БІРІНШІ ТАРАУ
Ол “өлгенмен, әлі де сөйлеуде”
1. Адам мен Хауаның және балаларының Едем бағына кіруіне не нәрсе бөгет болды және Әбілді әсіресе не мазалады?
ӘБІЛ тау баурайында қойларын бағып жүрді. Ол сонау алыстағы әлсін-әлсін нұр шашып тұрған жарыққа қарап қояды. Әбіл бұл жарықтың айналып тұрған семсерден шығып тұрғанын білетін. Бұл семсер Едем бағына кіретін жолды бөгеу үшін қойылған еді. Кезінде Әбілдің ата-анасы сол бақта тұрған, ал енді ол жерге өздері де, балалары да кіре алмайды. Салқын самал есіп тұрған кешкі мезгілде Әбілдің аспанға қарап, Жаратушысы жайлы ойланып отырғанын елестетіп көріңізші. Құдай мен адамның арасына түскен сызат қалпына келе ме екен? Әбілді мазалаған жайттардың бірден-бірі осы болса керек.
2—4. Қалайша Әбіл бүгінде сөйлеуде?
2 Бүгінде біз Әбілдің даусын ести аламыз. Бәлкім, сіз: “Бұл мүмкін емес қой”,— дерсіз. Рас, Әбіл шамамен 6000 жыл бұрын қайтыс болып, топыраққа айналып кеткен. Киелі кітапта: “Өлгендер ештеңе білмейді”,— делінген (Уағ. 9:5, 10). Бұған қоса, Киелі жазбаларда Әбілдің айтқан бірауыз сөзі де жазылмаған. Ендеше біз оның даусын қалай ести аламыз?
3 Киелі рухтың жетелеуімен елші Пауыл: “Әбіл өлгенмен, сенімінің арқасында әлі де сөйлеуде”,— деген (Еврейлерге 11:4 оқыңыз). Иә, Әбіл сенімі арқылы сөйлейді. Ол — осы тамаша қасиетті дамытқан алғашқы адам. Берік сенімімен ол бізге өшпес үлгі қалдырды. Әбіл сенімін қалай көрсеткені жайлы біліп, оған еліктер болсақ, Киелі кітапта жазылған осы оқиғаға жан бітіп, Әбілдің өзі бізге сөйлеп тұрғандай болады.
4 Киелі кітапта Әбіл туралы аз айтылса да, оның сенімінен не нәрсеге үйренуге болады? Соны қарастырып көрейік.
Ол “дүниенің негізі қаланғанда” өмір сүрген
5. Исаның “дүниенің негізі қаланғанда” деген сөздері нені білдіреді? (Сілтемені де қараңыз.)
5 Әбіл адамзат тарихының басында дүниеге келген. Иса да Әбілдің “дүниенің негізі қаланғанда” өмір сүргенін айтқан (Лұқа 11:50, 51 оқыңыз). Иса бұл жерде “дүние” деп күнәнің құлдығынан азат етілуге үміті бар адамдарды айтқанға ұқсайды. Әбіл — алғашқы адамдардың төртіншісі болса да, Құдайдың көз алдында күнәсінің өтелуіне лайық болған бірінші адамa. Сайып келгенде, Әбілдің айналасында оған үлгі болатын бірде-бір адам болмаған.
6. Әбілдің ата-анасы қандай адамдар болған?
6 Адамзат тарихы бастау алысымен-ақ адамдар қайғының құрсауына түсіп, иықтарына бақытсыздықтың зілі артылды. Әбілдің ата-анасы Адам мен Хауа сымбатты әрі қуатты адамдар еді. Бірақ олар орны толмас үлкен қателік жасады әрі бұларын жақсы түсінді. Алғашында Адам мен Хауа мәңгі өмір сүруге үміті бар кемелді адамдар болған. Алайда Ехобаға қарсы күнә жасағандықтан, олар Едем бағынан қуылды. Өз қалауларының жетегінде кеткен олар өздерін де, ұрпақтарын да кемелділік пен мәңгілік өмірден құралақан қалдырды (Мұс. 1-ж. 2:15—3:24).
7, 8. Қабыл туылғанда, Хауа не деді, әрі ол ойында нені тұтса керек?
7 Жұмақтан қуылған соң, Адам мен Хауа ащы өмірдің тауқыметін тартты. Әйтсе де тұңғыш ұлдары Қабыл туылғанда, Хауа: “Ехобаның жарылқауымен дүниеге ұл бала әкелдім”,— деп қуанған. Осы сөздеріне қарағанда, ол Ехобаның Едем бағында берген уәдесін ойында тұтқан болса керек. Бұл уәде бойынша, бір әйелден ұрпақ туылып, сол ұрпақ алғашқы жұпты жолдан таюға итермелеген зұлым жаратылысты жою керек еді (Мұс. 1-ж. 3:15; 4:1). Хауа осы пайғамбарлықтағы “әйелді” өзі деп, ал уәде етілген “ұрпақты” Қабыл деп ойлаған болуы мүмкін бе?
8 Хауа осылай ойлаған болса, қатты қателескен. Оның үстіне, егер ата-анасы Қабылды жастайынан адамзатты құтқаратын ұрпақ сенсің деп үйреткен болса, оның неліктен өркөкірек болып өскені таңғалдырмайды. Кейін Хауа екінші ұлын дүниеге әкелді. Бірақ бұл бала туылғанда, оған жоғарыдағыдай лепірме сөздер айтылғаны жайлы Киелі кітапта ештеңе жазылмаған. Ата-анасы оған “дем шығару” не “бос әурешілік” дегенді білдіретін Әбіл деген ат қойған (Мұс. 1-ж. 4:2). Қандай ат қойғанына қарап, олар Әбілден гөрі Қабылға көбірек үміт артқан деуге бола ма? Бәлкім, солай да шығар, алайда бұл — тек болжам ғана.
9. Бүгінде ата-аналар алғашқы ата-анадан қандай сабақ ала алады?
9 Ата-аналар, сіздер сол алғашқы ата-анадан қандай сабақ аласыздар? Сөздеріңіз бен істеріңіз балаларыңыздың бойында өркөкіректіктің, атаққұмарлық пен өзімшілдіктің дамуына түрткі болып жүрген жоқ па? Әлде оларды Ехоба Құдайды сүюге және онымен дос болуға үйретесіз бе? Өкінішке қарай, алғашқы ата-ана өздеріне жүктелген жауапкершілікті дұрыс атқара алмады. Алайда олардың ұрпақтары мүлдем үмітсіз емес еді.
Әбілге сенім дамытуға не көмектесті?
10, 11. Қабыл мен Әбіл немен айналысқан және Әбіл қандай қасиет дамытқан?
10 Адам ата отбасының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, екі ұлын еңбекке баулыса керек. Тұңғыш ұлы Қабыл егін шаруашылығымен, ал Әбіл қой бағумен айналысқан.
11 Алайда Әбіл бұдан да маңызды нәрсе істеген. Ол жылдар бойы Ехоба Құдайға деген сенімін дамытып жетілдірген. Кейін елші Пауыл оның осы керемет қасиетіне назар аударды. Ойлап көріңізші, Әбілге Ехоба Құдайға деген сенімімен үлгі болатын ешкім болмаған. Онда Әбілге сенім дамытуға не көмектесті? Оның сеніміне негіз болған үш жайтты қарастырып көрейік.
12, 13. Неліктен Ехобаның жаратылыстары жайлы ойлану Әбілдің сенімін нығайтқан дей аламыз?
12 Ехобаның жаратылыстары. Жер Құдайдың қарғысына ұшырағандықтан, онда тікенектер мен ошағандар қаптап, егін шаруашылығын қиындатты. Әйтсе де Адамның отбасы аш қалған жоқ, өйткені жер өз өнімін жомарттықпен беріп тұрды. Сондай-ақ жануарлар, құстар мен балықтар, таулар, өзен-көлдер мен теңіздер, аспан, бұлттар, күн, ай мен жұлдыздар Құдайдың қарғысына ұшырамаған еді. Әбіл қайда қараса да, табиғат Ехобаның даналығына, зор сүйіспеншілігі мен мейірімділігіне тұнып тұрды (Римдіктерге 1:20 оқыңыз). Жаратылыстар туралы ризашылықпен ой жүгірткені оның сенімін нығайта түскені сөзсіз.
Әбіл табиғатқа қарап, сүйіспеншілікке толы Жаратушыға деген берік сенім дамытқан
13 Әбіл рухани нәрселер туралы ойлану үшін уақыт бөлген. Көз алдыңызға оның отарды бағып жүргенін елестетіп көріңізші. Әдетте қойшылар көп жаяу жүреді. Әбіл де шөбі шүйгін, суы мол жасыл жайлауды табу үшін, қойларын қырлар мен өзендерден алып өтіп, алқаптарға бастап жүрген. Жаратылыстардың ішінде қой — ең қорғансыз жануар. Оны әрдайым біреу жетелеп, қорғап жүру қажет. Әбіл өзінің де адамдардан әлдеқайда дана әрі құдіретті Тұлғаның басшылығына, қорғауы мен қамқорлығына мұқтаж екенін түсінген болар. Оның бұл жайлы дұғада айтқанында күмән жоқ, әрі мұның нәтижесінде оның сенімі нығая түскен.
14, 15. Әбіл Ехоба берген уәделерден не түйген?
14 Ехобаның уәделері. Адам мен Хауа Едем бағынан не үшін қуылғандарын ұлдарына айтқан болса керек. Демек, Әбіл көп нәрсе жайлы ой жүгірте алған.
15 Мысалы, ол тікенектер мен ошағандарға қарап, Ехоба айтқан сөздердің жүзеге асқанын көрген. Өйткені Құдай жердің қарғысқа ұшырайтынын айтқан еді. Сондай-ақ Ехоба Хауаның толғақ азабын тартып, қиналып босанатынын алдын ала айтқан. Бауырлары туылғанда, Әбілдің осы сөздердің де растығына көзі жеткен. Бұған қоса, Ехоба Хауаның күйеуінің сүйіспеншілігі мен көңіл бөлуіне аса зәру болатынын, ал Адамның оған үстемдік ететінін де алдын ала айтқан. Әбіл осы жайттарды ата-анасының қарым-қатынасынан байқаған да шығар. Ол осы жағдайлардың бәрінде Ехобаның сөздері сенуге тұрарлық екенін көріп отырған. Сондықтан Едемде бастау алған залалдың орнын толтыратын “ұрпақ” келетіні жайлы уәденің де орындалатынына Әбіл толық сенген дей аламыз (Мұс. 1-ж. 3:15—19).
16, 17. Ехобаның керубтерінен Әбіл не нәрсеге үйренген?
16 Ехобаның қызметшілері. Адамдардың арасында Әбілге үлгі болатындай ешкім болмаған. Алайда жер бетінде басқа бір саналы жаратылыстар бар еді. Адам мен Хауа жұмақтан қуылғаннан кейін, олардың өздері де, ұрпақтары да онда кірмеулері үшін Ехоба бір шара қолданды. Ол жұмақ бағына кіретін жолға күзетші етіп керубтерді, яғни өте жоғары дәрежелі періштелерді және жүзінен от жалындап, айналып тұрған семсерді қойды (Мұсаның 1-жазбасы 3:24 оқыңыз).
17 Бала кезінде сол керубтерді көргенде, Әбілдің бойын қастерлі сезім билесе керек. Адами тәнге енген періштелердің сырт көрінісінен олардың зор күштің иесі екендері көрінетін. Олардың жанында жүзінен от жалындап, үздіксіз айналып тұрған семсердің өзі де қастерлі сезім ұялататын. Керубтердің күзетуден жалығып, сол жерден кетіп қалған кездері болмаған. Күннен-күнге, жылдан-жылға, тіпті ондаған жылдар бойы бұл саналы да күшті жаратылыстар орындарында тапжылмай тұрды. Бұдан Әбіл Құдайдың адал да табанды қызметшілерінің бар екенін көрді. Бұл керубтердің бойында Әбілдің отбасында ешкім таныта алмаған адалдық пен мойынсұнушылық қасиеттері бар еді. Осы періштелердің үлгісі оның сенімін одан сайын нығайтқан.
Әбіл керубтердің Ехобаға мойынсұнып, адалдықпен қызмет еткендерін көріп жүрген
18. Бүгінде қандай жайттар біздің сенімімізді нығайта алады?
18 Жаратылыстары мен уәделерінен Ехоба Құдай туралы білгені және оның қызметшілерінің үлгісі жайлы ой жүгірткені Әбілдің сенімін күшейте түсті. Бүгінде ол бізге әлі де сөйлеуде, солай емес пе?! Әсіресе жастар, отбасы мүшелерінің сенімі қандай болмасын, Ехобаға деген шынайы сенім дамыта алатындарына күмәнданбаса болады. Таңғажайып жаратылыстарды, Киелі кітап пен еліктеуге тұрарлық адамдардың үлгілерін қоса алғанда, бізде де сенім дамытуға қажеттінің бәрі бар.
Құдайға ұнамды болған құрбандық
19. Уақыт өте келе Әбіл қандай шындықты түсінді?
19 Әбілдің Ехобаға деген сенімі барған сайын нығайып, ол осы сенімін іс-әрекетімен көрсеткісі келді. Алайда пенде Әлемнің Жаратушысына арнап бірдеңе істей ала ма? Құдай адамдардың сыйына не көмегіне мұқтаж емес екені түсінікті. Бірақ Әбіл уақыт өте келе келесі бір маңызды шындықты түсінді: Ехобаға өзімізде бардың ең жақсысын шын ниетпен ұсынсақ, ол бұған қуанады.
Әбіл құрбандығын сеніммен ұсынды, ал Қабыл олай етпеді
20, 21. Қабыл мен Әбіл Ехобаға қандай тарту ұсынды және Ехоба бұған қалай қарады?
20 Бірде Әбіл өз отарынан Құдайға тарту ұсынбақ болды. Ол қойлардың алғашқы төлдерінің ең жақсыларын таңдап алып, құрбандыққа ең таңдаулы деген бөліктерін шалды. Қабыл да Құдайдың ықыласы мен батасына ие болуды қалап, егіндігінен жинаған өнімін дайындады. Бірақ оның ниеті Әбілдікіндей болмады. Екеуінің ниеті екі түрлі екені Құдайға тартуларын ұсынған кезде аян болды.
21 Адамның екі ұлы да Ехобаның жердегі өкілдері болған керубтердің көз алдында құрбандық орындарын тұрғызып, өз тартуларын сонда өртеген болса керек. Ехоба бұған қалай қарады? Киелі кітапта: “Ехоба Әбілге ықыласын түсіріп, құрбандығын қабыл алды”,— делінген (Мұс. 1-ж. 4:4). Алайда онда Құдайдың Әбілге ықыласын қалай түсіргені жөнінде ештеңе айтылмаған.
22, 23. Неліктен Құдай Әбілдің құрбандығын қабыл алды?
22 Неге Құдай Әбілге ықыласын түсірді? Ұсынған құрбандығы үшін бе? Әбіл тірі жаратылыстың қанын төкті. Сонда Әбіл мұндай құрбандықтың қаншалықты бағалы болатынын білген бе? Әбілдің заманынан көп ғасыр өткен соң, Ехоба халқынан еш кемшіліксіз тоқтыны құрбандыққа шалып тұруды талап еткен. Мұндай құрбандықтар “Құдайдың Тоқтысының”, яғни Ехобаның кемелді Ұлының, жазықсыз қаны төгіліп, құрбандыққа берілетінін бейнелеген еді (Жох. 1:29; Мұс. 2-ж. 12:5—7). Әрине, Әбіл бұл жайлы ештеңе білмеді.
23 Алайда бір білетініміз, Әбіл Құдайға өзінде бардың ең жақсысын берген. Ехоба Әбілдің құрбандығына ғана емес, оның өзіне де ықыласын түсірді. Өйткені Әбілді құрбандық ұсынуға талпындырған Құдайға деген сүйіспеншілігі мен шынайы сенімі еді.
24. а) Қабылдың тартуы жарамсыз болды ма? ә) Қабыл мен бүгіндегі көптеген адамдар қай жағынан ұқсас?
24 Ал Қабыл туралы не деуге болады? Ехоба Құдай “Қабылға теріс қарап, оның тартуын қабыл алмады” (Мұс. 1-ж. 4:5). Бұл оның құрбандығы жарамсыз болды дегенді білдірмейді. Өйткені кейінірек Құдайдың Мұса арқылы берген Заңы бойынша жер өнімдерін де тарту етуге болатын (Мұс. 3-ж. 6:14, 15). Бірақ Киелі кітапта Қабыл жайлы: “Оның істері зұлым еді”,— деп айтылған (Жоханның 1-хаты 3:12 оқыңыз). Ол бүгіндегі көп адамдар сияқты, сырт көзге Құдайға шын берілгендей болып көріну жеткілікті деп ойласа керек. Қабылдың кейінгі әрекеттерінен оның Құдайға деген сүйіспеншілік пен сенімнен жұрдай екені көрінді.
25, 26. Ехоба Қабылға не деп ескертті, алайда ол не істеді?
25 Қабыл Құдайдың ықыласына ие болмағанын көргенде, Әбілден үлгі алуға тырысты ма? Жоқ, керісінше ол бауырын жек көріп кетті. Ехоба Қабылдың жүрегінде не болып жатқанын көріп, сабырмен ойын түзеуге шақырды. Ол Қабылға мұндай әрекеті ауыр күнәға апаруы мүмкін екенін ескертіп, егер райынан қайтса, “ықыласына ие болатынын” айтты (Мұс. 1-ж. 4:6, 7).
26 Қабыл Құдайдың ескертуіне ден қоюдың орнына ақкөңіл інісін далаға шақырып алды да, оны бас салып ұрып өлтірді (Мұс. 1-ж. 4:8). Осылайша Әбіл қандай да бір мағынада діни қудалаудың алғашқы құрбаны болды. Әбіл өмірден өтсе де, оның аты тарихтан өшпеді.
27. а) Әбілдің қайта тірілетінін қайдан білеміз? ә) Болашақта Әбілмен жүздесу үшін не істеуіміз керек?
27 Бейнелеп айтқанда, Әбілдің төгілген қаны Ехобадан кек қайтаруын, әділдік орнатуын сұрап, үн қатып тұрды. Құдай Қабылды қылмысы үшін жазалап, әділдік орнатты (Мұс. 1-ж. 4:9—12). Бүгінде Әбілдің сенімі бізге әлі де тіл қатып тұр. Оның шамамен бір ғасырға созылған ғұмыры сол замандағы адамдар үшін қысқа болатын. Бірақ Әбіл ағып түскен жұлдыздай қысқа ғұмырында Құдайға ұнамды өмір кешті. Ол көктегі Әкесі Ехобаның сүйіспеншілігі мен ықыласына ие болғанын біліп көз жұмды (Евр. 11:4). Олай болса, Әбілдің Ехобаның жадында сақталып, болашақта жердегі жұмақта қайта тірілетіні даусыз (Жох. 5:28, 29). Оны жұмақта көргіңіз келе ме? Егер “әлі де сөйлеп тұрған” Әбілді тыңдауға және оның зор сенімін үлгі етуге бел бусаңыз, бұл әбден мүмкін.
a Бұл жердегі “дүниенің негізі қаланғанда” деген сөздер тұқымның себілуін, яғни ең алғашқы ұрпақтың пайда болуын білдіреді. Онда неге Иса “дүниенің негізі қаланғанда” деген сөздерді Адамның тұңғыш ұлы Қабылға емес, Әбілге қатысты айтқан? Өйткені Қабыл біле тұра Ехоба Құдайға қарсы шығып, бұрыс шешім қабылдап, зұлымдық жасаған. Сондықтан ата-анасы сияқты Қабыл да күнәсі өтеліп, қайта тірілетін адамдардың қатарынан сырт қалды.