ЖЕР ПЛАНЕТАМЫЗ АМАН ҚАЛА МА?
ОРМАНДАР
ОРМАНДАР “жердің өкпесі әрі өмірді қуаттайтын жүйе” деп аталып кеткені тегін емес. Ағаштар адамдарға зиян көмірқышқыл газын сіңіріп, тыныс алуымызға қажетті оттегін бөліп отырады. Жер бетіндегі өсімдік пен жануарлардың 80 пайызы орманда тіршілік етеді. Ормансыз күніміз қараң болар еді.
Ормандарға қауіп төніп тұр
Жыл сайын миллиардтаған ағаштар кесіліп, орнына көбінесе дақылдар егіледі. Шамамен соңғы 75 жылдан бері жер бетіндегі жаңбырлы ормандардың тең жартысы жойылды.
Ормандар жойылғанда, онымен бірге сонда тіршілік ететін жануарлар мен өсімдіктер де жойылады.
Планетамыз өз-өзін емдей алады
Ормандар шабылған кейбір жерлерде таңғаларлық құбылыс байқалған: кесілген ағаштар қайта өсіп, тіпті көбейе бастаған. Жақында экологтар шабылған ормандар қаншалықты тез қалпына келетінін көріп таңғалды. Ағаштар ешкімнің көмегінсіз-ақ қайтадан жайқалып шыға келген. Осы орайда бірнеше жайтты қарастырайық.
Зерттеушілер егіндік егу үшін ағаштары кесілген, бірақ кейін қараусыз қалып кеткен ормандарды бақылауға алған. Америка мен батыс Африкадағы осындай 2200 алқапта жүргізілген зерттеу нәтижесінде топырақ он жылдың ішінде қалпына келіп, қайтадан ағаштар өсе бастағаны байқалған.
“Сайенс” журналында жарияланған зерттеуге сай, зерттеушілер шамамен 100 жылдың ішінде сан алуан ағаштар өсіп шығып, ормандағы тіршілік те қалпына келе алады деп пайымдайды.
Жақында Бразилиядағы зерттеушілер кесілген ормандар қай кезде тез өсетінін салыстырып көргісі келді: өздігінен бе, әлде адамдар жаңа ағаштар отырғызғанда ма?
“Нэшнл джиогрэфикте” айтылғандай, сол зерттеуге қатысқан зерттеушілер “ағаштарды қайта отырғызу қажет емес екенін көріп таңғалған”. Бақылауға алынған алқаптарда ағаштар небәрі бес жылдың ішінде өздері-ақ қаумалап өсіп шыққан.
Жасалып жатқан шаралар
Дүниежүзі бойынша қолда бар орман алқаптарын қорғау үшін әрі зиян келтірілген ормандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмылдырылып жатыр. Нәтижесінде, БҰҰ-ның бір дереккөзінде айтылғандай, әлем бойынша ормандарды кесу соңғы 25 жылда 50 пайызға азайған.
Бірақ ормандарымызды сақтау үшін бұл шаралар аздық етіп жатыр. “Соңғы бірнеше жылды алсақ, тропикалық аймақтарда ормандардың жойылуы сол күйі жалғасып келеді”,— дейді Жаһандық ормандарды қорғау ұйымының есебі.
Компаниялар ағаштарды заңсыз кесіп, содан сан миллиардтаған доллар пайда көріп отыр. Тропикалық ормандардың жойылуының басты себебі — осы ашкөздік.
Орманды қорғауға жауапты орманшылар есейіп кеткен ағаштарды қажетінше кесіп, орнына жаңаларын отырғызады
Үміттенуге себеп бар. Киелі жазбалардың айтары
“Ехобаa Құдай жерден көзге тартымды, жемісі жеуге жақсы түрлі ағаштар өсіріп шығарды” (Мұсаның 1-жазбасы 2:9).
Жаратушымыз күллі ормандарды өздігінен қалпына келе алатындай қасиетпен жаратқан. Соның арқасында біз олардың игілігін көре береміз. Құдай ормандарды қуаттап, оларды және онда тіршілік ететін сан алуан жануарлар мен өсімдіктерді сақтап қалғысы келеді.
Киелі жазбаларда Құдай жерді құртып жатқан ашкөз адамдарға күндердің күнінде тоқтау қойып, планетамызды аман сақтап қалатыны айтылады. 15-беттегі “Құдай планетамыз аман қалады деп уәде етеді” деген мақаланы қараңыз.
a Ехоба — Құдайдың есімі (Зәбүр 83:18).