Ақырына дейін төзуге болады
«Алдымыздағы „жарысты“ қажырлылықпен аяқтайық» (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 12:1).
1, 2. Төзімді болу деген нені білдіреді?
«Төзімді болуларың қажет»,— деп жазды елші Пауыл I ғасырдағы еврей мәсіхшілерге (Еврейлерге 10:36). Бұл қасиеттің маңыздылығына ерекше көңіл аударған елші Петір де мәсіхшілерді былай деп шақырды: «Сенімдеріңде... төзімділік... танытыңдар» (2 Петір 1:5—7). Сонда төзімділік немесе жарыстағы қажырлылық дегеніміз не?
2 «Төзу» мағынасын беретін грек тіліндегі етістік «қашып кетудің орнына орнында қалу... алған бетінен қайтпау, соңына дейін шыдау»,— дегенді білдіреді. «Төзімділікті» білдіретін грек тіліндегі зат есім туралы бір анықтамада былай делінеді: «Ауыртпалықты көнбістікпен ғана емес, үлкен үмітпен жеңіп шығуға болатын көңіл күй... Бұл — адамның желге қарсы тұрған кезде тепе-теңдікті сақтап қалуына көмектесетін қасиет. Бұл ең ауыр сынақ кезінде қуаныш беретін ізгі қасиет, өйткені бұндай қасиеті бар адам қиыншылықты жеңіп шықса мақсатына жететінін біледі». Демек, төзімділік адамның қиындықтар мен ауыртпалықтарды жеңіп шығуына және үмітін үзбеуіне көмектеседі. Кім төзімділік танытуы керек?
3, 4. а) Қажырлылық кімге қажет? ә) Неліктен ақырына дейін төзуіміз керек?
3 Бейнелі түрде айтар болсақ, барлық мәсіхшілер қажырлылықты талап ететін жарысқа қатысуда. Жол жүргенде өзімен бірге болған мәсіхші қызметтесі Тімотеге б. д. 65 жылдары елші Пауыл жігерлендіретін хат жазып, былай деді: «Мен „игі жарысқа“ қатысып, мәреге жеттім, сенімімді сақтап қалдым» (2 Тімотеге 4:7). Пауыл «мәреге жеттім» дегенде өзінің мәсіхші өмірін мәреге дейін белгілі бір бағытта жүгіріп өтілген жарысқа теңеді. Пауыл бұл сөздерді айтқан кезде, мәреге жақындап қалған еді, әрі сыйлықты алатындығына да сенімі мол еді. «Енді,— деп жалғастырады ол,— мені „жеңімпаздың жүлдесі“ — „әділдіктің тәжі“ күтіп тұр, оны маған сол күні әділ Төреші — Иеміз бермек» (2 Тімотеге 4:8). Пауыл соңына дейін төзгендіктен сыйлық алатынына сенімді болды. Ал біз туралы не айтуға болады?
4 Жүгіруді бастағандарды жігерлендіру үшін Пауыл былай деп жазды: «Алдымыздағы „жарысты“ қажырлылықпен аяқтайық» (Еврейлерге 12:1). Біз қажырлылықты талап ететін мәсіхшілердің бұл «жарысын» Иса Мәсіх арқылы өмірімізді Ехобаға арнаған кезде бастаймыз. Мәсіхші өмір жолын жақсы бастағанның маңызы зор, бірақ ең маңыздысы мәреге дейін жетуіміз. Иса былай деді: «Ал ақырына дейін төзгендер құтқарылады» (Матай 24:13). Мәреге дейін жүгіріп өткендер сыйлық ретінде мәңгі өмірге ие болады! Сондықтан көздеген мақсатымызды естен шығармай, ақырына дейін төзуіміз керек. Біздің мақсатқа жетуімізге не көмектеседі?
Дұрыс тамақтанғанның маңызы зор
5, 6. а) Өмір үшін «жарыста» қажырлылық сақтау үшін нені қадағалауымыз керек? ә) Қандай рухани азықпен тамақтануымыз керек және неліктен?
5 Ертеде, Қорынт (Греция) қаласына жақын жерде белгілі Истм ойындары ұйымдастырылатын. Сол жерде өтетін атлетикалық бәсекелер мен басқа да жарыстардың Қорынттағы бауырластарға таныс екенін Пауылдың білгені шүбәсыз. Пауыл олардың осы біліміне сүйеніп, мәсіхшілердің есіне өздері қатысып отырған өмір үшін жарысты салды: «Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіріп, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білесіңдер. Сендер де „жүлдеге“ ие болатындай Мәсіх жолымен „жүгіріңдер“!» Пауыл жарыстан шығып кетпей, қажырлылықпен мәреге ұмтылудың маңыздылығына аса көңіл аударды. Ал оған жету үшін оларға не көмек болар еді. «Әрбір жарыскер барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытады»,— деп қосты Пауыл. Иә, ежелгі ойындарға қатысушылар жеңіске жету үшін аянбай жаттығатын, ішіп-жеуде өте талғампаз болатын және өмірлерін қатаң ережеге бағындыратын (1 Қорынттықтарға 9:24, 25).
6 Мәсіхшілер бастаған «жарыс» туралы не айтуға болады? Ехоба Куәгерлерінің қауымындағы бір қария былай деді: «Өмір үшін „жарыста“ қажырлылық сақтау үшін рухани дұрыс тамақтануды қадағалау керек». «Табандылықтың... бастауы» — Ехобаның қандай рухани тағам беріп отырғанына көңіл аударыңдаршы (Римдіктерге 15:5). Біздің қорегіміздің негізгі көзі — оның Сөзі — Киелі кітап. Сондықтан Киелі кітапты оқуға арналған уақыт кестесін жақсы ұстануымыз керек емес пе? «Адал және ақылды қызметші» арқылы Ехоба бізді «Күзет мұнарасы», «Ояныңдар!» журналдарымен және басқа да Киелі кітапқа негізделген басылымдармен қамтамасыз етуде (Матай 24:45). Осының бәрін мұқият зерттеу арқылы біз рухани нығая түсеміз. Жеке отырып зерттеу үшін уақыт бөлуіміз керек, яғни «қолайлы уақытты босатуымыз» керек (Ефестіктерге 5:16, ЖД).
7. а) Неге Мәсіхтің бастапқы тәлімін біліп қана қоймауымыз керек? ә) Біз рухани жетілуге қалай ұмтыла аламыз?
7 Мәсіхші жолынан таймау үшін «бастапқы тәлімді» біліп тоқтап қалмай, «жетілу үшін алға басуымыз» керек (Еврейлерге 6:1). Бұл үшін біз шындықтың «қаншалықты кең де көз жеткісіз, терең де биік» екенін түсінуге талпынуымыз керек, сонымен қатар «рухани жетілгендерге арналған» «қатты тағаммен» қоректенуіміз керек (Ефестіктерге 3:18; Еврейлерге 5:12—14, ЖД). Мысалы үшін, Исаның жердегі өмірі еш бүкпесіз баяндалған Матай, Марқа, Лұқа, Жохан жазған төрт ізгі хабарды алайық. Ізгі хабарларды мұқият зерттей отырып Исаның қандай адам болғанын, не істегенін ғана біліп қоймай, оның солай істеуіне себеп болған ой қалпын да ұғына аламыз. Ал бұл «Мәсіхтің ой-ниетін» танытуымызға мүмкіндік береді (1 Қорынттықтарға 2:16).
8. Өмір үшін «жарыста» қажырлылық сақтауымыз үшін қауым жиналыстары қалай көмектеседі?
8 Пауыл бір сенімдегілерді мынаған шақырды: «Бір-бірімізге зер салып, сүйіспеншілік пен жақсы істерге шабыттандырайық. Кейбіреулердің әдетке айналдырғанындай, өз қауымымызды қалдырмайық; сол күннің жақындағанын байқаған сайын бір-бірімізді жақсылыққа баулиық» (Еврейлерге 10:24, 25). Мәсіхшілердің жиналыстары бізді қалай жігерлендіреді десеңші! Ал бар ықыласымен жағдайыңды білгісі келетін және аяғына дейін төзуіңе көмектескісі келетін, сені шын жүректен сүйетін бауырластармен қарым-қатынастан қаншама күш аласың! Біз Ехобаның бұл сыйына жеңіл-желпі қарамауымыз керек. Киелі кітапты бар ынтамызбен жеке зерттеу және қауым кездесулеріне үнемі қатысу арқылы «ұғынуға келгенде кемелді» болайық (1 Қорынттықтарға 14:20).
Көрермендердің жігер беруі
9, 10. а) Қажырлылық сыналатын жарысқа қатысушыларды көрермендер қалай жігерлендіре алады? ә) Еврейлерге 12:1-де бізді «қоршап тұрған» «куәгерлер бұлты» деп кімдер туралы айтылған?
9 Алайда, жүйрік жарысқа қаншалықты ынтамен дайындалғанымен де, жол-жөнекей оны жүгіруін тоқтатуға мәжбүр ететін, ойламаған жағдайлар болуы мүмкін. «Сендер жақсы жүріп [«жүгіріп», ЖД] бара жатыр едіңдер, енді кім жолдарыңа бөгеу болып, сендерді шындыққа бағындырмайды?» — деп сұрады Пауыл (Ғалаттықтарға 5:7). Ғалаттық мәсіхшілердің кейбіреулері жаман ортаға түсіп қалып, бұл олардың көңілдерін өмір үшін «жарыстан» бұрып әкетсе керек. Екінші жағынан айналадағылардың қолдауы мен жігер беруінің арқасында жүгіріп бара жатқанда қажырлылық сақтау жеңіл болуы да мүмкін. Бұл — спорт ойынына қатысушыларға көрермендердің әсер етуіне ұқсайды. Шаттық билеген топ, сөреден мәреге дейін жету үшін, жарысушылардың ынталарын арттыра түседі. Жиі қатты музыка және қол шапалақтау қосылатын көрермендердің көтеріңкі дауыстары, жарысшылар мәреге жақындаған кезде қажет қосымша күшті береді. Иә, тілектес көрермендер жүгірушілерге жақсы әсер ете алады.
10 Мәсіхшілер бастаған өмір үшін «жарыстың» көрермендері ретінде кімдерді атауға болады? Еврейлерге жазған хатының 11-тарауында мәсіхшілерге дейінгі Ехоба куәгерлерін атап шыққан Пауыл былай деп жазды: «Осылай өз сенімдерін айқын паш еткен тобыр [«куәгерлер бұлты», ЖД] бізді жарыс жанкүйерлеріндей қоршап тұр. Сондықтан да бізге бөгет болатынның барлығынан, әсіресе, тез шармап алатын әрбір күнәдан арылып, алдымыздағы „жарысты“ қажырлылықпен аяқтайық!» (Еврейлерге 12:1). Бұлт сөзін ауыспалы мағынада қолданғанда, Пауыл айқын кескіні, белгілі көлемі мен түрі бар бұлтты білдіретін грек сөзін қолданған жоқ. Ол, лексикограф В. Е. Вайнның айтуы бойынша, «аспанды қаптап тұрған бұлтты нұсқайтын» сөзді қолданды. Пауылдың аспанды қаптап тұрған бұлтты еске салатын сансыз көп куәгерлер тобы туралы айтқаны анық.
11, 12. а) Қажырлылықпен жүгіріп келе жатқан біздерге мәсіхшілерге дейін өмір сүрген әділ куәгерлер қалай дем бере алады? ә) «Куәгерлер бұлты» бізге тағы қандай үлкен көмек бере алады?
11 Әділ мәсіхшілерге дейінгі куәгерлер қазіргі кездегі жарыстың тура мағынасындағы көрермендері бола ала ма? Жоқ. Олардың бәрі қайта тірілуді күтіп өлім ұйқысында жатыр. Бірақ, тірі кезінде олар өздері мәреге дейін жеткен «жүгірушілер» болған және олардың көрсеткен үлгісі Киелі кітап беттерінде әлі күнге дейін өмір сүріп келеді. Жазбаларды оқыған кезімізде бұл әділ адамдар біздің ойымызда тіріліп, «жарысты» аяғына дейін жүгіріп өтуіміз үшін бізге дем бере алады (Римдіктерге 15:4)a.
12 Мысалы үшін, бізді осы дүниеде бір нәрсе өзіне қызықтырды делік. Мысырдың қазынасынан бас тартқан Мұсаның үлгісін қарастырар болсақ, біздің «жарыстан» шығып қалғымыз келер ме еді? Біз ұшыраған сынақ ауыр сияқты болып көрінсе, өзінің ұлы Ысқақты құрбандыққа шалу бұйырылған Ыбырайым ұшыраған сынақты еске түсірер болсақ, онда сенімді сақтау үшін күресте табанды болуға қажет күш алатынымыз анық. Осы куәгерлер «бұлтын» рухани көзбен қаншалықты анық көрсек, ол бізге соншалықты жігер береді.
13. Өмір үшін «жарыста» бізді қазіргі кездегі Ехоба куәгерлері қалай жігерлендіреді?
13 Қазіргі уақытта да біздің айналамызда көптеген Ехоба Куәгерлері бар. Майланған мәсіхшілер, сонымен қатар «ұлы жамағаттың» мүшелері сенімнің қандай керемет үлгісі десеңші! (Аян 7:9). Олардың өмірбаяндары кейде осы журналда және Күзет Мұнарасы Қоғамының басқа да басылымдарында басылып тұрадыb. Солардың қандай сенім танытқаны туралы ойланатын болсақ, аяғына дейін төзуге ынталанатын боламыз. Ехобаға адал қызмет етіп жүрген жақын достарымыз бен туыстарымыздың қолдауы қаншалықты маңызды десеңші! Иә, өмір үшін «жарыста» бізді көп адамдар жігерлендіре алады.
Дұрыс қарқынмен жүгіріңдер
14, 15. а) Дұрыс қарқынмен жүгіру неліктен маңызды? ә) Алдымызға мақсат қойған кезде неліктен парасатты болуымыз керек?
14 Ұзақ қашықтыққа жүгіретін жарысқа қатысушы, мысалы марафоншы, дұрыс қарқынмен жүгіруі керек. Бір журналда былай деп айтылады: «Егер бірден қатты жүгіретін болсаң, онда сәтсіздікке ұшырайсың. Соңғы шақырымдарды ұзақ және әрең жүгіріп өтесің, немесе жарыстан шығып кетесің» («New York Runner»). Бір марафоншы былай деп есіне алады: «Жүгіруге дайындалып жүрген кезімде қатысқан лекцияда баяндамашы былай деп анық ескертті: „Алға түскен адамдармен қатар жүгіруге тырыспаңдар. Өз қарқындарыңмен жүгіріңдер. Әйтпесе күштерің аяғына дейін жетпеуі мүмкін“. Осы кеңес менің мәреге дейін жетуіме көмектесті».
15 Өмір үшін «жарыста» Құдайдың қызметшілері бар күштерін салулары керек (Лұқа 13:24). Сөйтсе де Исаның шәкірті болған Жақып былай деп жазды: «Жоғарыдан келген даналық... парасатты» (Жақып 3:17, ЖД). Өзгелердің жақсы үлгісі көп істеуге талпындыратын болса, парасаттылық алдымызға өз мүмкіндігіміз бен жағдайымызға сай келетін дұрыс мақсаттар қоюымызға көмектеседі. Киелі Жазба біздің есімізге мынаны салады: «Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады. Өйткені әр адам өз міндетін атқаруға тиіс» (Ғалаттықтарға 6:4, 5).
16. Дұрыс қарқын таңдап алуымызға кіші пейілділік қалай көмектеседі?
16 Мика 6:8-де ойландыратын сөздер жазылған: «Тәңірдің сенен нені талап ететіні айтылған: ...Құдайдың алдында кіші пейілділікпен жүру». Кіші пейілді болу дегеніміз, өзіміздің мүмкіндігіміздің шегін түсінуді де білдіреді. Денсаулықтың нашарлауы немесе жастың ұлғаюы Құдайға қызмет ету мүмкіндігімізді қандай да бір мөлшерде шектеп отырған болар? Бұған бола қайғырмай-ақ қой. Ехоба біздің күш салуымыз бен құрбандығымызды «қолымызда жоғына емес, барына қарай ризашылықпен қабылайды» (2 Қорынттықтарға 8:12; салыстыр Лұқа 21:1—4).
Сыйлықты ешқашан ойларыңнан шығармаңдар
17, 18. Иса нені ойынан шығармағандықтан азап бағанасында төзді?
17 Қорынттық мәсіхшілердің көңілін өмір үшін «жарыста» қажырлылық сақтау керек екеніне аударған Пауыл, Истм ойындарының олар естерінде сақтауы керек тағы бір жағын атап өтті. Бұл ойындарға қатысушылар туралы Пауыл былай деп жазды: «Оның [жүгіргендегі] алғысы келетіні — солып қалатын гүлдестесі ғана, ал біздің алатынымыз — мәңгі солмайтын жеңіс тәжі! Сондықтан мен мақсатсыз жүгіріп жүргем жоқ, жұдырығымен ауаны босқа ұрған боксшы сияқты да емеспін» (1 Қорынттықтарға 9:25, 26). Сол ежелгі жарыстардың жеңімпазы сый ретінде қарағайдың немесе басқа да талдардың бұтақтарынан, тіпті кептірілген жабайы сельдерейден жасалған гүлдесте алатын. Шынында да «солып қалатын гүлдесте». Ал, аяғына дейін төзген мәсіхшілерді не күтіп тұр?
18 Елші Пауыл бізге Үлгі болған Иса Мәсіх туралы айтып, былай деп жазды: «Алдында күтіп тұрған қуаныш үшін ол, масқаралықты елең қылмай, азап бағанасында қажырлылық танытты, сөйтіп Құдайдың тағының оң жағына отырды» (Еврейлерге 12:2, ЖД). Иса азап бағанасының арғы жағына қарай білгендіктен адами өмірінің соңына дейін төзді. Ол өзін күтіп тұрған сыйлыққа қарады, яғни оны Ехобаның атының даңқталуына өзінің үлесін қосатындығы, адамзатты өлімнен босатып, тілалғыш адамдарды жұмаққа айналған жердегі мәңгі өмірге алып баратын Патша және Бас діни қызметкер ретінде басшылық ететіндігі қуантатын (Матай 6:9, 10; 20:28; Еврейлерге 7:23—26).
19. Мәсіхтің шәкірті болу жолында не нәрсеге баса назар аударуымыз керек?
19 Мәсіхтің жолын қуған біздерді күтіп тұрған қуаныш туралы ойланайықшы. Ехоба бізге Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауды және өзгелерге Киелі кітапта жазылған құтқарылуға арналған білімді беруді тапсырды. Бұл шексіз қанағат әкеледі (Матай 28:19, 20). Шын Құдайды білгісі келетін адамды тауып, оның өмір үшін «жарысты» бастауына көмектескен қандай керемет десеңші! Уағыз айтқанда адамдардың қабылдаған-қабылдамағанына қарамастан, Ехобаның атын даңқтау жұмысына қатысу — біз үшін құрмет. Уағыз айтып жүрген жердегі адамдардың селқостығына немесе қарсылығына қарамай қажырлылық танытқан кезімізде бізді қуаныш сезімі билейді, өйткені бұндай рухымыз Ехобаның жүрегін қуантатынын білеміз (Нақыл сөздер 27:11). Ал оның бізге уәде етіп отырған үлкен сыйы — мәңгілік өмір! Ол кезде қандай қуаныш болады десеңші! Осы баталарды ойымыздан шығармай, жүгіруді табандылықпен жалғастыра беруіміз керек.
Ақыры жақындап келе жатқан уақытта
20. Мәреге жақындаған сайын өмір үшін «жарысты» не нәрсе қиындата түсуі мүмкін?
20 Өмір үшін «жарысқа» қатысып отырған біздер басты жауымыз Шайтан Ібіліске қарсы тұруымыз керек. Заманның ақыры жақындаған сайын ол бізді сүріндіруге немесе жылдамдығымызды бәсеңдетуге тынымсыз тырысады (Аян 12:12, 17). Айналамызда аштық, індет және «заманның ақырына» тән басқа да қиыншылықтар болып жатқан кезде, адалдықты сақтап, Патшалықтың ынталы уағыздаушысы болу оңай емес (Даниел 12:4; Матай 24:3—14; Лұқа 21:11; 2 Тімотеге 3:1—5). Сонымен қатар, кейде заманның ақыры біз күткен уақыттан алыс болып көрінуі мүмкін. Әсіресе, жүгіруді ондаған жылдар бұрын бастаған болсақ. Бірақ, Құдай Сөзі зұлым заманның ақырының келетіндігіне бізді сендіреді. Ехобаның айтуы бойынша, ол өзгертілмейді. Заманның ақыры көкжиектен көрініп те қалды (Аввакум 2:3; 2 Петір 3:9, 10).
21. а) Өмір үшін «жарыста» бізді нығайтатын не? ә) Қазір, зұлым заманның ақыры жақындап келе жатқан уақытта неге көңіл қоюымыз керек?
21 Сонымен, өмір үшін «жарысты» табысты аяқтау үшін, Ехобаның сүйіспеншілікпен беріп отырған рухани азығынан күш алуымыз керек. Сонымен қатар, бізбен бірге жүгіріп келе жатқан бауырластарымызбен үнемі қарым-қатынаста болып, жігер алып отыруымыз керек. Біздің жүгіруімізді қатты қудалаулар немесе кездейсоқ жағдайлар қиындататын болса да, біз аяғына дейін төзімді бола аламыз, өйткені Ехоба «шамадан тыс күш» береді (2 Қорынттықтарға 4:7). Ехобаның «жарысты» жеңіспен аяқтағанымызды қалайтынын білгеніміз бізге қандай үміт береді десеңші! «Бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиісті уақытта оның игілікті өнімін Құдайдан қабылдайтынымызға» күмәнданбай, «алдымыздағы „жарысты“ қажырлылықпен аяқтайық» (Еврейлерге 12:1; Ғалаттықтарға 6:9).
[Сілтемелер]
a Еврейлерге 11:1—12:3 тармақтар 1987 жылдың 15 маусымындағы «Күзет мұнарасының» (орыс.) 12—22 беттерінде талқыланады.
b Осындай жігер беретін өмірбаяндардың соңғыларының кейбіреулерін «Күзет мұнарасының» келесі нөмірлерінен табуға болады: 1998 жылдың 1 маусымы, 28—31 беттер; 1998 жылдың 1 қыркүйегі, 24—28 беттер; 1999 жылдың 1 ақпаны 25—29 беттер.
Естеріңде ме?
◻ Неліктен ақырына дейін төзуіміз керек?
◻ Ехобаның қандай сыйларын бағалауымыз керек?
◻ Дұрыс қарқынмен жүгіруіміз неліктен маңызды?
◻ Жүгіруді тоқтатпағандарды қандай қуаныш күтіп тұр?
[28-беттегі сурет]
Мәсіхшілердің кездесуінен үнемі жігер алыңдар.