Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • bt 11-тар., 86—92 бет.
  • Олар “қуанып, киелі рухқа кенеле берді”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Олар “қуанып, киелі рухқа кенеле берді”
  • “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құдай “тапсырған істі атқару үшін” таңдалды (Ел. іс. 13:1—12)
  • “Жігер беретін сөздер” (Ел. іс. 13:13—43)
  • “Біз басқа ұлттарға бет бұрамыз” (Ел. іс. 13:44—52)
  • “Ехоба берген билікпен батыл сөйледі”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Барнаба мен Пауыл алыс жерлерде шәкірт дайындады
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2018)
  • Мәсіхшілік көп халыққа тарады
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • “Қауымдарды нығайтты”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
Көбірек мәлімет
“Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
bt 11-тар., 86—92 бет.

11-ТАРАУ

Олар “қуанып, киелі рухқа кенеле берді”

Пауылдан адамдар ізгі хабарға қарсы болғанда не істеу керектігін үйренеміз

Елшілердің істері 13:1—52 негізделген

1, 2. Барнаба мен Саулдың барғалы жатқан сапары несімен ерекше және олардың қызметі Елшілердің істері 1:8-дегі пайғамбарлықтың орындалуына қалай септігін тигізбек?

АНТИОХИЯДАҒЫ қауым үшін бүгін қуанышты күн. Себебі жиналып отырған пайғамбарлар мен ұстаздардың арасынан киелі рух Барнаба мен Саулды алыс жерлерге барып уағыздау үшін таңдап алдыa (Ел. іс. 13:1, 2). Әрине, бұған дейін де ондай жерлерге тәжірибелі бауырластар жіберіліп тұрған. Бірақ ол кезде миссионерлер мәсіхшілік тамыр жайып қойған жерлерге барған (Ел. іс. 8:14; 11:22). Ал бұл жолы Барнаба мен Саул және оларға көмектесетін Жохан (Марқа) үшеуі ізгі хабар әлі жете қоймаған аймақтарға бармақшы.

2 Осыдан 14 жылдай бұрын Иса шәкірттеріне: “Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деген еді (Ел. іс. 1:8). Барнаба мен Саулдың алыс жерлерде уағыздау үшін миссионер болып тағайындалғаны осы пайғамбарлықтың орындалуына септігін тигізбекb!

Құдай “тапсырған істі атқару үшін” таңдалды (Ел. іс. 13:1—12)

3. І ғасырда алыс жолға шығу неге қиын болған?

3 Бүгінгі таңда автокөліктің және ұшақтың көмегімен алыс жерлерге бір-екі-ақ сағатта жетуге болады. Бірақ І ғасырда мұндай транспорттар болмаған. Ол кезде адамдар ойлы-қырлы, соқпақ жолдармен жаяу жүрген. Бір күнде, өлдім-талдым дегенде, 30-ақ шақырым жерді жүріп өткенc. Сондықтан Барнаба мен Саул алған тапсырмаларына қуанғанмен, шалғай жерлерге бару үшін қаншама күш салып, жанкешті болулары керектігін жақсы түсінген (Мат. 16:24).

ЖОЛ ЖҮРГЕНДЕ

Ежелде құрлықпен сапар шегу көп уақыт алатын әрі адамды қажытып жіберетін. Бұған қоса, теңізбен саяхаттауға қарағанда, қымбатқа түссе керек. Ал кей жерлерге тек жаяу жетуге болатын.

Жолаушы бір күнде 30 шақырымдай жерді басып өткен. Оған аптап ыстықта, жаңбырда, суықта жүруге тура келген. Жол-жөнекей ұры-қарының қолына түсіп қалуы да мүмкін еді. Елші Пауыл: “Жиі сапарға шықтым, талай рет өзендерде қатерге тап болдым, қарақшылардан... басыма қауіп төнді”,— деп жазған (Қор. 2-х. 11:26).

Рим империясында тарам-тарам тас жолдар көп болған. Негізгі жолдардың бойында қонақүйлер болатын. Олардың арасы біркүндік жер еді. Бір қонақүй мен екіншісінің арасында басқа да шағын тоқтайтын жерлер болған. Осындай жерлерден жолаушылар керек-жарағын таба алған. Сол кездегі жазушылардың сипаттауынша, мұндай қонақүйлердің іші өте лас, сыз, бүрге қаптап жүрген, адамға лық толы болған. Көбінесе оңбаған, азғын адамдар тоқтағандықтан, бұндай жерлер жаманатты болған. Қонақүй иелері жолаушылардың заттарын, ақшаларын ұрлаған, тіпті олардың көңілдерін аулау үшін жезөкшелер ұсынған.

Мәсіхшілер бұндай жерлерден мейлінше іргесін аулақ ұстаған. Бірақ туыстары, достары жоқ жерлерге сапар шеккенде, амал жоқ, қонақүйлерге тоқтаған.

4. а) Барнаба мен Саул қалай таңдалды және бауырластар бұны қалай қабылдады? ә) Қауымда жауапкершілік алған бауырластарға қалай қолдау көрсете аламыз?

4 Құдай “тапсырған істі” атқару үшін киелі рух неге осы Барнаба мен Саулды таңдады? (Ел. іс. 13:2). Киелі кітапта мұның себебі айтылмаған. Бірақ нақты білетініміз — олар киелі рухтың жетелеуімен тағайындалған. Антиохиядағы пайғамбарлар мен ақсақалдар бұл шешімге қарсы болды деп еш жерден оқымаймыз. Керісінше, олар осы іске тағайындалған Барнаба мен Саулға толық қолдау көрсетті. Олар ораза тұтып, дұға еткеннен кейін, “екеуінің үстіне қолдарын қойып, жолға аттандырды” (Ел. іс. 13:3). Рухани бауырластарының еш іштарлық жасамай, осылай еткеніне Барнаба мен Саул риза болғаны шүбәсіз. Біз де қауымда жауапкершілік алған бауырластарды, соның ішінде ақсақал болып тағайындалғандарды, қолдап-демеуіміз керек. Оларға қызғана қараудың орнына, “еңбектері үшін айрықша құрметтеп, жақсы көруіміз керек” (Сал. 1-х. 5:13).

5. Кипр аралында уағыз ісі қалай жүргенін айтып беріңіз.

5 Барнаба мен Саул алдымен Антиохияның қасындағы портты қала Селеукияға келіп, сол жерден 200 шақырымдай жерде орналасқан Кипр аралына жүзіп кеттіd. Кипр Барнабаның туған жері болғандықтан, ол жерлестеріне ізгі хабарды айтуға, әрине, асыққан болса керек. Екеуі аралдың шығыс жағалауында орналасқан Саламис қаласына келген соң, уақытты босқа кетірмей, бірден “яһудилердің мәжілісханаларында Құдай сөзін уағыздай бастады”e (Ел. іс. 13:5). Барнаба мен Саул Кипрдің о шетінен бұ шетіне дейін жүріп өтіп, жол-жөнекей ірі-ірі қалаларда уағыздаған. Осылай екі миссионер бас-аяғы 160 шақырымдай жол жүрді!

ЯҺУДИЛЕРДІҢ МӘЖІЛІСХАНАСЫ

“Мәжілісхана” (грекше “синагоге”) сөзбе-сөз “жинау, жиын” дегенді білдіреді. Бастапқыда бұл сөз яһудилердің бас қосқан жиынына қатысты қолданылған. Ал кейінірек осындай жиындар өткен жерге я ғимаратқа қатысты қолданылып кеткен.

Мәжілісханалар яһудилер 70 жыл Бабыл тұтқындығында жүрген кезде немесе тұтқыннан келгеннен кейін пайда болған деп жатады. Мәжілісханаларда рухани тәлім-тәрбие берілген, ол жерде Құдайға құлшылық еткен және Киелі жазбаларды оқыған. I ғасырда Палестинаның әрбір қаласында өз мәжілісханасы болған. Ал ірі қалаларда бір емес, бірнешеуі болған. Иерусалимде де көп мәжілісхана болды.

Алайда Бабыл тұтқындығынан Палестинаға яһудилердің бәрі бірдей оралмаған. Көбісі сауда-саттық жасау үшін басқа елдерге барған. Б. з. б. V ғасырдың басында-ақ Персия империясының 127 аймағында яһудилердің қауымдастығы болған (Ест. 1:1; 3:8). Бертін келе, мұндай қауымдастықтар Жерорта теңізінің айналасындағы қалаларда да пайда болды. Жан-жаққа бытырап кеткен яһудилерді диаспора деп атаған. Қай жерге барып тұрмасын, яһудилер сол жерде мәжілісханалар құрған.

Мәжілісханаларда әрбір Демалыс күні Мұса Заңы оқылып, түсіндірілетін. Заңды мінбеге шығып оқыған. Мінбенің үш жағына орындықтар қойылған. Құдайды қастерлейтін әрбір яһуди ер адам Заңды оқуға, насихат және уағыз айтуға қатыса алған.

6, 7. а) Серги Пауыл кім болған және Барешуа неге оған ізгі хабарды тыңдауға кедергі жасағысы келді? ә) Барешуа қарсылық көрсеткенде, Саул не істеді?

6 І ғасырда Кипрде не көп, жалған дін көп еді. Бұған Саул мен Барнаба әсіресе аралдың батыс жағалауындағы Пафосқа келгенде көздері жетті. Ол жерде екеуі “сиқыршы әрі жалған пайғамбар болған Барешуа есімді яһудиді кезіктірді. Ол Серги Пауыл есімді аймақ әміршісіне қызмет ететін. Серги Пауыл ақылды кісі еді”f. І ғасырда көзі ашық, білімді римдіктер, тіпті Серги Пауыл сияқты ақылды кісілер, маңызды шешім қабылдағанда, сиқыршыларға не жұлдызжорамалшыларға жүгінген. Бірақ Серги Пауыл Патшалық жайлы хабарға қатты қызығып, “Құдай сөзін естуді шын жүректен қалады”. Сиқыршылықпен айналысқандықтан “Елима” деп те аталған Барешуа Сергидің бұл қызығушылығын жақтыра қоймады (Ел. іс. 13:6—8).

7 Сондықтан Барешуа ізгі хабарға қарсы келді. Серги Пауылдың кеңесшісі деген атақ-дәрежесінен айырылып қалмас үшін, ол “әміршіні сенімінен тайдырмақ болды” (Ел. іс. 13:8). Бірақ Саул бұл сарай сиқыршысына Серги Пауылдың қызығушылығын ұрлауына жол бере алмады. Ол не істеді? Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Пауыл деп те аталатын Саул киелі рухқа кенеліп, оған қадала қарады да, былай деді: “Ей, іші арамдық пен зұлымдыққа толы адам! Шайтанның баласы, әділдік атаулының жауы, Ехобаның тура жолдарын бұрмалауды қашан қоясың? Енді, міне, Ехобаның қолы саған қарсы көтерілді! Сондықтан соқыр болып, біраз уақыт күн нұрын көрмей қаласың”. Сол мезетте-ақ оның көзі тұманданып, қарауытып кетті де, қолынан жетелейтін адам іздеп, сипаланды да қалды”g. Бұл керемет Серги Пауылға қалай әсер етті? “Осы оқиғаға куә болған әмірші Ехоба туралы білгендеріне қатты таңғалып, Исаның ізбасары болды” (Ел. іс. 13:9—12).

Ер бауырлас Киелі кітапты ашып, сотта шындықты қорғап тұр.

Пауыл секілді біз де қарсылыққа кезіккенде, шындықты батыл қорғаймыз

8. Пауылдың батылдығына біз қалай еліктей аламыз?

8 Пауыл Барешуадан қорыққан жоқ. Тап солай біз де ізгі хабарға қызыққан адамдарға көлденең тұратындардан қорықпауымыз керек. Біз, әрине, сөзіміз “әрқашан жағымды да дәмді” болу керектігін ұмытпаймыз (Қол. 4:6). Алайда “аш құлақтан — тыныш құлақ” деп, қызығушылық білдіргендердің рухани күйін ескерусіз қалдырмауымыз қажет. Барешуа сияқты “Ехобаның тура жолдарын бұрмалайтын” жалған діндерді әшкерелеуден де тартынбаймыз (Ел. іс. 13:10). Пауылға еліктеп, ақжүректі адамдарға ізгі хабарды батыл жеткізейік. Құдайдың қолдауын Пауыл секілді анық көрмесек те, Ехоба киелі рухымен лайықты адамдарды шындыққа әкелетініне күмәнданбасақ болады (Жох. 6:44).

“Жігер беретін сөздер” (Ел. іс. 13:13—43)

9. Пауыл мен Барнаба қауымда жетекшілік ететіндер үшін қай жағынан үлгі?

9 Бұл кісілер Пафостан кемеге отырып, Перге қаласына келгенде, бір өзгеріс болды (Перге Кіші Азияның жағалауындағы теңізден 250 шақырымдай жерде орналасқан қала еді). Елшілердің істері 13:13-те олар “Пауыл мен оның серіктері” деп аталған. Бұл сөздерден жетекшілікті енді Пауыл қолға алғаны көрінеді. Бірақ Барнаба Пауылды көре алмады деп еш жерде жазылмаған. Қайта, екеуі бірге Құдайдың еркін иықтаса орындай берді. Пауыл мен Барнаба — қауымда жетекшілікті қолға алғандар үшін ғаламат үлгі. Мәсіхшілер бір-бірінен асып түсуге тырыспай, Исаның: “Сендер өзара бауырлассыңдар... Өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады”,— деген сөздерін есте ұстаулары қажет (Мат. 23:8, 12).

10. Пергеден Писидиядағы Антиохияға баратын жол қандай болған?

10 Пергеге келгенде, Марқа Пауыл мен Барнабаны тастап, Иерусалимге қайтып кетеді. Оның не үшін бұлай табан астынан кетіп қалғаны белгісіз. Ал Пауыл мен Барнаба сапарларын жалғастырып, Пергеден Писидия өлкесіндегі Антиохияға жол тартады. Бұл қала Ғалатия провинциясына қарайтын. Ол жерге жетудің өзі оңай болмаған, өйткені қала теңіз деңгейінен 1100 метрдей биіктікте орналасқан еді. Ал қауіпті тау өткелдерінде қарақшылар көп болатын. Одан қала берсе, осы кезде Пауылдың денсаулығы сыр бергенге ұқсайдыh.

11, 12. Мәжілісханада Пауыл тыңдаушыларының қызығушылығын ояту үшін не айтты?

11 Писидиядағы Антиохияда Пауыл мен Барнаба Демалыс күні мәжілісханаға барды. Елшілердің істерінде былай делінген: “Көпшіліктің алдында Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбалары оқылғаннан кейін, мәжілісхана жетекшілері Барнаба мен Пауылға: “Бауырластар, халыққа жігер беретін сөздерің болса, айтыңдар”,— деді” (Ел. іс. 13:15). Сонда Пауыл орнынан тұрып, сөз сөйледі.

12 Ол сөзін: “Исраилдіктер және Құдайды қастерлейтін басқа да адамдар”,— деп бастады (Ел. іс. 13:16). Пауылды тыңдап отырғандар яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар еді. Құдайдың ниетіндегі Исаның рөлін түсінбейтін осы адамдардың қызығушылығын Пауыл қалай оятпақшы? Ол алдымен яһуди халқының тарихын шолып өтеді. Ол Ехобаның “Мысырда жатжерлік ретінде тұрып жатқан бұл халықты жоғарылатқанын” және оларды құлдықтан алып шыққан соң “40 жылдай шөл далада жүрген кездерінде оларға төзгенін” айтады. Сондай-ақ Ехоба оларды Уәде етілген жерге алып келгенін, “сол жерді исраилдіктерге мұралыққа бергенін” айтып өтеді (Ел. іс. 13:17—19). Кейбіреулер Пауыл сол Демалыс күні оқылған жазба орындарын тілге тиек етсе керек деп пайымдайды. Егер осы рас болса, бұл — Пауылдың әртүрлі адамдарға икемделе білгенінің тағы бір дәлелі (Қор. 1-х. 9:22).

13. Тыңдаушылардың жүрегіне қалай жол таба аламыз?

13 Біз де ізгі хабарды адамдарға қызықты етіп жеткізуіміз керек. Мысалы, адамның қандай дінді ұстанатынын біліп алсақ, оның көңіліне жақын тақырыпты таңдай аламыз. Сондай-ақ оларға Киелі кітаптан таныс үзінділерді оқып берсек болады. Егер адамның Киелі кітабы бар болса, тармақтарды өзіне оқытсақ, тіптен жақсы. Ендеше, адамның жүрегіне қозғау салудың жолдарын іздей берейік.

14. а) Пауыл Иса туралы ізгі хабарды қалай жеткізді және қандай ескерту айтты? ә) Жұрт Пауылдың сөздерін қалай қабылдады?

14 Содан кейін Пауыл Исраил патшаларының үрім-бұтағынан шыққан “құтқарушы” Исаға көшті. Алдымен, ол шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның Исаға жол дайындағанын айтты. Сосын, Исаның қалай өлімге кесілгенін және қайта тірілгенін баяндап берді (Ел. іс. 13:20—37). “Сондықтан мынаны біліңіздер: Құдай күнәларыңызды осы кісінің өлімі арқылы кешіреді... Сенім білдірген әрбір адам Исаның өлімі арқылы ақталады”,— деді Пауыл. Сонан соң оларға былай деп ескертті: “Пайғамбарлар жазбаларында айтылған мына сөздер бастарыңызға түспес үшін сақ болыңыздар: — Жек көретіндер, қараңдар, таңғалыңдар да, жоқ болыңдар, өйткені мен сендердің күндеріңде бір іс атқарудамын. Бұл жайлы тіпті біреу егжей-тегжейлі айтып берсе де, сенбейсіңдер”. Пауылдың сөздері жұрттың бойын шымырлатып жіберді. Сондықтан олар “осылар жайлы келесі Демалыс күні де айтып берулерін өтінді”. Ал мәжілісханадағы жиналыс тарқағаннан кейін, “көптеген яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар Пауыл мен Барнабаның соңынан ерді” (Ел. іс. 13:38—43).

“Біз басқа ұлттарға бет бұрамыз” (Ел. іс. 13:44—52)

15. Келесі Демалыс күні Пауыл сөз сөйлегенде не болды?

15 Келесі Демалыс күні Пауылды тыңдау үшін “қала халқының басым көпшілігі” жиналды. Бұл кейбір яһудилерге ұнай қоймады. “Олар зұлым пиғылмен Пауылдың айтқандарына қарсы сөйлей бастады”. Сонда Пауыл мен Барнаба еш тайсалмастан былай деді: “Құдай сөзі алдымен сіздерге айтылу керек еді. Бірақ сіздер одан бас тартып, өздеріңізді мәңгілік өмірге лайық санамадыңыздар, сондықтан біз басқа ұлттарға бет бұрамыз. Өйткені Ехоба бізге: —Сендерді халықтарға нұр еттім, сондықтан құтқарылу жолын жердің қиыр шетіне дейін жариялаңдар,— деп бұйырды” (Ел. іс. 13:44—47; Ишая 49:6).

Қарсыластар Пауыл мен Барнабаны Писидиядағы Антиохиядан қуып шығарды.

“Ықпалды кісілерін Пауыл мен Барнабаға қарсы айдап салды... Шәкірттер болса қуанып, киелі рухқа кенеле берді” (Елшілердің істері 13:50—52)

16. Миссионерлердің өткір сөздері яһудилерге қалай әсер етті және Пауыл мен Барнаба олардың тарапынан қарсылық көргенде не істеді?

16 Пауылды тыңдап тұрған басқа ұлт өкілдері оның сөзіне қуанып қалды, әрі “мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың барлығы Исаның ізбасары болды” (Ел. іс. 13:48). Осылай көп күттірмей-ақ Ехобаның сөзі бүкіл өңірге тарады. Бірақ яһудилер мүлдем басқаша әрекет етті. Негізінде, екі миссионер Құдай сөзі алдымен оларға айтылу керек болғанын, бірақ олар Мәсіхтен бас тартқандықтан, Құдайдың жазасына ұшырайтындарын айтқан еді. Бұл яһудилер қаланың беделді әйелдері мен ықпалды кісілерін “Пауыл мен Барнабаға қарсы айдап салды”. Ал олар “екеуін қудалап, өз жерлерінен қуып шығарды”. Сонда Пауыл мен Барнаба не істеді? “Олар ескерту ретінде аяқтарының шаңын қағып, Иқонияға қарай жол тартты”. Ал Антиохиядағы мәсіхшіліктің жолы кесілді ме? Жоқ, ол жердегі “шәкірттер қуанып, киелі рухқа кенеле берді” (Ел. іс. 13:50—52).

17—19. Пауыл мен Барнабадан қандай үлгі аламыз және бұл қуанышымызды жоғалтпауға қалай көмектеседі?

17 Осы адал қызметшілердің қарсылыққа кезіккенде қалай әрекет еткендерінен құнды сабақ аламыз. Мына дүниенің беделді, ықпалды адамдары уағыз ісін тоқтатуға қанша әрекеттенсе де, оны әрі қарай жалғастыра береміз. Есіңізде болса, Антиохиядағы адамдар ізгі хабардан бас тартқанда, Пауыл мен Барнаба “аяқтарының шаңын қағып” кетіп қалған еді. Бұл олардың ашуланғанын емес, өз мойнынан жауапкершілікті алып тастағанын білдірді. Екеуі ізгі хабарды басқалар қалай қабылдайтынына ықпал ете алмайтындарын түсінген. Бірақ оны айтуды жалғастыра ма, жоқ па — бұл өз қолдарында еді. Сондықтан Иқонияға бара жатып та олар уағыздай берді!

18 Ал Антиохиядағы шәкірттер туралы не деуге болады? Рас, олар уағыз ісіне қарсылық көрсеткен аймақта тұрып жатты. Бірақ олардың қуанышы адамдар ізгі хабарды қабыл алатын-алмайтынына тәуелді болмады. Иса: “Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”— деген (Лұқа 11:28). Антиохиядағы шәкірттер дәл осылай істеуге бекінген еді.

19 Пауыл мен Барнаба секілді, біздің міндетіміз ізгі хабарды уағыздау екенін ұмытпайық. Хабарымызды қабыл ала ма, әлде одан бас тарта ма — әркім өзі шешеді. Егер адамдар уағызымызды тыңдамай жатса, онда І ғасырдағы Исаның шәкірттерінің үлгісі бізге күш берсін. Шындықты бағалайтын болсақ әрі киелі рухтың жетелеуімен жүрсек, қатты қуғын көрсек те, қуанышымыз еш ортаймайды (Ғал. 5:18, 22).

“ЖҰБАТУШЫ”— БАРНАБА

Кипрлік Жүсіп ертедегі Иерусалим қауымының белді мүшесі болған, әрі ол леуі руынан шыққан. Елшілер оны мінезіне қарап “Барнаба” деп атап кеткен. Барнаба “жұбатушы” дегенді білдіреді (Ел. іс. 4:36). Барнаба бір бауырластың мұқтаждық көріп жүргенін білсе, қасынан табылып, қол ұшын беруге асыққан.

Барнаба екі қалта ақшаны садақаға беріп жатыр.

Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында 3000 адам шомылдыру рәсімінен өтіп, шәкірт болды. Сірә, олардың көбісі Иерусалимге осы мейрамды тойлау үшін келген. Бірақ олар қалада ұзақ уақытқа қалып қоямыз деп ойламаса керек. Осыншама көп адамның қамын жасау үшін қауымға қаржы керек еді. Сондықтан қолы ашық Барнаба танабын сатып, түскен ақшаны елшілерге әкеліп берді (Ел. іс. 4:32—37).

Рухани толысқан бақылаушы болғандықтан, Барнаба өзгелерге көмектесуге ықыласты еді. Өзге шәкірттердің бәрі бұрын қудалаушы болған тарстық Саулдың мәсіхші болғанына сенбей, қорқып жүргенде, оған көмекке келген осы — Барнаба (Ел. іс. 9:26, 27). Кейінірек Барнаба мен Петірге басқа ұлттан шыққан мәсіхшілерден бөлектенгені үшін Пауыл қатаң кеңес бергенде, Барнаба бұны кішіпейілділікпен қабылдады (Ғал. 2:9, 11—14). Осы бірнеше мысалдың өзінен-ақ Барнабаның шынымен де “жұбатушы” деген атына заты сай болғанын білеміз.

a 86-беттегі “Жұбатушы” — Барнаба” деген қоршауды қараңыз.

b Бұған дейін қауымдар тіпті Иерусалимнің солтүстігінде 550 шақырымдай жерде орналасқан Сириядағы Антиохияда бар еді.

c 87-беттегі “Жол жүргенде” деген қоршауды қараңыз.

d І ғасырда, егер жел қолайлы жақтан тұрса, кеме бір күнде шамамен 150 шақырым жерді жүзіп өте алған. Ал ауа райы қолайсыз болғанда, бұған одан да көп уақыт кететін.

e 89-беттегі “Яһудилердің мәжілісханасы” деген қоршауды қараңыз.

f Кипр аралына Рим сенаты билік еткен. Оны басқарған аймақ әміршісі — проконсул.

g Киелі кітапта осы жерден бастап Саул “Пауыл” деп аталады. Кейбіреулер Пауыл өзін Серги Пауылдың құрметіне осы атпен атаған деп жатады. Бірақ ол Кипрден кеткеннен кейін де, “Пауыл” деп атала бергеніне қарағанда, мұның себебі басқа болған. “Басқа ұлттарға жіберілген елші” болғандықтан, Пауыл осы римдік атымен аталуды ұйғарған. Оның “Пауыл” деп аталуының тағы бір себебі мынау болуы мүмкін: “Саул” деген еврейше есімі гректің мағынасы жаман сөзі сияқты естілген (Рим. 11:13).

h Пауыл ғалаттықтарға арналған хатын бірнеше жылдан кейін жазады. Ол хатында былай деген: “Өздеріңе ізгі хабарды алғаш рет жариялауға барғанымда науқас болғанымды білесіңдер” (Ғал. 4:13).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу