Иса сіздің өміріңізді қалай өзгерте алады?
ИСА МӘСІХ — 2 000 жылға жуық уақыт бұрын Палестинада өмір сүрген Ұлы Ұстаз. Оның балалық шағы туралы мәлімет өте аз. Бірақ отыз жасқа келгенде Исаның «шындыққа куәлік етіп», қызмет етуін бастағаны анық белгілі (Жохан 18:37; Лұқа 3:21—23). Исаның өмірін баяндаған төрт шәкірті оның өмірінің соңғы үш жарым жылына аса көп көңіл аударған.
Иса Мәсіх жер бетінде қызмет еткен кезде, оқушыларына дүниені бақытсыздық атаулыдан азат ететін өсиет берген. Бұл қандай өсиет болды екен? Иса былай деді: «Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді бірің жақсы көріңдер! Мен сендерді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер!» (Жохан 13:34). Иә, сүйіспеншілік адамзаттың көптеген өзекті мәселелерін шеше алады. Бір күні Исадан парыздардың ең маңыздысы қайсы екенін сұрағанда, ол былай деп жауап береді: «„Сен Тәңірді — өзіңнің Құдайыңды барлық көңіліңмен, барлық жаныңмен, барлық ойыңмен жақсы көр!“ Бұл — бірінші де ең ұлы парыз. Екіншісі де сол сияқты: „Сен өзіңді қалай жақсы көрсең, жақыныңды да солай жақсы көр!“» (Матай 22:37—40).
Иса Тәңірді және жақынын жақсы көру дегеннің не екенін сөзімен де, ісімен де көрсеткен. Ал енді оның іс-әрекеттерінен бізге сабақ боларлық бірнеше мысал қарастырып көрейік.
Оның берген тәлімі
Тарихтағы ең танымал уағыздардың бірінде Иса Мәсіх шәкірттеріне былай деген: «Ешкім екі қожаға қызмет ете алмайды; өйткені ол біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біреуіне ынта көрсетіп, екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар» (Матай 6:24). Иса, Құдаймен қарым-қатынасты өмірдегі ең қымбат нәрсе ретінде бағалауға үйреткен. Алайда, адамдардың көпшілігі бүгінгі күні көп нәрсені ақша шешетіндігіне сенімді болып отырған уақытта, бұндай көзқарас пайдалы ма? Әрине, ақшасыз күн көре алмасымызда сөз жоқ (Екклесиаст 7:12). Бірақ, егер біз «Байлыққа» қызмет ете бастайтын болсақ, есіл-дертіміз ақшада болып, дүниеқоңыздықтың жетегінде жүретін боламыз (1 Тімотеге 6:9, 10). Осындай торға түсіп қалғандардың көпшілігі ақыр аяғында отбасынан, денсаулығынан, керек десеңіз тіпті өмірінен айырылған.
Ал егер Қожамыз деп Тәңірді есептер болсақ, өміріміз мағыналы болады. Жаратушы ретінде ол өмірдің қайнар көзі болып табылады, сондықтан мінажатты қабыл алуға Құдай ғана лайық (Забур 35:9; Аян 4:11). Құдайдың қасиеттерімен танысқандар сүйіспеншілікке кенеліп, Оның нұсқауларын орындауға ынталанады (Екклесиаст 12:13; 1 Жохан 5:3). Ал бұндай ынта осы адамдардың өздері үшін пайдалы (Ишая 48:17).
Таудағы уағызында Иса ізбасарларына өз жақындарына сүйіспеншілікті қалай көрсету керек екенін де үйретті. «Әр нәрседе, сендерге адамдар қалай етсін десеңдер, өздерің де оларға солай етіңдер» (Матай 7:12). Бұл жерде Иса «адамдар» деген сөзді барлығына, тіпті дұшпандарына да қатысты қолданған болатын. Сонымен қатар осы уағызында ол былай деді: «Дұшпандарыңды жақсы көріңдер, [сендерді қарғайтындарға игі тілек тілеңдер]» (Матай 5:43, 44). Бұндай сүйіспеншілік өзіміз күнделікті кездесіп отырған қиын мәселелерді шешуге көмектеспес пе еді? Үндістанның саяси қайраткері Мохандас Ганди бұған сенімді болған. Ол былай деді: «Егер [адамдар]... Мәсіхтің таудағы уағызының іліміне негізделе отырып келісімге келер болса, онда... дүние жүзінің түйінді мәселелері шешіледі». Иә, Исаның үйреткен сүйіспеншілігі адамзатты көптеген бақытсыздықтардан сақтар еді.
Исаның іс-әрекеті
Иса, қалай сүйіспеншілік көрсету керек екендігі туралы маңызды ақиқатты ашып қана қойған жоқ, ол өзінің берген тәліміне сәйкес әрекет ететін. Мысалы, ол ең алдымен өз басының қамын емес, өзгенің қамын ойлайтын. Бір күні Иса шәкірттерімен бірге күні бойы басқа адамдарға көмектесіп, тіпті тамақ ішуге де уақыттары болмайды. Шәкірттерінің демалып, тынығуы керек екенін көрген Иса, олармен бірге оңашалау жерге барады. Алайда ол жерде де бір топ халықтың жиналып қалғанын байқайды. Қатты шаршап демалғыңыз келіп тұрғанда, өзгелердің сізден қандай да бір әрекет жасауыңызды күтіп тұрғанын көрсеңіз не істер едіңіз? Исаның «оларға жаны ашыды; және оларға көп нәрсені үйрете бастады» (Марқа 6:34). Иса, өзгелердің қамын ойлағандықтан, көмектесуге әрқашан дайын болатын.
Иса адамдарға тәлім берумен ғана шектеліп қойған жоқ. Ол оларға іс жүзінде көмек көрсететін. Мысалы үшін бірде ол, күні бойы оның тәлімін тыңдаған бес мыңнан аса адамды тамақтандырды. Көп ұзамай тағы да көптеген адамдарды тамақтандырды. Бұл жолы олардың саны төрт мыңнан аса еді. Иса бұл адамдарға үш күн бойы тәлім бергендіктен, олардың ішетін асы таусылып қалған болатын. Бірінші жағдайда ол халықты — бес нан және екі балықпен, ал екінші жағдайда — жеті нан және бірнеше кішкентай балықпен тамақтандырады (Матай 14:14—22; 15:32—38). Сіздің ойыңызша бұл ғажайып па? Иә, Исаның ғажайып істер жасауға билігі бар еді.
Сонымен қатар Иса көптеген адамдарды сырқаттарынан айықтырған. Ол зағиптарды, сал болғандарды, алапеспен ауырғандарды, саңырауларды құлан-таза сауықтырған, тіпті өлілерді де қайта тірілткен! (Лұқа 7:22; Жохан 11:30—45). Бір күні алапеспен ауыратын бір кісі: «Егер Сен қаласаң, мені жазып тазалай аласың»,— деп жалбарынады. Иса не істеді екен? «Иса жаны ашып, оған қолын созып тигізді де: „Қалаймын, тазалан“,— деді» (Марқа 1:40, 41). Осындай таңғажайып істер жасау арқылы, Иса ауру адамдарға сүйіспеншілік танытқан.
Сізге Исаның жасаған таңғажайып істеріне сену қиын ба? Кейбіреулерге бұл істерге сену оңайға соқпайды. Сөйтсе де, Исаның бұл істерді көптің көзінше жасағанын ұмытпаған жөн. Исаны кінәлауға себеп таппай жүрген жауларының өзі де, оның шын мәнінде ғажайып істер жасағанын жоққа шығара алмаған (Жохан 9:1—34). Оның үстіне бұл ғажайып істерді ол белгілі бір мақсатпен жасаған. Исаның жасаған істері, адамдарға оның Құдайдың Өкілі екендігіне көз жеткізуге көмектесті (Жохан 6:14).
Иса ғажайып істерді жұрттың назарын өзіне аудару үшін жасаған жоқ. Ол өзіне керемет жасауға мүмкіндік берген күштің қайнар Көзі — Құдайды дәріптеген. Бір жолы ол Қапернаумда адамдарға лық толған бір үйде болды. Сал болып ауырып жатқан бір кісі, Исаның сонда екенін біліп, ауруынан айығуды қалап Исаға келеді. Алайда адамдардың көптігінен үйге кіру мүмкін емес еді. Сондықтан достары үйдің төбесін ашып, оны төсегімен қоса Иса отырған бөлмеге түсіреді. Иса олардың сенімін жоғары бағалап, сал болып жатқан адамды құлан-таза айықтырып жібереді. Бұдан кейін жұрттың барлығы «Құдайды мақтап: „Бұндайды біз ешқашан көрген емеспіз“,— десті» (Марқа 2:1—4, 11, 12). Исаның жасаған ғажайыптары оның Құдайы — Ехобаны мадақтаған, әрі адамдарға пайдасын тигізген.
Алайда ауруларды табиғаттан тыс түрде емдеу Исаның негізгі мақсаты емес еді. Исаның өмірі туралы жазылған хабарлардың бірінде былай делінеді: «Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсіх және Құдай Ұлы екендігіне сендер сеніп, сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған» (Жохан 20:31). Өзіне сенген адамдар өмірге ие болсын деген мақсатпен Иса жер бетіне келген болатын.
Исаның құрбандығы
Бәлкім, сіз: «Жер бетіне келді? Қайдан келді?» — деп таңданатын боларсыз. Исаның өзі былай деген: «Көктен өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындау үшін келдім» (Жохан 6:38). Адам ретінде жер бетіне келмес бұрын, ол көкте Құдайдың жалғыз Ұлы болған. Ал оны жер бетіне жіберген Әкенің еркі неде болды екен? «Құдай адамзатты өте қатты сүйгендіктен, Оған сенуші әркімнің жаны тозаққа түспей [«өлмей», ЖД], мәңгілік өмірге ие болу үшін Өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа берді» (Жохан 3:16). Қалайша?
Киелі кітапта неліктен барлық адамдардың өмірі өліммен аяқталатындығы түсіндіріледі. Жаратқан Ие алғашқы жұпқа өмір сыйлаған болатын, әрі олардың ешқашан өлмеуге мүмкіндіктері бар еді. Алайда олар Жаратушыларына қарсы шығуды ұйғарды (Жаратылыс 3:1—19). Осылайша күнә жасап, Адам мен Хауа өздерінің барлық ұрпақтарына қайғылы мирас — өлімді мұра етті (Римдіктерге 5:12). Адам баласы нағыз өмірге ие болу үшін күнә мен өлім жойылуы керек.
Бірде-бір ғалым ген инженериясының көмегімен дүниені өлімнен құтқара алмайды. Сөйткенмен, тілалғыш адамдардың мәңгі өмірге ие болуы үшін, Жаратушының оларды қайта кемелділікке жеткізетін тәсілі бар. Киелі кітапта бұл тәсіл төлем деп аталады. Алғашқы адамдар өздерін де, өздерінің ұрпақтарын да күнә мен өлімнің құлдығына сатып жіберген болатын. Олар кемелді әрі Құдайға бой ұсынғыш адам болудың орнына, ненің жақсы, ненің жаман екенін өздері шешетін, Құдайдан дербес бостандықты таңдады. Адамдар кемелді өмірге қайта ие болу үшін, біздің ата-бабамыз жоғалтып алған кемелді адам өмірінің құны төленуі керек еді. Барлық адамзат кемелсіздікті мұра еткендіктен, бұл құнды ешкім төлей алмайды (Забур 48:8).
Сондықтан, болған жағдайды қалпына келтіру үшін Ехоба Құдай көмекке келді. Ол өзінің жалғыз Ұлының кемелді өмірін ер көрмеген қыздың құрсағына салды да, ол Исаны туды. Ондаған жылдар бұрын, бәлкім, сіз бұндай нәрсенің мүмкін екендігіне сенбеген болар ма едіңіз. Бірақ бүгінгі күні ғалымдар сүтқоректілердің клонын көбейту және бір жануардың генін екінші жануарға ендіру сияқты жетістіктерге қол жеткізді. Сондықтан, Жаратушы бала туу процесіне өз еркінше әсер ете алады дегенге күмәнданатындай ешкімде ешқандай негіз жоқ.
Кемелді адам пайда болғаннан кейін, адамзатты күнә мен өлімнің құлдығынан босатып алу үшін, қажетті құнды төлеудің мүмкіндігі туды. Алайда, адамзатты барлық бақытсыздықтан айықтырар «емші» болмас бұрын, жер бетінде туылған Исадай сәбиге ер жетіп, әділ өмір кешіп, кемелділігін сақтап қалу керек еді. Жер бетінде өмір сүрген кезінде, Иса адамдардың күнәдан жапа шегіп жүргенін көріп қана қойған жоқ, өзі де адам болу дегеннің не екенін толықтай сезінді. Бұл оның аса жанашыр емші болуына септігін тигізді (Еврейлерге 4:15). Оның жер бетінде өмір сүрген кезінде табиғаттан тыс түрде емшілік жасауы, Исаның ауруларды емдеуге ынтасының да, мүмкіндігінің де бар екендігінің дәлелі (Матай 4:23).
Исаның жер бетіндегі қызметі үш жарым жылға созылды да, сосын ол жауларының қолынан өлді. Ол, кемелді адамның қандай сынақта болмасын, Құдайға адал болып қала алатындығын дәлелдеді (1 Петір 2:22). Оның құрбандыққа берген кемелді адами өмірінің адамзатты күнә мен өлімнен азат ете алар күші болды. Иса Мәсіх былай деген: «Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі» (Жохан 15:13). Өлгеннен кейін үш күн өткен соң, рухани ортада өмір сүру үшін Иса қайта тірілтілді де, тағы да бірнеше аптадан кейін көкке көтеріліп, құрбан еткен өмірінің құнын Ехоба Құдайға табыс етті (1 Қорынттықтарға 15:3, 4; Еврейлерге 9:11—14). Осының арқасында Иса, құрбан еткен өмірінің құнын ізбасарларының мүддесіне қолдануға мүмкіндік алды.
Құдайдың айығуға берген мүмкіндігінің арқасында рухани, эмоционалдық және тәндік ауруларыңыздан арылуды қалар ма едіңіз? Бұл, Иса Мәсіхке деген сенімнің арқасында жүзеге асады. Неге сізге Ұлы Емшіге бет бұрмасқа? Бұл үшін Иса Мәсіх туралы және Құдайға адал адамдардың құтқарылуына қатысты оның атқаратын рөлі туралы білу қажет. Ехоба Куәгерлері сіздің осындай білім алуыңызға қуана көмектеседі.
[5-беттегі сурет]
Исаның ауруларды емдеуге ынтасы да, мүмкіндігі де бар.
[7-беттегі сурет]
Исаның өлімі сіз үшін нені білдіреді?