Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • bt 7-тар., 52—59 бет.
  • ”Иса туралы ізгі хабарды” уағыздау

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • ”Иса туралы ізгі хабарды” уағыздау
  • “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Жан-жаққа бытырап кеткен шәкірттер” (Ел. іс. 8:4—8)
  • “Маған да осындай қабілет дарыта көріңдер” (Ел. іс. 8:9—25)
  • “Оқығандарыңызды түсініп жатырсыз ба?” (Ел. іс. 8:26—40)
  • Ізашарлық рух танытыңдар
    Біздің патшалық қызметіміз. 2004
  • Сіз білгенсіз бе?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Киелі кітапты түсінуге көмек
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Әңгімені өз бабымен өрбіту
    Адамдарды сүйіңіз, шәкірт дайындаңыз
Көбірек мәлімет
“Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
bt 7-тар., 52—59 бет.

7-ТАРАУ

“Иса туралы ізгі хабарды” уағыздау

Ізгі хабарды жариялаушы Філіптің қалдырған үлгісі

Елшілердің істері 8:4—40 негізделген

1, 2. Қудалаушылардың ізгі хабарды тұншықтыру үшін жасаған әрекеттері қандай күтпеген нәтиже әкелді?

ИСАНЫҢ шәкірттеріне қуғын-сүргін тасқындай жөңкіді. Пауыл қауымға жауыздықпен “қырғидай тиісе” бастады (Ел. іс. 8:3). Қуғын көрген шәкірттер жан-жаққа қашып кетті. Осы кезде кейбіреулерге Саул “мәсіхшілерді түптамырымен құртамын” деген мақсатына жеткендей көрінген шығар. Бірақ шәкірттердің жан-жаққа бытырап кеткені күтпеген нәтиже әкелді. Қандай дейсіз ғой?

2 Сол шәкірттер барған жерлерінде “Құдай сөзі жайлы ізгі хабарды жариялап жүрді” (Ел. іс. 8:4). Қуғын-сүргіннен ізгі хабар тұншықпақ түгіл, керісінше, кеңінен тарап кетті. Осылай қудалаушылар өздері байқамай Патшалық жайлы хабардың сонау шалғай аймақтарға жетуіне мұрындық болды. Алда көретініміздей, мұндай жағдай біздің кезімізде де болып жатыр.

“Жан-жаққа бытырап кеткен шәкірттер” (Ел. іс. 8:4—8)

3. а) Філіп деген кім болған? ә) Неге бастапқыда Самарияда ізгі хабар уағыздалмаған, бірақ Иса ол аумаққа қатысты не деген?

3 “Жан-жаққа бытырап кеткен шәкірттердің” бірі — Філіпa (Ел. іс. 8:4; 53-беттегі “Ізгі хабарды жариялаушы” Філіп” деген қоршауды қараңыз). Ол Самарияға қашып барған еді. Бұл қалада ізгі хабар мүлдем уағыздалмаған деуге болатын. Себебі Иса ілгеріде елшілеріне: “Самариялықтардың ешбір қаласына кірмеңдер, тек Исраил үйінің жоғалған қойларына барыңдар”,— деген еді (Мат. 10:5, 6). Бірақ Иса кейінірек Самарияда да түбегейлі куәлік берілетінін білген. Өйткені көкке көтерілер алдында ол елшілеріне: “Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деген болатын (Ел. іс. 1:8).

4. Самариялықтар Філіптің уағызын қалай қабылдады және бұған не әсер еткен болуы мүмкін?

4 Філіп Самарияның “пісіп, жинауға дайын тұрғанын” көрді (Жох. 4:35). Оның хабары самариялықтар үшін жан сергітер таза ауадай болды. Неге? Себебі яһудилер самариялықтармен еш араласпайтын, тіпті суқаны сүймейтін. Ал самариялықтар ізгі хабардың адам талғамайтынын түсінді. Өйткені Філіп алалаушылық танытатын санасы таяз парызшылдарға ұқсамай, ешкімді бөліп-жармастан ізгі хабарды оларға құлшыныспен жеткізді. Осылай ол самариялықтарға менсінбей қарайтындарға мүлдем ұқсамайтынын көрсетті. Сол үшін де олардың “бәрі бірдей” Філіптің айтқандарын ұйып тыңдады (Ел. іс. 8:6).

5—7. Мәсіхшілер жан-жаққа кетуге мәжбүр болғанмен, мұның жақсы нәтиже әкелгені қандай мысалдардан көрінеді?

5 Қазіргі күні де I ғасырдағыдай Құдай халқын қудалағандар уағыз ісін бұғаулай алған жоқ. Қайта, олардың мәсіхшілерді басқа жаққа кетуге мәжбүрлегені немесе түрмеге жапқаны ізгі хабардың басқа жерлерге таралуына сеп болып жатыр. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік концлагерлерге жабылған Ехоба куәгерлері керемет куәлік берген. Сол жерде Куәгерлермен танысқан бір еврей кісінің айтқаны: “Түрмедегі Ехоба куәгерлерінің берік рухын көргенде, олардың сенімі шынымен де Жазбаларға негізделгеніне көзім жетті. Кейін өзім де Куәгер болдым”.

6 Тіпті қудалаушылардың өзі куәлік алып, шындықты қабылдаған жағдайлар болған. Мысалы, Франц Деш деген Куәгер Австриядағы Гушен концлагеріне ауыстырылғанда, сол жерде бір СС офицерімен Киелі кітапты зерттейді. Арада біраз жыл өткен соң, олар бір-бірін Ехоба куәгерлерінің конгресінде көріп қатты қуанады! Өйткені енді екеуі де ізгі хабардың жариялаушысы еді.

7 Қуғын-сүргіннің кесірінен мәсіхшілер бір елден екінші елге көшуге мәжбүр болғанмен, бұл да жақсы жеміс әкелген. Бұған бір мысал: 1970 жылдары Малавидегі Куәгерлер бассауғалап Мозамбикке қашып барғанда, сол жерде тамаша куәлік берді. Кейін Мозамбикте де қудалау басталғанда, уағыз ісі бәрібір жалғасын тапты. Франциско Коана бауырлас былай дейді: “Уағыздағанымыз үшін кейбіріміз бір емес, бірнеше рет тұтқындалдық. Бірақ Патшалық туралы хабарды көп адамның қабылдап жатқанын көргенде, I ғасырдағыдай, Құдайдың бізге де жар болып жатқанына сенімді болдық”.

8. Саяси және экономикалық өзгерістер уағыз ісіне қалай әсер етті?

8 Ізгі хабардың өріс алуына қуғын-сүргіннен басқа да жайттар ықпал етуде. Мысалы, соңғы онжылдықтарда біраз елде саяси және экономикалық өзгерістер болды. Бұл өзгерістер әртүрлі тілде сөйлейтін, әртүрлі ұлт өкілдеріне ізгі хабарды уағыздауға жол ашты. Соғыс болып жатқан немесе экономикалық дағдарыс көріп жатқан елдің адамдары жағдайы әлдеқайда тұрақты елдерге көшіп барып, сол жақта Киелі кітапты зерттеу сабағын бастаған. Босқындар келгендіктен шет тілді аумақтар пайда болды. Сіз де өз аумағыңыздағы “әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан” адамдарға уағыздау үшін күш саласыз ба? (Аян 7:9).

“Маған да осындай қабілет дарыта көріңдер” (Ел. іс. 8:9—25)

Бұрын сиқыршы болған Шимон елшіге келіп ақша бермекші. Елші бір мәсіхшінің үстіне қолын қойып тұр. Ал арт жақта басқа бір мәсіхші ақсақ қызды сауықтырып жатыр, оған жұрт таңғала қарап тұр.

“Елшілер қолдарын қойғандарға киелі рух берілгенін байқаған Шимон оларға ақша ұсынды” (Елшілердің істері 8:18)

9. Шимон деген кісі кім болған және неге ол Філіпке қызыққан болса керек?

9 Філіп Самарияда көптеген кереметтер жасады. Мысалы, науқас адамдарды сауықтырды, тіпті жындарды қуып шығарды (Ел. іс. 8:6—8). Оның керемет жасау қабілетіне әсіресе бір кісі қатты қайран қалды. Ол сиқырлықпен айналысатын Шимон деген кісі. Жұрттың бәрі оны аса құрметтеп, “ол кісі Құдайдың зор құдіретіне ие дейтін”. Бірақ Філіптің жасаған кереметтерін көргенде, ол Құдайдың нағыз құдіретіне куә болды. Сөйтіп, Шимон шәкірт болды (Ел. іс. 8:9—13). Бірақ кейінірек оның ниеті тексерілді. Қалайша?

10. а) Самарияға келгенде, Петір мен Жохан не істеді? ә) Петір мен Жоханның жаңа шәкірттерге киелі рух қондырғанын көргенде, Шимон не істеді?

10 Самарияда өсім болып жатқанын естігенде, елшілер Петір мен Жоханды сонда жіберді. (“Петір “көк Патшалығының кілттерін” қалай қолданды?” деген қоршауды қараңыз.). Келген соң, олар жаңадан шәкірт болғандардың үстеріне қолдарын қойдыb. Сонда әрқайсысы киелі рухқа кенелді. Мұны көргенде, Шимон қатты қызығып кетіп: “Қолымды қойған әркім киелі рухқа кенелу үшін, маған да осындай қабілет дарыта көріңдер”,— деді. Ол тіпті ақша ұсынып, Құдай дарытатын қабілетті сатып алғысы келді (Ел. іс. 8:14—19).

11. Петір Шимонға қандай ескерту айтты, ал Шимон бұны қалай қабылдады?

11 Бірақ Петір Шимонға қатты-қатты сөйлеп: “Құдайдың сыйын ақшаға сатып аламын деп ойлағаның үшін ақшаң өзіңмен бірге құрып кетсін! Құдай алдында жүрегің адал болмағандықтан, бұл қызметте сенің еш үлесің жоқ”,— деді. Сосын: “Осы жаман ісіңе өкініп, Ехобаға жалбарын. Бәлкім, ол жүрегіңдегі арам ойыңды кешірер”,— деп Шимонды өкінуге, кешірім сұрауға шақырды. Сірә, Шимон жаман адам болмаған, ол дұрыс әрекет еткісі келген. Тек толық түсінбегендіктен ағаттық жасап қойды. Сондықтан ол елшілерден өтініп: “Осы айтқандарыңның ешқайсысы басыма түспесін деп, мен үшін Ехобаға жалбарыныңдаршы”,— деді (Ел. іс. 8:20—24).

12. Діни орындар мен лауазымдарды сату мен сатып алу қаншалықты кең тараған?

12 Петірдің Шимонға айтқан сөздері — бүгінгі мәсіхшілер үшін де ескерту. Кей тілдерде шіркеудегі қызмет орындары мен лауазымдарды сату мен сатып алуды білдіретін “симония” деген сөз бар. Бұл сөз дәл осы оқиғадан келіп шыққан. Христиан әлемінің тарихында бұндай жағдайлар көп болған. “Британ энциклопедиясының” (1978) тоғызыншы басылымында былай делінген: “Папалардың қалай таңдалғаны жайлы тарихты зерттейтін студенттер бірде-бір сайлаудың “симониясыз” өтпегенін байқайды. Көп жағдайда симония арсыздықпен, ашықтан-ашық жасалған”.

13. Неге мәсіхшілер қауымдағы жауапты міндеттерді сатудан не сатып алудан аулақ болуы керек?

13 Мәсіхшілер қауымдағы жауапты міндеттерді сату не сатып алу сияқты күнәдан сақ болулары керек. Біз өзгелерге қандай да бір жауапкершілік бере алатын бауырластарға сый-сияпат жасап немесе жер-көкке сыйғызбай мақтап жағымпазданбаймыз. Ал жауапты міндетке тағайындайтын бауырластардың бақуатты бауырластарға бүйрегі бұрып тұрмау керек. Бұл екі жағдай да дұрыс емес. Әрбір мәсіхші өзін кіші тұтып, Құдай рухының басшылығымен тағайындалғанша күтуі керек (Лұқа 9:48). Ехобаның ұйымында “өзіне даңқ іздейтіндерге” орын жоқ (Нақ. с. 25:27).

ПЕТІР “КӨК ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ КІЛТТЕРІН” ҚАЛАЙ ҚОЛДАНДЫ?

Иса Петірге: “Мен саған Көк Патшалығының кілттерін беремін”,— деген еді (Мат. 16:19). Иса не дегісі келді? Ол “кілттер” деуімен Петірдің үш топтың адамдарына білім алып, Мәсіхтің Патшалығына кіруіне жол ашатынын айтқысы келді. Петір осы кілттерді қандай үш жағдайда қолданғанын көрейік.

  • Петір бірінші кілтті б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында қолданды. Ол яһуди мен яһуди дінін қабылдағандарды күнәларына өкініп, шомылдыру рәсімінен өтуге шақырды. Нәтижесінде, 3000-дай адам оған құлақ асып, Патшалықтың болашақ мұрагерлері болды (Ел. іс. 2:1—41).

  • Екінші кілт Степанның азапты өлімінен көп уақыт өтпей қолданылды. Петір мен Жохан жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен самариялықтардың үстеріне қолдарын қойғанда, олар киелі рухқа кенелді (Ел. іс. 8:14—17).

  • Петір үшінші кілтті б. з. 36 жылы қолданды. Сол жылы ол сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарына да Патшалықтың мұрагерлері болуға жол ашты. Петір Корнелге куәлік бергенде, ол сүндеттелмегендердің арасынан ең алғашқы Исаның шәкірті болды (Ел. іс. 10:1—48).

“Оқығандарыңызды түсініп жатырсыз ба?” (Ел. іс. 8:26—40)

14, 15. а) “Эфиопиялық қызметкер” кім болған және Філіп оған қалай жолықты? ә) Эфиопиялық кісі Філіптің хабарын қалай қабылдады және оның шомылдыру рәсімінен өткені асығыстық болды ма? (Сілтемені қараңыз.)

14 Ехобаның періштесі Філіпке Иерусалимнен Газаға баратын жолға түсуді айтады. Філіп ол жерге не үшін бару керектігін түсінбеген шығар. Ол мұны күймесінде “Ишая пайғамбардың жазбасын дауыстап оқып отырған” эфиопиялық жоғары лауазымды қызметкерді жолықтырғанда ғана түсінді. (57-беттегі “Эфиопиялық жоғары лауазымды қызметкер” деген қоршауды қараңыз.). Ехобаның киелі рухы оған: “Күймені қуып жет”,— деді. Філіп күйменің қасына жүгіріп барып, әлгі кісіден: “Оқығандарыңызды түсініп жатырсыз ба?”— деп сұрады. “Ешкім үйретпесе қалай түсінейін?”— деп жауап берді ол (Ел. іс. 8:26—31).

15 Эфиопиялық кісі Філіпті қасына отыруға шақырды. Екеуі қызу әңгіме-дүкен құрған болар! Ишая пайғамбарлығындағы “қой” не “қызметшінің” кім екені ұзақ уақыт бойы құпия болып келген (Ишая 53:1—12). Жол-жөнекей Філіп эфиопиялық қызметкерге бұл пайғамбарлық Иса Мәсіхке қатысты екенін түсіндірді. Яһуди дінін қабылдағандықтан эфиопиялық кісі б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында шомылдыру рәсімінен өткендер іспетті не істеу керектігін бірден түсінді. Ол Філіпке: “Мынау су ғой! Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?”— деді. Сол жерде Філіп оны бірден шомылдыру рәсімінен өткіздіc. (“Суға шомылдыру рәсімі” деген қоршауды қараңыз.). Содан кейін Філіп жаңа тапсырма алды: ізгі хабарды жариялау үшін ол Азотқа жол тартты (Ел. іс. 8:32—40).

ЭФИОПИЯЛЫҚ ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТКЕР

Гректің “еуникос” деген сөзі қазақ тіліне “жоғары лауазымды қызметкер” деп аударылған. Бұл сөз грек тілінде әтек, яғни піштірілген ер адамды немесе патша сарайындағы шенді қызметкерді білдірген. Әдетте патша сарайындағы әйелдер бөлігіне (гарем) қарайтын қызметшілерді піштіретін. Ал басқа сарай қызметкерлерінен бұл талап етілмеген, мысалы патшаға шарап ұсынатындардан, қазынаға қарайтындардан. Філіп шомылдыру рәсімінен өткізген эфиопиялық қызметкер сарай қазынасына жауапты болғандықтан, әтек болмаған көрінеді.

Оның үстіне, эфиопиялық қызметкер яһуди дінін қабылдап, Ехобаға қызмет еткен. Ол Құдайға ғибадат ету үшін Иерусалимге барып, қайтып келе жатқан еді (Ел. іс. 8:27). Осыған қарап та, оны әтек болмаған деп тұжырымдай аламыз. Себебі Мұса Заңы бойынша піштірілген ер адамдар Ехобаның қауымының мүшесі бола алмаған (Мұс. 5-ж. 23:1).

СУҒА ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІ

Мәсіхшілердің шомылдыру рәсімі қалай жасалады? Кейбіреулер шомылдыру рәсімінен өту үшін адамның басына су құю не бүрку жеткілікті деп айтады. Бірақ Киелі кітапта эфиопиялық қызметкер жайлы: “Екеуі суға түсіп, Філіп оны шомылдыру рәсімінен өткізді”,— делінген (Ел. іс. 8:36, 38). Бұл рәсімнен өту үшін су құю не бүрку ғана жеткілікті болса, ол күймесін судың қасына тоқтатпас еді. Өйткені бұл үшін тіпті торсықтағы азғантай судың өзі жетер еді. Ал эфиопиялық кісіде бұндай торсықтың болғаны анық, себебі ол “шөл даламен” келе жатты (Ел. іс. 8:26).

Грек-ағылшын сөздігінде “шомылдыру рәсімі” деп аударылған гректің “баптизо” сөзі “батыру, сүңгіту” дегенді білдіреді (“A Greek-English Lexicon, by Liddell and Scott”). Киелі кітаптағы шомылдыру рәсімі осы түсіндірмемен үйлеседі. Мысалы, Жохан 3:23-те: “Жақия Сәлім қаласына жақын Айнонда шомылдыру рәсімін жасап жүрді, өйткені сол жерде су мол еді”,— деп айтылған. Сол сияқты Исаның шомылдыру рәсімі туралы да былай делінген: “Иса судан шыққан бойда көктің ашылғанын... көрді” (Мар. 1:9, 10). Сондықтан шынайы мәсіхшілер шомылдыру рәсімінен өткенде, суға толық батырылады.

16, 17. Бүгінде періштелер уағыз ісіне қалай қатысады?

16 Філіп сияқты мәсіхшілер де бүгінде уағыз ісіне қатысып жүр. Олар көбінесе Патшалық жайлы хабарды бейресми жағдайларда, мысалы жол жүргенде, айтып жатады. Жиі олар ақпейіл жандарды кездестіріп қалады. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені Киелі кітапта уағыз ісіне періштелердің жетекшілік ететіні анық айтылған. Сондықтан да ізгі хабар “әрбір ұлт, ру, тіл және халыққа” жариялануда (Аян 14:6). Уағыз ісінде бізді періштелер жетелейтінін Иса күні бұрын айтып кеткен. Ол бидай мен арамшөп жайлы мысалында орақ кезінде, яғни осы заманның ақырында “егін жинаушылар періштелер” болатынын айтқан. Иса бұл рухани жаратылыстар “өзгелердің күнә жасауына себепкер болатындардың бәрін, сондай-ақ заңсыздық жасайтындарды жинап алатынын” айтқан (Мат. 13:37—41). Бұдан бөлек, періштелер көктегі Патшалықтың болашақ мұрагерлерін, ал кейінірек Ехобаның ұйымына келгісі келетін “басқа қойлардан” тұратын “ұлы жамағатты” да жинау керек еді (Аян 7:9; Жох. 6:44, 65; 10:16).

17 Бұған дәлел келтірсек, уағызда кейбір адамдар Құдайдан көмек іздеген кезде Ехоба куәгерлерін жолықтырғанын айтып жатады. Бірде екі жариялаушымен бір кішкентай бала уағызға шыққан екен. Екеуі түске қарай уағызды аяқтамақшы болады. Бірақ кішкентай бала келесі үйге барайықшы деп, қоярда-қоймай тұрып алады. Сөйтеді де, келесі үйдің есігін өзі барып қағады. Есікті жас бір келіншек ашады. Екі жариялаушы амал жоқ онымен сөйлесуге барады. Сөйтсе, бұл келіншек “біреу келіп маған Киелі кітапты түсіндіріп берсінші” деп дұға етіп отырған екен. Ол Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды.

Қызметте бір ерлі-зайыпты үйінде дұға етіп отырған әйелдің есігін қағып тұр.

“Уа, Құдайым, бар болсаң, көмектесе көр”

18. Қызметімізді не үшін бағалауымыз қажет?

18 Егер мәсіхшілер қауымында болсаңыз, қазіргі таңда көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан уағыз ісіне періштелермен бірге қатысу мәртебеңіз бар. Оны ешқашан бағаламай жүрмеңіз. “Иса туралы ізгі хабарды” уағыздауға жан сала қатыссаңыз, өлшеусіз қуанышқа кенелесіз (Ел. іс. 8:35).

“ІЗГІ ХАБАРДЫ ЖАРИЯЛАУШЫ” ФІЛІП

Мәсіхтің ізбасарлары қуғын-сүргіннің кесірінен жан-жаққа бытырап кеткенде, Філіп Самарияға барып уағыздады. Оның I ғасырдағы басқарушы кеңеспен тығыз қызметтескені сөзсіз, өйткені “Иерусалимдегі елшілер самариялықтардың Құдай сөзін қабыл алғанын естіп, Петір мен Жоханды сонда жіберді”. Осыдан кейін жаңадан сенуші болғандар киелі рухтың сыйларына ие болды (Ел. іс. 8:14—17).

Філіп жайлы Киелі кітапта Елшілердің істері 8-тараудан басқа тағы бір жерде кездеседі. Ол Самарияда уағыздағаннан шамамен 20 жылдан кейін Пауыл серіктерімен бірге үшінші миссионерлік сапарымен Иерусалимге бара жатып, Птолемайға тоқтайды. Лұқа былай деп жазған: “Келесі күні... Кесарияға келіп тоқтадық. Бұрынырақта таңдалған жеті кісінің бірі болған ізгі хабарды жариялаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалдық. Бұл кісінің тұрмыс құрмаған төрт қызы да пайғамбарлық ететін” (Ел. іс. 21:8, 9).

Філіп сол уағыздаған аумағында тұрақтап қалғаны анық. Сол жерде оның отбасы болды. Байқасақ, Лұқа оны “ізгі хабарды жариялаушы” деп атаған. Киелі жазбаларда бұл тіркес үй-жайын тастап, уағыздалмаған аумаққа барып қызмет еткен адамға қатысты қолданылған. Демек, Філіптің қызметке деген құлшынысы еш сөнген емес. Төрт қызы пайғамбарлық еткеніне қарағанда, ол отбасын Ехобаны сүюге және оған қызмет етуге баулыған.

a Бұл — елші Філіп емес. Бұл Філіп 5-тарауда айтылған Иерусалимде грекше және еврейше сөйлейтін жесірлерге ас үлестіруге тағайындалған “жақсатты жеті адамның” бірі болған (Ел. іс. 6:1—6).

b Әдетте ол уақытта жаңадан шәкірт болғандар шомылдыру рәсімінен өткен кезде киелі рух алып, майланған. Осы кезде олардың болашақта көкте Исамен бірге патша әрі діни қызметкерлер болу үміті пайда болған (Қор. 2-х. 1:21, 22; Аян 5:9, 10; 20:6). Бірақ дәл осы жағдайда Самариядағы шәкірттер шомылдыру рәсімінен өткен кезде киелі рухпен майланған жоқ. Олар киелі рухты және сол рух дарытатын сыйларды Петір мен Жохан үстеріне қолдарын қойғаннан кейін ғана алды.

c Эфиопиялық қызметкер сезімнің жетегінде кетіп шомылдыру рәсімінен өте салмаған. Ол яһуди дінін қабылдаған жатжерлік болғандықтан, Жазбалармен жақсы таныс-тын, Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтардан да хабары бар еді. Құдайдың ниетінде Иса маңызды рөл атқаратынын түсінген ол кідірмей шомылдыру рәсімінен өте алды.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу