7-ТАРАУ
“Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыратын” кездесулер
ЕХОБАНЫҢ халқы ғасырлар бойы ұйымдасқан түрде бас қосып тұрған. Ежелгі Исраилде ер кісілердің бәрі Иерусалимге жылына үш рет ұлы мейрамдарға барып тұратын (Мұс. 5-ж. 16:16). Бірінші ғасырда мәсіхшілер көп жағдайда жеке үйлерде жүйелі түрде жиналып отыратын (Флм. 1, 2). Бүгінде біз де қауым кездесулері мен конгрестерде бас қосамыз. Құдай қызметшілерінің жиналып тұруының себебі қандай? Негізгі себебі — кездесулер ғибадатымыздың маңызды бөлігі (Зәб. 95:6; Қол. 3:16).
2 Кездесулер келушілердің өздеріне де пайдалы. Ежелде әрбір жетінші Күркелер мейрамына қатысты исраилдіктерге былай делінген еді: “Бүкіл халықты: ерлер мен әйелдерді, бала-шағаны, қалаларыңда тұрып жатқан жатжерліктерді — жинаңдар. Олар осы Заңды тыңдап, Ехоба Құдайларыңнан қорқуды және сонда айтылғандарды ұқыптылықпен орындауды үйренсін” (Мұс. 5-ж. 31:12). Иә, “Ехобадан тәлім алу” — бірге жиналудың келелі себебі (Ишая 54:13). Сондай-ақ кездесулердің арқасында біз бір-бірімізді жақсырақ танимыз, жігерленеміз және өзара араласқаннан қажетті күш аламыз.
ҚАУЫМ КЕЗДЕСУЛЕРІ
3 Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамынан кейін шәкірттер елшілерден тәлім алып, “күн сайын өзара ниеттес көңілмен ғибадатханада жиналып жүрді” (Ел. іс. 2:42, 46). Уақыт өте мәсіхшілер ғибадат ету үшін жиналғанда, киелі рухтың жетелеуімен жазылған жазбаларды, елшілер мен басқа шәкірттердің хаттарын оқитын болды (Қор. 1-х. 1:1, 2; Қол. 4:16; Сал. 1-х. 1:1; Жақ. 1:1). Қауымда дұға да айтылатын (Ел. іс. 4:24—29; 20:36). Кейде миссионерлердің уағыздағы оқиғалары баяндалатын (Ел. іс. 11:5—18; 14:27, 28). Пайғамбарлықтардың орындалғаны мен Киелі кітап ілімдері қарастырылатын. Мәсіхшілерге тән жүріс-тұрысқа және Құдайға шын берілуге қатысты нұсқаулар берілетін. Қатысушылардың бәрі ізгі хабарды құлшыныспен жариялауға талпындырылатын (Рим. 10:9, 10; Қор. 1-х. 11:23—26; 15:58; Ефес. 5:1—33).
Осы қиын-қыстау соңғы күндері біз жүйелі түрде жиналып, жігер алуға ерекше мұқтажбыз
4 Бүгінгі таңда мәсіхшілердің кездесулері елшілердің заманындағы кездесулердің үлгісімен өткізіледі. Еврейлерге 10:24, 25-те рухтың жетелеуімен жазылған мынадай шақыру бар: “Бір-бірімізге көңіл бөлейік. Кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық, қайта, бір-бірімізді жігерлендіре берейік. Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен, бұларды бұрынғыдан да көбірек істейік”. Осы қиын-қыстау соңғы күндері біз жүйелі түрде жиналып, жігер алуға ерекше мұқтажбыз, өйткені соның арқасында рухани мықты болып қаламыз әрі мінсіздігімізді сақтаймыз (Рим. 1:11, 12). Бұзылған, азғын ұрпақтың арасында өмір сүріп жатқан біздер Құдайға ұнамсыз істерден және осы дүниелік құмарлықтардан бас тартқанбыз (Філіп. 2:15, 16; Тит. 2:12—14). Ендеше, Ехобаның халқының арасында болмағанда, қайда боламыз? (Зәб. 84:10). Ал Құдай Сөзін зерттеп, талқылағаннан асқан пайдалы нәрсе бар ма?! Қазір біздің игілігіміз үшін ұйымдастырылған түрлі кездесулерді қарастырайық.
ДЕМАЛЫС КҮНГІ КЕЗДЕСУ
5 Демалыс күнгі кездесудің бірінші бөлігінде Киелі кітапқа негізделген баяндама айтылады. Бұл баяндама әсіресе дүйім жұртқа бағытталған. Олардың кейбірі кездесуге алғаш рет келген болуы мүмкін. Көпшілікке арналған баяндама жаңадан келушілерге де, қауым жариялаушыларына да рухани мұқтаждығын қанағаттандыруда зор көмегін тигізеді (Ел. іс. 18:4; 19:9, 10).
6 Бүгінгі көпшілікке арналған кездесулеріміз кезінде Иса Мәсіх, елшілер мен басқа да шәкірттер өткізген кездесулерге ұқсас келеді. Сөз жоқ, Иса жер бетіндегі ең ұлы баяндамашы болған. Ол жайлы адамдар: “Ешкім ол сияқты сөйлеген емес!”— деген (Жох. 7:46). Иса билігі бар адамдай сөйлеп, тыңдармандарын қайран қалдырған (Мат. 7:28, 29). Оның хабарын шын жүректен қабыл алғандар мұның зор пайдасын көрген (Мат. 13:16, 17). Исаның үлгісіне елшілер еліктеген. Елшілердің істері 2:14—36 тармақтарда Петірдің б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында айтқан пәрменді баяндамасы жазылған. Сол баяндаманы естіген мыңдаған адам іс-әрекетке талпынған. Ал кейінірек Афинада Пауылдың баяндамасын тыңдап, кейбір адамдар сенуші болды (Ел. іс. 17:22—34).
7 Қазір де миллиондаған адам апта сайынғы көпшілікке арналған баяндамалардың, сондай-ақ конгрестерде айтылатын көпшілікке арналған баяндамалардың зор игілігін көріп жүр. Мұндай баяндамалардың арқасында біз шынайы ілімдерден таймаймыз, әрі қызметімізді табандылықпен атқарамыз. Қызығушылық білдіргендерді және басқа да адамдарды осы кездесуге шақырсақ, оларға Киелі кітаптың негізгі ілімдерімен танысуға көмектесеміз.
8 Көпшілікке арналған баяндамаларда әртүрлі тақырыптар қарастырылады. Онда Киелі кітап ілімдері мен пайғамбарлықтарға, некеге, отбасылық өмірге, жастар кезігетін қиындықтарға және мәсіхшілердің өнегелік нормаларына қатысты тақырыптар қозғалады. Кейбір баяндамаларда Ехобаның таңғажайып жаратылыстарына назар аударылады. Ал басқаларында үлгі тұтарлық Киелі кітап кейіпкерлерінің сенімі, батылдығы мен мінсіздігі қарастырылып, біз үшін қандай пайдасы бар екені айтылады.
9 Көпшілікке арналған баяндамалардың толық пайдасын көру үшін, мұқият тыңдау аса маңызды. Баяндамашы оқып түсіндіретін жазба орындарын онымен бірге ашып, көз жүгіртіп отырған жөн (Лұқа 8:18). Осылайша біз айтылып жатқан мәліметтің растығына көз жеткізіп, білгенімізді берік ұстануға әрі оны өмірде қолдануға нық бекінеміз (Сал. 1-х. 5:21).
10 Егер баяндамашылар жеткілікті болса, көпшілікке арналған баяндама апта сайын болады. Әдетте көршілес қауымдардағы баяндамашылар шақырылып жатады. Ал баяндамашылардың саны шектеулі болса, баяндама мүмкін болған жағдайда айтылады.
11 Демалыс күнгі кездесудің екінші бөлігінде “Күзет мұнарасы” журналы зерттеледі. Зерттеуге арналған “Күзет мұнарасының” бір мақаласы сұрақ-жауап түрінде талқыланады. Ехоба “Күзет мұнарасы” арқылы бізді уақтылы рухани ас-сумен қамтамасыз етеді.
12 Зерттеуге арналған мақалаларда жиі Киелі кітап принциптерін күнделікті өмірде қалай қолдануға болатыны қарастырылады. Соның арқасында мәсіхшілер “осы дүниенің рухына” тойтарыс беріп, арам жүріс-тұрыстан аулақ болуға талпынады (Қор. 1-х. 2:12). “Күзет мұнарасы” журналы арқылы Киелі кітап ілімдері мен пайғамбарлықтарға түсіп жатқан жарықтың арқасында біз шындықпен қатар жүреміз, әрі әділдердің жолынан таймаймыз (Зәб. 97:11; Нақ. с. 4:18). Осы кездесуге қатысып, талқылауға атсалысқанымыз әділдік орнайтын жаңа дүниеге деген үмітімізге қуануға көмектеседі (Рим. 12:12; Пет. 2-х. 3:13). Бұған қоса, бізге киелі рухтың жемісін дамытуға және Ехобаға құлшыныспен қызмет етуге деген ықыласымызды арттыруға септігін тигізеді (Ғал. 5:22, 23). Сондай-ақ сынақтарға төзуге және “келешекке жақсы негіз” қалауға бекініп, “шынайы өмірді берік ұстануға” жәрдемдеседі (Тім. 1-х. 6:19; Пет. 1-х. 1:6, 7).
13 Осы рухани ас-судың пайдасын толық көру үшін не істей аламыз? Бұл үшін жеке не отбасымызбен бірге алдын ала дайындалып, келтірілген жазба орындарын оқуымыз керек, ал кездесу барысында өз сөзімізбен түсініктеме беруіміз қажет. Осының арқасында шындық жүрегімізге терең бойлайды, сондай-ақ сөзбен жеткізген сенімімізді естіп жатқан өзгелер де жігер алады. Басқалардың да түсініктемесін мұқият тыңдар болсақ, апта сайынғы талқылаудың көп пайдасын көреміз.
АПТА ІШІНДЕГІ КЕЗДЕСУ
14 Апта сайын қауымдар Патшалық сарайында “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” деп аталатын бағдарламаға қатысу үшін бас қосады. Үш бөлімнен тұратын бұл кездесу бізге Құдайдың қызметшілері ретінде “жарамды” болуға көмектеседі (Қор. 2-х. 3:5, 6). Бұл кездесудің кестесі мен мәліметтері ай сайын “Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінде жарық көреді. Жұмыс дәптерінде қызметке арналған пікірлесу үлгілері де бар.
15 Кездесудің алғашқы бөлімі “Құдай Сөзінде жатқан қазына” деп аталады. Бұл бөлім бізді Киелі кітап тармақтарының мәнмәтінімен және тарихи деректерімен таныстырады, әрі айтылған мәліметтерді өмірде қалай қолдануға болатынын үйретеді. Бұл бөлімге баяндама, апта сайынғы Киелі кітапты оқу кестесіне негізделген талқылау және Киелі кітапты оқу кіреді. Жұмыс дәптерінде қарастырылып жатқан Киелі кітап тармақтарын бойға сіңімді ететін көрнекі құралдар мен жұмыс парақтары да бар. Киелі кітапты осылай тереңінен қарастырғанымыз өміріміз бен тәлім беру ісімізге зор пайдасын тигізеді, осылайша “барынша жарамды, яғни кез келген игі іске толықтай даяр боламыз” (Тім. 2-х. 3:16, 17).
16 Кездесудің “Қызметіміздің сапасын арттырайық” атты екінші бөлімі баршамызға қызметке дайындалып жаттығуға көмектеседі әрі уағыздау мен тәлім беру шеберлігімізді шыңдайды. Оқушылардың тапсырмасымен қатар, пікірлесу үлгілерінің бейнероликтері талқыланады. Бұл бөлімнің арқасында біз “сөзге орамды тілге” ие болып, “шаршағандарға орынды жауап бере аламыз” (Ишая 50:4).
17 Кездесудің “Мәсіхшілік өміріміз” деп аталатын үшінші бөлімінде Киелі кітап принциптерін күнделікті өмірде қолданудың тиімді жолдары қарастырылады (Зәб. 119:105). Бұл бөлімнің негізгі бөлігі — Қауымда Киелі кітапты зерттеу. “Күзет мұнарасын” зерттеу сияқты, бұл да сұрақ-жауап түрінде өтеді.
18 Ай сайын жаңа жұмыс дәптері қолға тигенде, ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі не оған көмектесетін бір ақсақал оны мұқият қарастырып шығып, тапсырмалардың кестесін құрады. Әр аптада тәлім беруге қабілетті әрі ақсақалдар кеңесі мақұлдаған бір ақсақал кездесу төрағасы болып қызмет етеді. Оның міндетіне кездесудің уақтылы басталып, уақтылы аяқталуын қадағалау кіреді, сондай-ақ ол тапсырмалармен шыққан оқушыларды мақтайды және кеңес береді.
19 “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуіне үнемі дайындалғанымыздың, оған баруымыз бен бағдарламаға атсалысқанымыздың арқасында Жазбалар жайлы біліміміз молаяды, Киелі кітап принциптерін жақсырақ түсінеміз, сенімділікпен уағыздаймыз және шәкірт дайындау шеберлігін шыңдаймыз. Шомылдыру рәсімінен өтпеген адамдар да бауырластармен әңгімелесіп сергіп қайтады, әрі рухани нығайтатын талқылаудың көп пайдасын көреді. Осы және басқа да кездесуге дайындалу үшін, “Күзет мұнарасының кітапханасын”, JW Library® қосымшасын, “Күзет мұнарасының онлайн кітапханасын” (ана тіліңізде бар болса) және Патшалық сарайының кітапханасын қолдануға болады. Патшалық сарайының кітапханасында Ехоба куәгерлері шығарған басылымдар, “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” не “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралы”, әртүрлі Киелі кітап аудармалары, сөздік пен басқа да анықтамалық басылымдар бар. Бұл кітапхананы кез келген адам кездесуге дейін я кейін пайдалана алады.
УАҒЫЗДАУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУЛЕР
20 Аптаның ішінде және демалыс күндері жариялаушылар топ болып уағыздауға арналған қысқаша кездесуге жиналады. Бұл кездесулер әдетте жеке үйлерде я басқа ыңғайлы жерлерде өткізіледі. Патшалық сарайын да осы мақсатта қолдануға болады. Топтардың мұндай кездесулері қауым аумағының бірнеше жерінде өткізілетін болса, жариялаушылардың уағыздауға арналған кездесуге және учаскеге баруы жеңілдейді. Сондай-ақ жариялаушылар тез арада бөлініп, кідірместен учаскелерге жіберіледі. Бұған қоса, топ бақылаушысы өз қамқорындағы жариялаушылардың бәріне көңіл бөле алады. Әр топтың жеке-жеке кездескендерінің артықшылығы көп болса да, кейбір жағдайларға байланысты бірнеше топқа бірге кездесуге тура келуі мүмкін. Мысалы, апта ішінде бірнеше жариялаушы ғана қызметке шығатын болса, бірнеше топты біріктіруге немесе бәрі бірге Патшалық сарайында я басқа ыңғайлы орында бас қосса болады. Осылайша жариялаушылардың қызметтесетін серіктестері табылады. Қауым осы дүниелік мейрам күндері де уағызға шығу үшін Патшалық сарайында жинала алады. “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуінен кейін де бүкіл қауымға ортақ уағыздауға арналған кездесуді өткізуге болады.
21 Егер топтар жеке-жеке жиналса, уағыздауға арналған кездесуді топ бақылаушысы жүргізеді. Кейде топ бақылаушысы мұны өз көмекшісіне не басқа бір қабілетті ер бауырласқа тапсыра алады. Жүргізуші мұндай кездесуге қызметке жарамды әрі тиімді болатын ойларды дайындап келіп, талқылауы тиіс. Сосын жариялаушыларды жұп-жұпқа бөліп, учаскелер таратады да, топтағы бір бауырлас дұға айтады. Бұдан кейін топ бірден уағыз аумағына шығады. Уағыздауға арналған кездесулер 5—7 минутқа созылады, ал қауым кездесуінен кейін өткізілсе, бұдан да қысқа болу керек. Мұндай кездесулерде уағызға бара жатқан жариялаушыларға жігер, тиімді нұсқаулар мен басшылық берілуі тиіс. Жаңа жариялаушылар мен уағыз ісінде көмекке мұқтаждар тәжірибесі көбірек уағыздаушылардан үйрену үшін, солармен бірге қызметтеседі.
ЖАҢА НЕ КІШІГІРІМ ҚАУЫМДАРДЫҢ КЕЗДЕСУЛЕРІ
22 Шәкірттер көбейген сайын қауымдардың саны да көбейеді. Жаңа қауымның құрылуы жөнінде өтініш қағазын әдетте аудандық бақылаушы толтырады. Бірақ кейбір жағдайларда кішігірім топтар жақын жерде орналасқан қауымның қарамағында болуды тиімдірек деп шеше алады.
23 Кейде кішігірім топтар тек әйел бауырластардан құралады. Мұндай кезде қауымда дұға ететін не кездесулерді жүргізетін әйел бауырлас Жазбалардағы талапқа сай басын жабуы тиіс (Қор. 1-х. 11:3—16). Көп жағдайларда ол орнынан тұрмай-ақ, топқа қарама-қарсы отыра берсе болады. Әйел бауырластар кездесулерде баяндама айтпайды. Олар ұйым беріп отырған мәліметті оқиды әрі соған түсініктеме береді, я болмаса түрлендіру үшін сол мәліметті талқыласа не көрініс жүзінде өткізсе болады. Филиал бір әйел бауырластан олармен хат алысып тұруды және қауым кездесулерін өткізуді сұрайды. Ал лайықты ер бауырластар пайда болғанда, бұл міндеттерді солар атқарады.
АУДАНДЫҚ КОНГРЕСТЕР
24 Жыл сайын әр ауданның қауымдары екі рет бір күндік аудандық конгреске жиналады. Қуанышқа толы бұл кездесулерде бауырластармен араласып, “жүректі айқара ашудың” мүмкіндігі туады (Қор. 2-х. 6:11—13). Ехобаның ұйымы ерекше қажеттілікті ескере отырып, Жазбаларға негізделген тақырып пен бағдарламаның түрлі бөліктерін дайындайды. Бағдарлама баяндамалар, көріністер, монологтар, сұхбаттар мен болған оқиғалардың қойылымынан тұрады. Мұндай уақтылы нұсқаулар барлық қатысушылардың рухын көтереді. Бұл конгрестерде жаңа шәкірттер Ехобаға өмірлерін бағыштағандарының белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтеді.
АЙМАҚТЫҚ КОНГРЕСТЕР
25 Жылына бір рет үлкен жиындар өткізіледі. Бұлар бірнеше ауданның бірігуімен әдетте үш күн өткізілетін аймақтық конгрестер. Кішігірім филиалдар өз аумағындағы барлық қауымдардың бір жерге жиналғанын тиімді деп табуы мүмкін. Ал қайсыбір жерлерде мұндай жиындар жағдайға қарай өзгешелеу өткізіледі немесе ұйымнан келген басшылыққа сай ұйымдастырылады. Арагідік кейбір елдерде халықаралық не арнайы конгрестер өткізіліп, оған әртүрлі елдерден он мыңдаған Куәгер барады. Ехоба куәгерлерінің жылдар бойы өткізіп келе жатқан осындай үлкен жиындарының арқасында көп адам Патшалық жайлы ізгі хабарды білуде.
26 Мұндай конгрестер — Ехобаның бағышталған халқы үшін бірігіп ғибадат ететін қуанышты кез. Осы жиындарда шындық нұры жарқырай түседі. Кей конгрестерде жеке зерттеуге, қауыммен бірге зерттеуге я уағыз қызметіне арналған басылымдардың жарық көргені хабарланады. Шомылдыру рәсімі де өткізіледі. Рухани өсімді қарқындатуда конгрестердің орны бөлек. Осындай конгрестерде Құдайдың халқы шынайы мәсіхшілерге тән қасиетті танытатын дүниежүзілік бауырластық екені айқын көрінеді (Жох. 13:35).
27 Жергілікті қауым кездесулері мен Құдай халқының конгрестеріне қатыссақ, Ехобаның еркін орындауға бекіне түсеміз. Сондай-ақ бұл мәсіхшілік сенімімізді әлсірететін осы дүниенің рухынан қорғайды. Мұндай жиындар Ехобаны мадақтап, даңқын асырады (Зәб. 35:18; Нақ. с. 14:28). Соңғы күндері өзіне бағышталған халқын рухани жағынан сергітетін осындай кездесулерді ұйымдастырған Ехобаға шексіз ризамыз.
ИЕМІЗДІҢ КЕШКІ АСЫ
28 Дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлерінің қауымдары жылына бір рет Иса Мәсіхтің өлген күнін атап өту үшін бас қосады. Бұл жиын Еске алу кеші яки Иеміздің кешкі асы деп аталады (Қор. 1-х. 11:20, 23, 24). Ехобаның халқы үшін бұл — әр жылдың ең маңызды кездесуі, өйткені Еске алу кешін атап өту бізге өсиеттелген (Лұқа 22:19).
29 Еске алу кешінің өткізілетін күні ежелдегі Құтқарылу мейрамының күніне сәйкес келеді, ал оның күні Жазбаларда анық көрсетілген (Мұс. 2-ж. 12:2, 6; Мат. 26:17, 20, 26). Құтқарылу мейрамы исраилдіктер б. з. б. 1513 жылы Мысырдан шыққан күнін атап өтетін жыл сайынғы мейрам болған. Сол кезде Ехоба ай күнтізбесі бойынша бірінші айдың 14-інші күнін Құтқарылу мейрамының тоқтысын жейтін, әрі Мысыр құлдығынан азат етілетін күн деп белгілеген (Мұс. 2-ж. 12:1—51). Бұл күнді анықтау үшін, күн мен түннің көктемгі теңелу кезеңіне таман Иерусалимде пайда болатын жаңа ай туғаннан кейін 13 күн ілгері санаймыз. Еске алу кеші негізінен көктемгі теңелу кезеңінен кейінгі алғашқы толған айға түседі.
30 Еске алу кеші Матай 26:26—28 тармақтарда жазылған Исаның сөздеріне сай атап өтіледі. Бұл — мистикалық мәні бар рәсім емес, бейнелі мәні бар ас. Ол астан Иса Мәсіхпен бірге көктегі Патшалықта билік етуге шақырылғандар дәм татады (Лұқа 22:28—30). Иеміздің кешкі асына басқа да бағышталған мәсіхшілер мен қызығушылық білдірген адамдар шақырылады, бірақ олар рәміздерден дәм татпайды. Олар бұл кешке келулерімен Ехобаның өз Ұлы Иса Мәсіх арқылы барлық адамзат үшін игілік істегеніне ризашылықтарын білдіреді. Еске алу кешінің алдында көпшілікке арналған арнайы баяндама айтылады. Оның мақсаты — Еске алу кешіне ынта-жігерімізді ояту және Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауға деген ықыласты арттыру.
31 Ехоба куәгерлері бір-бірін “сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыруға” мүмкіндік туғызатын жиындарда бас қосуға әрдайым қуанышты (Евр. 10:24). Адал да ақылды құл мұндай кездесулердің рухани қажеттілігімізге сай болуын қадағалап отырады. Ехобаның қызметшілері де, қызығушылық білдірген адамдар да жүйелі түрде өткізілетін жиындардың толық пайдасын көруге шақырылады. Құдайдың қызметшілері Ехобаның өз ұйымы арқылы жасап жатқан шаралары үшін шын жүректен алғыс білдіре отырып, ауызбіршілік сақтайды. Ал, ең маңыздысы, Ехобаны мадақтап-дәріптейді (Зәб. 111:1).