Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.6. 19—24 бет.
  • Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қойыңдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қойыңдар
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Мәсіхтің түрінің өзгеруі сенімді нығайтады
  • «Таң сәрі жұлдызы» қалай шығады
  • «Нұр жерге келді»
  • Құдай Патшалығы туралы пайғамбарлықтар орындалуда
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Пайғамбарлықтың мәні Мәсіхте
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Исаның ұлылығының көрінісі
    Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір
  • Жақып пен Петірдің хаттарындағы көңіл бұрарлық ойлар
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.6. 19—24 бет.

Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қойыңдар

«Біздерде нық сенімді пайғамбарлық сөз бар... сол сөзге көңіл қойып, жақсы істеп жүрсіңдер» (2 ПЕТІР 1:19).

1, 2. Жалған мәсіхтер туралы мысал келтіріңдер.

ҒАСЫРЛАР бойы жалған мәсіхтер болашақты болжауға тырысып бақты. Б. з. V ғасырында өзін Мұса атаған бір адам Крит аралында тұратын еврейлерді езгіден құтқаратын мәсіхпін деп сендірді. Оларды құтқармақшы болған күні еврейлер Мұсаға еріп Жерорта теңізінің бойындағы жартасқа келді. Оның айтуы бойынша, олар теңізге секірген сәтте теңіз сулары қақ жарылуы керек еді. Оған сенген көптеген адамдар суға батып кетті де, ол болса қашып кетті.

2 XII ғасырда Йеменде бір «мәсіх» пайда болды. Халиф, немесе әкім, одан мәсіх екенін дәлелдеуді өтінді. Сонда «мәсіх» халифке өзінің басын шабуға ұсыныс жасады. Ол дәлел ретінде тез арада қайта тірілетінін айтты. Халиф оның өтініші бойынша басын шауып тастады, сөйтіп «мәсіх» біржола жоқ болды.

3. Шынайы Мәсіх кім және оның қызметі нені дәлелдеді?

3 Жалған мәсіхтер мен олардың пайғамбарлықтары барлық уақытта сәтсіздікке ұшыраған, ал Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қояр болсақ, ешқашан да көңіліміз қалмайды. Шынайы Мәсіх Исаның өмірінде Киелі кітапта жазылып кеткен көптеген пайғамбарлықтар орындалды. Мысалы, Матай өзінің Ізгі хабарында Ишаяның пайғамбарлығын келтіреді: «„Әй, Зебулон елі және Нефталим елі, Көл жағасының жолында, Иорданның арғы беті, Бұтқа табынушылардың Ғалилея елі! Қараңғыда отырған халық Үлкен бір жарықты көрді; Өлім қараңғысында отырғандар үшін Жарық сәулесі туды“. Сол кезден бастап Иса: — Теріс жолдарыңнан қайтып, Құдайдың жолына түсіңдер! Енді Аспан Патшалығы жақындады! — деп жариялап айта бастады» (Матай 4:15—17; Ишая 9:1, 2). «Үлкен бір жарық» Иса еді, ал оның қызметі Мұса алдын ала айтқан Пайғамбар екендігінің дәлелі болды. Оны тыңдаудан бас тартқандар жойылар еді (Заңды қайталау 18:18, 19; Елшілердің істері 3:22, 23).

4. Ишая 53:12-дегі пайғамбарлық Исаның өмірінде қалай орындалды?

4 Исаның өмірінде Ишая 53:12-дегі пайғамбарлық сөз де орындалды: «Өз жанын өлімге қиып, қылмысты деп саналған... Шындығында ол көпшіліктің күнәсын көтеріп алып, қылмыскерлерді кепілдікке алған еді». Жақында өзінің адами өмірін бостандық төлемі ретінде қиятынын білген Иса керемет түрде түрінің өзгеруі арқылы шәкірттерінің сенімін нығайтты (Марқа 10:45).

Мәсіхтің түрінің өзгеруі сенімді нығайтады

5. Мәсіхтің түрінің өзгеруін өз сөздеріңмен қалай түсіндіріп берер едіңдер?

5 Мәсіхтің түрінің өзгеруінің пайғамбарлық маңызы болды. Иса былай деген болатын: «Адам Ұлы Әкесінің салтанатты ұлылығында, Өзінің періштелерімен бірге келеді... Сендерге шын айтып тұрмын: осында тұрғандардың бірсыпырасы Адам Ұлының өз Патшалығында келуін көрместен бұрын өлмейді» (Матай 16:27, 28). Елшілердің біразы шынымен де Исаның «өз Патшалығында келуін» көрді ме екен? Матай 17:1—7 былай делінген: «Бұдан алты күн өткеннен кейін, Иса Петрді, Жақыпты, оның інісі Жоханды қасына алып, бір биік таудың басына соларды ғана ертіп шықты. Сонда олардың алдында Оның түрі өзгерді». Қандай таңғаларлық оқиға десеңші! «Оның жүзі күндей жарқырады, киімдері жарық сияқты аппақ болды. Сол сәтте оларға Онымен сөйлесіп тұрған Мұса мен Ілияс [пайғамбарлар] көрінді». Сонымен қатар, «бір жарық бұлт оларға көлеңкесін түсірді» де, олар Құдайдың Өзінің даусын естіді: «Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын. Оған құлақ салыңдар... Мұны естіген шақта шәкірттері етбеттерінен жығылып өте қорықты. Бірақ Иса жақын келіп, оларға қолын тигізді де: — Тұрыңдар, қорықпаңдар,— деді».

6. а) Иса түрінің өзгеруін неліктен көрініс деп атады? ә) Исаның түрінің өзгеруі нені алдын ала көруге мүмкіндік берді?

6 Бұл ғажап оқиға Иса мен үш елшісі түні бойы болған Хермон тауының жоталарының бірінде болған болса керек. Және де Исаның түрі түнде өзгерсе керек, өйткені сонда ол ерекше жарық болған болар еді. Исаның болған оқиғаны көрініс деп атауының бір себебі Мұса мен Ілияс көп уақыт бұрын қайтыс болып кеткендіктен ол жерде олардың өздерінің болуы мүмкін еместігінде. Ол жерде нақты өзі болған Мәсіх қана (Матай 17:8, 9). Осындай ғажап көріністің арқасында Петір, Жақып, Жохандар Патшалық билігін алған Исаның даңқты кейпін алдын ала көрді. Мұса мен Ілияс оның майланған ізбасарларын білдіреді. Сонымен қатар бұл көрініс Исаның Патшалық туралы және өзінің болашақта Патша ретінде билік ететіндігі туралы куәлігінің дәлелі болды.

7. Исаның түрінің өзгергені Петірдің есінде ап-айқын қалғанын неден көруге болады?

7 Исаның түрінің өзгеруі болашақта мәсіхшілер қауымының қызметіне басшылық ететін үш елшінің сенімін нығайтты. Исаның жүзінің жарқырауы, киімдерінің жарық сияқты аппақ болуы, Иса Оның сүйікті Ұлы екенін, шәкірттері Оған құлақ салуы керек екенін айтқан Құдайдың Өзінің даусы — бұның бәрі де көріністің өз мақсатын орындауына нәтижелі түрде қызмет етті. Бірақ елшілер Иса қайта тірілгенге дейін ол туралы ешкімге айтпаулары керек еді. Шамамен 32 жыл өткен соң да Исаның түрінің өзгергені Петірдің есінде ап-айқын еді. Оның маңыздылығына көңіл аударған ол былай деп жазды: «Біз сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің құдіретін және қайта оралуын хабарлағанда, қулықпен қиюластырылған аңыз-ертегілерге сүйенген жоқпыз, керісінше, Оның салтанатты ұлылығын өз көзімізбен көрген куәгерлер болдық. Өйткені көктен Оған: «Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын»,— деген дауыс естілгенде Ол Құдай Әкеден құрмет пен салтанатты ұлылықты қабыл алды. Ал бұл көктен шыққан дауысты біз Онымен бірге қасиетті тауда болғанда естідік» (2 Петір 1:16—18).

8. а) Құдайдың өзінің Ұлы туралы айтқан сөздерінде не нәрсеге көңіл бұрылады? ә) Мәсіхтің түрінің өзгеруі кезінде пайда болған бұлт нені білдірді?

8 Ең маңыздысы Құдайдың: «Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын. Оған құлақ салыңдар»,— деп жариялағаны болды. Бұл сөздерде Исаға барлық тіршілік иелері бағынуға тиіс Құдай тағайындаған Патша ретінде назар аударылады. Бұлттың көлеңкесін түсіруі бұл пайғамбарлық көріністің көзге көрінбей орындалатындығын көрсетеді. Сондықтан Исаның Патшалық билігіне келгендігінің «белгісін» көре білгендер ғана Мәсіхті сенім көзімен көре алады (Матай 24:3). Ал Исаның өлімнен қайта тірілгенше елшілерінің көрініс туралы айтуына тыйым салғаны, қайта тірілген соң барып дәрежесінің көтеріліп, даңққа бөленетіндігін көрсетеді.

9. Мәсіхтің түрінің өзгеруі неліктен біздің сенімімізді нығайтуы керек?

9 Исаның түрінің өзгергенін айта келе, Петір былай деп жазды: «Сонымен қатар біздерде нық сенімді пайғамбарлық сөз бар; күн шыға бастап, сендердің жүректеріңде таң [«таң сәрі», ЖД] жұлдызы шыққанша, қараңғы жерде нұрын шашқан шырақ ретінде сол сөзге көңіл қойып, жақсы істеп жүрсіңдер. Ең бастысы, Жазбалардағы пайғамбарлықтардың ешқайсысын да өздігімізден ұғына алмайтынымызды біліңдер. Себебі бұл пайғамбарлық сөздер ешқашан адам баласының қалауымен айтылған емес, оны Киелі рухтың жетелеуімен Құдайдың қасиетті адамдары айтқан» (2 Петір 1:19—21). Мәсіхтің түрінің өзгеруі Құдайдың пайғамбарлық сөзінің сенімді екендігіне ерекше көңіл аударады. Біз, Құдайдан келмеген, әрі Ол қолдамайтын «қулықпен қиюластырылған аңыз-ертегілерге» емес, осы пайғамбарлық сөзге көңіл қоюымыз керек. Мәсіхтің түрінің өзгеруі біздің пайғамбарлық сөзге деген сенімімізді нығайтуы керек, өйткені қазір сол көрініс орындалып, Иса салтанатты даңққа және Патшалық билігіне ие болды ғой. Иә, бізде Мәсіхтің бүгінде аспандағы құдіретті Патша ретінде билік етіп отырғандығының бұлтартпайтын дәлелдері бар.

«Таң сәрі жұлдызы» қалай шығады

10. Петір атап өткен «таң сәрі жұлдызы» кімді немесе нені білдіреді? Неге бұлай жауап бергендеріңді түсіндіріңдер.

10 Петір былай деп жазды: «Қараңғы жерде, немесе жүректеріңде, нұрын шашқан шырақ ретінде — күн шыға бастап, таң сәрі жұлдызы шыққанша — сол сөзге көңіл қойып жақсы істеп жүрсіңдер» (ЖД). «Таң сәрі жұлдызы» деген кім немесе не екен? Бұндай тіркес Киелі кітапта бір-ақ рет кездеседі. Мағынасы жағынан ол «таңғы жұлдыз» деген тіркеске ұқсайды. Аян 22:16-да Иса «таңғы жарық жұлдыз» аталған. Жылдың белгілі бір маусымында бұндай жұлдыздар ең соңында шығыс көкжиектен көрінеді. Олар күн шығардың алдында шығады да, осылайша жаңа күннің басталатынын білдіреді. Петір «таң сәрі жұлдызы» тіркесін Патшалық билігін қолына алған Исаға байланысты қолданған. Сол кезде Иса, біздің Жерді де қоса, бүкіл Әлемге «шықты»! Мәсіхті бейнелейтін бұл «таң сәрі жұлдызы» барлық тілалғыш адамдар үшін жаңа күннің, жаңа дәуірдің туғанын паш етеді.

11. а) Неліктен 2 Петір 1:19-дағы сөздер «таң сәрі жұлдызы» адамдардың кәдімгі жүректерінде шығады дегенді білдірмейді? ә) 2 Петір 1:19-ды қалай түсіндіріп берер едіңдер?

11 Киелі кітаптың көптеген аудармаларынан 2 Петір 1:19-дағы сөздер тура мағынасындағы адам жүрегіне қатысты деп түсінуге болады. Үлкен адамдардың жүрегінің салмағы бар болғаны 200—300 грамм. Қазіргі уақытта даңққа бөленген, көкте өмір сүретін, өлмейтін рухани жаратылыс Иса Мәсіх осындай кішкентай ағзада қалайша «шығар» еді? (1 Тімотеге 6:16). Әрине бұл біздің бейнелеп айтылған жүрегімізге қатысты, өйткені сол арқылы біз Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қоямыз. Бірақ «Жаңа Дүние аудармасында» 2 Петір 1:19-да «күн шыға бастап, таң сәрі жұлдызы шыққанша» деген сөйлемнің қыстырма ретінде беріліп, «сендердің жүректеріңде» деген сөйлемшеден тыныс белгілері арқылы бөлінгенін айта кеткен жөн. Бұл тармақты былайша айтса да болады: «Біздер пайғамбарлық сөзге әлдеқайда сенімдіміз; күн шыға бастап, таң сәрі жұлдызы шыққанша, қараңғы жерде, немесе жүректеріңде, нұрын шашқан шырақ ретінде сол сөзге көңіл қойып, жақсы істеп жүрсіңдер».

12. Жалпы алғанда адамдардың жүректерінің күйі қандай, бірақ шынайы мәсіхшілердің жүректері туралы не айтуға болады?

12 Жалпы алғанда бүгінгі күні күнәкар адамдардың бейнелеп айтқандағы жүректерінің күйі қандай? Олардың жүректері рухани қараңғылықта! Егер біз шынайы мәсіхші болсақ, біздің жүрегімізде шырақ нұрын шашып тұр десе болады, әйтпесе онда қараңғы болған болар еді. Петірдің сөздерінен көріп отырғанымыздай, шынайы мәсіхшілер Құдайдың жарық алып келетін пайғамбарлық сөзіне көңіл қою арқылы келе жатқан жаңа күнді естен шығармай, соған байланысты білімге ие бола алатын еді. Олар «таң сәрі жұлдызының» адамзаттың тәндік жүрегінде емес, бүкіл жаратылыстың үстінен шыққанын білетін болар еді.

13. а) Неліктен «таң сәрі жұлдызының» шығып қойғанына сенімді бола аламыз? ә) Исаның алдын ала айтуы бойынша, қазіргі кездегі қиындықтарға төзе білуіне мәсіхшілерге не көмектеседі?

13 Иә, «таң сәрі жұлдызы» шығып қойды! Өзінің келетін уақыты туралы айтқан Исаның ұлы пайғамбарлығына көңіл қою арқылы біз оның шығып қойғанына сенімді боламыз. Бұл пайғамбарлықтың біздің уақытымызда орындалып жатқанын бұрын-соңды болмаған соғыстар, ашаршылық, жер сілкіністері және ізгі хабардың бүкіл дүние жүзінде уағыздалуы сияқты белгілерден көруімізге болады (Матай 24:3—14). Иса алдын ала айтқан қиыншылықтардың біздерге де, яғни мәсіхшілерге де, әсері болғанымен, қуанышымызды және жүрегіміздегі тыныштығымызды сақтап, оларға төзе аламыз. Ненің арқасында төзе аламыз? Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қойып, оның болашаққа байланысты уәделеріне сеніммен қараудың арқасында. Біз ең жақсы уақыттың табалдырығында тұрғанымызды білеміз, өйткені қазір «соңғы уақыт» соңына жетті десе де боларлық! (Даниел 12:4). Дүние жүзінде, Ишая 60:2-де алдын ала айтылғандай, «жерді түнек, халықтарды қараңғылық басқан» қиын жағдайды байқауға болады. Бұл түнектің ішінде дұрыс жолды қалай табуға болар екен? Кеш болмай тұрғанда, тап қазір, кіші пейілділікпен Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қою керек. Әділ жүректі адамдар өмір мен жарықтың бастауы Ехоба Құдайға келуі керек (Забур 35:10; Елшілердің істері 17:28). Тек осылай ғана шынайы білімге ие болып, Құдай тілалғыш адамдарға дайындаған керемет болашаққа деген үмітке ие болуға болады (Аян 21:1—5).

«Нұр жерге келді»

14. Киелі кітаптағы керемет пайғамбарлықтардың орындалғанын көру үшін не істеуіміз керек?

14 Иса Мәсіхтің қазір патшалық етіп отырғанын Киелі кітап анық көрсетеді. 1914 жылы ол билік басына келді, демек тағы да керемет пайғамбарлықтар орындалуы керек. Бұл пайғамбарлықтардың орындалғанын көру үшін, білместікпен істеген ұят қылықтарымыз бен күнәларымызға өкініп, Исаға сенім білдіретін момын адам бола білуіміз керек. Әрине, түнекті жақсы көретін адамдар мәңгі өмірге ие бола алмайды. Иса былай деген: «Ал соттың мәні мынадай: «Құдайдың Нұры» жерге келді, бірақ адамдар Одан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері жаман еді. Жамандық істеген әркім Нұрды жек көріп, жасаған істері әшкереленбес үшін Оған жоламайды. Ал шындыққа сай өмір сүретін әркім өз істерінің Құдайдың көмегімен жасалғандығы көрініп тұрсын деп, Нұрға шығады» (Жохан 3:19—21).

15. Өз ұлы арқылы Құдай сыйлаған құтқарылуды елемейтін болсақ не болады?

15 Дүниеге рухани нұрды алып келген Иса болғандықтан, оны тыңдағанның маңызы зор. Пауыл былай деп жазған: «Өткен заманда әлденеше рет түрлі жолдармен ата-бабаларымызға пайғамбарлар арқылы сөйлеген Құдай, осы соңғы күндері бізге... барлығының да мұрагері етіп сайлаған Ұлы арқылы сөйледі» (Еврейлерге 1:1, 2). Ал егер Құдайдың Ұлын құрбандыққа беруі арқылы мүмкін болған құтқарылуды бағаламасақ не болар екен? Әрі қарай Пауыл былай дейді: «Егер періштелер арқылы жарияланған сөз берік болып, әр күнә мен тіл алмаушылық әділ жазасын алған болса, онда алғашында Иеміз уағыздап, кейіннен Одан естіген біздердің көзіміз жеткен ұлы құтқарылуды елемесек біз қалай құтылмақпыз? Белгілер мен кереметтер және әрқилы күштерін көрсетіп, Өз еркі бойынша Киелі Рухты үлестіріп Құдайдың өзі куәлік еткен жоқ па еді?» (Еврейлерге 2:2—4). Иә, пайғамбарлық сөздің жариялануында Исаның рөлі ерекше (Аян 19:10).

16. Неліктен Ехобаның пайғамбарлықтарының бәріне толық сенімді бола аламыз?

16 Жоғарыда айтып өткендей, Петір былай деген: «Жазбалардағы пайғамбарлықтардың ешқайсысын да өздігімізден ұғына алмаймыз». Адамдар өздігінен ешқашан шынайы пайғамбарлық айта алмайды, ал Құдайдың пайғамбарлықтарына толық сене аламыз. Ол пайғамбарлықтар Ехоба Құдайдың өзінен. Ол киелі рухы арқылы қызметшілеріне Киелі кітапта алдын ала айтылған нәрселердің қазіргі кезде қалай орындалып жатқанын түсінуге қабілет берді. 1914 жылдан бері Киелі кітапта жазылған көптеген пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын көріп, кеудемізді Ехобаға деген ризашылық сезім кернейді. Осы зұлым дүниенің ақыры туралы айтылған басқа да пайғамбарлықтардың орындалатынына еш күмәнымыз жоқ. Жарығымызды жарқырата жүріп, Құдайдың алдын ала айтқандарына көңіл қойғанымыз өте маңызды (Матай 5:16). Бүгінгі күні жерді басып тұрған «түнекте жарығына нұрын» шаштырғаны үшін Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңші! (Ишая 58:10).

17. Неліктен біз Құдайдың рухани жарығына мұқтажбыз?

17 Кәдімгі жарық біздің көруімізге мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз үшін түрлі азық болатын өсімдіктердің өсуіне жағдай жасайды. Ондай жарықсыз біз өмір сүре алмас едік. Рухани жарық туралы не айтуға болады? Рухани жарық бізге басшылық етеді және Құдай Сөзі — Киелі кітапта алдын ала айтылған болашақты білуімізге мүмкіндік береді (Забур 118:105). Ехоба Құдай сүйіспеншілік танытып, «жарығы мен шындығын» жіберіп отыр (Забур 42:3). Осының бәрі үшін шексіз ризашылығымызды көрсетуіміз қажет. Сондықтан, рухани жүрегімізге жарығын түсіруі үшін, «Құдайдың ұлылығын танудың» жарығын мүмкіндігінше көбірек ынта қойып қабылдайық (2 Қорынттықтарға 4:6; Ефестіктерге 1:18).

18. Ехобаның «таң сәрі жұлдызы» қазір не істеуге дайын?

18 1914 жылы «таң сәрі жұлдызы» — Исаның бүкіл Әлем үстінен «шығып», түрі өзгеруі туралы көріністі орындай бастағанын білгеніміз Құдайдың бізге берген қандай керемет батасы десеңші! Иә, көкжиекте көрініп тұрған Ехобаның «таң сәрі жұлдызы» бұл көріністі әрі қарай да Құдайдың еркіне сай жүзеге асыруға дайын. Ол қазір «Құдіретті Құдайдың ұлы күнінің шайқасында» ұрысқа түсуге дайын (Аян 16:14, 16). Бұл ескі дүние жойылған соң, Ехоба өзінің «жаңа аспан мен жаңа жерге» қатысты уәдесін орындайды. Ол кезде біз, Құдіретті Құдай және шынайы пайғамбарлықтардың Құдайы ретінде, Ехобаның даңқын мәңгі шығаратын боламыз (2 Петір 3:13). Ал бұл уақыт келгенше әрі қарай да Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қойып, Құдайдың жарығында жүрейік.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Исаның түрінің өзгеруін қалай суреттеп берер едіңдер?

• Мәсіхтің түрінің өзгеруі сенімімізді қалай нығайтады?

• Ехобаның «таң сәрі жұлдызы» кімді немесе нені білдіреді және ол қашан шықты?

• Неліктен Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл қоюымыз керек?

[21-беттегі сурет]

Мәсіхтің түрінің өзгеруінің мәнісін түсіндіріп бере аласыңдар ма?

[23-беттегі сурет]

«Таң сәрі жұлдызы» шығып қойды. Қалай және қашан шыққанын білесіңдер ме?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу