31-САБАҚ
Адамдарға құрмет көрсет
ЖАЗБАЛАР ‘әркімге лайықты құрмет көрсетуіміз’ бен ‘ешкімді қараламауымыз’ керектігін айтады (Пет. 1-х. 2:17; Тит. 3:2). Расында да, жолықтырған адамдардың бәрін “Құдай рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп жаратқан” (Жақ. 3:9). Мәсіх әрбір адам үшін жанын қиған (Жох. 3:16). Олай болса, барлық адамның ізгі хабарды естуге және оған сай әрекет етіп, құтқарылып қалуға құқы бар (Пет. 2-х. 3:9). Ал қолында билігі бар не белгілі бір қасиеттері бар адамдар ерекше құрмет көрсетуге лайық.
Неліктен кейбіреулер адамдарға Киелі кітап талап ететін құрметті көрсетуді қажет деп таппайды? Мұның себептерінің бірі жергілікті әдет-ғұрыптың әсері болуы мүмкін. Мысалы, сый-құрмет көбінесе адамның реңіне, тегіне, жасы мен денсаулығына, материалдық және әлеуметтік жағдайына қарай көрсетіледі. Кең етек жайған жемқорлықты көріп, көпшілігі билік басындағыларды құрметтегілері келмейді. Кейбір елдерде адамдар ертеңнен қара кешке дейін еңбек етсе де, тапқандары ең қажетті нәрселерінен артылмайды. Олар өмірлеріне қатты наразы және ешкімді, еш нәрсені сыйламайтын ортада жасайды. Мектеп оқушылары өздеріне ұнамайтын мұғалімдерге не басқа да билігі барларға қарсы бүлік шығару мақсатымен бір-біріне қысым жасайды. Көпшілігі ата-анасын алдайтын және үйінде қожайын болатын балалар жайлы теледидар хабарларының ықпалына берілуде. Дүниенің өзгені құрметтемейтін осындай көзқарастарына бой алдырып қоймауымыз үшін үнемі күш салу керек. Адамдарға құрметпен қарайтын болсақ, бұл олардың бізбен еркін пікір алысуларына жағдай жасайды.
Әдептілік сақтай отырып құрмет көрсету. Діни істермен айналысатын адамнан әдепті киінісімен және әдепті жүріс-тұрысымен айналасындағыларды құрметтейді деп күтіледі. Сыртқы көрініске байланысты әдептілікті әр жерде әр түрлі түсінеді. Кей жерлерде бас киімді шешпей не қолды қалтадан шығармай сөйлеу әдепсіздікке жатады. Ал басқа жерлерде бұған мән бермейді. Біреулердің көңіліне тимеу үшін жергілікті әдепті ескер. Бұл ізгі хабарды айтуыңа кедергі болатын кейбір нәрселерден аулақ болуыңа көмектеседі.
Осы жайттарды адамдармен, әсіресе жасы үлкендермен, сөйлескенде де ескеруіміз керек. Балалардың жасы үлкендердің атын айтып сөйлеуі — егер бұған рұқсат етілмесе — әдетте әдепсіздікке жатады. Кей елдерде тіпті ересек адамның да жақын танымайтын кісісінің есімін ғана айтып қоя салғаны орынсыз деп есептеледі. Көп тілде “сен” есімдігінің орнына жасы үлкендерге не билігі барларға құрмет білдіретін “сіз” есімдігі не басқа сөздер қолданылады.
Құрметпен қарау. Ауыл-аймақта, шағын қалаларда адамдардан үйге кіргенде не көшеде біреуді жолықтырғанда, қасынан үнсіз өте шықпай, күлімсіреп, бас изеп, қас қағып не жай сәлемдесіп бір-бірін байқағанын білдіреді деп күтіледі. Адамды көрмегенсіп өте шығу сыйламағандыққа жатады.
Алайда кейбіреулер онымен амандассаң да, мән бермеді деп ойлауы мүмкін. Неге? Өйткені ол өзін адам қатарына санамағаныңды байқауы мүмкін. Көпшілігі адамдарды сырт көрінісіне қарап бөледі. Мүгедектер мен аурулардан көбінесе сырт айналып кетеді. Бірақ Құдай Сөзі бізді мұндайларға сүйіспеншілікпен және сый-құрметпен қарауға үйретеді (Мат. 8:2, 3). Адам атаның күнәсінің бәрімізге де қандай да бір әсері болған. Егер басқалар үнемі қандай да бір кемшілігіңді айтып сөйлейтін болса, олар сені құрметтейді деп есептер ме едің? Қайта, сені көрген сәтте-ақ жақсы жақтарың естеріне түссе, әлдеқайда жаныңа жағымды болмас па еді?
Құрметтеуге сондай-ақ отбасындағы басшылықты мойындау да жатады. Кей елдерде алдымен отағасымен сөйлесіп, сонан соң ғана өзгелеріне уағыздау керек болады. Уағыздау мен тәлім беру тапсырмасын Ехобадан алғанбыз, десе де, балаларды оқытып, тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар беруді Құдай ата-аналарға жүктегенін мойындаймыз (Ефес. 6:1—4). Сондықтан бір үйге барғанда ата-анасымен сөйлеспей тұрып, маңызды нәрселер туралы балаларымен сөйлескеніміз жөн болмас еді.
Жылдар өткен сайын адамның өмірлік тәжірибесі де арта түседі, мұны да құрметтеу керек (Әйүп 32:6, 7). Осыны түсінгені Шри-Ланкадағы бір жас ізашарға егде кісіге куәлік етуге жақсы көмектескен. Алғашқыда әлгі кісі бауырластың келгенін жақтырмай:— Өзің жап-жас болып, маған Киелі кітапты үйреткің келе ме? — дейді. Бірақ ізашар: — Жоқ, мен сізді үйретуден аулақпын, мен бір жақсы нәрсе жөнінде біліп, қуанғанымнан сол туралы өзгелермен бөлісіп жүрген едім,— деп жауап береді. Бауырласымыздың құрметпен жауап қатқаны әлгі адамның қызығушылығын оятады.— Қане, не туралы білгеніңді айтшы,— дейді ол.— Мен қалай мәңгі өмір сүруге болатынын білдім,— дейді қыз бауырлас. Осылайша, әлгі кісі Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды. Әрине, қарттардың бәрі өздеріне құрметпен қарау керектігін айта бермес, десе де, олардың көпшілігі мұны өте бағалайды.
Алайда құрмет көрсетуде тым шектен шығып кету қаупі бар. Куәгерлер Тынық мұхит аралдарында және өзге де жерлерде ауыл басшысы не тайпа көсемімен сол жердің дәстүріне сай құрмет көрсетіп сөйлеседі. Осының арқасында олар басшымен де, оның қол астындағы адамдармен де сөйлесуге мүмкіндік алады. Бірақ жағымпаздану дұрыс та емес, қажет те емес (Нақ. с. 29:5). Сонымен қатар қандай да бір тілдерде ерекше сый-құрметті білдіретін сөздер бар, бірақ құрмет көрсету үшін мәсіхшіден ол сөздерді тым жиі қолдану талап етілмейді.
Құрмет көрсетіп сөйлеу. Киелі кітап үмітімізді өзгелерге “ілтипат, құрмет танытып” түсіндіруге шақырады (Пет. 1-х. 3:15). Кейде сөйлесіп тұрған адамымыздың көзқарасының дұрыс еместігін оңай әшкерелей алатын шығармыз, бірақ мұны адам өзін төмен санап қалатындай мәнерде айтқан ақылдылық бола ма? Одан да оны сабырмен тыңдап, не үшін олай ойлайтынын сұрап, кейін Жазбалардың көмегімен дұрыс көзқарасты дәлелдеп жатқанда сезімін ескерген жөн емес пе?
Жеке бір адаммен сөйлескенде ғана емес, мінбеге шыққанда да құрмет көрсетіп сөйлеуіміз керек. Тыңдаушыларын сыйлайтын баяндамашы оларды сынап-мінемейді және “егер шынымен қалағанда, мұны әлдеқашан істер едіңдер” дегендей сыңай көрсетпейді. Осындай сөздер мен іс-қимыл тек адамның көңілін қалдырады. Сондықтан тыңдаушыларға Ехобаны сүйетіндер мен оған қызмет еткісі келетіндер деп қараған әлдеқайда артық емес пе!? Ал рухани әлсіз, тәжірибесі аз немесе Киелі кітап принциптерін дереу қолдана қоймайтындарға Иса сияқты түсінушілікпен сөйлеуіміз керек.
Егер баяндамашы Құдай Сөзін көбірек қолдануы керек адамдардың арасына өзін де қосып айтса, тыңдаушылар оның өзгелерді сыйлайтынын байқайды. Сондықтан Жазба орындарын түсіндіре отырып, үнемі “сендер” деп сөйлеуден қашық болған ақылдылық болар еді. Мысалы, келесі екі сөйлемнің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар екенін байқашы: “Қолдарыңнан келгеннің бәрін істеп жатырсыңдар ма?” Ал екіншісі, әрқайсысымыз өзімізден: “Қолымнан келгеннің бәрін істеп жатырмын ба?”— деп сұрағанымыз абзал. Бұл екі сөйлемнің мәні бір, бірақ алғашқы сөйлемде баяндамашының өзін басқалардан жоғары қоятыны байқалады. Ал екінші сөйлемде әрбір адам, соның ішінде баяндамашының өзі де, өзінің іс-әрекеттері мен ой-ниеттерін тексеріп көруге шақырылады.
Жай тыңдаушыларыңның көңілін көтерем деп қандай да бір күлдіргі сөздерді тауып айтудан аулақ бол. Бұл Киелі кітаптағы хабардың құнын кетіреді. Рас, Құдайға қызмет ету бізге қуаныш әкелу керек. Сондықтан кейде саған тапсырылған материалда қандай да бір күлкілі нәрсе болуы мүмкін. Бірақ маңызды сұрақтарды талқылау түгелімен әзіл-күлкіге айналып кетсе, бұл тыңдаушыларға ғана емес, Құдайға деген құрметтің де жетіспеушілігін көрсетеді.
Олай болса, әдептілік сақтағанымыз, өзімізді қалай ұстайтынымыз бен қалай сөйлейтініміз адамдарға әрдайым Ехоба бізді үйреткендей қарайтынымызды көрсетіп тұрсын.