Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.5. 15—20 бет.
  • Иса сияқты әрекет етуге талпынудасыңдар ма?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Иса сияқты әрекет етуге талпынудасыңдар ма?
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыруға деген ықылас
  • Ол өзгелерді де куәлік етуге ынталандырған
  • Бүгінгі күні «Мәсіхтің ой-ниетін» дамыту
  • ‘Мәсіхтің сүйіспеншілігін танып білу’
    Ехобаға жақында
  • Ехобаның жанашырлығын үлгі тұтайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Біздің қызметіміз — жанашырлықпен атқарылатын іс
    Біздің патшалық қызметіміз. 2006
  • ‘Құдайымыздың мейірімді рақымы’
    Ехобаға жақында
Көбірек мәлімет
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.5. 15—20 бет.

Иса сияқты әрекет етуге талпынудасыңдар ма?

«Иса келіп жағаға шыққанда көптеген халықты көрді де, олардың бақташысыз қойларға ұқсағандығынан оларға жаны ашыды; және оларға көп нәрсені үйрете бастады» (МАРҚА 6:34).

1. Адамдардың керемет қасиеттер танытатындығы неліктен түсінікті?

ТАРИХ бойы көптеген адамдар керемет қасиеттер танытқан. Оның себебі де түсінікті. Өйткені Ехобаға сүйіспеншілік, мейірімділік, жомарттық және тағы басқа біз жоғары бағалайтын қасиеттер тән. Ал адамдар болса рухани жағынан Құдайға ұқсас болып жаратылған. Сондықтан да көп адамдардың сүйіспеншілік, мейірімділік, жанашырлық және басқа да Құдайға тән қасиеттер көрсете алуын, сонымен қатар көпшілігінің ар-ұжданға жүгінуін түсіне аламыз (Жаратылыс 1:26; Римдіктерге 2:14, 15). Дегенмен кейбір адамдардың бұл қасиеттерді өзгелерге қарағанда көбірек танытатынымен келісетін шығарсыңдар.

2. Кейбір адамдар Исаға еліктеп жатырмыз деген оймен қандай игі істер жасауда?

2 Мүмкін сендер, жиі науқастардың хал-жағдайын сұрап немесе оларға көмектесіп тұратын, кемтарларға жаны ашитын және мүсәпірлерге жомарттық жасайтын адамдарды білетін боларсыңдар. Сонымен қатар жаны ашығандықтан өмірін алапес ауруларға арналған емханаларда, жетімханаларда еңбек етуге арнаған адамдар жайында; өз еркімен ауруханаларда немесе жазылмайтын аурулар жататын клиникаларда жұмыс істейтін адамдар жайында; баспанасыз немесе босқын адамдарға көмектесуге тырысатын адамдар жайында ойланып көрейікші. Олардың кейбіреулері Исаның мәсіхшілерге қалдырған үлгісіне еліктеп жүрмін деген ойда болса керек. Ізгі хабарлардан Исаның ауру кісілерді сауықтырып, ашыққандарды тамақтандырғанын оқимыз (Марқа 1:34; 8:1—9; Лұқа 4:40). Иса Мәсіх танытқан сүйіспеншілік, қайырымдылық, жанашырлық сияқты қасиеттерден Оның ой-ниетін байқауға болады. Ал Ол болса көктегі әкесіне еліктеген (1 Қорынттықтарға 2:16).

3. Исаның игі істеріне деген дұрыс көзқарасымыз болу үшін нені қарастырғанымыз жөн?

3 Бірақ бүгінгі күні Исаның сүйіспеншілігі мен жанашырлығы әсер еткендердің көпшілігінің «Мәсіхтің ой-ниетінің» негізгі ерекшелігін ұмытып кетіп жататынын байқағансыңдар ма? Марқа жазған Ізгі хабардың 6-тарауын мұқият қарастыру арқылы көп нәрсені түсінуге болады. Біз онда халықтың науқас адамдарды ауруынан айықтыруы үшін Исаға алып келгені жайында оқимыз. Бұл тараудан өзіне келген мыңдаған адамдардың аш екенін көріп, Исаның керемет жасап, оларды тойдырғаны жайлы да білеміз (Марқа 6:35—44, 54—56). Науқастарды жазып, ашыққандарды тойдырғанынан Исаның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын көреміз. Бірақ осындай көмек көрсету Исаның басты мақсаты болған деуге бола ма? Және Ехобаға еліктеген Исаның сүйіспеншілігіне, мейірімділігі мен жанашырлығына қалай барынша еліктей аламыз?

Рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыруға деген ықылас

4. Марқа 6:30—34 жазылған оқиғаларды әңгімелеп беріңдер.

4 Иса ең алдымен айналасындағылардың рухани мұқтаждықтарын ойлап жаны ашитын. Рухани мұқтаждықтар тәндік мұқтаждықтарға қарағанда маңызды еді. Марқа 6:30—34 жазылған оқиғаны қарастырайықшы. Бұл оқиға б. з. 32 жылындағы Құтқарылу мейрамының қарсаңында Ғалилея теңізінің жағасында болған еді. Елшілердің көңілдері көтеріңкі болатын. Оның себебі де бар еді. Қазір ғана кең көлемді уағыздау науқанын бітірген олар, болған оқиғаларды айтып беруге асығып, Исаға қайта оралған-ды. Бірақ, халықтың көп жиналғаны сонша, Иса мен оның шәкірттерінің тамақтанып, тынығуына да мүмкіндік болмады. Сонда Иса елшілеріне былай деді: «Сендер жалғыз өздерің... елсіз бір жерге барып, азырақ тынығып алыңдар» (Марқа 6:31). Олар қайыққа отырып, Ғалилея теңізінің арғы бетіне, оңаша жерге жүзіп кетті. Олар қайыққа Қапарнауым қаласына жақын жерден отырса керек. Бірақ халық жағалаумен жүгіріп отырып, ол бетке қайықтан бұрын жетеді. Иса не істер екен? Оңаша қалуға мүмкіндік бермегендеріне реніш білдірді ме екен? Ешқандай реніш білдірген жоқ!

5. Өзіне келген халықты көргенде Исаны қандай сезім биледі және ол не істеді?

5 Өзімен кездесуді асыға күткен, араларында науқастары да бар мыңдаған адамдарды көргенде Исаның жаны ашып кетті (Матай 14:14; Марқа 6:44). Исаның жаны ашуына ненің себеп болғанын және оның не істегенін Марқа былай суреттейді: «Иса... көптеген халықты көрді де, олардың бақташысыз қойларға ұқсағандығынан оларға жаны ашыды; және оларға көп нәрсені үйрете бастады» (Марқа 6:34). Иса жай ғана қалың тобырды емес, рухани мұқтаждықтары бар жеке адамдарды көрді. Олар көк майса жайылымға жаятын немесе қорғайтын бақташысы жоқ адасқан, бағыт-бағдарсыз қойларға ұқсайтын еді. Тас жүрек дін басылары қамқор бақташы болудың орнына, қарапайым халықты елемейтінін және олардың рухани мұқтаждықтарымен санаспайтынын Иса білген (Езекиел 34:2—4; Жохан 7:47—49). Иса халыққа мүлдем басқаша қарап, олар үшін ең үлкен жақсылық істеді. Ол оларға Құдай Патшалығы туралы үйрете бастады.

6, 7. а) Ізгі хабарларда айтылғандай, адамдардың мұқтаждықтарын қанағаттандырарда Иса ең алдымен не жайында ойлады? ә) Исаның уағыз айтып, тәлім беруінің себебі неде болды?

6 Ізгі хабарлардың басқа бірінде осы оқиғаның қалай баяндалғанын қарастырып көрейікші. Онда ең алдымен неге көңіл бөлінген және ең маңызды нәрсе ретінде не көрсетілген екен? Бұл Ізгі хабарды жазған Лұқа еді. Ол дәрігер болғандықтан адамдардың денсаулығына көп көңіл бөлетін. Ол былай дейді: «Халық... Оның соңынан ілесті. Иса оларды қабылдап, Құдай Патшалығы туралы уағыз айтып, ауруынан айығуға мұқтаждарды сауықтырды» (Лұқа 9:11; Қолостықтарға 4:14). Иса керемет істер жасаған кездердің бәрінде осылай болмағанымен, осы оқиғаға байланысты Лұқа ең алдымен не нәрсеге көңіл аударды? Исаның халыққа тәлім бергеніне.

7 Марқа 6:34-те де осыған баса көңіл аударылған. Бұл тармақ Исаның жанашырлық танытуының басты себебінің не болғанын анық көрсетеді. Ол халықтың рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін оларға тәлім берген. Өзінің қызметінің басында Иса былай деді: «Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиістімін, Мен сол үшін осында жіберілдім» (Лұқа 4:43). Бірақ Иса ізгі хабарды міндетті болғандықтан ғана жариялап, уағыздау ісін еш сезімсіз атқарды деп ойласақ қателескен болар едік. Жоқ, Исаның ізгі хабарды уағыздауының басты себебі адамдарға деген сүйіспеншілігі мен жан ашырлығы еді. Оның сол науқас адамдарға, жын соққандарға, мүсәпірлер мен ашыққандарға көрсеткен ең үлкен жақсылығы — оларға Құдай Патшалығы туралы шындықты біліп, оны қабыл алып, әрі сүйе білулеріне көмектесуі еді. Ехобаның билігінің ақталуы мен адамдардың мәңгі баталарға ие болуындағы Патшалықтың алатын орны ерекше. Сол себепті осы Патшалық туралы шындық ең басты нәрсе еді.

8. Иса уағыз айту мен тәлім беру ісін өз өмірінде қандай орынға қойды?

8 Исаның жерге келгендегі басты мақсаты Патшалықты белсене уағыздау болатын. Жердегі қызметінің аяғына таман Иса Пилатқа былай деді: «Мен шындыққа куәлік ету үшін осы дүниеге келдім. Шындықты жақтаушы әркім Менің үніме құлақ салады» (Жохан 18:37). Осының алдындағы екі мақалада Исаның сезімтал адам болғанына көңіл аударғанбыз. Ол өзгелер жақындау оңай, қамқор болған, өзгелерді құрметтеп, сенім білдіретін және, ең бастысы, сүйіспеншілікке толы болған. «Мәсіхтің ой-ниетін» жете түсінгіміз келсе, оның осы қасиеттерін ұғынуымыз керек. Оның уағыздау және тәлім беру ісін бірінші орынға қоюына «Мәсіхтің ой-ниетінің» түрткі болғанын түсіне білу де өте маңызды.

Ол өзгелерді де куәлік етуге ынталандырған

9. Уағыз айту мен тәлім беру ісі тағы кімдер үшін бірінші орында болуы керек еді?

9 Сүйіспеншілік пен жанашырлық танытудың жолы ретінде уағыздау мен тәлім беру ісін бірінші орынға қойған Иса ғана болған жоқ. Өйткені Ол өзінің шәкірттерін де осылай әрекет етуге ынталандырған. Мысалы үшін, Иса 12 елшісін таңдап алған соң, олар не істеу керек еді? Марқа 3:14, 15-те былай делінген: «Олардың он екісін Өзімен бірге болуға тағайындап, оларды уағыз айтуға жібермекші де еді. Сондай-ақ оларға ауруларды жазуға және жындарды қуып шығаруға билік берді». Осы істердің қандай да бірі елшілер үшін бірінші орында болды деп айтуға бола ма?

10, 11. а) Елшілерін қызметке жіберген кезде Иса оларға не істеуді бұйырды? ә) Елшілерін жіберіп жатып, Иса не нәрсеге ерекше көңіл бөлді?

10 Көп ұзамай Иса 12 елшісіне ауруларды айықтырып, жындарды шығарып тастауға билік берді (Матай 10:1; Лұқа 9:1). Содан соң оларды «Израиль халқының азған қойлардай жоғалып кеткендеріне» жіберді. Не үшін жіберді? Иса оларға былай деп бұйырды: «Барған жерлеріңде: «Аспан Патшалығы жақындады!» деп жариялап жүріңдер. Ауруларды сауықтырыңдар, алапес болғандарды тазартыңдар, өлгендерді тірілтіңдер, жындарды шығарып тастаңдар» (Матай 10:5—8; Лұқа 9:2). Олар не істеді екен? «Олар елге шығып, [1] теріс жолдарынан қайтып Құдайдың жолына түсуді уағыздап жүрді. [2] Көп жындарды адамдардан шығарып тастап, көп ауруларды маймен сылап жазды» (Марқа 6:12, 13).

11 Тәлім беру ісі әрқашан бірінші кезекте айтыла бермейтін болғандықтан, ненің бірінші кезекте болғандығына және олай болуына ненің себеп болғанына аса көп мән бергеніміз орынсыз деуге бола ма? (Лұқа 10:1—8). Көбінесе алдымен тәлім беру туралы, содан соң барып айықтыру жайлы айтылатынын ескермеуге болмайды. Жоғарыда айтылған оқиғаның контексін қарастырып көрейікші. Он екі елшісін қызметке жіберер алдында Исаның халықтың жайын көріп, жаны ашып кетті. Біз мынаны оқимыз: «Сонан соң Иса барша қала-қыстақтарды аралап, олардың мәжілісханаларында адамдарды үйретті. Патшалық туралы Ізгі хабарды жариялап жүріп, кісілерде болған барлық аурулар мен әлсіздіктерді жазып жүрді. Ол Өзінің қасына жиналған көп халықты көріп, оларға жаны ашыды, өйткені олар бақташысыз қойларға ұқсап, жүдеп бытыраған болатын-ды. Сонда Ол шәкірттеріне былай деді: — Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен, Өзінің егініне жұмысшылар жіберуін өтініңдер» (Матай 9:35—38).

12. Иса мен елшілері тағы қандай мақсатпен кереметтер жасады?

12 Исаның қасында болған елшілердің «Мәсіхтің ой-ниетін» біршама түсінуге мүмкіндіктері болды. Халыққа деген нағыз сүйіспеншілік пен жанашырлық олар атқаратын игі істердің ең маңыздысы еді. Ал оның ішіне Құдай Патшалығы туралы уағыз айтып, тәлім беру де кіретін. Осыған сәйкес, науқастарды айықтыру сияқты керемет игі істердің мақсаты тек қана мұқтаж адамдарға көмектесу болған жоқ. Кейбір адамдардың осы керемет айықтырулар мен қарындары тойғанына қызыққандарын елестету қиын емес (Матай 4:24, 25; 8:16; 9:32, 33; 14:35, 36; Жохан 6:26). Бірақ бұл істер халыққа тәндік жағынан ғана көмектесіп қоймай, оны көрген адамдарды Исаны Құдайдың Ұлы және Мұса алдын ала айтқан «пайғамбар» ретінде мойындауға ынталандырды (Жохан 6:14; Заңды қайталау 18:15).

13. Заңды қайталау 18:18 болашақтағы «пайғамбардың» қандай рөліне ерекше көңіл аударады?

13 Исаның сол аталмыш «пайғамбар» болғаны неліктен маңызды? Ал ол «пайғамбардың» алдын ала айтылған маңызды рөлі қандай еді? Кереметтер жасап науқастарды емдеуімен немесе жаны ашығандықтан ашыққандарды тойдыруымен аты шығуы керек пе еді? Заңды қайталау 18:18-де алдын ала былай делінген: «Мен оларға бауырластарының арасынан сен [Мұса] сияқты Пайғамбар шығарамын да, Өзімнің сөздерімді Оның аузына саламын. Сөйтіп Ол Мен бұйырған нәрселерімнің барлығын оларға айтатын болады». Сондықтан қайырымдылық пен мейірімділікке үйренген елшілер «Мәсіхтің ой-ниеті» уағыз айтып, халыққа тәлім беруді де талап етеді деген шешімге келе алды. Бұл олардың адамдар үшін істей алатын ең үлкен жақсылығы еді. Осының арқасында аурулар мен бейшаралар мәңгілік пайда көрер еді де, ол пайда адамның қысқа ғұмырымен және бір-екі мәрте тамақтанумен шектелмеген болар еді (Жохан 6:26—30).

Бүгінгі күні «Мәсіхтің ой-ниетін» дамыту

14. «Мәсіхтің ой-ниеті» біздің уағыздау ісімізбен қалай байланысты?

14 Исаның өзі мен бірінші ғасырда өмір сүрген Исаның алғашқы шәкірттері ғана «Мәсіхтің ой-ниетін» танытпағаны анық. Елші Пауыл Исаның шәкірттеріне: «Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар»,— деп жазған болатын (1 Қорынттықтарға 2:16). Ізгі хабарды уағыздап, шәкірттер дайындауға міндетті екенімізді біз де шын көңілмен мойындаймыз (Матай 24:14; 28:19, 20). Сөйтсе де бұл істі нендей себеппен атқарып жүргенімізді ойланғанымыз пайдалы болған болар еді. Бұл істі міндетіміз болғандықтан ғана атқармауымыз керек. Қызмет атқаруымыздың басты себебі — Құдайға деген сүйіспеншілігіміз. Және Исаға шынайы еліктеуге өзге істермен қатар жанашырлық танытып, өзгелерге уағыз айтып, тәлім беру де жатады (Матай 22:37—39).

15. Қызметімізді атқару үшін жанашырлықтың рөлі қандай?

15 Әрине, біздің сенімімізді бөліспейтін адамдарға, әсіресе біздің хабарымызға немқұрайды қарап, бізбен сөйлескісі келмей немесе қарсылық білдірген кезде, жанашырлық таныту барлық уақытта оңай соқпайды. Бірақ адамдарға деген сүйіспеншілігіміз бен жанашырлығымызды жоғалтуға болмайды. Өйткені мәсіхшілік қызметімізді атқаруға ынталандыратын маңызды күш — осы қасиеттер. Олай болса қалай бойымызда жанашырлық дамытуымызға болады? Адамдарға Исаның көзқарасымен қарауға тырысып көрейікші. Исаның көзінде олар «бақташысыз қойларға ұқсап, жүдеп бытыраған болатын-ды» (Матай 9:36). Бүгінгі күнгі көптеген адамдар жайлы да осылай деуге болады емес пе? Жалған дін басылары оларға қамқорлық етпей, рухани қараңғылықта ұстауда. Сондықтан олар Киелі кітаптың сенімді басшылығы туралы да, жақында Құдай Патшалығы жер бетінде орнататын жұмақ туралы да білмейді. Олар басқа да күнделікті қиыншылықтармен қатар кедейлік, отбасындағы келіспеушілік, ауру мен өлімге кезігуде. Осындай қиыншылықтарға душар болып отырған олардың Құдай Патшалығына деген үміттері жоқ. Ал біз болсақ олар мұқтаж болып отырған, қазіргі уақытта аспанда орнаған Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды білеміз!

16. Неліктен өзгелерге ізгі хабарды уағыздауға деген ықыласымыз болуы керек?

16 Айналамыздағылардың рухани мұқтаждықтары туралы ойлағанда Құдайдың сүйіспеншілікке толы ниеттері жайлы оларға айту үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге деген ықылас пайда болады емес пе? Иә, Ізгі хабарды уағыздауға жанашырлығымыз ынталандыруы керек. Егер, Иса сияқты, адамдарға жанымыз ашитын болса, бұл біздің даусымыздың екпінінен, қас-қабағымыз бен тәлім беру тәсілімізден көрінетін болады. Бұның барлығы «мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандар» үшін біздің хабарымызды тартымды ете түседі (Елшілердің істері 13:48).

17. а) Өзгелерге қалай сүйіспеншілік пен жанашырлық көрсетуге болады? ә) Неліктен мәселе игі істер жасау мен қызметке қатысудың бірін таңдауда емес?

17 Әрине, сүйіспеншілік пен жанашырлықты өміріміздің барлық саласында көрсетуіміз керек. Бұған біздің бақытсыздыққа ұшырағандарға, ауру адамдарға және жарлыларға көрсеткен мейірімділігіміз бен қолымыздан келгенінше олардың қайғысын жеңілдетуге тырысуымыз жатады. Сонымен қатар бұған сөзімізбен және ісімізбен жақынын жоғалтқан адамдардың қайғысын басуға тырысуымыз да жатады (Лұқа 7:11—15; Жохан 11:33—35). Алайда осындай игі істер қайырымдылықпен айналысатын адамдар үшін сүйіспеншіліктің, мейірімділіктің және жанашырлықтың негізгі көрсеткіші болып табылады. Ал бізде бұлай болмауы керек. Осындай Құдайға жағымды қасиеттердің әсерімен уағыз бен тәлім беруге бағытталған талпыныс едәуір ұзақ пайда келтіреді. Исаның иудейлердің дін басыларына айтқан сөздерін есімізге түсірейікші: «Сендер тіпті жалбыз, анис, зире [сияқты ұсақ-түйек өсімдіктердің] құнының оннан бірін садақаға бересіңдер, ал киелі заңның ең маңыздысын — әділдікті де, қайырымдылықты да, сенімді де қалдырдыңдар. Мұны да істеу, оны да қалдырмау қажет еді» (Матай 23:23). Иса күнделікті аса қажетті тәннің мұқтаждықтарын қамтамасыз етуде көмектесудің, немесе өмір беретін рухани нәрселерге үйретудің бірін ғана таңдаған жоқ, екеуін де істеді. Дегенмен шындыққа үйретудің ол үшін ең маңызды нәрсе болғандығы анық. Өйткені бұл игі істің адамдар үшін мәңгі көмегі болар еді (Жохан 20:16).

18. «Мәсіхтің ой-ниеті» дегеннің не екенін қарастырғанымыз бізге қалай әсер етуі керек?

18 «Мәсіхтің ой-ниетін» түсінуге мүмкіндік бергені үшін Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңші! Ізгі хабарлардың арқасында ең ұлы адамның не ойлап, не сезінгенін, қандай қасиеттерге ие болғанын, не істеп, нені бірінші орынға қойғанын жақсырақ біле түсеміз. Киелі кітаптағы Иса туралы айтылған нәрселерді оқып, олардың үстінен ой жүгіртіп, өмірімізде қолданамыз ба? Бұның барлығы да өзімізге байланысты. Бірақ, шын мәнінде Иса сияқты іс-әрекет еткіміз келсе, кемелсіз адамға қаншалықты мүмкін болса, соншалықты ол сияқты ойлап, сезініп, барлық нәрсені сол сияқты бағалауымыз керек екенін есімізден шығармауымыз керек. Сонымен, «Мәсіхтің ой-ниетін» дамытып, сол сияқты әрекет етуге бел буайық. Сонда біз ең жақсы өмір жолымен жүретін боламыз және бұл өзгелерге жақсылық жасаудың ең жақсы жолы. Сонымен қатар Иса Ехобаның керемет қасиеттерін паш еткендіктен біз үшін де, өзгелер үшін де қайырымды Құдайымыз Ехобаға жақындайтын бұдан артық жол жоқ (2 Қорынттықтарға 1:3; Еврейлерге 1:3).

Қалай жауап берер едіңдер?

• Халықтың мұқтаждықтарын көргенде Иса көбінесе не істегені туралы Киелі кітап не айтады және бұл ненің белгісі?

• Өзінің ізбасарларына нұсқау беріп жатып Иса не нәрсеге ерекше көңіл бөлді?

• Іс-әрекетімізде «Мәсіхтің ой-ниетін» қалай таныта аламыз?

[17-бетте толық бір сурет]

[18-беттегі сурет]

Өзгелер үшін Мәсіхшілер атқаратын ең маңызды игі іс қандай?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу