Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w14 1.9. 10—12 бет.
  • Қызметпен өткен қызықты жылдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қызметпен өткен қызықты жылдар
  • 2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • ІЗДЕГЕНІМДІ ТАПТЫМ
  • БОЛАШАҚ ЖАРЫММЕН КЕЗДЕСУІМ
  • БРАЗИЛИЯДАҒЫ ҚЫЗМЕТІМІЗ
  • БАҚЫЛАУШЫ РЕТІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІМ
  • ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНА ОРАЛУЫМЫЗ
2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w14 1.9. 10—12 бет.
Питер Карбелло әйелі Биллимен бірге

ӨМІРБАЯН

Қызметпен өткен қызықты жылдар

Айтып берген: Питер Карбелло

Мен нәсілге бөлушіліктің не екенін көріп өстім. Өз-өзіме сенімсіз және мінезім ұяң болғандықтан қолайсыз жағдайларға түсіп қала беретінмін. Сондықтан Киелі кітаптан жұбаныш тапқым келді. Сұрақтарыма жауап іздеп жергілікті Католик шіркеуіне бардым. Еш жауап ала алмаған соң, бар ойымды спортқа аудардым.

Көп ұзамай гимнастикамен және бұлшық еттерді шынықтырумен (бодибилдинг) айналыса бастадым. Кейін Сан-Леандро қаласында (Калифорния, АҚШ) дене шынықтыру клубын аштым. Бірге жұмыс істеген жаттықтырушылардың арасында “Мистер Америка” атағын жеңіп алған кісі де болды. Дене бітімім сымбатты болғанмен, жан дүнием құлазып, көңілім толмай жүретін.

ІЗДЕГЕНІМДІ ТАПТЫМ

Питер Карбеллоның жас кезі

Киелі кітапты түсінгім келетінін білген клубтағы жолдасым Ехоба куәгері болған бір танысымен кездескенімді қалады. Келесі күні таңертең сол Куәгер үйіме келді. Ол төрт сағат бойы Киелі кітаптың көмегімен сұрақтарыма жауап берді. Одан кешкісін тағы да келуін өтіндім. Сол күні екеуіміз түн ортасына дейін Киелі кітапты қарастырдық. Білген нәрселерім маған қатты ұнады. Басқаларға қалай уағыздайтынын естігім келіп, ертеңіне қасында еріп жүрдім. Оның Киелі кітапты шебер қолданғанына таңғалдым. Сонда мен де осы іспен айналысамын деп шештім.

Содан мен клубты сатып, бүкіл уақытымды әлгі ізашарменa уағыздауға жұмсадым. Ал 1948 жылдың мамырында Сан-Францискодағы (Калифорния) Коу-Палас стадионында өткен конгресте шомылдыру рәсімінен өттім. Сол жылы өзім де ізашарлық қызметті бастадым.

Сол аралықта Куәгерлерден анама баруды өтіндім. Анам шындықты бірден қабылдап, көп ұзамай Ехоба куәгері болды. Отбасының қарсылығына қарамастан, ол өмірінің соңына дейін, ұзақ жылдар бойы Құдайға адалдықпен қызмет етті. Анамнан басқа отбасымда ешкім Куәгер болған жоқ.

БОЛАШАҚ ЖАРЫММЕН КЕЗДЕСУІМ

1950 жылы Гранд-Джанкшенге (Колорадо) көшіп барып, сол жерде Биллимен таныстым. Ол 1928 жылы туылғандықтан, балалық шағы “Ұлы тоқырау” кезінде өткен. Анасы Минни күн сайын жатарда керосин шамының жарығында отырып, оған Киелі кітапты оқып беретін. Төрт жасқа келгенде Билли өзі оқитын әрі көптеген Киелі кітап әңгімелерін жатқа айтатын болыпты. 1940 жылдың соңында анасы Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеп, өлген адам тозақта қиналмайтынын, қайта, ес-түссіз күйде болатынын біліпті (Уағыздаушы 9:5, 10). Сөйтіп, Минни де, оның күйеуі де Ехоба куәгері болуды шешкен.

1949 жылы Билли Бостондағы колледжді бітіріп, үйіне оралған соң, Киелі кітапты тыңғылықты зерттей бастаған. Содан ол мұғалім болуды емес, өмір бойы Құдайға қызмет етуді шешкен. 1950 жылы Янки стадионында (Нью-Йорк) өткен Ехоба куәгерлерінің халықаралық конгресінде шомылдыру рәсімінен өткен. Көп ұзамай екеуіміз кездесіп, отау құрдық. Кейін бірге толық уақытты қызметті бастап кеттік.

Қызметімізді Юджин қаласында (Орегон) бастадық. Сол жерден біз көп дос таптық. Ал 1953 жылы шағын қауымға көмектесу үшін Грантс-Пасс қаласына (Орегон) көшіп бардық. Кейінірек сол жылы Куәгерлердің миссионер дайындайтын Ғалақад мектебінің 23-сыныбына шақыру алдық. Ол Нью-Йорк қаласынан солтүстік-батысқа қарай 400 шақырым жердегі Саут-Лансингтің маңында өтті.

БРАЗИЛИЯДАҒЫ ҚЫЗМЕТІМІЗ

Ғалақад мектебін бітіргенімізге бес ай болғанда, 1954 жылдың желтоқсан айында, Бразилияға жол тарттық. Шағын ұшағымыз бір сағаттан кейін бұзылып, әрең дегенде Бермуд аралдарының біріне қонды. Кейінірек ұшағымыз тағы бұзылып, Кубаға қонуға мәжбүр болды. Содан 36 сағаттық ауыр сапардан кейін Рио-де-Жанейро қаласындағы (Бразилия) Ехоба куәгерлерінің филиалына жеттік.

Бірнеше Ехоба куәгері Баурудағы Патшалық сарайының кіреберісінде тұр

1955 жыл, Баурудағы жалға алынған алғашқы Патшалық сарайы

Филиалда аз уақыт болып, екі миссионермен бірге Сан-Паулу штатындағы Бауру қаласына бардық. 50 000-нан астам тұрғыны бар бұл қалаға аяқ басқан алғашқы Куәгерлер біз едік.

Үйме-үй жүріп уағыздауға кіріскеніміз сол еді, бір католик дін қызметкері ісімізге қарсылық көрсете бастады. Ол соңымыздан қалмай, адамдарға Куәгерлерді тыңдамаңдар деп ескертіп жүрді. Соған қарамастан бір үлкен отбасы Киелі кітапты зерттеуге келісті. Бірнеше аптаның ішінде олар шындықты қабыл алды да, кейін шомылдыру рәсімінен өтті. Көп ұзамай басқа адамдар да Киелі кітапты зерттейтін болды.

Куәгер болған әлгі отбасының бір туысы әйгілі клубтың президенті еді. Мен одан конгресс өткізу үшін клубтың залын жалға беруді сұрадым. Бірақ жергілікті дін қызметкері бізбен жасалған келісімшартты бұзуды талап етіп, тұрып алды. Сонда президент клуб мүшелерімен кездесіп: “Келісімшартты бұзсаңдар, мен президенттік міндетімнен бас тартамын!”— деді. Ақыры конгрестің өткізілуіне рұқсат берілді.

Келесі 1956 жылы біз Сан-Паулу штатындағы Сантус қаласына облыстық конгреске шақырылдық. Қауымымыздан 40-қа жуық Куәгер пойызбен жолға шықты. Конгрестен Бауруға оралғанда қауымдарды аралайтын бақылаушы болып тағайындалғаным жайлы хат алдым. Қызметтің осы түрін 25 жылдай атқарып, Бразилияның талай жерін аралап шықтым.

Бір топ Ехоба куәгері Сан-Паулудағы Бауру қаласында

Бауруда бір жылдың ішінде құлшынысты жариялаушылар тобы пайда болды

БАҚЫЛАУШЫ РЕТІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІМ

Сол кездері жол жүру қиын болатын. Біз бүкіл елді дерлік жаяу, автобуспен, пойызбен, арбамен, велосипедпен араладық. Сапарымыз Сан-Паулудағы Жау қаласынан басталды.

Сол жерде бір діни қызметкер: “Менің меншігіме уағыздаушы болмаңдар!”— деп, бізге қарсылық көрсетті.

Сонда біз: “Олар сіздің емес, Құдайдың меншігі”— деп жауап бердік.

Біз дүниежүзілік уағыздау ісі жайлы “Жаңа дүние қоғамы әрекет етуде” деп аталатын бейнефильмді көрсетуді ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарды театрға шақырдық. Бірақ әлгі дін қызметкері шіркеу мүшелерін жинап, бізге күш көрсетпек болды. Сонда біз бұл жайында бірден полицияға хабарладық. Дін қызметкері бір топ адаммен театрдың алдына келгенде, оларды қаруланған полиция қызметкерлері күтіп тұрған еді. Осының арқасында театрға жиналған көп адам бейнефильмді алаңсыз көре алды.

Басқа діннің өкілдері тарапынан көрсетілген қарсылық пен жеккөрушілік басқа жерлерде де орын алды. Мысалы, Блюменаудың маңындағы Бруске қаласында (Санта-Катарина) қызмет етіп жүрген екі ізашар қатты қарсылыққа кезікті. Алайда олардың табандылығы мен батылдығы мол жеміс берді. Қазір, 50 жылдан аса уақыт өткенде, сол жерде 60-тан аса қауым және Итаже қаласының маңында әдемі Патшалық сарайы бар!

Бауырластармен бірге үлкен конгрестерге дайындық жұмыстарын жүргізу де қызметіміздің қуанышты кезеңдері еді. 1970 жылдары мен Морумби стадионында өткізілген конгреске бақылаушы болып тағайындалдым. Конгреске дейінгі тазалық жұмыстарына жүздеген қауым, әр қауымнан он адам, шақырылды.

Сол күні кешке футбол ойыншылары стадионнан кетіп бара жатқанда, араларынан біреу: “Сыпырғыш пен еден жуғыш ұстаған мына бейшара әйелдерге қараңдар”,— деп бауырластардың үстінен күлген болатын. Алайда бауырластар түннің ортасына дейін бүкіл стадионды тазалап шықты. Сонда стадион басқарушысы: “Менің жұмысшыларым бір апта бойы істейтін жұмысты Куәгерлер бірнеше сағаттың ішінде-ақ бітірді”,— деп таңғалды.

ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНА ОРАЛУЫМЫЗ

1980 жылы әкем қайтыс болды. Көп ұзамай біз анама күтім жасау үшін Фримонтқа (Калифорния) оралдық. Сөйтіп, ғимарат тазалайтын түнгі жұмысқа орналасып, ізашарлық қызметімізді жалғастыра бердік. Сол аймақтағы португал тілінде сөйлейтін адамдарға шындықты білуге көмектестік. Кейінірек Сан-Жакуин алқабының маңына көштік. Сакраментодан Бейкерсфилдке дейінгі аймақтарда уағыздап, португал тілінде сөйлейтін адамдарды іздестіріп жүрдік. Бүгінде Калифорнияда португал тілді он шақты қауым бар.

1995 жылы анам қайтыс болғаннан кейін, біз Флоридаға көшіп, Биллидің әкесіне қарайласып, қайтыс болғанша оның қасында болдық. Биллидің анасы 1975 жылы көз жұмған еді. 2000 жылы біз Колорадоның оңтүстік-батысындағы шөлді аймаққа көштік. Сол жерде Навахо және Юте резервацияларында тұратын америка үндістеріне уағыздадық. Өкінішке қарай, 2014 жылдың ақпанында Билли қайтыс болды.

Мен осыдан 65 жыл бұрын Ехоба куәгерін кездестіріп, көп сұрағыма жауап алғаныма дән ризамын! Әсіресе оның айтқандары Киелі кітапқа негізделгеніне көз жеткізгенім үшін қуаныштымын. Өйткені соның арқасында Құдайға қызмет етіп, өмірім қуанышқа толы болды.

a Ізашар деген — Ехоба куәгерлерінің толық уақытты қызметшісі.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу