1-БӨЛІМ
Құдайдың ақыл-кеңесі — бақытты отбасының арқауы
“Жаратушы о баста адам баласын бірін еркек, бірін әйел етіп жаратты” (Матай 19:4).
Алғашқы некеге бастама берген — Ехобаa Құдай. Киелі кітапта Құдайдың тұңғыш әйелді жаратып, оны ер адамға алып келгені жайлы сөз етілген. Хауа ананы көріп қатты қуанған Адам ата: “Міне, бұл — өз сүйегімнен шыққан сүйек, өз етімнен шыққан ет!”— деген (Мұсаның 1-жазбасы 2:22, 23). Құдай бүгінде де ерлі-зайыптылардың бақытты болғанын қалайды.
Адамдар отау құрғанда бәрі керемет болады деп ойлайды. Алайда ерлі-зайыптылар бірін-бірі қатты сүйген күнде де, отбасында қиындықтар болмай тұрмайды (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Осы кітапшада Киелі кітаптан алынған біраз ақыл-кеңес бар. Оларды қолданар болсаңыз, отбасыңызды бақытты да баянды ете аласыз (Зәбүр 19:8—11).
1. ҚҰДАЙ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Күйеу — үйдің отағасы (Ефестіктерге 5:23).
Құдай күйеуден әйелін аялап, қамқорлайды деп күтеді (Петірдің 1-хаты 3:7). Ол әйелді көмекші ретінде жаратқан, сондықтан күйеуінің оны қадірлеп, жақсы көргенін қалайды (Мұсаның 1-жазбасы 2:18). Әйелін қатты сүйетін адам оның тілек-қалауын өзінікінен жоғары қояды (Ефестіктерге 5:25—29).
Құдай үйдің отанасынан болса күйеуіне зор құрмет көрсетіп, оған отбасындағы міндетін атқаруға көмектеседі деп күтеді (Қорынттықтарға 1-хат 11:3; Ефестіктерге 5:33). Әйелі күйеуінің қабылдаған шешімдеріне шын жүректен қолдау көрсеткені абзал (Қолостықтарға 3:18). Осылай етсе, ол жұбайының да, Құдайдың да көзінде көрікті бола түседі (Петірдің 1-хаты 3:1—6).
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
Жақсы жар болу үшін сізге әлі де не жетіспейтінін жолдасыңыздан сұраңыз. Оны мұқият тыңдап, айтқанын орындап көріңіз.
Шыдамды болыңыз. Өйткені бір-біріңізді бақытты етуді үйрену үшін біраз уақыт қажет болуы мүмкін.
2. ЖҰБАЙЫҢЫЗДЫҢ СЕЗІМДЕРІН ОЙЛАҢЫЗ
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Жан жарыңыздың мүддесін ойлағаныңыз абзал (Філіпіліктерге 2:3, 4). Жарыңызды алақаныңызға салып, мейіріммен қараңыз. Өйткені Құдай бізден “бәріне мейірбан” болуды талап етеді (Тімөтеге 2-хат 2:24). Киелі жазбаларда: “Ойланбай сөйлеген семсердей жаралайды, ал дананың тілі сауықтырады”,— делінген. Сондықтан сөзіңізді сүзгіден өткізіп сөйлеуге тырысыңыз (Нақыл сөздер 12:18). Құдайдың құдіретті күші сізге жылулықпен және сүйіспеншілікпен сөйлеуге көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Қолостықтарға 4:6).
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
Жұбайыңызбен қиын мәселе жайлы сөйлесер алдында сабырлық сақтау үшін және біржақты болмай, түсінікпен қарау үшін Құдайдан көмек сұраңыз.
Не айтатыныңызды және қалай айтатыныңызды жақсылап ойластырып алыңыз.
3. ОЙЛАРЫҢЫЗ БІР ЖЕРДЕН ШЫҚСЫН
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Неке құрғанда, жұбайыңыз екеуіңіз “біртұтас боласыздар” (Матай 19:5). Десе де екі жеке дара тұлға болғандықтан, ойларыңыз әрдайым бір жерден шыға бермеуі мүмкін. Сондықтан сіздерге бірдей ойлап, бірдей сезінуді үйренуге тура келеді (Філіпіліктерге 2:2). Бұл әсіресе қандай да бір шешім қабылдағанда қажет. Киелі кітапта “жоспар іске асар кеңесумен” деген сөздер бар (Нақыл сөздер 20:18). Олай болса, маңызды шешімдер қабылдарда ақыл-кеңес табу үшін Құдай Сөзіне жүгініңіздер (Нақыл сөздер 8:32, 33).
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
Жарыңызға жай ғана пікіріңізді емес, не сезінетініңізді де айтыңыз.
Шешім қабылдамас бұрын жұбайыңызбен ақылдасыңыз.
a Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.