32-САБАҚ
Сенімділікпен сөйле
АДАМ сенімділікпен сөйлейтін болса, өзгелер айтып жатқандарына оның өзі де нық сенетініне шек келтірмейді. Елші Пауылдың сенімді болғаны қызметінен анық көрінеді. Салониқадағы бір сенімдегілерге ол: “Біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес... зор сеніммен де жеткіздік”,— деп жазды (Сал. 1-х. 1:5). Оның сенімділігі сөйлеген сөзінен де, өмір салтынан да көрініп тұрған. Біздің де Киелі кітаптағы шындықты қалай айтатынымыздан зор сенімділік байқалып тұру керек.
Сенімділікпен сөйлеу өзімдікі ғана тура деген мәнермен, бірбеткей не менменсіп сөйлеуді білдірмейді. Адам Құдай Сөзінде жазылған нәрселерді сенімділікпен айтатын болса, бұл оның берік сенімі бар екенін көрсетеді (Ев. 11:1).
Сенімділікпен сөйлеу керек жағдайлар. Уағыздаған кезде сенімділікпен сөйлегеніміз маңызды. Адамдар көбінесе айтқандарымыздың мағынасына ғана емес, оларды қалай айтып жатқанымызға да мән береді. Олар айтып жатқандарыңа өзіңнің қалай қарайтыныңды да аңғарады. Айтқан хабарыңның маңыздылығын сөздеріңе қарағанда сенімділігің күштірек жеткізе алады.
Бір сенімдегілердің алдында да сенімділікпен сөйлеу қажет. Елші Петір Құдай рухының жетелеуімен жазған бірінші хатын ‘жігерлендіріп, Құдайдың шынайы рақымы айтқандарындай екеніне куәлік етіп, сендіру’ үшін жазған. Ол бауырластарды “берік тұруға” (ЖД) шақырған (Пет. 1-х. 5:12). Елші Пауылдың Римдегі қауымға жазған хатында сенімді сөйлегені бауырластарға қатты әсер етті. Ол: “Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!”— деп жазды (Рим. 8:38, 39). Сонымен қатар Пауыл уағыздаудың қажет екенін сендіре жазды, ал ізгі хабарды таратудағы танытқан құлшынысы бұл істің маңызды екеніне өзінің де берік сенімді екенін айқын көрсетті (Ел. іс. 20:18—21; Рим. 10:9, 13—15). Мәсіхші ақсақалдар Құдай Сөзінен тәлім бергенде де, осындай сенімділік көрініп тұру керек.
Отбасылық зерттеу кезінде не өзге жағдайда болсын, балаларымен рухани тақырыптарды талқылағанда, ата-аналар да сенімділікпен сөйлеулері қажет. Ол үшін ата-аналардың өздері Құдайға және оның жолдарына деген сүйіспеншілікті жүректерінде дамытуы керек. Сонда балалармен сөйлескенде сенімді айтқан сөздері жүректен шығады, өйткені ‘жан дүние неге толса, ауыз соны айтар’ (Лұқа 6:45; Заң. қ. 6:5—7). Мұндай сенімділік ата-аналарды ‘шынайы сенімнің’ үлгісін көрсетуге талпындырады (Тім. 2-х. 1:5).
Әсіресе, сеніміміз жайлы бізге сұрақ қойылғанда, сенімділікпен сөйлегеніміз аса маңызды. Қандай да бір мейрамдарға қатыспағаныңа сыныптасың, мұғалімің не қызметтесің қатты таңғалуы мүмкін. Нық та ақылға қонымды жауабың олардың Киелі кітапқа негізделген көзқарасыңды құрметтеуіне көмектесуі мүмкін. Ал егер әлдекім дұрыс емес қылықтарды істеуге, мысалы, алдау, есірткі қабылдау не азғындыққа баруға азғырса ше? Ешқашан да мұндай істерге бармайтыныңды әрі олардың бұған итермелеген әрекеттерінің бәрі бекер екенін түсінулеріне көмектескенің өте маңызды. Ол үшін мұндай ұсыныстардан бас тартқанда, сенімділікпен сөйлеуің керек. Потифардың әйелінің азғындыққа баруға қатысты ұсынысынан бас тартқанда, Жүсіп: “Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!”— деп нық айтқан. Ал әлгі әйел ұсыныс жасауын қоймағанда, Жүсіп сыртқа қаша жөнелген (Жар. 39:9, 12).
Сенімділік неден көрінеді? Ол қолданатын сөздерімізден көрінеді. Исаның ерекше мән беру керек нәрселерді: “Саған өте маңызды шындықты айтып тұрмын”,— деп бастаған кездері көп болған (Жох. 3:3, 5, 11; 5:19, 24, 25). Ал Пауылдың сенімділігі “мен мынаған нық сенемін”, “мен Иса Мәсіхпен тығыз байланыста жүріп... кәміл сенемін”, “еш өтірік емес... нағыз шындықты айтып тұрмын” деген сөздерінен көрініп тұрған (Рим. 8:38; 14:14; Тім. 1-х. 2:7). Ехоба болса өзінің айтқандары шүбәсіз іске асатынына баса назар аудару үшін пайғамбарларын “міндетті түрде орындалады” деген сияқты сөздерді қолдануға талпындырып отырған (Абб. 2:3). Қандай да бір пайғамбарлықты талқылап жатқанда, сен де осы іспеттес сөздерді қолдансаң болады. Егер өзіңе емес, Ехобаға сенім артатын болсаң және құрметпен сөйлесең, осындай сөздер сеніміңнің берік екенін айтады.
Сенімділік адамның салмақты, беріле сөйлегенінен байқалады. Бұған әр адамдікі әр қилы болса да, ым-ишара, дене қимылдары өз үлесін қосады. Ұяң не табиғатыңнан жай сөйлейтін болсаң да, айтып жатқандарыңның шындық екеніне және өзгелердің оны есту керектігіне нық сенімді болсаң, бұл сөзіңнен байқалып тұрады.
Әрине, сенімділікпен сөйлегенде шынайы болуымыз керек. Егер адамдар қандай да бір жасандылықты байқаса, хабарымызды құлақ асуға тұрғысыз санап қалуы мүмкін. Сондықтан, ең бастысы, өзіңді әдеттегідей ұста. Тыңдаушыларың көп болса, әдеттегіден күштірек, жылдамырақ қарқынмен сөйлеу қажет болады. Бірақ шын жүректен және табиғи мәнермен сөйлеуге талпын.
Сенімділікпен сөйлеуге не көмектеседі? Сенімділік талқылайын деп жатқан мәселеге өзіңнің қалай қарайтыныңмен тікелей байланысты болғандықтан, бұл жерде жақсы дайындықтың рөлі зор. Қандай да бір әдебиетті алып, ондағы мәліметтерді айтып бере салған жеткіліксіз. Саған материалыңды жақсылап түсініп, оны өз сөзіңмен айту қажет. Айтып жатқандарыңның шындық екеніне және тыңдаушыларың үшін құнды болып табылатынына көзіңді толық жеткізіп алуың керек. Бұл дайындалып жатқанда тыңдаушыларыңның тұрмыс жағдайын, сондай-ақ талқыланатын сұрақ жайлы оларға не мәлім екенін және ол туралы қандай ойда екендіктерін есепке алу керектігін білдіреді.
Мүдірмей, жатық сөйлейтін болсақ та, айтып жатқандарымызға сенімді екеніміз оңай байқалады. Сондықтан жақсы материал жинақтаған соң, жақсылап жаттық. Сөйлеп жатқанда қағазыңа қарай бермес үшін, анағұрлым салмақты етіп жеткізу керек бөліктерге ерекше назар аудар. Сондай-ақ талпынысыңа Ехобадан батасын беруін сұрауды ұмытпа. Сонда ‘Құдайға сене отырып’, айтып жатқан хабарыңның шын әрі маңызды екеніне нық сенімді екенің көрінетіндей етіп сөйлеуге ‘батылың барады’ (Сал. 1-х. 2:2).