3-Тарау
Шын Құдай кім?
1. Неге адамдардың көпшілігі Киелі кітаптың алғашқы сөздерімен келіседі?
АШЫҚ түні аспанға қарағанда, сені сансыз жұлдыздар таңғалдырмай ма? Сен олардың пайда болуын қалай түсіндірер едің? Ал ашық түсті гүлдер, құстардың сайраған әсем әні мен мұхитта жүзіп жүрген алып киттер туралы не ойлайсың? Бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Мұның барлығы жарық дүниеге кездейсоқ пайда болуы мүмкін емес. Сондықтан Киелі кітаптың: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты”,— деген сөздерімен көпшіліктің келісетіндігі таңғаларлық емес (Жаратылыс 1:1).
2. Киелі кітап Құдай туралы не дейді және не істеуге шақырады?
2 Бүгінгі күні адамзаттың Құдай туралы пікірлерінде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Кейбіреулер Құдайды өзіндік қасиеті жоқ күш деп ойлайды. Миллиондаған адамдар Құдайға жету мүмкін емес деп, өлген ата-баба аруағына табынады. Дегенмен Киелі кітап шын Құдайдың нақты өзіндік қасиеті бар тұлға екенін және ол біздің әрқайсысымызға терең ықылас қоятынын көрсетеді. Сондықтан Киелі кітап: “Ол әрқайсымыздан алыс емес”,— деп, оны іздеуге шақырады (Елшілердің істері 17:27).
3. Неліктен Құдайды бейнелеу мүмкін емес?
3 Құдайды қалай елестетуге болады? Құдайдың қызметшілерінің тек кейбіреулері ғана оның зор сән-салтанаты туралы әңгімелеген. Оларға берілген аяндарда Құдай өзін тақта отырғандай етіп көрсеткен және одан жан тебірентетін жарық нұр шашылып тұрған. Бірақ мұндай аян көрген адамдар ешқашан Құдайдың бет-әлпетін суреттеген емес (Даниял 7:9, 10; Аян 4:2, 3). Өйткені “Құдайдың Өзі — Рух”, ол тәнсіз (Жохан 4:24). “Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес”, сондықтан біздің Жаратушымызды тәндік денеде елестету мүмкін емес (Жохан 1:18; Мысырдан шығу 33:20). Дегенмен Киелі кітап бізге Құдай туралы өте көп нәрсені үйретеді.
ШЫН ҚҰДАЙДЫҢ ЕСІМІ БАР
4. Киелі кітап Құдайды қандай көп мағыналы лауазымдармен атайды?
4 Киелі кітапта шын Құдай “құдіреті шексіз Құдай”, “Ең жоғарғы”, “Жаратушы”, “Ұлы Ұстаз”, “Әлемнің Әміршісі”, “Мәңгілік Патша” деген тіркестермен суреттеледі (Жаратылыс 17:1; Забур 49:14; Екклесиаст 12:1; Ишая 30:20, ЖД; Елшілердің істері 4:24; Тімотеге 1-хат 1:17). Егер осы лауазымдардың үстінен ой жүгіртіп көрсек, онда Құдай туралы көбірек білім аламыз.
5. Құдайдың есімі кім және Еврей жазбаларында оның есімі қанша рет кездеседі?
5 Бірақ Құдайдың жеке есімі бар, ол тек Еврей жазбаларының өзінде шамамен 7 000 рет кездеседі, ал бұл лауазымдарының қай-қайсысынан болмасын көп. Шамамен 1 900 жыл бұрын еврейлер ырымшылдықпен Құдайдың есімін атамай қойған. Киелі кітап жазылған еврей тілінде дауысты дыбыстар болмаған. Сондықтан Мұса, Дәуіт, сондай-ақ көне уақыттың басқа адамдары да Құдай есімін құрайтын дауыссыз төрт әріпті (יהוה) қалай айтқанын тура анықтау мүмкін емес. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, Құдай есімі “Яһуә” (Яхве) деп айтылған, бірақ олар бұған да сенімді емес. “Ехоба” деп айтылуы көп уақыттан бері қолданылып келеді, сондай-ақ оның баламаларын көп тілде көпшілік мақұлдаған. (Мысырдан шығу 3:15, сілтемені қара.)
НЕЛІКТЕН ҚҰДАЙДЫҢ ЕСІМІН ҚОЛДАНУ КЕРЕК?
6. Забур 82:19-да Құдай туралы не айтылады және неге оны есімімен атауымыз керек?
6 Ехоба деген есім — Құдайды барлық басқа құдайлардан айыратын өзінше жалғыз есім. Сол себептен ол Киелі кітапта, әсіресе еврей мәтінінде, жиі кездеседі. Көп аудармашылар өз еңбектерінде Құдайдың есімін жазбай кетеді, бірақ Г. П. Павскийдің аудармасына сәйкес Забур 82:19-да: “Сен, Кімнің аты Ехоба, Жалғыз жер бетінен биік” деп ашық айтылады. Сол себепті Құдай туралы айтқанда, оны есімімен атағанымыз орынды.
7. Ехобаның есімінің мағынасынан Құдай туралы не білеміз?
7 Ехоба деген есім — “болғызу” деген мағынаны білдіретін еврей етістігі. Сондықтан Құдайдың есімі “Ол болғызады” дегенді білдіреді. Осылайша Ехоба ұлы ниеттердің Құдайы екендігін ұқтырады. Ол әрдайым өз ниеттерін жүзеге асырады. Адамдар ешқашан өз ойларының жүзеге асатынына толық сенімді бола алмайтындықтан, бұл есімді тек қана шын Құдай алуға құқылы (Жақып 4:13, 14). Тек Ехоба ғана: “Менің аузымнан шыққан сөзім... Өзіме нәтижесіз оралмайды... көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады”,— деп айта алады (Ишая 55:11).
8. Ехоба Мұса арқылы қандай ниетін жариялады?
8 Еврей халқының ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ және Жақып ‘Ехобаның атын шақырған’ (ЖД), бірақ оның мағынасын толық түсінбеген (Жаратылыс 21:33; 26:25; 32:9; Мысырдан шығу 6:3). Ехоба олардың ұрпағын, исраилдіктерді, Мысыр құлдығынан босату туралы өзінің ниетін жариялап, ‘ағы мен балы мол елді’ мұраға беремін деп уәде еткенде, бұл оларға мүмкін еместей болып көрінді (Мысырдан шығу 3:17). Оған қарамастан Мұса пайғамбарға: “Исраилдіктерге былай де: — Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие (Яһуә) мені сендерге жіберіп отыр. Мәңгі-бақи Менің атым осылай болмақ. Күллі келер ұрпақтар да Мені осы есіміммен естеріне сақтасын”,— деген бұйрық беріп, Құдай өз есімінің мағынасы еш уақытта өзгермейтіндігіне нұсқады (Мысырдан шығу 3:15, сілтемені қара).
9. Перғауын Ехоба туралы қандай ойда болды?
9 Мұса Мысыр патшасы перғауыннан Ехобаға сиыну үшін исраил халқын айдалаға жіберуін сұрады. Бірақ өзін құдай деп есептейтін және Мысыр тәңірлеріне сиынатын перғауын: “Мен айтқанын тыңдап, исраилдіктерді жіберетіндей “Жаратқан Ие” кім? Мен “Жаратқан Иені” білмеймін де, Исраил халқын жібермеймін де”,— деп жауап берді (Мысырдан шығу 5:1, 2).
10. Ехоба ежелгі Мысырда исраилдіктерге байланысты ниетін жүзеге асыру үшін не істеді?
10 Сонда Ехоба өзі есімінің мағынасына сәйкес әрекет етіп, бірте-бірте өз ниетін орындай бастады. Ол ежелгі мысырлықтарға жаза ретінде он апат жіберді. Соңғы апат барлық мысырлықтардың тұңғыштарының, соның ішінде тәкаппар перғауынның баласының да өліміне әкеліп соқтырды. Сонда мысырлықтар қорқып, исраилдіктерден жерлерінен кетулерін өтінді. Бірақ кейбір мысырлықтар Ехобаның құдіретінің әсер еткені соншалық, Мысырды тастап, исраилдіктерге қосылып көшіп кетті (Мысырдан шығу 12:35—38).
11. Ехоба Қызыл теңіздің бойында қандай керемет жасады және дұшпандарына нені мойындауға тура келді?
11 Қиқар перғауын жүздеген соғыс күймесінен тұратын әскерімен құлдарын қайтарып алуға үміттеніп, ізінше қуа түсті. Мысырлықтар оларды қуып жетейін деп қалғанда, Құдай ғажайып түрде Қызыл теңіздің суын қақ жарып, исраилдіктерді теңіздің түбімен өткізеді. Қуғыншылар да пайда болған сол жолмен іздеріне түсті, бірақ Ехоба олардың “күймелерінің дөңгелектерін шығарып тастап” күшпен сүйрететіндей етіп қойды. Сонда Мысыр жауынгерлері: “Исраилдіктерден қашып құтылайық, олар үшін Жаратқан Ие Мысырмен шайқасып жатыр!”— деп айғайлады. Бірақ тым кеш еді. Таудай су қабырғалары құлады да, “перғауынның бүкіл әскерін, күймелері мен атты жауынгерлерін көміп тастады” (Мысырдан шығу 14:22—25, 28). Ехоба осылайша өз есімінің даңқын шығарды және бұл оқиға күні бүгінге дейін ұмыт болған жоқ (Ешуа 2:9—11).
12, 13. а) Бүгінде Құдайдың есімі біз үшін нені білдіреді? ә) Адамдарға не нәрсеге шұғыл түрде үйрену қажет және неліктен?
12 Бүгін Құдайдың даңқталған есімінің біз үшін мәні зор. Оның есімі — Ехоба. Бұл — өз ниеттерін орындай алатындығының кепілі. Сондай-ақ бұл оның бастапқы ниеті жерді жұмаққа айналдыруға да қатысты (Жаратылыс 1:28; 2:8). Мұны орындау үшін: “Менің Ехоба екенімді біледі”,— деп айтқандай, Құдай біздің күндеріміздегі өз билігінің барлық жауларын жояды (Езекиел 38:23, ЖД). Сонда ол өзінің уәдесін орындайды және қызметшілеріне жаңа әділетті дүниені тарту етеді (Петірдің 2-хаты 3:13).
13 Құдайдың ықыласына ие болуды қалайтындар оның есімін сеніммен шақыруды үйренулері керек. Киелі кітап: “Ехобаның есімін шақырған әркім құтқарылады”,— деп уәде береді (Римдіктерге 10:13, ЖД). Иә, Ехобаның есімі кең мағыналы. Ехобаны өзіңнің Құдайың және Құтқарушың ретінде шақыра отырып, сен баянды бақытты сыйға аласың.
ШЫН ҚҰДАЙДЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ
14. Киелі кітап Құдайдың қандай негізгі қасиеттеріне көңіл аударады?
14 Исраилдің Мысырдан босатылуы жөніндегі хабарды қарастыра отырып, біз Құдай өзінің өзара үйлесіп жатқан негізгі төрт қасиетін көрсеткенін байқаймыз. Перғауынға істеген әрекеттері оның ғаламат күшін көрсетеді (Мысырдан шығу 9:16). Бұл шиеленіскен оқиғаның оңай шешілуі оның шексіз даналығына куәлік етеді (Римдіктерге 11:33). Халқының қиқар дұшпаны мен қанаушысын жазалай отырып, әділеттілік көрсетті (Заңды қайталау 32:4). Құдайдың ең көрнекті қасиеті — сүйіспеншілік. Ыбырайымның ұрпағына берген уәдесін орындай отырып, Ехоба теңдесі жоқ сүйіспеншілік көрсетті (Заңды қайталау 7:8). Бұдан басқа, кейбір мысырлықтарға өздерінің жалған құдайларынан бас тартып, өз игіліктері үшін жалғыз шынайы Құдайға келулеріне мүмкіндік беруімен де сүйіспеншілік көрсетті.
15, 16. Құдай сүйіспеншілігін қалай көрсетеді?
15 Киелі кітапты оқу барысында Құдайдың сан-қилы етіп көрсететін ең басты қасиеті сүйіспеншілік екенін байқайсың. Мысалы, ол дәл осы сүйіспеншілігінің арқасында Жаратушы болып, өмір қуанышын рухани жаратылыстарымен бөлісті. Жүздеген миллион періштелер Құдайды жақсы көреді, әрі оны дәріптейді (Әйүп 38:4, 7; Даниял 7:10). Сонымен қатар Құдай Жерді жаратып, оны адамдардың бақытты өміріне даярлауымен сүйіспеншілік танытты (Жаратылыс 1:1, 26—28; Забур 113:24).
16 Біз Құдайдың сүйіспеншілікпен сыйға тарту етіп отырған игіліктерінің санына жете алмаймыз. Бәрінен бұрын Құдайдың бізді сүйіспеншілікпен және таңғаларлық етіп жаратқаны соншалық, біз өмірден рақат ала аламыз (Забур 138:14). Ол сүйіспеншілігін ‘аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлап, жанымызды қуанышқа толтыруымен’ көрсетеді (Елшілердің істері 14:17). Керек десең, Құдай “жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады” (Матай 5:45). Жаратушымыз сүйіспеншілігінің арқасында білім береді, әрі оған қуанышпен ғибадат етуімізге көмектеседі. Шындығында, “Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8). Бірақ оның басқа да өзіндік қасиеттері бар.
“РАҚЫМДЫ ДА ҚАЙЫРЫМДЫ”
17. Мысырдан шығу 34:6, 7-ден Құдай туралы не білеміз?
17 Исраилдіктер Қызыл теңізден өткеннен кейін де, оларға Құдайды әлі де жақсырақ тану керек болды. Мұса мұны жете түсініп: “Егерде маған риза болсаң, (бізді жүргізетін) өз жолдарыңды білдіре гөр. Сонда мен Сені жақыннан танып, Сен маған келешекте де риза боласың”,— деп дұға етті (Мысырдан шығу 33:13, сілтемені қара). Құдайдың: “Жаратқан Ие! Жаратқан Ие! Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, Сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады; Ол сүйіспеншілігін мыңдағандарға ұдайы көрсетеді, Тіпті Өзіне қарсы әділетсіздік жасап, Күнәға батқан адамды да кешіруге дайын. Ал (қасарысқан күнәкарды) жазалаусыз қалдырмайды”,— деген сөздерін тыңдағаннан кейін, Мұса оны жақсырақ таныды (Мысырдан шығу 34:6, 7). Құдайдың сүйіспеншілігін әділеттілікпен танытады; кім әдейілеп күнә жасаса, Құдай оны жаман істерінің нәтижесінен қорғамайды.
18. Ехобаның қайырымдылығы неден көрінеді?
18 Мұса білгендей, Ехоба қайырымдылық көрсетеді. Қайырымды адам кім азап шексе, сонымен бірге қайғырады, оның ауыртпалығын жеңілдетуге тырысады. Сол сияқты Құдай да, ақырында қиыншылықтар, ауру мен өлімнің жойылуына қам жасауымен адамзатқа жанашырлық көрсетті (Аян 21:3—5). Құдайдың қызметшілері осы дүниедегі жағдайлардың кесірінен немесе бір істі ойланбай істеп, жамандыққа тап болғандарынан азап шегулері мүмкін. Бірақ олар кішіпейілділікпен Ехобадан көмек сұраса, ол жұбатады, әрі көмек береді. Неліктен? Өйткені ол өзінің қызметшілеріне мейірімділікпен қамқорлық етуде (Забур 85:15; Петірдің 1-хаты 5:6, 7).
19. Неге Құдайды қайырымдылыққа толы деп айта аламыз?
19 Билікке ие болған көп адамдар басқаларға қатыгездікпен қарайды. Бұған қарама-қайшы Ехоба өзінің момын қызметшілеріне шексіз қайырымдылық көрсетеді және әлемдегі ең жоғары биліктің иесі бола тұра, адамдарға көңіл бөлуімен таңғаларлық мейірімділік танытады (Забур 8:4, 5; Лұқа 6:35). Сонымен қатар Ехоба жеке адамдардың өтініштеріне де жауап беруімен мейірімділік көрсетеді (Мысырдан шығу 22:26, 27; Лұқа 18:13, 14). Әрине, Құдай игі ниет немесе мейірімділік көрсетуге міндетті емес (Мысырдан шығу 33:19). Сондықтан Құдайдың мейірімділігі мен қайырымдылығын жоғары бағалауымыз керек (Забур 144:1, 8).
АСҚАН ШЫДАМДЫ, БЕТ-ЖҮЗГЕ ҚАРАМАЙТЫН ЖӘНЕ ӘДІЛЕТТІ
20. Ехобаның асқан шыдамдылығы және бет-жүзге қарамайтындығы неден көрінеді?
20 Ехоба асқан шыдамды. Әйтсе де, Қызыл теңіздегі қиқар перғауын мен оның әскерін жойғанынан көрінетіндей, ол қол қусырып отыра бермейді. Сонымен қатар Ехоба адамның бет-жүзіне қарамайды. Сондықтан Құдайдың халқы Исраил өзінің қайтпай жасаған күнәлары үшін ақырында оның батасынан айырылды. Енді Құдай барлық халықтардан әділеттілікпен әрекет ететін қызметшілер жинауда (Елшілердің істері 10:34, 35).
21. а) Аян 15:2—4 дейінгі тармақтарда Құдай туралы не айтылады? ә) Құдай нормаларына сай өмір сүруге не көмектеседі?
21 Киелі жазбалардың Аян кітабында Құдайдың “әділ үкімдері” туралы білудің маңыздылығына көңіл аударылады. Ол көктегі рухани жаратылыстардың: “Бүкіл әлемнің Иесі — Құдай, Сенің істерің ұлы да керемет! Халықтардың Патшасы, Сенің жолдарың шынымен әділ де дұрыс! Жаратқан Ие, кім Сенен қорықпас? Сенің атыңның ұлылығын жариялаудан кім бас тартпақ? Жалғыз Сен ғана толықтай қасиеттісің! Барлық халықтар Сенің алдыңа келіп, бас ұрып ғибадат ететін болады. Себебі Сенің әділ үкімдерің айқын болды”,— деп әндетіп жатқанын хабарлайды (Аян 15:2—4). Егер Ехобаның нормаларына сәйкес өмір сүретін болсақ, Құдайға жағымды қорқыныш танытамыз, әрі оған лайықты құрмет көрсетеміз. Егер біз Құдайдың даналығы мен сүйіспеншілігін ұмытпасақ, мұны істеу оңай болады. Бұл өсиеттердің барлығы біздің игілігімізге қызмет етеді (Ишая 48:17, 18).
“ЕХОБА БІЗДІҢ ЖАЛҒЫЗ ҚҰДАЙЫМЫЗ”
22. Киелі кітапқа байыппен қарайтын адамдар неге Үштікке сиынбайды?
22 Ежелгі мысырлықтар көптеген құдайларға сиынған, бірақ Ехоба — ‘басқа тәңірлердің болуына төзбейтін’ Құдай (Мысырдан шығу 20:5). Мұса Исраил халқына, “Жаратқан Ие — жалғыз Құдай” екенін естеріне салды (Заңды қайталау 6:4). Иса Мәсіх осы сөздерді қайталады (Марқа 12:28, 29). Сондықтан Киелі кітапты Құдай Сөзі деп есептейтін адамдар Үштікке, яғни үш жүзді құдайға, сиынбайды. Киелі кітапта “Үштік” деген сөз мүлдем кездеспейтінін ескере кету керек. Шын Құдай Иса Мәсіхтен бөлек, жеке өзіндік қасиеттері бар дара тұлға болып табылады (Жохан 14:28; Қорынттықтарға 1-хат 15:28). Құдайдың киелі рухы өзіндік қасиеті бар тұлға емес. Бұл — құдіретті Ехобаның өз ниеттерін орындауға қолданатын әрекет етуші күші (Жаратылыс 1:2; Елшілердің істері 2:1—4, 32, 33; Петірдің 2-хаты 1:20, 21).
23. а) Құдайға деген сүйіспеншілігің қалай артады? ә) Иса Құдайға деген сүйіспеншілік туралы не деді және Мәсіх туралы не білу керек?
23 Ехобаның қандай керемет Құдай екенін қарастыра отырып, сен ол ғибадат етуге лайық деген пікірге келген жоқсың ба? Сен оның Сөзі Киелі кітапты зерттей отырып, онымен жақсырақ танысасың, сондай-ақ сенің мәңгілік амандығың мен бақытыңа қызмет ететін талаптарын білесің (Матай 5:3, 6). Сонымен қатар Құдайға деген сүйіспеншілігің артады. Иса былай деді: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!” (Марқа 12:30). Исаның Құдайға деген сүйіспеншілігі осындай болғанында күмән жоқ. Бірақ Киелі кітапта Иса Мәсіх туралы не айтылады? Ехобаның ниетіндегі оның рөлі қандай?
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Құдайдың есімі кім және оның есімі Еврей жазбаларында неше рет кездеседі?
Неге Құдайды есімімен атау керек?
Ехоба Құдайдың қандай қасиеттері саған көбірек ұнайды?
[29-беттегі сурет]
Әлемнің Жаратушысын жақсы танисың ба?