеміз, әрі Оның сөзі жан дүниемізден орын алмағаны” (1 Жохан 1:9, 10).
Сөйткенмен де, тым көп талап қоймай, өзімізге және өзгелерге деген көзқарасымызды жақсарта аламыз. Байсалды және парасатты болғыңыз келсе, Құдай Сөзі — Киелі кітаптың кеңестерінен жақсы кеңесті еш жерден де таппайсыз. Қуаныш, сабырлылық сияқты қасиеттерді дамытқанымыз бірге жұмыс істейтін кісілермен, жұбайымызбен, ата-анамызбен және балаларымызбен тіл табысуымызға көмектеседі. Елші Пауыл мәсіхшілерге мынадай кеңес берді: “Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар! Сендердің кіші пейілділіктерің [парасаттылықтарың, ЖД] елдің бәріне белгілі болсын. Иеміз қастарыңда ғой” (Філіпіліктерге 4:4, 5).
Парасаттылық танытқанның пайдасы
Өзін-өзі қинап, өз жанын өзі жегідей жеуге дейін жеткізетін максимализмнен аулақ жүріп, парасатты болу адамның өзіне де, айналасындағыларға да жақсы ықпал етеді. Сондықтан біз өз мүмкіндіктерімізді дұрыс бағалайтын болсақ, жағдайды дұрыс бағалап, алдымызға іске асыра алатын мақсат қоятын боламыз. Құдай бізді жерде өмір сүру үшін және өзімізге де, өзгелерге де пайдалы жасампаз еңбектен қанағат алу үшін жаратқанын ұмытпайық (Жаратылыс 2:7—9).
Өзіңізден тым көп нәрсе талап ететін болсаңыз, неге дұға етіп, Ехобадан көмек сұрамасқа? Ехобаның тілектестігіне ие болсаңыз үлкен жеңілдік сезінесіз. Ехоба біздің осал және кемелсіз екендігімізді білгендіктен, парасаттылық танытады немесе тым көп нәрсе талап етпейді. Забур жыршысы былай дейді: “Әкесі баласына қалай жаны ашыса, Иеміз де Өзін құрметтегендерге солай жаны ашиды. Біздің неден жаралғанымызды біледі, топырақтан жаратылғанымыз Оның есінде” (Забур 102:13, 14). Құдайдың адамдарға мейірімділікпен қарайтыны үшін, қаншалықты ризамыз десеңізші! Ол кемістіктерімізге қарамастан бізді сүйікті балаларындай бағалайды.
Максималист болғаннан гөрі, рухани зеректік пен байсалды көзқарас дамытқан қаншалықты даналық десеңізші! Сондай-ақ біз Ехобаның Құдай Патшалығы арқылы адамзатты кемелділікке жеткізбек ниетіне ешкім де кедергі жасай алмайтынына сенімді бола аламыз. Бірақ кемелді болу дегеніміз не?
Кемелді өмір кешу максималист болғаннан артық
Кемелді болу дегеніміз максималист болу емес. Құдай Патшалығының қол астындағы Жұмақ орнаған жерде өмір сүргендер талап қойғыш, өз-өзіне масаттанған адам болмайды. Үлкен апаттан аман өту үшін қойылатын талаптың бірі — бостандық төлемі үшін шын жүректен ризашылық білдіру. Барлық ұлттан келген ұлы жамағаттың сезімін елші Жохан былай суреттейді: “Құтқарылғанымыз үшін тақта отырған Құдайымызға және Тоқтыға қарыздармыз” (Аян 7:9, 10, 14, ЖД). Жақындап келе жатқан үлкен апаттан аман қалғандардың барлығы Мәсіхтің олар үшін және өзіне сенім артқан барлық адамдар үшін өлімге даяр болғанына риза болады. Исаның сүйіспеншілікпен берген құрбандығының негізінде олар кемелсіздіктері мен кемшіліктерінен құтылады (Жохан 3:16; Римдіктерге 8:21, 22).
Кемелді адамдардың өмірі қандай болады? Бақталастық пен өз мүддесін қуушылық болмайды. Оның орнына адамдардың арасындағы сүйіспеншілік пен мейірбандық үрей мен өзін-өзі кемсітуді жойып, адамдардың өмірін қуанышты етеді. Сондай-ақ, кемелді өмір іш пыстырарлық немесе біркелкі болмайды. Киелі кітапта Жұмақтағы өмірдің қандай болатындығы толық суреттелмегенмен де, ондағы өмір туралы жалпы түсінік береді: “Үйлер соғып, онда тұратын болады; жүзім отырғызып, оның жемісін жейтін болады. Біреу тұрсын деп соқпайды, біреу жесін деп екпейді; өйткені Менің халқымның күндері ағаштың күндеріндей болады және Менің таңдаулыларым өз еңбегінің рахатын көреді. Босқа еңбектеніп, балаларын қайғыға тумайтын болады” (Ишая 65:21—23).
Құдай Патшалығының кезінде көңіл көтерудің, дүкендердің, техниканың, көліктің қандай түрлері болатынына болжам жасағанша, мына сөздер орындалған кездегі қуанышыңызды елестетіп көріңізші: “Қасқыр мен қозы бірге жайылып, арыстан да өгіз сияқты сабан жейтін болады, ал жылан үшін топырақ қорек болады: олар бүкіл Менің киелі тауымда жамандық жасап, зиян келтірмейтін болады, дейді Тәңір” (Ишая 65:25). Кемелді өмір қазіргі күнгі өмірден қаншалықты өзгеше болады десеңізші! Егер сіз сол кезде өмір сүруге лайық адамдардың қатарында болсаңыз, сүйіспеншілікке толы аспандағы Әкеміздің сізге және отбасыңызға жасап жатқан қамқорлығын сезінетін боласыз. “Тәңірден жұбаныш ізде, сонда Ол сенің жүрек қалауыңды орындайды” (Забур 36:4).
Кемелді жағдайдағы өмір жай ғана арман емес. Ехобаның сүйіспеншілікке толы адамзатқа байланысты ниеті толығымен орындалады. Сіздің де отбасыңызбен бірге, кемелділікке жетіп, Құдай орнатқан жаңа дүниеде мәңгі өмір сүретіндердің арасында болуға мүмкіндігіңіз бар. Киелі кітапта мынадай пайғамбарлық жазылған: “Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді” (Забур 36:29).
[6-беттегі сурет]
Максимализм мен міншілдіктен аулақ болып, өзімізге және өзгелерге деген көзқарасымызды жақсартуымызға болады.
[7-беттегі сурет]
Неге өзімізді қазірдің өзінде бейбітшілік пен әділдік орнаған Жұмақта елестетпеске?