Неліктен Иса Мәсіхке сенуге болады?
«ТІПТІ христиан дініне жатпайтын адамдардың көпшілігі Оның аса дана, әрі ұлы ұстаз болғанын мойындайды. Оның адамзат тарихындағы қайталанбас дара тұлға екендігінде күмән жоқ» («The World Book Encyclopedia»). «Ол» кім болды екен? Ол — Иса Мәсіх — мәсіхшіліктің негізін қалаушы.
Алайда, энциклопедияда айтылған сөздерге қарамастан, Шығыс адамдары да, дүние жүзінің басқа бөліктерінде тұратын миллиондаған адамдар да Иса жайлы еш нәрсе білмейді, білген күннің өзінде де, мектеп оқулықтарында кездестіргендіктен, оның есімін ғана білетін болар. Тіпті христиан діндарлары мен дін басыларының кейбіреулері шын мәнінде өздерінің Исаны білмейтіндіктерін мойындап, Киелі кітаптағы Мәсіхтің өмірбаяны толық жазылған төрт мәліметтің (Інжілдің) дұрыстығына күмән тудырады.
Мүмкін Інжілдегі Исаның өмірі туралы мәлімет жай ғана ойдан шығарылған болар? Жоқ, тіпті де олай емес. Атақты тарихшы Уилл Дюрант Інжілді мұқият зерттеп шыққан соң, былай деп жазды: «Егер қарапайым адамдардың азғантай ғана тобы, бір ұрпақ өмір сүрген уақыт аралығында осындай дара әрі ғажап тұлғаны, сондай-ақ, осындай аса жоғары этика мен адамдарға шабыт беретін осындай бауырластықты ойлап тапқан болса, бұл — Інжілдегі ғажайыптардың бәрінен асып түскен ғажайып болар еді. Киелі кітап екі ғасырдан бері сынға түсіп келе жатқанымен, ондағы Мәсіхтің өмірлік бейнесі, мінез-құлқы мен ілімі едәуір айқын сақталған, әрі ол — әлі күнге дейін Батыс тарихындағы бетке ұстар беделді бейне болып отыр».
Бәлкім, әлдекім, өздерін Иса Мәсіхтің шәкіртімін деп есептейтіндердің іс-әрекетін көргендіктен: «Мәсіх көңіл қоюға да тұрмайды»,— дейтін болар. Кейбір жапондықтар: «Олар Нагасакиге атом бомбасын тастаған. Жапонияның басқа қалаларына қарағанда Нагасакиде христиандар анағұрлым көп еді»,— дейді. Алайда, егер емделуші дәрігердің айтқандарын орындамаса, емделушінің сырқаттанып қалғанын дәрігерден көруге бола ма? Өздерін христиан деп есептейтін адамдардың көбісі адамзатты бақытсыздықтан азат ететін Исаның нұсқауларына ұзақ уақыттан бері немқұрайдылық танытып келеді. Ал Иса болса, біздің күнделікті кездесіп отыратын қиыншылықтарымыздың, сондай-ақ адамдарды бақытсыздыққа ұшырататын нәрселердің бәріне шипа болатын «дәрі-дәрмек» берген. Сондықтан, біз сізді келесі мақаланы оқуға шақырамыз. Ол мақаладан сіз Исаның қандай адам болғанын біле аласыз.