“Қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар!”
АДАМНЫҢ қалай тыңдайтыны оның тәлім алуында маңызды рөл атқарады. Бұл сондай-ақ оның келешекте құтқарылуы үшін де маңызды. Ехоба өз халқын Мысырдың құлдығынан құтқарарда Мұсаға нұсқаулар беріп, өлтіруге жіберілген періштенің қолынан тұңғыш ұлдарын құтқару үшін не істеу керектігін айтты. Бұл сөздерді Мұса рубасыларына, ал рубасылары әрбір отбасына жеткізді (Мыс. ш. 12:21—23). Бұл хабар ауызша айтылғандықтан, халық мұқият тыңдаулары керек еді. Олар нұсқауды қалай қабылдады? Киелі кітапта былай делінген: “Тәңір Мұса мен Һаронға қалай бұйырған болса, исраилдіктер дәл солай істеді” (Мыс. ш. 12:28, 50, 51). Осының арқасында Исраил өздерін құтқарған Ехобаның ұлы құдіретін көрді.
Бүгінде Ехоба біздерді одан да зор құтқарылуға дайындауда. Сондықтан оның беріп отырған нұсқауларына аса көңіл қоюымыз керек. Бұл нұсқаулар қауым кездесулерінде беріледі. Сол кездесулердің мүмкіндігінше толығымен пайдасын көріп жүрсің бе? Бұл көбінесе қалай тыңдайтыныңа байланысты.
Кездесулердің соңында естіген негізгі ойларды есіңе түсіре аласың ба? Естігендеріңді апта сайын өміріңде қолданудың мүмкіндіктерін іздеуді немесе өзгелермен бөлісуді әдетке айналдырдың ба?
Жүрегіңді дайында
Мәсіхшілер кездесулерінде алған тәліміміздің толық пайдасын көру үшін бізге жүрегімізді дайындау қажет. Бұлай етудің маңыздылығын яһуди патшасы Жосафат билік еткен кезде болған жайттан көруге болады. Жосафат таза ғибадатты қорғауға құлшына кірісті. Ол “Яһудадағы биіктеу жерлердегі табыну орындары мен жалған тәңірлерге арналған ағаш бағаналарын талқандады” және әкімдер, леуіліктер мен діни қызметкерлерді Яһуданың барлық қаласындағы адамдарға Ехобаның заңдарын үйретуге тағайындады. Әйтсе де, “биіктеу жерлердегі табыну орындары жойылмаған еді” (Шеж. 2-ж. 17:6—9; 20:33, ЖД). Жалған тәңірлерге табыну мен адамдардың өздері ойлап тапқан Ехобаға ғибадат етудің түрі — биіктеу жердегі пұтқа табыну орындарында қызмет ету — терең тамыр жайғаны соншалық, оларды түбірімен жою оңай емес еді.
Неліктен Жосафаттың тәлім беру шараларының әсері ұзаққа созылмады? Киелі кітапта әрі қарай былай делінген: “Халық өз жүрегін ата-бабаларының Құдайына әлі дайындамаған еді”. Олар өздеріне айтылғандарды естігенімен, соған сай әрекет етпеді. Бәлкім, оларға құрбандық шалу үшін Иерусалимдегі ғибадатханаға бару алыс әрі қолайсыз болып көрінсе керек. Қалай ойласа да, олардың жүректерінде сенім болмаған.
Біз жүрегімізді Ехобаның тәлімдерін қабылдауға дайындауымыз керек, тек сонда ғана Шайтанның дүниесіне қайта оралмастан, қарсы тұра аламыз. Жүрегімізді қалай дайындай аламыз? Мұның маңызды бір жолы — дұға ету. Құдайдың тәлімдерін ризашылықпен қабыл алайық деп дұға етуіміз керек (Заб. 26:4; 94:2). Бұл ер бауырластардың еңбегін бағалауға көмектеседі, өйткені олар кемелсіз болса да, Ехобаның өздерін халқына тәлім беру үшін қолдануына дайындықпен келісуде. Сондай-ақ бұл Ехобаға жаңадан біліп жатқан тәлімдеріміз үшін ризашылық айтуға ғана емес, оның осыған дейінгі шындықтарын да бағалай түсуге талпындырады. Ехобаның еркін толығымен орындауды қалай отырып, біз: “Тәңірім, мені Өз жолыңа үйрете гөр... менің жүрегім Сенің есіміңнен қорқатын болсын”,— деп дұға етеміз (Заб. 85:11).
Зейін қой
Мұқият тыңдауға кедергі жасайтын нәрселер көп. Кейде санамызды бөтен ойлар жаулап алады. Залдағы немесе сырттағы дыбыстар мен қимыл-қозғалыстар ойымызды бөлуі мүмкін. Мазамыз болмай отырса да, ойымызды жинақтау қиын болады. Балалары бар ата-аналардың да ойлары жиі бөлінеді. Бағдарламаны зейін қойып тыңдауымызға не көмектеседі?
Көңіліміздің неге ауатыны көбінесе көзімізге байланысты. Баяндамашыға қара, бұл сенің зейін қойып тыңдауыңа көмектеседі. Ол Киелі кітаптан тармақтарды оқығанда, мейлі саған жақсы таныс тармақ болса да, оларды ашып, қарап отыр. Әрбір шыққан дыбысқа немесе айналаңдағы қимыл-қозғалысқа алаңдай бермеуге тырыс. Егер миыңа көзің арқылы бөтен ойдың енуіне жол берсең, мінбеден айтылып жатқандардың көбісі далаға кетеді.
Егер “мазасыз ойлардан” бағдарламаны зейін қойып тыңдау қиын болса, көңілің мен ойыңды тынышталдыруын сұрап, Ехобаға дұға ет (Заб. 94:19, ЖД [93:19]; Філіп. 4:6, 7). Егер қажет болса, қайта-қайта дұға ет (Мат. 7:7, 8). Қауым кездесулері Ехобаның қарастырған шарасы болғандықтан, олардың саған пайдалы болғанын оның өзі қалайтынына сенімді болсаң болады (Жох. 1-х. 5:14, 15).
Баяндаманы тыңдау
Баяндамадан естіген өзіңе ұнаған ойларды есіңе түсіру қиын болмас. Алайда баяндаманы тыңдау қызық ойларды байқаудан әлдеқайда көп нәрсені білдіреді. Баяндаманы саяхатпен салыстыруға болады. Жолда көптеген қызықты жерлер кездескенімен, басты мақсатымыз — көздеген жерімізге жету. Баяндамашының да өз мақсаты бар: ол тыңдаушыларының қандай да бір тұжырым жасауын немесе оларды белгілі бір әрекетке талпындыруды қалайтын шығар.
Ешуа 24:1—15 дейінгі тармақтарда жазылған Ешуаның Исраил халқына айтқан сөздерін қарастырып көрейік. Оның мақсаты исраилдіктерді айналасындағы халықтардың жалған тәңірлеріне құлшылық етуден бас тартқызып, шынайы ғибадатты қолдауда берік болуға талпындыру болатын. Неліктен бұл маңызды еді? Жалған тәңірлерге ғибадат етудің етек жаюы Исраил халқының Ехобамен қарым-қатынасына үлкен қауіп төндіріп тұрған еді. Исраилдіктер Ешуаның айтқанына құлақ салып: “Жоқ, Ехобаны тастап, өзге тәңірлерге қызмет етуден аулақ етсін!.. Біз Ехобаға қызмет етеміз”,— деді. Осыдан кейін, олар шынымен де Ехобаға бет бұрды (Еш. 24:16, 18, 31, ЖД).
Баяндаманы тыңдағанда, оның мақсатын анықтауға тырыс. Баяндамашының айтқан ойлары осы мақсатқа қалай жеткізетініне мұқият болып отыр. Естігендеріңе сай енді не істеуің керек екені жайлы ойлан.
Талқылау барысында тыңдау
“Күзет мұнарасын” зерттеу, қауымның кітап зерттеу кездесуі мен қызмет кездесулерінің кейбір бөліктері Киелі кітап әдебиеттеріне негізделіп, сұрақ-жауап ретінде өткізіледі.
Талқылау қандай да бір мағынада әңгімелесуге ұқсайды. Мұның толық пайдасын көру үшін мұқият тыңдау керек. Талқылау барысын қадағала. Жүргізуші тақырып пен негізгі ойларға қалай баса назар аударғанына көңіл бөл. Сұрақтарға ішіңнен жауап беріп көр. Өзгелер материалды қалай түсіндіріп және қолданып жатқанын тыңда. Жиі өзгелердің көзқарасы саған таныс нәрсені жаңа қырынан көруге көмектеседі. Пікір алысуға сен де үлесіңді қосу арқылы сеніміңді білдіруге тырыс (Рим. 1:12).
Берілген материалды алдын ала зерттер болсаң, талқылауға қатысу қызықты болып, өзгелердің түсініктемелерін жақсы тыңдай аласың. Тиянақты дайындалуға жағдайың болмай қалса, жиналысқа дейін материалды шолып шығуға тырыс. Бұл талқылаудан көбірек пайда алуыңа көмектеседі.
Конгрестерде тыңдау
Қауым кездесулеріне қарағанда, конгрестерде ойды бөлетін нәрселер өте көп. Сондықтан конгрестерде мұқият тыңдау қиындау. Бізге не көмектеседі?
Маңызды фактор — жақсылап ұйқыны қандыру. Бағдарлама басталмас бұрын сол күннің тақырыбын қарап, ойыңда ұста. Әрбір баяндаманың тақырыбын қарап шығып, не жөнінде екенін ойланып көр. Жазба орындарын ашып отыр. Көп адамдар бағдарламаға зейін қоюға ондағы негізгі ойларды қысқаша жазып отыру көмектесетінін байқаған. Өміріңде және қызметіңде қолданғың келген ойларды жазып ал. Естігендеріңді конгреске бара жатқанда немесе қайтқанда қасыңдағылармен талқыла. Бұл алған мәліметтеріңнің есіңде жақсы қалуына көмектеседі.
Балаларды тыңдауға үйрету
Мәсіхші ата-аналар балаларын — мейлі, тым кішкентай болса да — өздерімен бірге қауым кездесулері мен конгрестерге апарар болса, ‘құтқарылу’ үшін дана болуларына көмектесе алады (Тім. 2-х. 3:15). Барлық бала бірдей емес, бәрі бірдей ұзақ уақыт бір орнында тыныш отыра алмайды, сондықтан балаларды мұқият тыңдауға үйреткенде парасаттылық қажет. Келесі кеңестер саған көмектесер.
Үйде балаларыңды тыныш отырып, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді оқып не суреттерін көруге үйрет. Жиналыста ойыншықпен баланың көңілін ауламаған дұрыс. Ертедегі Исраилдегідей балалар қауымға ‘тыңдап, үйрену’ үшін келеді (Заң. қ. 31:12). Кейбір ата-аналар балалары тіпті кішкентай болса да, талқыланып жатқан әдебиетті қолына ұстатады. Балалар есейген сайын, тыңдаушылармен талқылайтын бағдарлама бөліктеріне қатысуға дайындалуларына көмектес.
Жазбалар Ехобаны тыңдау мен оған мойынсұнудың тығыз байланысты екенін көрсетеді. Мұны Мұсаның Исраил халқына арнаған сөздерінен көруге болады: ‘Мен саған өмір мен өлім, бата мен қарғыс ұсындым... өмірді таңдап, Тәңірді, өзіңнің Құдайыңды, сүй, Оның даусына құлақ асып, Оған жабыс’ (Заң. қ. 30:19, 20). Құдайдың қолдауына және мәңгілік өмір сүру сыйына ие болу үшін бүгінде Ехобаның нұсқауларын тыңдап, оларды өмірде қолдануға тиіспіз. Сондықтан да Исаның: “Қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар!”— деген сөздеріне құлақ асу өте маңызды (Лұқа 8:18).