БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ
Кешірімділік
“БАЛА КҮНІМДЕ ҚОРЛЫҚ СӨЗДЕР МЕН ҰРЫС-КЕРІСТЕН КӨЗ АШПАДЫМ,— дейді Патрисия есімді бір әйел.— Мен кешіруді білмейтінмін. Тіпті есейгенде де, біреуге ренжісем, соны ойлай беріп, бірнеше күн ұйықтай алмай жүретінмін”. Рас, ашу-ыза мен өкпе-реніш адамды бақыттан да, денсаулықтан да айырады. Зерттеулер көрсеткендей, кешірмейтін адам...
ашу мен ренішке берілгендіктен, басқалармен қарым-қатынасын бұзады, ал бұл жалғыздыққа апарады.
тез өкпелеп, жантыныштығынан айырылып, тіпті қатты күйзеліп кетеді.
жаман нәрсеге ойша қадалып қалатыны сонша — өмірдің қызығын көре алмайды.
өзін адамгершіліктен аттап жүргендей сезініп қиналады.
стреске көп ұшырайды және жоғары қан қысымы, жүрек пен бас ауруы, артрит сияқты ауруларға бейім боладыa.
КЕШІРІМДІЛІК ДЕГЕН НЕ? Кешіру ренжіткен адамға рақым етіп, өкпе-реніштен, ыза мен кектен азат болуды білдіреді. Бірақ бұл — болған жаман жағдайға көндігу, көз жұмып қарау немесе түк болмағандай жүре беру деген сөз емес. Кешіру — адамның ойланып қабылдайтын жеке шешімі. Мұндай қадамды адам татулықты сүйгендіктен және өзгелермен жақсы ара-қатынаста болу үшін жасайды.
Кешірімділік түсінікті де қамтиды. Кешірімшіл адам барлық адамның күнәкар екенін, сөзінде не ісінде қателік жіберетінін түсінеді (Римдіктерге 3:23). Киелі кітапта: “Әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер”,— деп жазылған (Қолостықтарға 3:13).
Кешірімділік “адамдарды толықтай біріктіретін” сүйіспеншіліктің маңызды бір қыры болып табылатыны бекер емес (Қолостықтарға 3:14). “Мейо” емханасының веб-сайтында түсіндірілгендей, кешірімділік...
қарым-қатынасты жақсартады; ренжіткен адамға жанашырлықпен, түсінушілікпен қарауға талпындырады;
адамның психикалық күйін жақсартады және Құдаймен жақсы қарым-қатынасын сақтайды;
өшпенділікті, уайым мен стресті басады;
депрессияны өршітпейді.
ӨЗІҢІЗДІ КЕШІРЕ БІЛІҢІЗ. Бір медициналық журналда адамның өз-өзін кешіруі өте қиын болатыны, алайда кешіре білудің жан мен тән саулығына өте пайдалы екені айтылады (“Disability & Rehabilitation”). Өзіңізді кешіре алу үшін, мына кеңестерге ден қойып көріңіз:
Өзіңізден мінсіз болуды талап етпеңіз, қайта барлық адамдар сияқты қателік жіберетініңізді мойындаңыз (Уағыздаушы 7:20).
Ағаттық жасаған жағдайлардан сабақ алыңыз, сонда оларды қайталамайтын боласыз.
Кемшіліктеріңіз бен жаман әдеттеріңіз бірден жоқ болып кетпейтіндіктен, шыдамды болыңыз (Ефестіктерге 4:23, 24).
Өмірге оң көзбен қарайтын, қолдау көрсетуге дайын, мейірімді, сөйте тұра сізге қатысты ойын ашық айтатын адамдармен дос болыңыз (Нақыл сөздер 13:20).
Біреуді ренжітіп алсаңыз, қателігіңізді мойындап, тезірек кешірім сұраңыз. Татуласу жүрегіңізді тыныштыққа бөлейді (Матай 5:23, 24).
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ҚАҒИДАЛАР РАСЫНДА ДА ТИІМДІ!
Жоғарыда аталып өткен Патрисия Құдайдың Сөзін оқи келе кешірімді болуды үйренді. Ол былай деп жазды: “Мен өмірімді улап келген ашу-ызадан азат болдым. Енді өзім де қиналмаймын, өзгені де қинамаймын. Киелі кітаптағы тәлім-тәрбиеден Құдайдың бізді жақсы көретінін және бақытты болғанымызды қалайтынын түсіндім”.
Киелі кітаптағы қағидаларға құлақ асқанның арқасында таза ар-ұжданға ие болған Рон есімді бір ер кісі былай деп бөлісті: “Басқалардың не ойлап, не істейтіндерін қадағалай алмасам да, өз ойларым мен әрекеттерімді қадағалай аламын. Татулық сақтағым келсе, өкпе-реніштен арылуым керек. Реніш пен татулықты дүниенің екі жағы — оңтүстік пен солтүстік — деп қабылдайтын болдым. Демек, екі жақта да бірдей жүре алмайтынымды түсіндім”.
a Мағлұмат көзі: “Мейо” емханасы мен Джон Хопкинстің медициналық веб-сайты және “Қоғам психиатриясы мен психиатриялық эпидемиология” журналы.