Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • kl 4-тар., 32—42 бет.
  • Иса Мәсіх — Құдай туралы білімнің кілті

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Иса Мәсіх — Құдай туралы білімнің кілті
  • Мәңгілік өмірге алып баратын білім
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • УӘДЕ ЕТІЛГЕН МӘСІХ
  • ИСАНЫҢ МӘСІХ ЕКЕНДІГІНІҢ ДӘЛЕЛДЕРІ
  • ИСАНЫҢ АДАМ БОЛЫП ТУЫЛҒАНҒА ДЕЙІНГІ ӨМІРІ
  • ИСАНЫҢ ЖЕРДЕГІ ӨМІРІ
  • ИСА БҮГІНГІ КҮНІ
  • ЖАСТЫҚ ШАҒЫ
  • ҚЫЗМЕТІ
  • САТҚЫНДЫҚ ЖӘНЕ ӨЛІМ
  • Иса Мәсіх деген кім?
    Киелі жазбалардан не білеміз?
  • Иса Мәсіх деген кім?
    Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
  • Олар Мәсіхті күтті
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Мәсіх — Құдай жіберген құтқарушы!
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Мәңгілік өмірге алып баратын білім
kl 4-тар., 32—42 бет.

4-Тарау

Иса Мәсіх — Құдай туралы білімнің кілті

1, 2. Дүниедегі діндер қалай Құдай туралы білімнің кілтін бұзған?

СЕН есігіңнің алдында кілттермен әуре болып тұрсың. Суық әрі қараңғы, үйге тезірек кіргің келеді. Бірақ есік ашылар емес. Сен керек кілтті алған сияқтысың, дегенмен құлып қозғалар емес. Неткен абыржу күй! Сен өз кілттеріңе қайта үңілесің. Керектісін ұстап тұрсың ба? Мүмкін, оны біреу сындырып қойған шығар?

2 Бұл мысал осы дүниедегі діндердің Құдай туралы білімдерінің шиеленісін жақсы суреттейді. Турасын айтқанда, көбісі бұл білімді ашатын Иса Мәсіхтің рөлін бұрмалап, кілтті бұзған. Кейбір діни топтар болса Исаны мүлдем елемей, бұл кілтті тіпті лақтырып тастаған. Басқалары Исаға құдіретті Құдай сияқты сиынып, оның рөлін бұрмалаған. Қалай болған күнде де, Иса Мәсіхтің қандай маңызды рөл атқаратынын тура біліп алмасақ, біз үшін Құдай туралы білім жабық болып қалады.

3. Неге Исаны Құдай туралы білімнің кілті деп атауға болады?

3 Мүмкін, Исаның: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”,— деген сөздері есіңде болар (Жохан 17:3). Иса бұл сөздерді айтқанда, мақтанған жоқ. Киелі кітап Мәсіх туралы тура білімнің маңыздылығын әлденеше рет атап өтеді (Петірдің 2-хаты 1:8; 2:20; Ефестіктерге 4:13; Қолостықтарға 2:2). “Барлық пайғамбарлар Иса [Мәсіх] туралы... куәлік келтірген”,— деген елші Петір (Елшілердің істері 10:43). Ал елші Пауыл былай деп жазды: “Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы жатыр” (Қолостықтарға 2:3). Бұдан басқа, Пауыл Ехобаның Иса арқылы ниетін түгел орындайтынын айтты (Қорынттықтарға 2-хат 1:20). Сонымен, Иса Мәсіх — Құдай туралы білімнің кілті. Біздің Иса туралы біліміміз оның болмысына байланысты болсын, Құдайдың ниетіндегі рөліне байланысты болсын еш бұрмаланбау керек. Дегенмен неге Исаның ізбасарлары оны Құдайдың ниетіндегі басты тұлға деп есептейді?

УӘДЕ ЕТІЛГЕН МӘСІХ

4, 5. Мәсіхке қандай үміт артылды және Исаның шәкірттері оны кім деп есептеді?

4 Әбіл өмір сүрген уақыттан бері, Құдайдың адал қызметшілері Ехоба Құдайдың өзі уәде еткен Ұрпақты тағатсыздана күтті (Жаратылыс 3:15; 4:1—8; Еврейлерге 11:4). Құдай бұл Ұрпақтың өз ниетінде Мәсіхтің, яғни “Майланғанның”, рөлін атқаратынын ашты. Мәсіх ‘күнәны жуады’, сонымен қатар оның Патшалығының ұлылығы Забур жырында алдын ала айтылған (Даниял 9:24—26; Забур 71:1—20). Сол Мәсіх кім болды екен?

5 Әндір атты жас еврейді Назареттік Исаның сөздерін тыңдаған кезінде қандай сезім билегенін көз алдыңа елестетші. Әндір өзінің ағасы Шимон Петірге жүгіріп келді де: “Біз Мәсіхтің Өзін таптық”,— деді (Жохан 1:41). Исаның шәкірттері оның уәде етілген Мәсіх екеніне сенімді болды (Матай 16:16). Шынайы мәсіхшілер Исаның уәде етілген Мәсіхтің дәл өзі екендігіне сенімді болғандары сонша, тіпті сол үшін өз өмірлерін қиюға да даяр еді. Оларда мұндай сенімділікке қандай негіз болды? Исаның Мәсіх екендігінің басты үш дәлелін қарастырып көрейік.

ИСАНЫҢ МӘСІХ ЕКЕНДІГІНІҢ ДӘЛЕЛДЕРІ

6. а) Уәде етілген Ұрпақ кімнің әулетінен шығу керек еді және Исаның дәл сол әулеттен шыққанын қайдан білеміз? ә) Неге б. з. 70 жылынан кейін ешкім өзін Мәсіхпін деп дәлелдей алмады?

6 Исаның ата-тегі — оның Мәсіх екендігінің бірінші дәлелі. Ехоба өзінің қызметшісі Ыбырайымға уәде етілген Ұрпақ оның әулетінен шығатынын айтты. Осы сияқты уәделерді Ыбырайымның баласы Ысқақ, Ысқақтың баласы Жақып, сонымен қатар Жақыптың баласы Яһуда да алды (Жаратылыс 22:18; 26:2—5; 28:12—15; 49:10). Жүздеген жылдардан кейін Мәсіхтің шежіре тармағын Дәуіт Патшаға әкелді, өйткені көптен күткен Ұрпақ соның әулетінен шығатындығы күні бұрын айтылған еді (Забур 131:11; Ишая 11:1, 10). Матай мен Лұқаның жазған Ізгі хабарлары Исаның ата-тегі дәл осы адамдар болғанын дәлелдейді (Матай 1:1—16; Лұқа 3:23—38). Исаның дұшпандары көп болғанмен, олардың ешқайсысы көпшілікке мәлім ата-баба шежіресімен таласқан емес (Матай 21:9, 15). Осыған қарағанда, оның ата-тегіне байланысты ешқандай күмән болмағаны анық. Бірақ б. з. 70 жылы римдіктер Иерусалимді жаулап алған кезде, еврейлердің шежіре шиыршықтарын жойып жіберді. Сол кезден бастап өзін Мәсіхпін дегісі келетіндердің ешбірі сөзін дәлелдей алмайтын болды.

7. а) Исаның Мәсіх екендігінің екінші дәлелі қандай? ә) Миха 5:2-дегі пайғамбарлық Исаның өмірінде қалай орындалды?

7 Орындалған пайғамбарлықтар — екінші дәлел. Еврей жазбаларындағы көптеген пайғамбарлықтар Мәсіх өмірінің сан қилы жақтарына сәулесін төгеді. Б. з. б. VIII ғасырда Миха пайғамбар бұл ұлы Билеуші шағын Бетлехем қаласында туылатынын алдын ала айтқан. Исраилде екі Бетлехем болған, сондықтан пайғамбарлық нақты оның біріне, яғни Дәуіт Патша туылған Бетлехем Ефрафаға нұсқайды (Миха 5:2). Исаның ата-анасы Жүсіп пен Мәриям Бетлехемнен солтүстікке қарай шамамен 150 шақырымдай жердегі Назаретте өмір сүрген. Мәриям жүкті кезінде рим императоры Август Цезарь барлығына өз туылған қаласында тізімге тіркелуді бұйырдыa. Сондықтан Жүсіпке жүкті әйелімен Бетлехемге баруға тура келді, сол жерде дүниеге Иса келді (Лұқа 2:1—7).

8. а) 69 “апта” қашан және қандай оқиғамен басталды? ә) 69 “апта” қанша уақытқа созылды және ол біткен соң не болды?

8 Б. з. б. VI ғасырда Даниял пайғамбар Иерусалимді қалпына келтіру туралы жарлық шыққаннан кейін, 69 “апта” өткен соң “Билеуші Мәсіх” келеді деп алдын ала айтқан (Даниял 9:24, 25). Әрбір “апта” жеті жылға тең болғанb. Киелі кітапқа және дүниежүзілік тарихқа сәйкес, Иерусалимді қалпына келтіру туралы жарлық б. з. б. 455 жылы шыққан (Нехемия 2:1—8). Сондықтан Мәсіх б. з. б. 455 жылдан кейін 483 жыл (69×7) өткен соң пайда болу керек еді. Бұл бізді б. з. 29 жылына, яғни дәл Ехобаның Исаны киелі рухпен майлаған жылына, әкеледі. Иса осылайша Мәсіх (“Майланған” дегенді білдіреді) болды (Лұқа 3:15, 16, 21, 22).

9. а) Забур 2:2 қалай орындалды? ә) Исаға қатысты тағы да қандай пайғамбарлықтар орындалды? (Қоршауды қара.)

9 Әлбетте, Исаны барлығы уәде етілген Мәсіх ретінде қабылдамады және бұл Еврей жазбаларында алдын ала айтылған болатын. Құдай рухының жетелеуімен Дәуіт патша Забур 2:2-де: “Тәңір мен Оның қойған патшасына Әлемнің патшалары қарсы тұрып, Әкімдер кеңесіп жатыр”,— деген пайғамбарлық айтқан. Бұл пайғамбарлық бірнеше мемлекеттің билеушілері Ехобаның Майланғанына, немесе Мәсіхке, бас салу үшін одақтасатындығына нұсқады. Солай болды да. Исаның өліміне Яһуди дін басшылары, сондай-ақ Ирод патша мен Рим әміршісі Понти Пилаттың азды-көпті қатысы бар. Тіпті бір-біріне қас дұшпандар Ирод пен Пилат кенет жақын дос бола қалды (Матай 27:1, 2; Лұқа 23:10—12; Елшілердің істері 4:25—28). Исаның Мәсіх екендігінің басқа да дәлелдерін “Мәсіхке қатысты кейбір көрнекті пайғамбарлықтар” қоршауынан қара.

10. Ехобаның өзі Исаның уәде етілген Мәсіх екендігіне қалай куәлік етті?

10 Ехоба Құдайдың куәлік етуі — Исаның Мәсіх екендігін растайтын үшінші дәлел. Ехоба Исаның уәде етілген Мәсіх екенін адамдарға хабарлау үшін періштелерді жіберді (Лұқа 2:10—14). Бұдан басқа, Иса жерде өмір сүрген кезде, Ехоба оған ризашылығын білдіріп, өзі көктен сөйледі (Матай 3:16, 17; 17:1—5). Ехоба Құдай Исаға кереметтер жасауға күш берді. Құдай ешқашан алаяқтарға керемет жасауға күш бермейтін болғандықтан, бұл кереметтердің әрқайсысы Исаның Мәсіх екендігіне Құдайдың дәлелі болған. Сонымен қатар Ехоба киелі рухының жетелеуімен ізгі хабарды жаздырды, осылайша Исаның Мәсіх екендігінің дәлелдері тарихта ең көп тараған және ең көп тілдерге аударылған Киелі кітаптың бөліктері болды (Жохан 4:25, 26).

11. Исаның Мәсіх екендігі қаншалықты дәлелденген?

11 Осы негізгі дәлелдер Исаның уәде етілген Мәсіх екендігін растайтын жүздеген айғақтардан тұрады. Шынайы мәсіхшілердің оны “барлық пайғамбарлар... куәлік келтірген” кісінің өзі деп есептеулеріне барлық негіз бар. Иә, шынайы мәсіхшілер Исаны Құдай туралы білімнің кілті деп таниды (Елшілердің істері 10:43). Бірақ Исаның Мәсіх екендігін растайтын айғақтардан басқа, ол туралы анағұрлым көп білуге болады. Мысалы, оның өмірге келуі туралы не белгілі? Ол кім болған?

ИСАНЫҢ АДАМ БОЛЫП ТУЫЛҒАНҒА ДЕЙІНГІ ӨМІРІ

12, 13. а) Исаның жерге келмес бұрын көкте өмір сүргенін қайдан білеміз? ә) “Сөз” деген кім және ол адам боп туылмас бұрын не істеген?

12 Исаның өмірін үш мезгілге бөлуге болады. Бірінші мезгілі оның жерге адам боп келуінен анағұрлым бұрын басталды. Миха 5:2-де Мәсіх “әуел бастан, мәңгілік күндерден” пайда болған делінеді. Иса ‘көктен’ келгенін ашық айтты (Жохан 8:23; 16:28). Жерге түспес бұрын, ол аспанда қанша уақыт өмір сүрді?

13 Иса Құдайдың жалғыз Ұлы болып аталған болатын, өйткені Ехоба оны өзі жаратты (Жохан 3:16). Сосын Ехоба ‘жаратылыс атаулының бәрінен бұрын бар болған’ Исаны қалған өзге жаратылыстарды жарату үшін қолданды (Қолостықтарға 1:15, сілтемені қара; Аян 3:14). Жохан 1:1-де “Сөз” (адам болып туылмай тұрғандағы Иса) “әуел баста” Құдайда болған делінеді. Демек, “аспан пен жер” жаратылғанда, Сөз Ехобада болған. Ехоба: “Өзімізге рухани жағынан ұқсас адамдарды жаратайық”,— деген кезде, Сөзге айтқан болатын (Жаратылыс 1:1, 26). Бұдан басқа, Сөз барлық пайда болған нәрсені жаратуда Ехобаның қол астында еңбек етіп, Нақыл сөздер 8:22—31 дейінгі тармақтарда суреттелгендей, даналықтың кейпі, Құдайдың “суретшісі” (“шебер көмекшісі”, ЖД) болған болса керек. Сөз жаратылып және жерге адам іспетті туылмас бұрын, ол Құдаймен бірге көкте ұзақ уақыт өмір сүрген.

14. Неге Иса “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі” деп аталған?

14 Қолостықтарға 1:15-те Иса “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі” (сілтемені қара) деп аталғаны таңғаларлық емес. Тіл алғыш Ұлы Әкесі Ехобамен көптеген ғасырлар бойы тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, оған өте ұқсас болып кеткен. Өмір беретін Құдай туралы білімнің кілті — Иса екендігіне бұл тағы бір себеп. Ехоба Исаның орнында қалай әрекет ететін болған болса, Иса жерде үнемі солай әрекет еткен. Сондықтан Исамен жақсырақ таныса отырып, біз Ехоба туралы білімімізді кеңейтеміз (Жохан 8:28; 14:8—10). Сонымен Иса Мәсіх туралы көбірек білу керек екендігі әбден айқын.

ИСАНЫҢ ЖЕРДЕГІ ӨМІРІ

15. Иса неге кемелді адам болып туылды?

15 Исаның өмірінің екінші мезгілі жерде өтті. Иса өзінің көктегі өмірін Құдайдың Мәриям атты құдайдан қорқатын яһуди қызының құрсағына салуына даярлықпен келісті. Ехобаның қуатты киелі рухы, немесе әрекет етуші күші, Мәриямға “көлеңкесін түсірді”, ол жүкті болды да, кемелді бала тапты (Лұқа 1:34, 35). Иса кемелсіздікті мұра етпеді, өйткені ол өмірді кемелді Бұлақтан алды. Ол қарапайым отбасында тәрбиеленіп, ағаш ұстасы Жүсіптің өгей баласы, бірнеше балаларының тұңғышы, болды (Ишая 7:14; Матай 1:22, 23; Марқа 6:3).

16, 17. а) Иса кереметтер жасауға күшті қайдан алды және қандай кереметтер жасады? ә) Иса қандай қасиеттер танытты?

16 Иса 12 жасқа толған кезде-ақ, оның Ехоба Құдайға шексіз берілгендігі айқын болды (Лұқа 2:41—49). Иса ержетіп, отыз жасында өзінің қызметін бастаған кезде, адамдарға терең сүйіспеншілік көрсетті. Құдайдың киелі рухы оған керемет жасауға күш бергенде, ол жанашырлықпен ауруларды, мүгедектерді, мылқауларды, зағиптарды, саңырау және алапеспен ауырғандарды айықтырды (Матай 8:2—4; 15:30). Иса мыңдаған ашыққандарды тойдырды (Матай 15:35—38). Бір күні ол достарын құтқару үшін дауылды басты (Марқа 4:37—39). Ол тіпті өлілерді де қайта тірілткен (Жохан 11:43, 44). Бұл кереметтер — сенімді тарихи айғақтар. Исаның дұшпандарының өзі де, оның ‘көп кереметтер жасағанын’ мойындауға мәжбүр болған (Жохан 11:47, 48).

17 Иса бүкіл өлкеге жиһан кезіп, адамдарға Құдай Патшалығын уағыздаған (Матай 4:17). Сонымен қатар ол мінсіз шыдамдылық пен парасаттылықтың үлгісін қалдырды. Шәкірттері оны жайсыз жағдайға қалдырғанның өзінде, ол түсінушілікпен: “Рух дайын болғанмен, тән осал”,— деген (Марқа 14:37, 38). Сөйтсе де, Иса ақиқатты елемей, қорғансыз адамдарды қанайтындардың алдында батыл әрі қайтпас мінез танытқан (Матай 23:27—33). Сонымен қатар ол өзінің Әкесінің сүйіспеншілік үлгісіне мүлтіксіз еліктеген. Иса кемелсіз адамдар болашаққа үміт алу үшін өлуге де даяр болды. Олай болса, Исаны Құдай туралы білімнің кілті деп есептеуге толық негіз бар! Иә, ол — тірі кілт! Бірақ неге тірі? Бұл сұраққа жауап беру үшін оның өмірінің үшінші мезгілін қарастырайық.

ИСА БҮГІНГІ КҮНІ

18. Біз бүгінде Иса Мәсіхті қалай елестетуіміз керек?

18 Киелі кітапта Исаның өлгені туралы айтылса да, ол тірі! Б. з. І ғасырында өмір сүрген жүздеген адамдар оның қайта тірілгенінің куәсі болған (Қорынттықтарға 1-хат 15:3—8). Алдын ала айтылғандай, бұдан кейін ол Әкесінің оң жағына отырып, өзіне көктегі патшалық билігі берілетін уақытты күтті (Забур 109:1; Еврейлерге 10:12, 13). Сондықтан бүгін Исаны қалай елестетуіміз керек? Оны біз мал ақырындағы дәрменсіз нәресте етіп елестетуіміз керек пе? Жоқ әлде азап шегіп өлгелі жатқан адам ретінде ме? Әлбетте, жоқ. Ол — құдіретті билеуші Патша! Сонымен қатар ол өте жақын арада біздің қор болған жеріміздің үстінен өзінің билігін орнатады.

19. Иса жақын болашақта не істейді?

19 Аян кітабының 19:11—15 дейінгі тармақтарында Иса Мәсіх әділетсіз адамдарды жоюға ниеттенген орасан зор күшпен келе жатқан Патша ретінде айқын суреттеледі. Осы сүйіспеншілігі зор көктегі Патшамыз миллиондаған адамдардың қайғы-қасіретін жоюға қалайша ұмтылып келеді десеңші! Сонымен қатар ол өзінің жерде қалдырған мүлтіксіз үлгісіне еліктеуге тырысқандарға да көмектескісі келеді (Петірдің 1-хаты 2:21). Құдайдың аспан Патшалығының азаматтары ретінде жерде өмір сүре алулары үшін, ол бұл адамдарды тез жақындап келе жатқан Һар-Магедон деп аталатын ‘құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасынан’ сақтап қалғысы келеді (Аян 7:9, 14; 16:14, 16).

20. Иса өзінің мыңжылдық билігі кезінде адамзат үшін не істейді?

20 Иса алдын ала айтылған мыңжылдық билігінде, бейбітшілік орнаған кезде, барлық адамзаттың игілігі үшін кереметтер жасайды (Ишая 9:6, 7; 11:1—10; Аян 20:6). Иса барлық ауруларды жазады және өлімді жояды. Ол мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік алу үшін миллиардтаған өлілерді қайта тірілтеді (Жохан 5:28, 29). Осы кітаптан Мәсіхтің Патшалығы туралы әлі де білетін нәрселеріңнен әсер алатындығың сөзсіз. Патшалық билігінің қол астында өміріміздің ғажайып болатыны сонша, оны елестете де алмаймыз! Сондықтан Иса Мәсіх туралы мейлінше көбірек білу керек! Иә, Иса мәңгілік өмірге алып баратын Құдай туралы білімнің кілті екенін ешқашан ұмытпағанымыз маңызды.

[Сілтемелер]

a Халықтың санын анықтау Рим империясына салық жинауға мүмкіндік берді. Осылайша, өзі аңдамай, Август “патшалық бойынша салық жинаушыларды жібереді” деген билеуші туралы пайғамбарлықтың орындалуына септігін тигізді. Сонымен қатар бұл пайғамбарлықта сол басқарушының мирасқорының күндерінде “Өсиет көсемі”, немесе Мәсіх, “құлайды” деп алдын ала айтылған. Иса Августтың мирасқоры Тіберидің билік еткен кезінде өлтірілді (Даниял 11:20—22).

b Ежелгі еврейлер арасында жылдық апталар туралы түсінік кеңінен тараған. Мысалы, әр жетінші күн демалыс күн болғаны сияқты әр жетінші жыл да демалыс жылы деп саналатын (Мысырдан шығу 20:8—11; 23:10, 11).

БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР

Исаның ата-тегі оның Мәсіх екенін қалай дәлелдейді?

Мәсіхке қатысты қандай пайғамбарлықтар Исаның өмірінде орындалды?

Құдай Исаны өзінің Майланғаны екенін қалай көрсетті?

Неліктен Иса Құдай туралы білімнің тірі кілті болып табылады?

[37-беттегі кесте]

МӘСІХКЕ ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР КӨРНЕКТІ ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАР

ПАЙҒАМБАРЛЫҚ ОҚИҒА ОРЫНДАЛУЫ

ЖАСТЫҚ ШАҒЫ

Ишая 7:14 Қыздан туылуы Матай 1:18—23

Еремия 31:15 Ол туылғаннан кейін Матай 2:16—18

нәрестелердің өлтірілуі

ҚЫЗМЕТІ

Ишая 61:1, 2 Құдайдың өкілі Лұқа 4:18—21

болды

Ишая 9:1, 2 Оның қызметінің арқасында Матай 4:13—16

адамдар үлкен бір ғаламат нұрды көрді

Забур 68:10 Ехобаның үйіне Жохан 2:13—17

деген құлшынысы

Ишая 53:1 Оған сенбеген Жохан 12:37, 38

Зәкәрия 9:9; Иерусалимге тайқарға

мініп кіруі

Забур 117:26 Ехобаның есімімен келетін Матай 21:1—9

патша ретінде дәріптеген

САТҚЫНДЫҚ ЖӘНЕ ӨЛІМ

Забур 40:10; 108:8 Бір елшісі сатқындық Елш. іст. 1:15—20

жасап, Исаға опасыздық жасады

және бұл үшін оның орнын басқа біреу иеленді

Зәкәрия 11:12 30 мысқал күміске сатылған Матай 26:14, 15

Забур 26:12 Оған қарсы жалған Матай 26:59—61

куәгерлерді қолданған

Забур 21:19 Оның киімдері үшін жеребе Жохан 19:23, 24

тастады

Ишая 53:12 Қылмысты деп саналды Матай 27:38

Забур 21:8, 9 Өлер алдында қорлаған Марқа 15:29—32

Забур 68:22 Сірке суын берген Марқа 15:23, 36

Ишая 53:5; Найзамен түйрелген Жохан 19:34, 37

Зәкәрия 12:10

Ишая 53:9 Сүйегі бай адамның қабіріне Матай 27:57—60

қойылған

Забур 15:8—11 Денесі шіруге жетпей, қайта Елш. іст.

тірілген 2:25—32; 13:34—37

[35-беттегі сурет]

Құдай Исаға ауруларды сауықтыру үшін күш берген

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу