Ехобаның күшінен жұбаныш табыңдар
“Жүрегімде қайғы көбейгенде, Сенің жұбатқаның жанымды жадыратады” (ЗАБУР 93:19).
ЖҰБАНЫШҚА зәру болып жүргендердің бәрі Киелі кітаптан жанды жадырататын сөздер оқуына болады. “Уорлд бук” энциклопедиясындағы: “Қиындыққа душар болған уақыттарда адамдардың көпшілігі жұбаныш, үміт пен басшылық іздеп Киелі кітапқа жүгінеді”,— деген сөздерге таңырқаудың қажеті жоқ. Неге?
Өйткені Киелі кітап “жұбаныш атаулының қайнар көзі — бізді барлық азаптарымызда жігерлендіретін” сүюші Жаратушымыздың киелі рухының жетелеуімен жазылған (2 Қорынттықтарға 1:3, 4). Құдай — “жігердің бастауы” (Римдіктерге 15:5). Бүкіл адамзаттың жағдайын жеңілдетуі арқылы Ехоба бізге үлгі көрсетті. Бізге жұбаныш әрі үміт беру үшін, Ол өзінің жалғыз ұлы Иса Мәсіхті жерге жіберді. Иса былай деп тәлім берген: “Құдай адамзатты өте қатты сүйгендіктен, Оған сенуші әркімнің жаны тозаққа түспей [“жойылып кетпей”, ЖД], мәңгілік өмірге ие болу үшін Өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа берді” (Жохан 3:16). Киелі кітапта Ехоба туралы былай делінген: “Тәңір біздің ауыртпалығымызды күнделікті жеңілдетіп отырады. Құдай бізді құтқарып жатыр” (Забур 67:20, Қазіргі заман аудармасы). Құдайды қастерлейтіндердің сенімділікпен былай деуіне болады: “Тәңір [“Ехоба”, ЖД] әрдайым көз алдымда, өйткені Ол менің оң жағымда; қобалжымаймын” (Забур 15:8).
Киелі кітаптан келтірілген осы сөздер Ехобаның бізге, яғни адамдарға, деген сүйіспеншілігінің қаншалықты зор екенін көрсетіп отыр. Сынаққа ұшыраған шақтарда жұбанышты молынан беріп, біздің жан күйзелісімізді жеңілдетуге деген Оның зор ықыласы бар екендігі анық, әрі осылай етуге оның құдіреті де жетеді. “Ол қажығанға күш, әлсірегенге қуат береді” (Ишая 40:29). Әйтсе де Ехобаның күшінен қалайша жұбаныш таба аламыз?
Ехобаның қамқорлығы жұбаныш береді
Забур жыршысы былай деп жазды: “Барлық уайымыңды Тәңірге [“Ехобаға”, ЖД] тапсыр, сонда Ол сені демейді. Әділеттінің сүрінуіне Ол ешқашан жол бермейді” (Забур 54:23). Иә, Ехоба бүкіл адамзаттың қамын ойлайды. Елші Петір бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді былай деп жігерлендірген болатын: “Ол [Құдай] қамдарыңды ойлайды!” (1 Петір 5:7). Құдайдың адамдарды қаншалықты бағалайтынан Иса Мәсіх мынадай сөздермен ерекше атап өткен: “Бес торғай екі тиынға сатылмаушы ма еді? Дегенмен олардың біреуін де Құдай ұмытпайды. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңды да Құдай санап қойған. Сондықтан қорықпаңдар: сендер торғайлардан әлдеқайда артықсыңдар ғой” (Лұқа 12:6, 7). Құдайдың көз алдында біздің қымбат екендігіміз соншалық, ол басымыздан кешіріп жүрген нәрселеріміздің бәрін, тіпті ең болмашы нәрселерді де, байқап отырады. Ол әрқайсымызға мұқият зер салып отырады, сондықтан біз туралы өзіміз білмейтін нәрселерді де біледі.
Алдыңғы мақалада әңгімеленген Светлана деген жезөкшелікпен айналысқан бойжеткенге Ехобаның жеке қамқорлығын сезіну үлкен жұбаныш болған еді. Ол өз-өзіне қол салуға бел буған уақытта Ехоба Куәгерлерімен кездесіп қалады. Светлана Киелі кітапты зерттеуге келіседі де, бұл кітаптан Ехобаның шын мәнінде бар екендігін әрі ол оның бақытты болғанын қалайтындығын біледі. Осы білген нәрселері қатты әсер етіп, Светлананы өмірін өзгертуге және өзін Құдайға арнауға ынталандырады. Сонымен қатар білген нәрселері оның қиындықтарға қарамай табанды болуына, сондай-ақ дұрыс көзқарас сақтап, қажетті дәрежеде өз-өзін сыйлай білуіне көмектесті. Бүгінгі күні ол былай дейді: “Ехобаның мені ешқашан тастап кетпейтіндігіне мен сенімдімін. 1 Петір 5:7-дегі: “Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!” — деген сөздердің рас екендігіне көзім жетті”.
Киелі кітаптағы үміт жұбаныш береді
Құдай өзінің жазбаша түрдегі Сөзі, яғни болашаққа деген керемет үміт туралы хабар жазылған Киелі кітап, арқылы ерекше жұбаныш береді. Елші Пауыл былай деп жазған: “Киелі жазбалардағылардың бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үмітімізді үзбеу үшін олар арқылы табандылық пен жігерлілікке [‘жұбаныш алуға’, ЖД] үйренеміз” (Римдіктерге 15:4). Пауыл үміт пен жұбаныштың арасында тығыз байланыс бар екенін анық көрсеткен: “Ал бізді сүйетін, рақымын төгіп, мәңгілік жұбаныш пен үзілмес үміт берген... Құдай Әкеміз жүректеріңді жігерлендіріп [“жұбатып”, ЖД], сендерге іс жүзінде де, сөз жүзінде де ізгілік жасауға күш бергей” (2 Салониқалықтарға 2:16, 17). Аталмыш “үзілмес үміт” бақытты болашақты, яғни жер бетіндегі жұмақтағы кемелді әрі мәңгі өмірді, білдіреді (2 Петір 3:13).
Осындай үзілмес әрі қуанышты үміт алдыңғы мақалада әңгімеленген сал болып қалған ішкіш Лайманиске жігер берді. Киелі кітапқа негізделген Ехоба Куәгерлерінің әдебиеттерінен Құдай Патшалығы билік ететін жаңа дүниеде оның денсаулығы толығымен қалпына келетіндігін білгенде, ол зор қуанышқа бөленді. Лайманис Киелі кітаптан Құдайдың керемет түрде адамдарды сырқаттарынан айықтыратынын оқыды: “Сол кезде зағиптардың көзі ашылып, саңыраулардың құлақтары естиді. Сол кезде ақсақ еліктей секіреді және мылқаудың тілі ән салады” (Ишая 35:5, 6). Жұмақта өмір сүру мүмкіндігіне ие болу үшін Лайманис өмірін түбегейлі өзгертті. Ол ішуді қойды және бұл өзгеріс оның көршілері мен таныстарының көзінен таса қалған жоқ. Қазіргі уақытта Лайманис Киелі кітаптағы үміттің беретін жұбанышымен өзгелермен де бөлісіп, бірнеше адамның Киелі кітапты оқып зерттеуіне көмектесуде.
Дұғаның көмегі
Қандай да бір себептермен көңілімізге қаяу түскен уақыттарда Ехобаға дұға ету арқылы үлкен жұбаныш ала аламыз. Құдайға жалбарынғанда оның Сөзінде жазылған жұбаныш беретін сөздер есімізге түсуі мүмкін. Киелі кітаптағы Забур жырының ең ұзыны — керемет айтылған дұға. Жыршы былай деп жырлаған: “Сенің ғасырлар бойы келе жатқан үкімдеріңді есіме аламын да, уа, Тәңірім [“Ехоба”, ЖД], жұбаныш табамын” (Забур 118:52). Қиын шақтарда, әсіресе адамның денсаулығына қауіп төнгенде, “не істеу керек?” деген сұраққа түйінді жауап табу жиі ауыр соғады. Өз күшімізге сенген уақыттарда кейде не істерімізді білмей дағдарып қаламыз. Қолдарынан келгеннің бәрін істегеннен кейін, Құдайға дұға ету үлкен жұбаныш беретініне, ал кейде күтпеген жерден шешім табуға көмектесетініне көпшілігінің көздері жеткен (1 Қорынттықтарға 10:13).
Асығыс реанимация бөліміне жеткізілген Пэт дұғаның жұбаныш беретін күшін сезінген болатын. Сауыққаннан кейін ол былай деді: “Мен Ехобаға дұға еттім де, расында да өмірімді оның қолына сеніп тапсыруым керек екенін, оның еркіне сенім артуым керек екенін түсіндім. Сол уақыттың бәрінде де мен еш қобалжымадым, Філіпіліктерге 4:6, 7-де айтылған Құдайдың тыныштығын сезіндім”. Осы тармақтардағы сөздер бізге қандай жұбаныш бере алады? Пауыл былай деп жазды: “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды”.
Жұбатушы ретіндегі киелі рух
Өлетін күні түнде Иса өзінің елшілеріне олардан кететінін айтты. Бұл сөздерден кейін олар қамығып, қобалжып қалады (Жохан 13:33, 36; 14:27—31). Олардың бұдан былай да жұбанышқа мұқтаж болатынын білгендіктен, Иса шәкірттеріне былай деп уәде етеді: “Мен Әкемнен сендерге мәңгі бірге болатын Қамқоршыны [Жұбатушыны, Синодтық аударма] жіберуін өтінемін” (Жохан 14:16). Мұндағы Исаның ойына тұтқаны Құдайдың киелі рухы болатын. Киелі рухтың әрекеттерінің бірі — елшілер сынақтарға ұшырағанда жұбаныш беріп, Құдайдың еркін әрі қарай орындай берулері үшін жігер беру болатын (Елшілердің істері 4:31).
Үлкен автокөлік апатына ұшырап күйеуі өлім аузынан қалған Энджи басына түскен қайғы мен жанын жеген уайымды жеңіп шықты. Оған не көмектесті екен? Энджи былай деді: “Тек Ехобаның киелі рухының қолдауының арқасында ғана біз бәріне төтеп беріп, берік болып қала алдық. Расында да Ехобаның күші біздің әлсіз жағдайымызда анық байқалып, қиын-қыстау күндерде қорған болды”.
Бауырластықтан жұбаныш табу
Әлеуметтік күйі мен жағдайы қандай болмасын, егер адам Ехобаның халқының арасындағы бауырластықтан жұбаныш іздейтін болса, ол оны табады. Бұл бауырластықтан әрбір адам рухани жағынан қолдау тауып, көмек көре алады. Қауым жиналысынан қиындыққа душар болғандарға шын жүректен көмек беріп, жұбатуға даяр тұратын сүйіспеншілікке толы, қамқор әрі ықыласты достар табуға болады (2 Қорынттықтарға 7:5—7).
Мәсіхшілер қауымының мүшелері “барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарға жақсылық істеуді” үйренуде (Ғалаттықтарға 6:10). Киелі кітаптан алған білім оларды бір-біріне бауырластардай сүйіспеншілік танытып, мейіріммен қамқорлық етуге ынталандырады (Римдіктерге 12:10; 1 Петір 3:8). Қауымдағы рухани бауырластар мейірімді де жанашыр, әрі ықыласты болуға тырысады (Ефестіктерге 4:32).
Балаларынан айырылған Джоу мен Ребекка мәсіхшілер қауымының мүшелерінен осындай мейірім мен жанашырлық көрді. Олар былай деп әңгімеледі: “Ехоба мен оның сүйіспеншілікке толы қауымы осындай қиын шақта біздің берік болуымызға көмектесті. Бауырластарымыздан жүздеген открыткалар мен хаттар алдық, сондай-ақ телефон шалып жұбатып жатты. Осындай әрекет біздің бауырластығымыздың қаншалықты қымбат екенін көрсетеді. Біз қайғы-шерге батып аңырап қалған кезде, жергілікті қауымнан көпшілігі көмекке келіп, тамақ пісіріп, үйімізді жинастырып беріп жүрді”.
Жұбаныш табыңдар!
Қиыншылық дауылы бас көтертпей, бақытсыздық бұршақша бораған шақтарда, Құдай бізге қамқор болып, жұбатуға әзір. Бұл жөнінде забур жырының бірінде былай делінген: “Өзінің қауырсындарымен сені қалқалайды, Оның қанатының астында қауіпсіздікте боласың” (Забур 90:4). Бұл тармақта қауіп туғанын сезіп, қанатын жайып балапандарын қалқалаған қыранның бейнесі қолданылған. Ехоба болса өзіне арқа сүйегендердің нағыз Қорғаушысы ретінде қамқорлық етеді (Забур 7:2).
Егер сен Құдай туралы, оның қандай тұлға екендігі мен еркі, қасиеттері мен жұбату қабілеті туралы көбірек білгің келсе, оның Сөзін зертте. Осындай талабыңның іске асуына Ехоба Куәгерлері қуана-қуана көмектеседі. Иә, сен де Ехобаның күшінен жұбаныш таба аласың!
[7-беттегі суреттер]
Киелі кітапта жазылған болашаққа деген үміт жұбаныш береді.