Жетінші тарау
Құдайдың зұлымдыққа жол беруінен не нәрсеге үйренеміз
1, 2. а) Егерде Ехоба Едем бағындағы бүлікшілерді сол сәтте-ақ жойып жібергенде, бізбен не болар еді? ә) Ехоба қалай сүйіспеншілікпен біздің келешегіміздің қамын жасады?
“ӨМІРІМНІҢ жылдары әрі аз ғана, әрі азапқа толы болды”,— деген екен патриарх Жақып (Жаратылыс 47:9). Осындай ойды Әйүп те айтқан болатын: “Әйелден туған адамның өмірі қысқа және қайғыға толы” (Әйүп 14:1). Осы екеуі сияқты көпшілігіміз де қиыншылықтарды, әділетсіздік пен қайғылы жағдайларды бастан кешірдік. Алайда жарық дүниеге келгеніміз Құдайдың тарапынан жасалған әділетсіздік деп айтуымызға болмайды. О бастағы Адам мен Хауа сияқты жұмақта өмір сүріп жатпағанымыз, ойымыздың, тәніміздің кемелді еместігі рас. Бірақ Ехоба оларды бүлік шығарған кездерінде-ақ жойып жібергенде не болар еді? Онда ауру да, қайғы да, өлім де болмас еді, сондай-ақ адамдар да болмас еді. Барлығымыз туылмаған болар едік. Бірақ Құдай өзінің мейірімділігінің арқасында, кемелсіз болса да, Адам мен Хауаға балаларын дүниеге әкелулеріне жол берді. Ехоба Мәсіх арқылы Адамның жоғалтқанына, яғни жердегі жұмақтағы мәңгілік өмірге, қайтадан қол жеткізуімізге қам жасады (Жохан 10:10; Римдіктерге 5:12).
2 Ауру-сырқау, қайғы-қасірет, өлім және зұлым адамдар болмайтын жаңа дүниеде мәңгі өмір сүру үміті бізді қаншалықты жігерлендіреді десеңші! (Нақыл сөздер 2:21, 22; Аян 21:4, 5). Алайда Киелі кітаптан құтқарылуымыз біз үшін де, Ехоба үшін де маңызды болғанымен, әңгіме бұдан да маңызды нәрсе жайлы болып тұрғандығын білеміз.
Өзінің ұлы есімі үшін
3. Құдайдың адамзат пен жерге қатысты ниетін жүзеге асыруына ненің тікелей қатысы бар?
3 Құдайдың есімінің оның адамзат пен жерге қатысты ниетін жүзеге асыруына тікелей қатысы бар. Ехоба “Ол болдырады” деген мағынаны береді, сондай-ақ бұл есім өз иесін Әлемнің Әміршісі, ұлы ниеттердің және шындықтың Құдайы ретінде сипаттайды. Ехоба осындай жоғары дәрежеге ие болғандықтан, бүкіл Әлемнің тыныштығы мен игілігі үшін, барлығы да оған мойынсұнып, есіміне және осы есіммен байланыстының бәріне де тиісті құрметті көрсетулері қажет.
4. Жерге қатысты Ехобаның ниеті қандай еді?
4 Адам мен Хауаны жаратқаннан кейін, Ехоба оларға тапсырма берген еді. Ол ниетінің олардың тек бақтың шекарасын кеңейтіп, жер бетін түгел иемденулері ғана емес, жер бетін ұрпақтарымен толтыру екендігін де ашық айтқан болатын (Жаратылыс 1:28). Алайда күнәнің салдарынан Құдайдың ниеті ешқашан жүзеге аспай қала ма? Егерде Ехоба өзінің жерге және адамзатқа қатысты ниетін жүзеге асырмаса, оның ұлы есіміне қандай кір келер еді!
5. а) Алғашқы адамдар жақсылық пен жамандықты танытатын жеміс ағашынан жесе, қай уақытта өлер еді? ә) Ехоба өзінің жерге қатысты ниетін ескере отырып, Жаратылыс 2:17-де жазылған сөздерін қалай орындады?
5 Ехоба Адам мен Хауаға егер олар мойынсұнбай, жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштан жесе, сол “күні” өлетіндігін ескерткен болатын (Жаратылыс 2:17). Өз сөзіне адал Ехоба оларды күнә жасаған күні-ақ жауапқа тартып, өлімге кесті. Құдайдың көз алдында Адам мен Хауа сол күні-ақ өлді. Әйтсе де, Ехоба өзінің жерге қатысты ниетін жүзеге асыра алуы үшін, Адам мен Хауаға тура мағынада өлмей тұрып, дүниеге балаларын әкелулеріне мүмкіндік берді. Қалай болған күнде де, Адам 930 жыл өмір сүріп, сол “күні” өлді, өйткені Құдайдың көз алдында мың жыл бір күнге тең (2 Петір 3:8; Жаратылыс 5:3—5). Олай болса, Ехобаның Адам мен Хауаны жазалайтын күніне қатысты айтқаны рас болып шықты, ал олардың өлімі оның ниетін жүзеге асыруына кедергі болмады. Осылайша, кемелсіз адамдарға, зұлымдарды қоса, қандай да бір уақыт өмір сүрулеріне жол берілді.
6, 7. а) Мысырдан шығу 9:15, 16-ға сәйкес, неліктен Ехоба зұлымдықтың белгілі уақытқа дейін болуына жол беріп отыр? ә) Ехоба перғауынға күшін қалай көрсетті және оның есімі қалай әйгілі болды? б) Қазіргі зұлым дүние жойылғаннан кейін не болады?
6 Мұсаның күндерінде Ехобаның Мысыр билеушісіне айтқан сөздері оның зұлымдыққа неге жол беріп отырғанын тереңірек түсінуге көмектеседі. Перғауын исраилдіктерді Мысырдан жібермей қойған кезде, Ехоба оны сол сәтте-ақ жойып жіберген жоқ. Ол сол елге он жаза жібере отырып, өзінің күшін керемет түрде паш етті. Ехоба перғауынға жетінші жаза туралы ескерте отырып, оны халқымен бірге оп-оңай құртып жібере алатындығын айтты. “Алайда саған құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана саған (Өзіме қарсы) тұруға жол бердім”,— деді Ехоба (Мысырдан шығу 9:15, 16, сілтемені қара).
7 Ехоба исраилдіктерді құлдықтан құтқарған кезде, оның есімі шынында да кеңінен мәлім болды (Ешуа 2:1, 9—11). Ехобаның сол кезде істегені бүгінгі таңда да, 3 500 жылдай уақыт өтсе де, ұмыт болған жоқ. Ехоба деген жалғыз есім ғана емес, осы есімнің Иесі жөніндегі шындық та паш етілді. Бұдан Ехоба өз уәделерін орындайтын, сондай-ақ қызметшілерін қорғайтын Құдай екенін көруге болады (Ешуа 23:14). Сонымен қатар бұл Құдіретті Құдай ретінде оның өз еркін орындауына ештеңе де кедергі бола алмайтынын дәлелдеді (Ишая 14:24, 27). Сондықтан да Құдайдың жақында өзінің адал қызметшілерін қорғайтынына, Шайтанның зұлым дүниесін толығымен жоятынына сенімді бола аламыз. Осылайша Ехобаның паш етілген күші мен даңқталған есімі ешқашан ұмыт болмайды. Бұл Құдайдың адал қызметшілерінің бәріне де мәңгі игіліктер әкеледі (Езекиел 38:23; Аян 19:1, 2).
“О, неткен бай Құдайдың даналығы!”
8. Пауыл ненің үстінен ой жүгіртуге шақырады?
8 Римдіктерге жазған хатында елші Пауыл: “Құдайдың әділетсіз болғаны ма?” — деген сұрақ қояды да, батыл түрде өзі: “Жоқ, мүлдем олай емес!” — деп жауап береді. Сонан соң ол Құдайдың мейіріміне назар аударып, перғауынды сол сәтте-ақ неге жойып жібермегенін түсіндірген Ехобаның сөздерін келтіреді. Сонымен қатар ол біздің құмырашының қолындағы балшыққа ұқсайтынымызды айта келіп, былай деп жалғастырады: “Құдай біреулеріне күнәлары үшін қаһарын төгіп, құдіретін көрсетпек болды. Бұлар құртылуға лайықты болса да, солардың жаман іс-әрекеттеріне үлкен сабырлықпен шыдап келген еді. Ал басқалары арқылы Құдай Өзінің шексіз ұлылығын көрсетпек болып, оларға рақымын төкті; Бұларды Ол көктегі салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған еді. Осы үшін Құдай яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да бізді шақырды” (Римдіктерге 9:14—24).
9. а) ‘Құртылуға лайықтылар’ кімдер? ә) Өзінің қарсыластарының белгілі бір уақыт болуына жол бере отырып, Ехоба неліктен асқан шыдамдылық танытты, сондай-ақ оны жақсы көретіндер үшін мұның нәтижесі қалайша игі болады?
9 Едемдегі бүлік шыққан уақыттан бері Ехобаға және оның заңдарына қарсылық көрсетіп жатқандар ‘құртылуға лайықтылар’ болып табылады. Осы уақытқа дейін Ехоба асқан шыдамдылық танытып келеді. Зұлым адамдар Құдайдың жолдарын келеке-мазақ етіп, оның қызметшілерін қудалап, тіпті Ұлын өлтірді. Зор ұстамдылық таныта отырып, Ехоба өзіне қарсы жасалған бүліктің және де адамдардың өзінен тәуелсіз басшылығының нәтижесі қандай қайғылы болғандығын бүкіл жаратылысы көру үшін жеткілікті уақыт берген болатын. Сонымен қатар ол Исаның өлімі арқылы тіл алғыш адамдардың құтқарылуына және ‘Шайтанның ісін талқандауына’ жол ашылуын қамтамасыз етті (1 Жохан 3:8; Еврейлерге 2:14, 15).
10. Неліктен соңғы 1 900 жыл бойы Ехоба зұлымдыққа шыдап келді?
10 Иса қайта тірілгеннен бері 1 900 жылдан аса уақыт өтті, ал Ехоба ‘құртылуға лайықтыларды’ әлі де жоймай, оларға шыдамдылық танытып отыр. Неліктен? Бір себебі: ол Иса Мәсіхпен бірге оның көктегі Патшалығында билік ететіндерді дайындауда. Олардың жалпы саны 144 000, сондай-ақ олар Пауылдың айтқан ‘Құдай рақымын төккендері’. Алдымен көкке шақырылғандар яһудилер болатын. Кейінірек, Құдай өзге халықтардан шақыра бастады. Ехоба өзіне қызмет етуге ешкімді мәжбүрлемейді. Алайда Құдайдың өздеріне жасағандарына риза болғандардың кейбіреулеріне Ехоба керемет сый — көктегі Патшалықта оның Ұлымен бірге билік ету — мүмкіндігін тарту етті. Көкке баратындар тобын дайындау аяқталуға таяп қалды (Лұқа 22:29; Аян 14:1—4).
11. а) Ехобаның асқан шыдамдылығының игілігін қазіргі уақытта кімдер көруде? ә) Өлгендерді не күтіп тұр?
11 Ал жер бетінде өмір сүретіндер бола ма? Ехобаның асқан шыдамдылығының арқасында әрбір халықтан шыққан ‘өте үлкен тобырды’ жинауға мүмкіндік болды. Қазір олар миллиондап саналады. Ехоба бұл адамдардың осы зұлым дүниенің соңынан аман қалып, келешекте жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүретіндігін уәде етті (Аян 7:9, 10; Забур 36:29; Жохан 10:16). Құдай белгілеген уақытта өлгендер қайта тіріліп, көктегі Патшалықтың жердегі азаматтары болуларына мүмкіндіктері болады. Киелі кітапта Құдайдың ‘сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтетіндігі’ айтылған (Елшілердің істері 24:15; Жохан 5:28, 29).
12. а) Ехобаның зұлымдыққа уақытша жол беріп отырғандығынан ол туралы не білеміз? ә) Ехобаның даулы мәселені шешу жолы туралы не ойлайсың?
12 Осы жерде қандай да бір әділетсіздік бар ма? Жоқ, өйткені Құдайдың зұлымдарды, немесе ‘құртылуға лайықтыларды’, жоюға асықпауы оның өзгелерге деген жанашырлығын көрсетеді және бұл ниетінің орындалуына септігін тигізеді. Бұл оның қаншалықты мейірімді әрі сүюші Құдай екенін көрсетеді. Оның үстіне, Құдайдың ниеттері біртіндеп қалай орындалып жатқанын көре отырып, біз Ехобаның өзі жайлы көбірек біле түсеміз. Оның әділдік, мейірімділік, шыдамдылық, сан қырлы даналығы сияқты қасиеттері біздерді таңғалдыра түседі. Әлемді билеуге құқы бар екендігіне қатысты даулы мәселені шешудегі даналығы оның басшылығының ең жақсы басшылық екендігін көрсетеді. Елші Пауылдың: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!” — деген сөздеріне біз де қосыламыз (Римдіктерге 11:33).
Шын берілгендігімізді қалай көрсете аламыз?
13. Азаптарды бастан кешіріп жатқанымыз не нәрсеге мүмкіндік береді және дұрыс әрекет етуімізге не көмектеседі?
13 Құдайдың қызметшілерінің көпшілігіне ауыр азаптарды бастан кешірулеріне тура келуде. Бұл күннен-күнге жалғасуда, өйткені Құдай зұлымдарды әлі жойған жоқ, сондай-ақ алдын ала айтылғандай адамдарды қайтадан кемелділікке әлі жеткізген жоқ. Осыған біз қатуланамыз ба? Әлде мұны Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеуге мүмкіндік беретін жағдайлар деп қарастырамыз ба? Осылай қарастыруға белімізді бекем бууға “Ақылды бол ұлым және менің жүрегімді қуант; сонда менің де өзімді кінәлағандарға айтатын жауабым болады” деген шақыруды үнемі есімізде ұстағанымыз көмектеседі (Нақыл сөздер 27:11). Ехобаны кінәлаушы — егер адамдар тәндік немесе материалдық жағынан қиындық көрсе, Құдайды кінәлап, тіпті Оған қарғыс айтатын болады деп айтушы Шайтан (Әйүп 1:9—11; 2:4, 5). Сынақтарда шексіз берілгендігімізді сақтау арқылы Ехобаның жүрегін қуантамыз, әрі Шайтанның бізге жапқан жаласы өтірік екенін көрсетеміз.
14. Егерде сынақтарда Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, қандай баталарға ие боламыз?
14 Егерде сынақтарда Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, бағалы қасиеттерді дамыта аламыз. Мысалы, Иса басына түскен ауыр азаптар арқылы жаңаша жолмен ‘Әкесіне мойынсұнуды үйренді’. Шыдамдылық, төзімділік және Ехобаның жолдарына деген терең ризашылық дамыта отырып, біз де сынақтар арқылы үйрене аламыз (Еврейлерге 5:8, 9; 12:11; Жақып 1:2—4).
15. Қиыншылықтарда төзімділік танытқанымыз өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін?
15 Біздің қимыл-әрекетімізді өзгелер байқамай қалмайды. Әділеттілік жолында небір қиыншылықтарды басымыздан өткізіп жатқандарымызды көргенде, бәлкім, уақыт өте келе олардың бүгінгі таңда шынайы мәсіхшілердің кім екендігіне көздері жетер. Ғибадат ету үшін бізге қосыла отырып, олар мәңгілік өмір сүру батасына ие бола алады (Матай 25:34—36, 40, 46). Ехоба мен Ұлы адамдардың осындай мүмкіндіктерінің болғанын қалайды.
16. Қиыншылықтарға деген көзқарасымыздың бірлікпен қандай байланысы бар?
16 Егерде тіпті осындай ауыр жағдайлардың өзін Ехобаға шын берілгендігімізді дәлелдеуге және оның еркін орындауға атсалысуға мүмкіндік беретін жағдайлар деп қарастырсақ, мұнымыз мақтауға тұрарлық жайт. Мұндай әрекетіміз шынында да біздің Құдаймен және Мәсіхпен бірлікте болуға талпынатындығымызды көрсетеді. Иса барлық шынайы мәсіхшілер үшін Ехобаға дұға ете отырып: “Мен бұлар [өзінің жақын шәкірттері] үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын... Менің Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеумізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі де біртұтас болсын деп өтінемін”,— деді (Жохан 17:20, 21).
17. Ехобаға адал болсақ, неге сенімді бола аламыз?
17 Егер Ехобаға адал болсақ, ол бізге баталарын молынан төгетін болады. Оның Сөзінде: “Табанды, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істейтін болыңдар! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігіне көз жеткіздіңдер”,— делінген (1 Қорынттықтарға 15:58). Сонымен қатар онда былай делінген: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді... Өзіне көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды” (Еврейлерге 6:10). Ал Жақып 5:15-тен: “Сол төзімді адамдарды бақытты деп санаймыз. Әйүп пайғамбардың шыдамдылығы туралы естігенсіңдер, Жаратқан Иенің ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да білесіңдер. Иеміздің жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор!” — деп оқимыз. Ал ол Әйүпті ақыр аяғында қалай жарылқады? “Алдыңғы күндеріне қарағанда, Әйүптің соңғы күндеріне Құдай батасын молынан төкті” (Әйүп 42:10—16, ЖД). Иә, Ехоба ‘өзін іздегендерді [“табандылықпен іздегендерді”, ЖД] жарылқайды’ (Еврейлерге 11:6). Бізді күтіп тұрған сый — жер бетіндегі жұмақтағы мәңгілік өмір!
18. Өткеннен қалған жанға батарлық естеліктермен не болады?
18 Құдай Патшалығының басқаруымен адамзатты өткен мыңжылдықтар бойы мазалап келген залалдардың бәрі де жойылады. Қуаныштың мол болатыны сонша, ол қазіргі көріп жатқан азаптарымыздың ізін де қалдырмайды. Өткен күндердің ауыр қиыншылықтарын еске алып, мазаланбаймыз. Олар біртіндеп ұмытылады, өйткені жаңа дүниеде санамыз жақсы ойлар мен іс-әрекеттерге толатын болады. Ехоба былай дейді: “Мен жаңа аспан [адамдардың үстінен басқаратын жаңа көктегі Патшалық, немесе үкімет] мен жаңа жерді [әділ адамзат қоғамын] жаратпақпын. Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады. Сонда сендер жасағандарыма мәңгі-бақи мәз болып шаттанасыңдар”. Иә, Ехобаның жаңа дүниесінде әділ адамдар: “Жер бетінде тыныштық орнап, одан қуанышты үндер естіледі”,— деп айта алады (Ишая 14:7; 65:17, 18).
Қайталауға арналған сұрақтар
• Зұлымдыққа жол беріп отырғанына қарамастан, Ехоба өз есіміне лайықты құрметті қалай көрсетті?
• Ехоба ‘құртылуға лайықтыларға’ шыдамдылық таныту арқылы, бізге қалайша мейірімділігін көрсетуде?
• Басымызға түскен ауыр жағдайларға қалай қарауымыз керек?
[67-беттегі сурет]
Ехоба “алдыңғы күндеріне қарағанда, Әйүптің соңғы күндеріне... батасын молынан төкті”