2000 ерекше жыл ма?
ЕКІ мыңыншы жылдың қандай да бір ерекшелігі бар ма? Батыстағы елдерде тұратындар бұны үшінші мыңжылдықтың алғашқы жылы деп есептейді. Осы жылды қарсы алу үшін жан-жақты дайындық жүргізілуде. Жаңа мыңжылдыққа әрбір секунд өткен сайын жақындатып отыратын үлкен электронды сағаттар орнатылды. Жаңа жылға арналған салтанатты кештер ұйымдастырылуда. Ауылдық жерлердегі дүкендер мен үлкен қалалардағы әмбебап дүкендерде мыңжылдықтың аяқталу құрметіне арналған жазулары бар футболкалар сатылуда.
Жыл бойына созылатын бұл мейрамға үлкенді-кішілі шіркеулер қатысқалы отыр. «Рим-католик шіркеуінде мерейтой мен мыңжылдықтың басталуына орай өтетін салтанатты мейрамға» басшылық жасау үшін, келесі жылдың басында папа Иоанн Пауыл II Израильге жол жүрмек. Келесі жылы Израильге шамамен екі жарым миллионнан алты миллионға жететін саяхатшылар барғалы отыр деген жорамал бар. Олардың арасында құдайшыл адамдар да, жай қызықтаушылар да бар.
Осыншама халықтың Израильге баруды жоспарлауының себебі неде? Папаның атынан Ватикан өкілі кардинал Роджер Эчгари былай деді: «2000 жыл — Мәсіхке және оның осы елдегі өміріне арналған мейрам. Сондықтан папаның сол жаққа барайын деп жатқаны түсінікті». 2000 жыл мен Мәсіхтің арасында қандай байланыс бар? 2000 жыл Мәсіхтің туылған күнінен бастап тура екі мың жыл өткенін білдіреді деген ой кеңінен тараған. Бірақ шындығында солай ма? Біз бұған әлі тоқталамыз.
Кейбір діни топтардың мүшелері 2000 жылға айрықша мән береді. Олар, келесі жылы Иса Зәйтүн тауына оралады да, Мегиддо алқабында Аян кітабында айтылған Һармагеддон шайқасы болады деген сенімде (Аян 16:14—16). Осы оқиғалардың болуын күткен жүздеген АҚШ тұрғындары үйлері мен дүние-мүліктерінің көбін сатып, Израильге қоныс аударуда. Үйін тастап кете алмайтындар үшін Американың атақты евангелисі Мәсіхтің оралуын түрлі-түсті теледидар арқылы көрсетуді уәде етіп отыр деген хабар таратылуда.
Батыстағы елдерде үшінші мыңжылдықты қарсы алуға деген дайындық қарқындауда. Дегенмен басқа елдердегі адамдардың бар көңілі өздерінің күнделікті өмірінде. Өйткені дүние жүзіндегі адамдардың басым көпшілігі Назареттік Исаның Мәсіх болғанына сенбейді. Олар Мәсіх туылғанға дейін және Мәсіх туылғаннан кейін деген жыл санау бар деп есептемейдіa. Мысалы, көптеген мұсылмандар өздерінің күнтізбесін қолданады. Соған сәйкес келесі жыл 2000 емес, 1420 жыл. Мұсылмандардың жыл санауы Мұхаммедтің Меккеден Мединеге қашып барған кезінен басталады. Жалпы алғанда дүние жүзінде 40 түрлі күнтізбе қолданылады.
Мәсіхшілер 2000 жылды ерекше жыл деп қарастырулары керек пе? 2000 жылдың 1 қаңтары айрықша көңіл аударатын күн бе? Бұл сұрақтар келесі мақалада талқыланады.
[Сілтеме]
a Бұл жүйе, шамамен алынған күйі қалыптасып кеткен Иса туылған уақытқа дейін болған оқиғаларды «Мәсіх туылғанға дейін» («до Р. Х.»), ал одан кейін болған оқиғаларды «Мәсіх туылғаннан кейін» («от Р. Х.») деп белгілейді. Бірақ көпшілігі «б. з. б.» («біздің заманымыздан бұрынғы») және «б. з.» («біздің заманымыздағы») деген белгілеулерді қолданғанды жөн көреді.