Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.5. 21—26 бет.
  • Ехобаның күш-қуаты мол

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның күш-қуаты мол
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құдайдың күші жаратылыстарынан көрінеді
  • «Әскер иесі Ехоба, Исраилдің Күштісі»
  • Ехоба өзінің күшін қызметшілеріне көрсетеді
  • Ехобаның күш-қуаты — оның уәделерінің орындалатындығының кепілдігі
  • “Ехобаның құдіреті күшті”
    Ехобаға жақында
  • «Тәңірді және оның күшін іздеңдер»
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Мәсіх — “Құдайдың құдіреті”
    Ехобаға жақында
  • Күштеріңді қолданғанда “Құдайдан үлгі алыңдар”
    Ехобаға жақында
Көбірек мәлімет
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.5. 21—26 бет.

Ехобаның күш-қуаты мол

«Оның құдіреттілігінен, күш-қуатының молдығынан қатарынан ештеңе шығып кетпейді» (ИШАЯ 40:26).

1, 2. а) Біз физикалық энергияның қандай қайнар көзіне тәуелдіміз? ә) Сайып келгенде барлық күш-қуаттың қайнар көзі Ехоба екендігінің себебін түсіндірші.

КҮШ көпшілігіміз үшін үйреншікті нәрсе болып табылады. Мысалы, біз, жарық пен жылу беретін, сондай-ақ кез келген электр приборын қозғалысқа келтіретін электр қуаты туралы ойлана бермейміз. Электр қуаты болмай қалған жағдайлар ғана адам қолымен соғылған қалаларда тіршіліктің тоқтап қалатынын есімізге салады. Біз тәуелді болып отырған электр қуатының көп бөлігі, сайып келгенде, энергияның ең айнымас қайнар көзі — Күннен келіп отырa. Күн реакторы әр секунд сайын бес миллион тонна ядролық отын жағып, жерді өмірге қажетті энергиямен қамтамасыз етуде.

2 Күн энергиясы қайдан пайда болады? Бұл аспан электр станциясын жаратқан кім? Мұны жаратқан — Ехоба Құдай. Забур 73:16 Ехобаға: «Шамшырақтар мен күнді Сен дайындадың»,— дейді. Иә, барлық күш-қуат пен өмір атаулының Қайнар көзі — Ехоба (Забур 35:10). Біз ешқашан да оның күшін жай, үйреншікті нәрсе ретінде қарастырмауымыз керек. Ехоба бізді Ишая пайғамбар арқылы, Күн мен жұлдыздар сияқты аспан денелеріне қарап, олардың қалай пайда болғандығы туралы ой жүгіртуге шақырып отыр. «Көздеріңді ашып, аспан әлеміне қараңдаршы, оларды кім жаратты? Олардың жасағын санап, алып шығатын Кім? Ол олардың барлығын өз атымен атайды: Оның құдіреттілігінен, күш-қуатының молдығынан қатарынан ештеңе шығып кетпейді» (Ишая 40:26; Еремия 32:17).

3. Ехобаның күшінің біз үшін қандай пайдасы бар?

3 Ехоба ұлы күштің иесі болғандықтан, өміріміз үшін маңызы зор жарық пен жылуды Күннің бұдан былай да беретініне күмәнданбауымызға болады. Дегенмен Құдайдың күшіне тәніміздің қажеттіліктерін қанағаттандыруда ғана тәуелді емеспіз. Біздің күнә мен өлімнен азат етілуіміз, сондай-ақ болашаққа деген үмітіміз бен Ехобаға деген сеніміміз Оның өз күшін қолдануымен тығыз байланысып жатыр (Забур 27:6—9; Ишая 50:2). Киелі кітап Ехобаның күш-қуатын, яғни Оның жаратуға және азат етуге, халқын құтқаруға және дұшпандарын жоюға қабілетті екенін көрсететін мысалдарға толы.

Құдайдың күші жаратылыстарынан көрінеді

4. а) Дәуітке жұлдызды аспанды жиі қарастырғаны қалай әсер етті? ә) Аспан денелері Құдайдың күші туралы нені паш етеді?

4 Елші Пауыл: «Оның мәңгілік кұдіретін... жаратқан нәрселеріне қарап анықтауға болады»,— деген болатын (Римдіктерге 1:20). Пауыл осыны айтқанға дейін, бірталай ғасырлар бұрын, бақташы болған забур жыршысы Дәуіт жұлдызды аспанға жиі қарап, аспан әлемінің ұлан-ғайырлығын, оны жасаған Жаратушының күш-қуатының молдығын терең түсінген болса керек. Ол: «Саусақтарыңмен жасаған аспаныңа, Өзің қойып қойған ай, жұлдыздарға қараған кездерімде: «Сен есіңде сақтайтындай адам сонша не? Сен қамын ойлайтындай адам баласы не?» — деп ойланамын»,— деген еді (Забур 8:4, 5). Аспан денелері туралы білімі аз болғанына қарамастан, Дәуіт ұшы-қиыры жоқ аспан әлемінің Жаратушысымен салыстырғанда өзінің түкке тұрғысыз екенін түсінген. Бүгінде астрономдар ұшы-қиыры жоқ аспан әлемі мен оны ұстап тұрған күш туралы әлдеқайда көп біледі. Мысалы олар Күннің не бары бір секундтың ішінде 100 000 миллион мегатонна тротилдың жарылысына тең келетін энергия бөлетіндігін айтадыb. Жер бетіне бұл энергияның болар-болмас бөлігі ғана жетеді, дегенмен планетамыздағы тіршілік атаулының өмір сүруі үшін осының өзі жеткілікті. Сөйтсе де жұлдыз атаулының ішіндегі ең қуаттысы — Күн емес. Күннің бір күнде бөлетін энергиясын кейбір жұлдыздар бір-ақ секундта бөледі. Ендеше, осындай аспан денелерін жасаған Жаратушының күшін көз алдарыңа елестетіп көріңдерші! Елиуй: «Құдіреті шексіз Жаратқан Ие! Біз Оның ұшығына шыға алмаймыз. Оның ұлылығы күші мен сотында және асқан әділеттілігінде. Ол ешкімге қысым көрсетпейді»,— деп турасын айтып дауыстаған болатын (Аюп 37:23).

5. Ехобаның жаратылыстарынан Оның күшін растайтын қандай айғақтар табамыз?

5 Егер біз, Дәуіт сияқты, «Тәңірдің істерін» көруге талпынатын болсақ, Құдайдың күшін желдің соғуынан, су толқынынан, күннің күркіреуі мен найзағайдан, ағысы қатты өзендер мен алып таулардан — яғни, айналадағының бәрінен көреміз (Забур 110:2; Аюп 26:12—14). Оның үстіне, Ехобаның Аюптың есіне салғаны сияқты, Оның күші жануарлардан көрінеді. Солардың бірі — бегемот, немесе гиппопотам. Ехоба Аюпқа: «Оның күші бөксесінде... сүйектері темір шыбықтай»,— деген еді (Аюп 40:10—13). Сондай-ақ Киелі кітап жазылған уақытта жабайы бұқаның да зәрені ұшыратын күші белгілі болған. Дәуіт: «Арыстанның аранынан, жабайы бұқаның мүйізінен құтқаршы»,— деп Құдайға дұға еткен болатын (Забур 21:22, Қазіргі заман аудармасы; Аюп 39:9—11).

6. Киелі жазбадағы бұқа нені бейнелейді және не себепті? (Сілтемені қара).

6 Күші көп болғандықтан, бұқа Киелі кітапта Ехобаның күшін бейнелеу үшін қолданыладыc. Елші Жоханға көрініс көрсетілген кезде, ол Ехобаның тағының айналасында төрт тірі мақұлық барын көрген. Олардың біреуінің бет әлпеті өгізшеге ұқсайды (Аян 4:6, 7). Сірә, осы төрт херувиммен Ехобаның негізгі төрт қасиеті бейнеленіп тұрған болса керек. Солардың бірі — күш, ал қалған үшеуі — сүйіспеншілік, даналық және әділеттілік. Күш Құдай болмысының аса маңызды қыры болғандықтан, оның қаншалықты күші барын, сондай-ақ оның өз күшін қалай пайдаланатынын түсінгеніміз бізді оған жақындатады, әрі одан үлгі алып, бойымыздағы күшті дұрыс қолдануымызға көмектеседі (Ефестіктерге 5:1).

«Әскер иесі Ехоба, Исраилдің Күштісі»

7. Жақсылықтың зұлымдықты жеңіп шығатынына неліктен сенімді бола аламыз?

7 Киелі жазба Ехобаны «Құдіретті Құдай» деп атайды және бұл лауазым оның күшін ешқашан да кемітпеуіміз керектігін, сондай-ақ өзінің жауларын жеңетініне күмәнданбауымыз керектігін есімізге салады (Жаратылыс 17:1; Мысырдан көшу 6:3). Шайтанның зұлым дүниесі терең тамыр жайғандай көрінуі мүмкін, дегенмен Ехобаның көзінде «халықтар шелектегі судың бір тамшысындай және таразыға отырған шаң сияқты есептеледі» (Ишая 40:15). Құдайдың күш-қуатының көптігі соншалық, жақсылықтың зұлымдықты жеңіп шығатынына күдік тумайды да. Зұлымдық жайпап бара жатқан уақытта, «Исраилдің Күштісі — Әскер иесі Ехобаның» зұлымдықты мүлдем жоятындығынан біз жанымызға жұбаныш табамыз (Ишая 1:24, ЖД; Забур 36:9, 10).

8. Ехобаның қарамағында қандай аспан әскері бар және олардың күші туралы біз не білеміз?

8 «Әскер иесі Ехоба» деген сөйлемшенің Киелі кітапта 285 рет кездесуі де Құдайдың күшін есімізге түсіреді. «Әскер» деген сөзбен Ехобаның қарамағында көптеген рухани жаратылыстар бар екендігі жеткізіліп тұр (Забур 102:20, 21; 148:2). Шабуыл жасауды көздеп Иерусалимге күш көрсетіп отырған Ассирияның 185000 жауынгерін не бары бір түннің ішінде қыру үшін бір періштенің өзі жеткілікті болды (4 Патшалық 19:35). Егер біз Ехобаның аспандағы әскерінің күш-қуатын терең ұғынатын болсақ, жауларымыз бізді оңайлықпен қорқыта алмайды. Елішә пайғамбарды іздеген қалың әскер қаланы қоршап алған кезде, ол қызметшісі секілді қорыққан жоқ, өйткені өзін қолдап тұрған аспан әскерін сеніммен көре білді (4 Патшалық 6:15—17).

9. Неліктен біз Құдайдың қорғаныш болатынына Иса сияқты сенімді болуымыз керек?

9 Сондай-ақ Гетсимани бағында семсермен, сойылмен қаруланғандардың тобына жолыққанда, Иса да періштелердің көмек беретініне сенімді болды. Иса Петірге семсерін қайтадан қынабына салуға әмір беріп, қажет болған жағдайда Әкесінен тілесе, көмекке «жетпіс мыңнан да артық періште жіберетінін» айтты (Матай 26:47, 52, 53). Құдайдың қарамағында аспан әскерінің бар екенін Иса сияқты түсінер болсақ, оның көмегіне толық арқа сүйейтін боламыз. Елші Пауыл былай деп жазған болатын: «Бұл жайында не дейміз? Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?» (Римдіктерге 8:31).

10. Ехоба өзінің күш-қуатын кімдерге көмектесу үшін пайдаланады?

10 Ехобаның бізді қорғайтынына сенімді болуымызға жеткілікті себептер бар. Ол өзінің күшін барлық уақытта игілікке пайдаланады, әрі әділеттілік, даналық және сүйіспеншілік сияқты қасиеттері оның күшімен үйлесіп жатыр (Аюп 37:23; Еремия 10:12). Қолында билігі бар адамдар өздерінің жеке мақсаттарына қол жеткізу үшін көбіне кедейлер мен кіші пейіл адамдарды басынады, ал Ехоба «кедейді топырақтан тұрғызып алады», әрі оның «құтқаруға күш-қуаты жеткілікті» (Забур 112:5—7; Ишая 63:1). Исаның момын да көнбіс анасының байқағанындай, «Құдіретті» Құдай өр көкіректерді төмендетіп, кіші пейілділерді жоғарылатады да, Өзін құрметтеушілерге риясыз көмектеседі (Лұқа 1:46—53).

Ехоба өзінің күшін қызметшілеріне көрсетеді

11. Б. з. б. 1513 жылы исраилдіктер Құдайдың күшін көрсететін қандай оқиғаларға куә болды?

11 Ехоба өзінің күш-қуатын қызметшілеріне көрсеткен бірнеше оқиғаны атап өтуге болады. Олардың бірі б. з. б. 1513 жылы Синай тауының маңында болған. Сол жылы исраилдіктер өздеріне қатты әсер еткен Құдайдың күшін көрген де еді. Жойқын он жаза Ехобаның қолының қарулылығы мен Мысыр құдайларының дәрменсіздігін көрсеткен болатын. Олардың көп ұзамай керемет түрде Қызыл теңізден өтуі мен перғауын әскерінің жойылуы Құдайдың құдіретті күшін паш етті. Үш айдан соң, Синай тауының етегінде, Ехоба: «Барлық халықтардың ішіндегі Менің еншім болыңдар»,— деп, исраилдіктерге ұсыныс жасады. Олар болса өздерінің тарапынан: «Тәңірдің айтқанының барлығын орындаймыз»,— деп уәде берді (Мысырдан көшу 19:5, 8). Сонан соң, Ехоба өзінің күшін айқын көрсетті. Сөйтіп күннің күркірегені мен найзағайдың жарқылынан және сырнайдың үнінен Синай тауы түтіндеп, сілкініп қоя берді. Алыста тұрып қарап тұрған адамдардың зәресі қалмады. Бірақ Мұса бұл оқиғаның исраилдіктерді Құдайдан қорқуға, яғни құдіреті күшті әрі жалғыз шынайы Құдай Ехобаға мойынсұнуды үйренуге ынталандыруы керектігін айтты (Мысырдан көшу 19:16—19; 20:18—20).

12, 13. Ілиястың берілген тапсырманы орындамай кетіп қалуына қандай жағдайлар себеп болды және оған Ехоба қалай күш берді?

12 Бірнеше ғасыр өткеннен кейін, Ілиястың күндерінде, Синай тауы тағы бір рет Құдайдың күш-қуатының куәсы болды. Ілияс пайғамбар Құдай күшінің әсерін бұған дейін де көрген еді. Исраил халқының жолдан тайып кеткендігі үшін Құдай үш жарым жыл мерзімге «аспанды бекітіп» тастаған болатын (2 Шежіре 7:13). Осылайша қуаңшылық болғанда, Хораф тасқын суының бойында қарғалар Ілиясты тамақтандырған еді. Содан кейін, ғажап түрде, оны тамақтандырған жесір әйелдің азғантай ұны мен майы түгесілмеген болатын. Ехоба Ілиясқа тіпті осы жесір әйелдің баласын тірілтетін күш береді. Ақыр аяғында, Кармил тауында, кімнің шынайы Құдай екендігі туралы айтыс-тартыс шешілгелі жатқанда, көктен от түсіп, Ілиястың құрбандығын жалмап қояды (3 Патшалық 17:4—24; 18:36—40). Осыған қарамастан, көп уақыт өтпей, Езабелдің өлтірмек ойы бар екенін естіген Ілиясты қорқыныш билеп, ұнжырғасы түседі (3 Патшалық 19:1—4). Сөйтіп ол өзінің пайғамбарлық тапсырмасы біткен екен деген оймен елін тастап кетеді. Сонда оған демеу болып, жігерлендіру үшін, Ехоба өзінің күшін Ілиясқа арнайы көрсетеді.

13 Ілияс үңгірге тығылған кезінде үш түрлі күштің, яғни қатты жел мен жер сілкінісінің, тіпті оттың да Ехобаға бағынып жатқанын көреді, сөйтіп оның тұла бойы қалтырап кетеді. Алайда Ехоба Ілиясқа баяу ескен «самал желдей» жұмсақ дауыспен тіл қатады. Ол Ілиясқа әрі қарай істейтін тапсырма беріп, онда Өзіне мінажат етіп жүрген әлі 7000 адамның бар екенін хабарлайды (3 Патшалық 19:9—18). Қызметіміздің айтарлықтай жемісі жоқтығын көргенде Ілияс сияқты ұнжырғамыз түсетін болса, Ехобадан «шамадан тыс күш» сұрауымызға болады. Бұл күш бізді ізгі хабарды әрі қарай да уағыздай беруге жігерлендіреді (2 Қорынттықтарға 4:7).

Ехобаның күш-қуаты — оның уәделерінің орындалатындығының кепілдігі

14. Ехобаның есімі бізге не айтады және оның есімі мен күшінің арасында қандай тығыз байланыс бар?

14 Ехобаның күші оның есімімен де, сондай-ақ өзінің ниетін орындауымен де тығыз байланысып жатыр. Оның «Ехоба» деген бірегей есімі «Ол болдырады» дегенді білдіреді әрі оны өз уәделерінің Орындаушысы ретінде көрсетеді. Скептиктер қанша жерден мүмкін емес дегенімен, Құдайдың өз ниеттерін жүзеге асыруына ешкім де, ештеңе де кедергі бола алмайды. Исаның бірде елшілеріне айтқаны сияқты, «Құдай үшін барлығы да мүмкін» (Матай 19:26).

15. Ехоба үшін еш нәрсе қиын емес екендігі Ыбырайым мен Сараның есіне қалай салынды?

15 Мысалы, бірде Ехоба Ыбырайым мен Сараға олардың ұрпағынан ұлы халық жасайтынын айтқан еді. Бірақ ұзақ жылдар бойы оларда бала болмайды. Оның үстіне, Ехоба уәденің жақын арада орындалатынын айтқан кезде олар кәрі болатын, әрі бұған Сара күледі. Сол сәтте періште жауап ретінде: «Жаратқан Ие орындай алмайтындай іс бар ма екен?» — дейді (Жаратылыс 12:1—3; 17:4—8; 18:10—14). Төрт жүз жылдан соң, Мұса Ыбырайымның ұрпағын Моаб даласында жинаған кезде, бұл олардың ұлы халық болған кезі еді, Мұса Құдайдың өз уәдесін орындағанын естеріне салады. Ол былай дейді: «Ол [Ехоба] ата-бабаңды сүйіп, олардың кейінгі ұрпағы — сендерді таңдап алғандықтан [сендер өмір сүруді жалғастырып жатырсыңдар], Өзінің керемет күшімен сені Мысырдан шығарып алды. Мұны, қазір өзің көріп тұрғандай, сенен гөрі көбірек әрі күштірек халықтарды көз алдыңнан қуып, олардың жеріне сені кіргізіп, жерін саған енші етіп беру үшін істеді» (Заңды қайталау 4:37, 38).

16. Саддукейлердің қайта тірілу болмайды деген жаңсақ тұжырым жасауының себебі неде?

16 Бірталай ғасырлар өткеннен соң, Иса саддукейлердің қайта тірілуге сенбейтіндігін айыптаған болатын. Неге олар Құдайдың бұл уәдесіне сенуден бас тартты? Иса оларға: «Сендер [Киелі] жазуларды да, Құдайдың құдіретін де білмегендіктеріңнен адасып тұрсыңдар»,— деді (Матай 22:29). Киелі жазба бізді: «Қабірдегілердің бәрі Құдай Ұлының даусын еститін уақыт болады. Сонда өлгендер қабірден шығады»,— деп сендіреді (Жохан 5:27—29). Егер қайта тірілуге байланысты Киелі кітаптағы мәліметтерді білетін болсақ, Құдайдың күш-қуатына деген сеніміміз өлгендердің қайта тірілтілетініне көзімізді жеткізеді. Құдай «өлімді мәңгілікке жоқ қылады... өйткені бұны айтып тұрған — Ехоба» (Ишая 25:8, архимандрит Макарийдің аудармасы).

17. Қай күні Ехобаға ерекше арқа сүйеу керек болады?

17 Жақын болашақта Ехобаның қорғайтын күшіне әрқайсымыздың ерекше арқа сүйеуімізді қажет ететін уақыт келеді. Шайтан Ібіліс қорғанышы жоқ боп көрінетін Құдайдың халқына қарсы шабуылын бастайды (Езекиел 38:14—16). Сол кезде Құдай бізді қорғап, өзінің зор күшін көрсетеді де, оның Ехоба екенін сол кезде бәрі біледі (Езекиел 38:21—23). Қазір Құдіретті Құдайға деген күшті сенім дамытатын кезең. Өйткені бұл біздің шешуші кезеңде нық тұруымыз үшін қажет.

18. а) Ехобаның күші туралы жан-жақты ойланудың біз үшін қандай пайдасы бар? ә) Келесі мақалада қандай сұрақ талқыланады?

18 Көптеген нәрселердің Ехобаның күші жайында ойландырары сөзсіз. Ұлы Жаратушымыздың жаратылыстарын қарастырған кезде Оны кіші пейілділікпен мадақтап, өзінің күшін сондай данышпандықпен, сондай сүйіспеншілікпен қолданып жатқанына ризашылығыңды білдіргің келіп кетеді. Егер Әскер иесі Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, бізді ешкім де қорқыта алмайды. Оның уәделеріне деген біздің сеніміміз шайқалмастай берік болады. Сонда да болса адам баласының Құдайға ұқсас болып жаратылғаны естеріңде болсын. Бұл — аз да болса, біздің де күшіміз бар деген сөз. Жаратушымызға еліктеп күшімізді қалай қолдана аламыз? Бұл сұрақ келесі мақалада талқыланады.

[Сілтемелер]

a Электр станцияларының негізгі шикізаты — мұнай мен көмір үшін энергияның қайнар көзі Күн екендігі жөнінде пікір кеңінен тараған.

b Салыстыру үшін: осы уақытқа дейін сыналып келген ең қуатты ядролық бомбалардың жарылу күші 57 мегатонна тротил болатын.

c Киелі кітаптың жабайы бұқа деп отырғаны тур (лат. Urus) (Bos primigenius) болса керек. Екі мың жыл бұрын бұл жануарлар Галлияда (қазір Франция) мекендеген, және Юлий Цезарь оларды былай суреттеген: «[Турлар] пілден кішілеу, ал сырт пішіні мен түсі және дене бітімі болса бұқаға ұқсас. Олар өте күшті, жылдам, әрі кездескен адамды да, жануарды да аямайды».

Келесі сұрақтарға жауап бере аласың ба?

• Жаратылыс Ехобаның күшін қалай паш етеді?

• Өзінің халқына көмектесу үшін Ехоба қандай әскерлерді пайдалана алады?

• Ехоба өзінің күшін қандай жағдайларда көрсетті?

• Бізге Ехобаның өз уәделерін орындайтындығына кепілдік беретін не?

[24-беттегі суреттер]

«Көздеріңді ашып, аспан әлеміне қараңдаршы, оларды кім жаратты?»

[Түпдерек]

Photo by Malin, © IAC/RGO 1991

[26-беттегі суреттер]

Ехобаның күші туралы жан-жақты ойланудың арқасында оның уәделеріне деген сенім нығаяды.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу