Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.6. 24—29 бет.
  • Құдайдың жаулары жеңіске жетпейді!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Құдайдың жаулары жеңіске жетпейді!
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ехобаның қызметшілеріне қарсы шабуыл
  • Уағыздау ісі тоқтамауы керек!
  • Сылтау іздеу жолында
  • Қудалауға қарамастан адалдық сақтау
  • Саған қарсы жасалған бірде-бір қару жеңіске жетпейді
  • Еремиядай батыл бол
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Сен кімді тыңдайсың: Құдайды ма, әлде адамдарды ма?
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Соңғы шешуші жеңіске жақындап келеміз!
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Еремия кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.6. 24—29 бет.

Құдайдың жаулары жеңіске жетпейді!

«Олар саған қарсы шығатын болады, бірақ жеңе алмайды» (ЕРЕМИЯ 1:19).

1. Еремияға қандай тапсырма берілді және оның қызметі қанша уақытқа созылды?

ЕХОБА жас Еремияны халықтарға пайғамбар етіп сайлады (Еремия 1:5). Бұл иудей елін әділ патша Жосия билеп тұрған кезде болған еді. Еремия Бабылдықтардың Иерусалимді жаулап аларының алдындағы тынышсыз уақытта пайғамбарлық етті де, оның қызметі Құдай халқының тұтқынға алынуына дейін жалғасты (Еремия 1:1—3).

2. Ехоба Еремияны қалай нығайтты және бұл пайғамбарға қарсы шығу нені білдірді?

2 Құдайдың үкімдерін жариялаған Еремияның қарсылыққа кезігері анық еді. Сондықтан алдағы күтіп тұрған сынақтар алдында Құдай оны нығайтты (Еремия 1:8—10). Мысалы, келесі сөздер пайғамбарды жігерлендіре түсті: «Олар саған қарсы шығатын болады, бірақ жеңе алмайды; өйткені сені құтқару үшін Мен сенімен біргемін,— дейді Тәңір» (Еремия 1:19). Еремияға қарсы шығу Құдайға қарсы шыққанмен бірдей еді. Бүгінгі күні Ехобаның пайғамбар секілді қызметшілер тобы бар, олардың атқарып жатқан ісі де Еремияның атқарған ісіне ұқсас. Еремия сияқты, олар да батылдықпен Құдайдың пайғамбарлық сөзін жариялауда. Бұл хабар әрбір жеке адамға да, бүкіл халықтарға да қатысты, сондай-ақ, осы хабарды қалай қабылдағандарына байланысты, нәтижесі олар үшін не жақсы болады, не жаман болады. Еремияның кезіндегідей, қызметшілеріне қарсы шығып, көктен берілген тапсырмасын орындауларына кедергі жасау арқылы Құдайға қарсы күресіп жатқан адамдар қазір де бар.

Ехобаның қызметшілеріне қарсы шабуыл

3. Ехобаның қызметшілері неліктен қарсылыққа кезігуде?

3 XX ғасырдың басынан бері Ехобаның халқына шабуыл жасалуда. Көп елдерде қаскүнем адамдар Құдай Патшалығы туралы хабардың таралуына кедергі жасамақшы болды. Иә, оны басып тастағысы келді. Оларды бұл іске итермелеп отырған — «ақырған арыстандай кімді жұтсам деп торуылдап жүрген» біздің басты жауымыз Шайтаннан басқа ешкім де емес (1 Петір 5:8). 1914 жылы «Құдайға сенбейтін халықтар дәурені» аяқталған кезде Ехоба өзінің Ұлын жер бетінің жаңа Патшасы етіп тағайындап, оған: «Жауларыңның арасында үстемдік ет»,— деп бұйырды (Лұқа 21:24; Забур 110:2). Мәсіх өзінің Патша ретіндегі билігін қолданып, Шайтанды көктен жердің аумағына қуып түсірді. Шайтан болса уақытының аз қалғанын біліп, майланған мәсіхшілер мен олардың серіктеріне бар ашуын төгуде (Аян 12:9, 17). Құдайдың жауларының көптеген шабуылдарының нәтижесі қандай болды екен?

4. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ехобаның халқы қандай сынақтарды бастан кешті, бірақ 1919 және 1922 жылдары не болды?

4 Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде майланған қалдықтың сенімі көптеген сынақтарға ұшырады. Оларды мазақ етіп, жала жапты және заңсыз жазалап, ұрып-соқты. Иса алдын ала айтқандай, оларды «барлық халықтар жек көрді» (Матай 24:9). Соғыс өртінің қызған шағында Құдай Патшалығының жаулары кезінде Иса Мәсіхке қарсы қолданған әдісті қолданды. Олар Ехоба Куәгерлеріне зиянкестік әрекет етуде деп жалған айып тағып, Құдайдың көрінетін ұйымына қатты соққы берді. 1918 жылдың майында АҚШ-тың федеральды үкіметі Ұйымның президенті Дж. Ф. Рутерфорд пен оның жеті жақын әріптестерін тұтқындауға рұқсат құжат берді. Бұл сегіз адамды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, Атлантта (Джорджия штаты) орналасқан федеральды түрмеге жөнелтті. Бірақ тоғыз айдан кейін оларды босатты. Ал 1919 жылдың май айында округтік шағым сот төменгі инстанция сотының шешімін әділ емес деп тапты. Бұл істі соттың қайта қарауына тапсырды, бірақ кейінірек үкімет істі қарауды тоқтатты да, бауырласымыз Рутерфорд пен әріптестері толық ақталды. Олар өздерінің ісін қайта бастады, сөйтіп, 1919 және 1922 жылдарда Сидар-Пойнт (Огайо штаты) қаласында өткен конгрестерден кейін Патшалықты уағыздау ісі жаңа екпінмен жалғасты.

5. Нацистік Германияда Ехоба Куәгерлері қандай жағдайды бастарынан кешті?

5 1930 жылдары кейбір елдерде диктатуралық тәртіп орнады да, Германия, Италия, Жапония елдері бірігіп, күшті одақ құрды. Сол онжылдықтың басында-ақ, әсіресе нацистік Германияда, Құдай халқын мейірімсіздікпен қудалау басталды. Тыйым салына бастады. Үйлерді тінтіп, тұрғындарын тұтқынға алды. Сенімінен бас тартпағаны үшін мыңдаған адамдар концлагерьлерге қамалды. Құдайға және оның халқына қарсы күрестің мақсаты тотальды мемлекеттердегі Ехоба Куәгерлерін жойып жіберу еді. Германиядағы Ехоба Куәгерлері сот арқылы өз құқықтарын қорғамақшы болғанда, Үшінші рейхтің Заң министрлігі олардың мақсаттарына жетуіне мүмкіндік бермеу үшін көлемді құжат жасады. Ол құжатта былай делінген еді: «Сот заңның қандай да бір тәртіптерінің алдында іркілмеуі керек; қайта, заңды кедергілерге қарамастан, өздерінің жоғарғы міндеттерін орындаудың жолдарын іздеп табулары керек». Бұл ешқандай да әділ соттың болуы мүмкін емес дегенді білдіретін еді. Нацистер Ехоба Куәгерлерінің ісін өздеріне төнген қауіп — «ұлтшыл-социализм құруға кедергі» — деп санады.

6. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін біздің ісімізді тоқтату үшін қандай әрекеттер жасалды?

6 Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде Австралия мен Канадада және Азиядағы, Африкадағы, Кариб теңізі мен Тынық мұхиты аралдарындағы Британ достастығына кіретін елдерде Құдай халқына тыйым салынып, шектеулер қойылды. Құрама Штаттарда ықпалы күшті жаулар мен жалған мәлімет алған адамдар «заңды қолданып қиыншылық жасады» (Забур 94:20, ЖД). Бірақ туды қастерлеу мен жергілікті соттардың үйден-үйге уағыз айтуға тыйым салуына қатысты мәселелерге қарсы сотта іс қаралды. Сөйтіп, Америка Құрама Штаттарында шығарылған қолайлы жағдай туғызған сот шешімдері дін тұту еркіндігінің берік негізін қалады. Ехобаның арқасында жаулардың ниеті іске аспай қалды. Еуропада соғыс аяқталған соң, тыйым салынған заңдар күшін жойды. Мыңдаған Куәгерлер концлагерьлерден босатылды, бірақ күрес мұнымен біткен жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай қырғи қабақ соғыс басталды. Шығыс Еуропа елдерінде Ехобаның халқы әлі де қысым көруде болатын. Үкімет басындағылар біздің куәлік ету ісімізге кедергі жасап, оны мүлдем тоқтатып тастауды, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді жеткізуді тоқтатып, біздің қауымдарымызды жабуды көздеген әрекеттерін күшейте түсті. Көптеген бауырластарымыз түрмеге жабылды немесе еңбекпен түзеу лагерьлеріне жіберілді.

Уағыздау ісі тоқтамауы керек!

7. Соңғы жылдары Ехоба Куәгерлері Польшада, Ресейде және басқа да елдерде қандай жағдайларды бастан кешірді?

7 Онжылдықтар өте келе Патшалық туралы хабарды уағыздау үшін кеңінен жол ашылды. Польшада коммунистік құрылыс үстемдік етіп тұрғанына қарамастан, 1982 жылы бір күндік конгрестер өткізуге рұқсат берілді. 1985 жылы онда халықаралық конгрестер болып өтті. Ал 1989 жылы Ресей мен Украинадан мыңдаған делегаттар қатысқан үлкен халықаралық конгрестер болды. Сол жылы Венгрия мен Польшада Ехоба Куәгерлері ресми тіркеуден өтті. 1989 жылдың күзінде Берлин қабырғасы құлады. Тағы бірнеше айдан кейін Шығыс Германиядағы біздің ұйымымыз ресми тіркеуден өтіп, көп ұзамай Берлин қаласында халықаралық конгресс өткізілді. XX ғасырдың соңғы онжылдығының басында Ресейдегі бауырластармен байланысуға күш жұмсалды. Мәскеудің біраз шенеуніктерімен кездесу өтіп, 1991 жылы Ехоба Куәгерлері ресми тіркеуден өтті. Содан бері Ресей мен бұрынғы Кеңес Одағының республикаларында біздің ісіміз бұрын-соңды болмаған көлемде жүре бастады.

8. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 45 жыл ішінде Ехобаның халқы қандай жағдайларды бастан кешті?

8 Жер шарының бір бөліктерінде қудалау әлсіреп жатса, өзге бөліктерінде күшейе түсті. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі 45 жыл бойы көптеген елдер Ехоба Куәгерлерін ресми түрде тіркеуден өткізуден бас тартып келді. Оның үстіне Азияның 9 елінде, Африканың 23 елінде, Еуропаның 8 елінде, Латын Америкасының 3 елінде және 4 аралдық мемлекеттерде біздің ұйымымызға немесе ісімізге тыйым салынды.

9. Малавидағы Ехобаның қызметшілері қандай қиыншылықтар көрді?

9 1967 жылдан бастап Малави республикасындағы Ехоба Куәгерлері қатаң қудалауға ұшырады. Шынайы мәсіхшілер ретінде бейтараптық көзқараста болғандықтан, Малави республикасындағы бауырластарымыз партия билетін сатып алудан бас тартты (Жохан 17:16). 1972 жылы Малави Конгресі атты партияның съезі өткен соң, бауырластарымызға қарсы айуандық қайта басталды. Бауырластарымызды үйлерінен қуа бастады, жұмысқа қабылдамады. Мыңдаған бауырластарымыз өлімнен құтылу үшін басқа елдерге қашты. Бірақ Құдайдың және оның халқының жаулары жеңіске жетті ме екен? Ешқандай да! Жағдай өзгерген соң, 1999 жылы Малави республикасында жариялаушылар саны ең жоғары межеге жетті: 43767 адам. 150000 адам облыстық конгрестерге қатысты. Ал республиканың астанасында Қоғамның жаңа филиалы соғылды.

Сылтау іздеу жолында

10. Даниелдің кезіндегідей, Құдай халқының қазіргі кездегі жаулары қалай әрекет етуде?

10 Жолдан тайғандар мен дін басылары, сондай-ақ тағы басқалар біздің Құдай Сөзіне негізделген хабарымызды жек көреді. Христиан әлемінің діндарларының қысымымен жасап жатқан бізге қарсы күрестерін ақтау үшін, қарсыластар заңды жол қарастыруда. Олар кейде қандай тәсілдер қолданады? Даниел пайғамбарға қастандық жасаушылар қандай тәсіл қолданған еді? Даниел 6:4, 5-тен мынаны оқимыз: «Сонда ел билеушілер мен сатраптар, Даниелді айыптау үшін, оның патшалықты басқару ісінен сылтау іздей бастады; бірақ ешқандай сылтау да, қате де таппады, өйткені ол адал болғандықтан ешқандай қатесі немесе кінәсы болмады. Сонда бұл адамдар былай деді: егер Құдайының заңынан таппасақ, Даниелге қарсы ешқандай сылтау таба алмаймыз». Бүгін де қарсыластар сылтау іздеуде. Олар «қауіпті секталар» туралы шу көтеріп, бұл атты Ехоба Куәгерлеріне таңуға тырысуда. Олар деректерді бұрмалап, тұспалдап және жала жауып, біздің мінажатымыз бен Киелі кітап принциптеріне адалдығымызға қарсы шығуда.

11. Кейбір қарсыластар Ехоба Куәгерлеріне қандай жала жабуда?

11 Кейбір мемлекеттерде әр түрлі конфессиялар мен саяси күштер біздің «Құдайдың алдында таза да мінсіз діншілдікті» ұстанатынымызды мойындағысы келмейді (Жақып 1:27). Біздің мәсіхшілер ретіндегі ісіміз 234 елде жүріп жатса да, қарсыластар бізді «танымал діннің» қатарына қосуға болмайды деп тұжырымдайды. 1998 жылғы халықаралық конгрестен аз уақыт бұрын Афины қаласынан шығатын бір газет Грек Православиелік шіркеуінің дін басыларының бірінің пікірін жариялады. Ол: «[Ехоба Куәгерлері] — «танымал дін» емес»,— деген еді. Ал Адам Құқығы жөніндегі Еуропалық Сот бұған қарама-қайшы шешім қабылдаған еді. Біраз уақыт өткен соң Афиныдан шығатын басқа бір газетте: «[Ехоба Куәгерлері] «мәсіхшілер қауымы» бола алмайды, өйткені оларда Иса Мәсіхке деген мәсіхшілдік сеніммен ортақ ештеңе де жоқ»,— деген шіркеудің өкілінің сөздерін жариялады. Бұл өте таңғаларлық нәрсе, себебі Ехоба Куәгерлерінен өзге ешқандай діни топ Исаның ізімен жүру керек екендігіне осыншама көп мән бермейді ғой!

12. Рухани соғысты жүргізу барысында не істеуіміз керек?

12 Біз ізгі хабарды заңды түрде қорғап, нығайтуға тырысудамыз (Філіпіліктерге 1:7). Сонымен бірге ар-ұжданымызға қарсы әрекет еткіміз немесе Құдайдың әділ нормаларын берік ұстанудан бас тартқымыз келмейді (Титке 2:10, 12). Еремия сияқты, біз де «белімізді буып», Құдайдың жауларының алдында жасқанбастан Ехоба бұйырған нәрселердің бәрін айтып жүрміз (Еремия 1:17, 18). Ехобаның Киелі Сөзінде біз жүруге тиіс оң жол анық көрсетілген. Біз әлсіз «тәндік бұлшық етке» сенім артпауымыз керек немесе «Мысырдың көлеңкесінен», яғни осы дүниеден, «баспана» іздемеуіміз керек (2 Шежіре 32:8; Ишая 30:3; 31:1—3). Рухани соғысты жүргізе отырып, біз әрі қарай да Ехобаға шын жүректен сенім артып,біздің жолымызға бағыт беруіне мүмкіндік беруіміз керек. Сондай-ақ өз ақылымызға арқа сүйемеуіміз керек (Нақыл сөздер 3:5—7). Ехобаның қолдауы мен қорғауынсыз біздің барлық еңбегіміз «бекер» болады (Забур 126:1).

Қудалауға қарамастан адалдық сақтау

13. Неліктен шайтанның Исаға жасаған шабуылы сәтсіздікке ұшырады деуге болады?

13 Ехобаға деген адалдықты сақтаудың керемет үлгісін Иса Мәсіх көрсетті. Оған бүлікке арандатушы және тәртіп бұзушы деген жала жапқан еді. Істі қараған Пилат оны босатып жібергісі келді. Бірақ дін басыларының айдап салуымен қалың тобыр, кінәлы еместігіне қарамай, оны бөренеге шегелеп өлтіруін талап етті. Ал Исаның орнына, көтеріліс шығарып, кісі өлтіргені үшін абақтыға жабылған Бараббаны босатуын талап етті! Пилат Исаның ессіз қарсыластарын ойларынан бас тартқызуға тағы да тырысып көрді, бірақ ақыр аяғында жанжал шығарған тобырдың тегеурініне қарсы тұра алмады (Лұқа 23:2, 5, 14, 18—25). Иса бағанаға шегеленіп өлгенмен, шайтанның Құдайдың адал Ұлына арамдықпен жасаған шабуылы толық сәтсіздікке ұшырады, өйткені Ехоба оны қайта тірілтті де, Өзінің оң қол жағына отырғызып, жоғары дәрежеге көтерді. Ал б. з. 33 жылындағы Сабантой мейрамында даңқты Иса арқылы киелі рух төгіліп, «жаңа жаратылыс» — мәсіхшілер қауымы — пайда болды ( 2 Қорынттықтарға 5:17 [ЖД]; Елшілердің істері 2:1—4).

14. Иудейлік діни қарсыластардың Исаның ізбасарларына қарсы шығуы нәтижелі болды ма?

14 Бұдан кейін көп ұзамай діни қарсыластар елшілерді қорқыта бастады, бірақ Исаның ізбасарлары естіп-білгендерін жария етуді тоқтатқан жоқ. Исаның шәкірттері былай деп дұға етті: «Иеміз, олардың қоқан-лоқысын көріп, құлдарыңа сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр!» (Елшілердің істері 4:29). Ехоба қызметшілерінің өтінішіне құлақ асып, оларды киелі рухқа кенелтті де, ізгі хабарды батылдықпен жариялауды жалғастыра беруі үшін оларды нығайтты. Көп ұзамай елшілерге тағы да уағыз айтуын тоқтатуды бұйырған кезде, олар былай деп жауап берді: «Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!» (Елшілердің істері 5:29). Қорқыту, тұтқындау және ұрып-соғу олардың уағыздау ісін кең көлемде жүргізуіне кедергі жасай алмады.

15. Гамалиел деген кім еді және ол Исаның ізбасарларының жауларына қандай кеңес берді?

15 Дін басылары бұған қалай қарады екен? Олар «қатты ашуланып, оларды [елшілерді] өлтіретін ойлары болды». Бұл кезде елдің бәрі қатты сыйлайтын заң мұғалімі, Гамалиел деген парызшыл да осында еді. Ол елшілерді аз уақытқа залдан шығаруды бұйырып, діни қарсыластарға мынадай кеңес берді: «Қадірлі исраилдіктер, елдестерім, мына кісілерге не істегілерің келетінін жақсылап ойланыңыздар!.. Ал енді сіздерге айтатыным мынау: бұл кісілерге тимеңіздер, босатып жіберіңіздер. Себебі егер бұл әрекет адам бастаған іс болса, ол өзінен-өзі құриды, бірақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар, тіпті Құдайға қарсы күресетін боласыздар» (Елшілердің істері 5:33—39).

Саған қарсы жасалған бірде-бір қару жеңіске жетпейді

16. Ехоба өзінің халқына қандай кепілдік береді? Өз сөзіңмен айтып берші.

16 Гамалиел дұрыс кеңес берген еді және бізді жақтап сөйлегендерге біз де ризамыз. Әділ сот мүшелерінің шешімдерінің арқасында дін тұту еркіндігі беріліп жатқаны үшін де ризамыз. Әрине, біздің Құдай Сөзін ұстанатындығымыз христиан әлемінің дін басыларына және дүниежүзілік жалған діндердің империясы — ұлы Бабылдың өзге де басшыларына жақпайды (Аян 18:1—3). Олар да, олардың ықпалындағылар да бізге қарсы күрес жүргізіп жатқанымен, бізге мынадай кепілдік беріледі: «Саған қарсы жасалған бірде-бір қару табысты болмайды; сенімен сотта бәсекелесетін барлық тіл атаулы сенің алдыңда айыпты болады. Тәңірдің құлдарының еншісі осы, оларды Мен ақтаймын дейді Тәңір» (Ишая 54:17).

17. Қарсыластарымыздың шабуылына қарамастан неліктен батылдығымызды сақтаудамыз?

17 Жауларымыз еш себепсіз бізге қарсы күресуде, бірақ біз батылдық көрсетудеміз (Забур 108:1—3). Уағыздап жүрген Киелі кітапқа негізделген хабарымызды жек көретіндердің бізді қорқытып, сенімімізге қарсы әрекет етуге мәжбүр етулеріне жол бермейміз. Уақыт өткен сайын рухани күресіміз қыза түсетін болса да, оның немен аяқталатыны бізге белгілі. Еремия сияқты, біз де келесі пайғамбарлық сөздердің орындалғанын көретін боламыз: «Олар саған қарсы шығатын болады, бірақ жеңе алмайды; өйткені сені құтқару үшін Мен сенімен біргемін,— дейді Тәңір» (Еремия 1:19). Иә, Құдайдың жауларының жеңіске жете алмайтынын біз білеміз!

Қалай жауап берер едіңдер?

• Неліктен Ехобаның қызметшілеріне қарсы шабуыл жасалуда?

• Қарсыластар Ехобаның халқына қалай шабуыл жасауда?

• Құдайдың жауларының жеңіске жетпейтіндігіне неліктен сенімді бола аламыз?

[24-беттегі сурет]

Ехоба Еремиямен бірге болатындығына кепілдік берді.

[26-беттегі сурет]

Концлагерьден босатылғандар.

[26-беттегі сурет]

Тобыр Ехоба Куәгерлеріне шабуылдауда.

[26-беттегі сурет]

Дж. Ф. Рутерфорд және серіктері.

[29-беттегі сурет]

Исаға қарсы шыққан Құдайдың жаулары жеңіске жеткен жоқ.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу